• Мәдениет
  • 21 Тамыз, 2019

БІРЛІК – ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

Гректердің де Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері тәрізді өздерінің тілін үйреніп, дәстүрін біліп, мәдениетін дамытуға толық мүмкіндіктері бар. Кішігірім қауымдастықтардың басын біріктіріп, жұмысын жандандыру үшін 2003 жылы «Гректердің Алматы облыстық Элефтерия қоғамы» тіркелді. Бүгінде гректер тығыз орналасқан аймақтарда ұлттық мәдени орталықтар құрылған. Жыл сайын Грецияның тәуелсіздік күні, Рождество, көне стиль бойынша белгіленген жаңа жыл күндері мерекеленіп, оған қоса Панагия, Охи күні сияқты діни мейрамдар да аталып өтеді. Осындай ұлттық мәдени орталықтардың қолдауымен грек тілін, тарихын және көне Грекия мен қазіргі таңдағы Грецияның мәдениетін оқыту ұйымдастырылып тұрады. Ал қажетті оқулықтармен Қазақстандағы Греция елшілігі қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ осы күндегі «Афродита» атты грек ансамблінің ұйымдастырылуы мен қалыптасуына үш бірдей елде тұратын гректер атсалысты. Олар, мысалы, Кипр­дан – Стелиос Эргатидис, Грециядан – Георгия Драгудаки және Қазақстаннан – Елена Якупиди. ­Содан біраз уақыт өткеннен кейін Томаровский атындағы елді мекенде понти биінің «Македония» атты ансамблі ұйымдастырылды. Нина Феодоридидің күш салуымен грек жастары арасындағы әншілердің басын қосқан «Эльпида» вокалдық тобы да құрылды. Гректердің Қазақстанға келу жайы Сталин репрессиясы кезінде күштеп жер аударылуға тап болған басқа да көптеген ұлт өкілдерінің тарихы тәрізді қасіретті. Аяқтарынан тік тұрып, қайтадан қалпына келу үшін оларға небары 20 жылдан сәл астам ғана уақыт қажет болды. Әуелде әлдеқалай болар екен деп, күдіктене келген елді бұлар шынайы жақсы көріп кетті. Бірақ, өкінішке қарай, 1941 жылы қас-қағым сәтте олардың оңала бастаған тірлігі тып-типыл болып, жылы қоныстарынан ондаған жылдар бойына жер аударылған қатаң сүргін басталды. Олардың көбі Қазақстан, Орта Азия және Сібірге жер аударылды. Осылайша, гректер кейіннен олардың Отанына айналған Қазақстанның кең байтақ қиян даласына тап болды. Көптеген отбасыларға жер аудару сұмдық трагедия еді. Олардың көбі әйелдер мен балалар, жасы жеткен қариялар болғандықтан, жол бойында ауырып, ажал құшты. Гректер мұнда қазақ тілін үйрену жөнінен көп қысылған жоқ. Себебі аталары Түркиядан жер ауып келген гректердің басым көпшілігі түрік тілін жақсы білетін-ді. Сол сұрапыл жылдарда жергілікті тұрғындар гректерге қол ұшын беріп, көп көмек жасады. Тап қазір Қазақстанда тұратын гректердің арасынан сол кездерде қазақтардың қонақжайлығы мен қамқорлығын көрмеген бір де бір жан ­табылмайтын шығар. Олар бұл жақсылықты ешқашан ұмытпайды. Грецияда жыл сайын әртүрлі ­бағ­дар­ламалар­ бойынша балалар­ мен зейнеткерлердің демалысы ұйымдастырылады. Бұл бағдарламалар арқасында Қазақстаннан жыл сайын 50-ден 100 балаға дейін демалады. Греция елшілігі мұндағы зейнеткерлерге жыл сайын қаржылай қамқорлық жасайды. Гректер – еңбекқор, көңілді әрі байсалды және момын да маңғаз халық. ­Бастарына қандай да күн туса өздерінің ұлттық аспаптары – кеменджидің дауысын естігенде олар кәрі, жасына қарамай таң атқанша билеуге бар. Тағдырдың жазуымен Қазақстан гректердің Отанына айналды. Азаттық ­деген сөздің толық мәніндегі еркіндік берді. Өмірдің барлық саласында ұлтаралық қарым-қатынастың жарасымы мен ұлттық мәдениетті жаңғырту қуанышын сыйлады. Алматы­ облысындағы грек­тердің қоғамы Қазақстанды мекендейтін барлық халықтар достығының нығая беруі үшін бұдан былай да барынша атсалыса беруге қашанда дайын. Грек диаспорасының өкілдері АҚШ, ­Ресей, Германия, Ұлыбритания секілді әлемнің ірі мемлекеттерінде өмір сүреді. Қазақстандық гректер – грек этносының бір бөлігі, Ресей импе­риясында өмір сүрген гректердің ұрпақ­тары. Олардың барлығының шығу тегі понтиялықтар болғандықтан, қай елде тұрса да «понтиялық грек» ­немесе «понтиялықтар» (қазіргі ­Түр­кияның солтүстік-шығысындағы Понт деген тарихи жерден шыққан гректердің ұрпақтары) деген термин кеңінен қолданылады. 1926 жылы Кеңес Одағында өткізілген революциядан кейінгі бірінші халық санағы бүкіл Қазақстанда тек 157 грек өмір сүретінін көрсетті. 1930 жылы Қазақстанға Сочиден, Адлерден, Лазаревсктен, Туапседен және Краснодар өңірінің құрылықтық бөлігінен жүздеген панасыз гректер жер аударылды. Гректерді Ембі (Ақтөбе облысы), Осакаровка (Қарағанды ­облысы) қыстақтарына, Балқаш көлі маңына және Авак ауылына (Алматы­ облысындағы Шелек ауданынан алыс емес) орналастырды. Гректердің негізгі бөлігі Қазақстанға 40-жылдары келді. Тұрғылықты мекен еткен жерлері – Грузия,­ Қырым, Азов теңізінің жағалауынан қоныс аударды. Қазір 60-тан асқан гректердің көбісі Қазақстаннан тыс жерлерде, ал жастары Қазақстанда туылған. Қазақстанға жер аударылғаннан кейін бірнеше жыл бойы гректер, басқа ұлт өкілдері секілді (немістер, поляктар, кәрістер, шешендер, ингуштар, түріктер, қалмықтар және т.б.) арнайы қоныс аударылғандар мәртебесіне ие болып, өздерінің азаматтық құқықтарында шектелген еді. 1956 жылы олардан арнайы қоныс аударылғандар мәртебесі алынды, бірақ оларға бұрынғы тұрған жерлеріне қайтып оралуға тыйым салынды. Осының нәтижесінде бірнеше ондаған мың грек Қазақстанға орнығып, осы жерден екінші атамекендерін тапты. Алматы облысында қоныстанған гректер өз тағдырына риза. Тіпті жергілікті қазақтармен құдандалы болғандары да бар. Грек қызы қазақ отбасына келін болып, ақ жаулық тағып, қазақы салт-дәстүрді орындап, екі ел арасына алтын көпір орнатты. Бұл – халықтар достығының шынайы бір белгісі деп айтуға болады. Алматы облысындағы грек этнос өкілдерінің мүшелері қолдарынан келгенше мемлекет саясатын қолдап, екі ел арасындағы достықтың туын үнемі биікке көтеріп, ел болашағы жолында жүйелі жұмыс істеуге бір кісідей атсалысады.

Светлана ГРИГЕРХ

Алматы облысы

1295 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы