• Мәдениет
  • 28 Тамыз, 2019

Кимоно киген кербездiк

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған рөлі зор. Ассамблея еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері алыс-жақын шетелдермен байланыс орнатып, көкжиегіміз кеңіді. Барыс-келіс жиілеп, мәдениетті жақындастыру, дамыту арқылы халықтар арасындағы татулыққа дәнекер болуда үлгі көрсетіп келе жатқанымыз тағы бар. Былтыр «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Жапонияның әлемге әйгілі Но, Кабуки және Тадаси Сузуки театрларында өнер көрсетіп, «Ақтастағы Ахико» қойылымын ұсынды. Қазақ театрының шығармашылық ұжымының еңбегі жоғары бағаланып, жүректен шыққан туындының жүрекке жететінін көрсетіп, жапондықтардың көзіне жас алғызды. Міне, бұл – өнердің құдіреті. Төменде жапон халқының ұлттық киімі кимоно жайында сөз өрбітіп, оқырманға ұсынып отырмыз.

Нараның орталық көшесiмен он екi орам вафуку (жапон ұлттық киiмi) киген Омина келедi. Вакакуса тауына жақындағанда қақпадан жарқыраған кимоно киген бiр топ жас келiншек шықты. Оминаға барлығы иiлiп сәлем салды, кейiн шегiнiп жол бердi. Өйткенi ол баршасының анасы едi. Сарайдағы шйогундар мен самурайлардың ғана емес, императорлар әулетiнiң анасы. Ол осы өркениеттi жасаған жасампаз ерлердi жарық дүниеге әкелген, көсемдер де, шешендер де «шеше» деп басын иген айрықша жан. Адамзатты тудырған, алып Ана — Омина. Жапон ұғымындағы минна (барша жұрт, көпшiлiк) Оминадан шыққан. Ол — Ұлы ана Амина. Жапон тiлiндегi о — ұлылықтың символы. Онна (әйел) да Оминадан қалған. Орыс тiлiне она (жен. род) боп енген. Оминадан туған woman/women (womina —woman, women) ағылшын тiлiнiң анасы Шығыс тiлi екенiн көрсетедi. Нара дәуiрiнде нар тұлғалы ерлердi дүниеге әкелген Омина туралы көне жапонның «Нихоншйоки», «Кодзики», «Манйосю», т.б. жинақтарында жазылған. Ананың айрықша қасиеттерiн бiлдiретiн бұл таңба бағып, тәрбиелеу, емiзу, өсiру, әлпештеу функцияларын атқарған кейуана мағынасын бейнелейдi. «Манйосю» антологиясында оминахэши деген гүл ақын өлеңiне өзек болса, Хэйан дәуiрiндегi «Шинсэнджикагами» сөздiгiнде Оминаның алты түрлi таңбасына анықтама берiлген. Соның бiрi – үш таңбалы Омина есiмi нарттай қызыл алманы анықтайды. Қыз — сұлулық, Алма — айрықша есiм. Алма Атаның шаһары Нара екендiгiн ескерсек, Оминаның Нара дәуiрiнде нар тұлғалы ерлердi дүниеге әкелгендiгi бүгiнгi ұрпақтарға белгiлi. Жапон ғалымы Ооно Сусуму Омина (қасиеттi кейуана) мен Окина (ақсақалды қария) сөздерiндегi ми және ки бөлiктерiн Күншығыс мифтерiндегi Идзанаки (Идзанаги) — Идзанами образдарымен байланыстырған. Еркек пен әйелдi таңбалайтын бұл сөздердiң идза бөлiгi «жұптасуға шақыратын мән» деп түсiндiрiледi. Ең алғаш ер мен әйелдiң жұптық таңбалары философиялық тұрғыдан «Кодзики» көне кiтабында айшықталған.

Он екi орамның мәнiсi Дәстүрлi жапон киiмi кимономен шектелмейдi. Ежелгi Хэйан дәуiрiндегi ақсүйек әйелдерi сарайдағы салтанатты жиындарда он екi қабат хитоэ деген киiммен көрiнген. Жапонның этнографиялық мұражайларынан мың жыл бұрынғы Хэйан дәуiрiнiң хитоэ киген қыз-келiншектерiнiң мүсiндерiн көруге болады. Сол замандағы әйгiлi жазушы Мурасаки Шикибудың «Гэндзи моногатари» романының бүгiнге жеткен иллюстрациялық суреттерiнде хитоэ киген кейiпкерлер бейнеленген. Он екi қабат хитоэнiң дәстүрлi кимонодан ерекшелiгi етегi кең, артқы бөлiгi ұзын болады, молынан киiледi. Iшкi құрылымына келсек, алдымен ақ косодэ (қысқа жеңдi) iшкөйлектiң түрi мен күрең түстi хакама (шалбардың түрi) киедi. Оның сыртынан хитоэ деп аталатын арқасы жоқ «көйлек» киедi. Оның үстiнен учиги деген арқасы бар киiмнiң бiрнеше қабатына оранады. Содан соң увагидi (сырт киiмнiң түрi) жамылып, ең соңынан карагину деген жеңi далақтай шапанды киедi. Карагину ең алғаш Нара дәуiрiнде тiгiлген. Карагинудың белiнен төмен қарай моны орап, етегiн арт жаққа қарай кеңiнен жiбередi. Мо — карагинудың сыртынан, белден төмен орайтын сәндi кездеме. Модағы таңбаларға қарап, қай рудың қызы екенiн бiлуге болады. Учиги iшкөйлегi он екi орам болғандықтан, бұл сән үлгiсiн он екi орам хитоэ деп атайды. Бұл бүгiнгi жапондар бiле бермейтiн, ежелгi дәуiрдегi киiм үлгiсi. «Эйгамоногатари» деген көне замандағы кiтапта Хэйан дәуiрiнiң ақсүйек әйелдерi сәнiн асыру үшiн орамның санын жиырмаға дейiн жеткiзгендiгiн, бұған Фудзивара руынан шыққан әмiршiнiң наразы болғандығы жазылған. Он екi орам хитоэнiң дәстүрлi кимоно сияқты бiрнеше түрлi белбеуi бар. Белден байлап, сәндi ұшын арт жаққа, етектен салбыратып қоятын инкоши мен моның үстiнен байлайтын жiңiшке шйоукоши белбеуi хитоэнiң маңызды бөлiгi болып табылады.

Кимононың жұмбағы Жапон ұлттық киiмi вафукудың тарихы 30 мың жыл бұрынғы Дзйомон дәуiрiнен басталады. Ол кезде арал тұрғындары қазiргi кимоно сияқты түймесiз киiм киген. Әлеуметтiк деңгейiне қарай кимоно түрлерi Нара дәуiрiнде көрiне бастады. Сарайдағы ханымдар он екi қабат хитоэ кисе, шаруа әйелдерiне арналып киюге қолайлы киiм үлгiлерi тiгiлдi. Кимононың фурисодэ, иротомэсодэ, юката, куротомэсодэ, хоумоңги, иромуджи, цукуэсагэ, комон сияқты түрлерi бар. Ер адамның кимоносы көк түстi боп келедi. Ру таңбасы иығына, кеудесiне бедерленедi. Ал әйелдер жыл мезгiлiне қарай сакура гүлi, теңiз толқыны, үйеңкi жапырағы, т.б. бейнеленген кимоно киедi. Жапон ұлттық киiмiне бейнеленетiн ою-өрнектiң де өз атауы бар. Мацумойоу, кикуакикуса, широхаги, аджисай, кикка, цубаки, момиджи деп аталатын ою-өрнектер өсiмдiк атауларына байланысты қойылған. Кимоноға қарап адамның тегiн, әлеуметтiк деңгейiн ажыратуға болады. Жапонияда кимононы киюдi үйрететiн мектептер жұмыс iстейдi. Қазіргі заманда күнделiктi емес, тек мерекелерде ғана көрсету белең алған кимононы киюдiң әдiстерiн жастарға егде жастағы мамандар үйретедi. Кимононың оңай киiлетiн жаздық түрi юката деп аталады. Фурисодэ мен иротомэсодэ қыздарға арналса, томэсодэнi әйелдер киедi. Құдалардың кимоносы куротомэсодэ деп аталады. Ендi, қыздар мен әйелдер кимоносының айырмасы хақында. Кимононың жеңi жалпақ болғанмен, фурисодэ жеңiнiң енi тiптен ұзын келедi. Қанатын жайған құс сияқты кергенде жайылып, мол боп көрiнедi. Тұрмысқа шыққан соң, жеңiнiң енi шолақ томэсодэ киедi. Бұл келiншек болудың белгiсi. Фурисодэ, томэсодэ атаулары жеңнiң ұзын не қысқа екендiгiн бiлдiредi. Кимонода түйме болмайды, алдымен оң, содан соң сол жеңдi киiп, алдыңғы бөлiктiң оң жағын үстiне жiбередi. Сол бөлiктi оң жақтың үстiне шығарып кию қайғылы жағдайға душар болудың белгiсi. Құдағидың куротомэсодэ деп аталатын қою түстi кимоносының бес жерiне ру таңбасы бейнеленедi. Куротомэсодэнi көбiнесе үйлену тойына киедi. Құдағи кимоносында обиагэ, обишимэ деген белдiк-белбеу түрлерi мен таби (шұлық) ақ түстi болады. Әйелдiң оби белдiгiне суэхиро деген желпуiштi қыстырады. Куротомэсодэ тұрмысқа шыққан, балалы-шағалы егде әйелдiң киiмi болса, ашық түстi иротомэсодэнi қыздар киедi. Салтанатты жағдайда болмаса, кимононың бұл түрiн киетiндер бүгiнде сирек. Мереке кезiнде қыздар көбiнесе фурисодэнi киедi. Ұзын жеңiмен ерекшеленетiн фурисодэнiң үш түрi бар: үлкен, орташа және кiшi. Жеңi неғұрлым үлкен болса соғұрлым сәндi саналды. Дүниежүзi халықтарының ұлттық киiмдерiнiң iшiнде белдiгi ең жалпақ та ұзыны жапон кимоносы болар. Кимоно белдiгi обидiң енi – 1 метр, ұзындығы – 7-10 метрге дейiн жетедi. Кимононың өз салмағы аз емес. Мәселен, гэйша киетiн кимонолар 10 килограмм салмақ тартады екен. Қыз кимоносының обиагэ деп аталатын жалпақ белдiгi омырауға дейiн көтерiңкi болады. Ал әйелдiң обиi өте жоғары байланбайды. Жалпақ обидiң сыртынан сәндеп буылатын бау сияқты жiңiшке обишимэ белбеуi тағы бар. Фурисодэнi кигенде обишимэ жалпақ обидiң дәл ортасынан байланса, әйел кимоносына келгенде сәл төмендеу болады. Негiзгi жалпақ белдiк обидi байлаудың да түрлерi көп. Қыздың белдiгi фукурасудзумэ, татэямусуби деп аталатын әдiстермен буылады. Обидi байлаудың бұл түрлерi бозторғай және садақ атуларына байланысты қойылған. Әйел белiн байлағанда отайкомусуби (тайко ұрмалы аспабы тәрiздi буу) тәсiлiн пайдаланған. Кимононың етегi кең болмайды. Ал әйел кимоносы томэсодэнiң етегi қыздың фурисодэсiне қарағанда тар келедi. Кимононы киiп, еркiн адымдау мүмкiн емес. Бүгiнгi заманда символикалық маңызы зор ұлттық киiмдi күнделiктi кие бермейтiнi сондықтан. Бұрынғы заманда шаруа әйелдерi кимононың жеңiн зат салатын қалта ретiнде пайдаланған. Обидiң ұшы арт жаққа сәндеп байланады. Ки, киiм, кию, кимоно сөздерiнiң түбiрi бiр ұғымнан туған. Ки таңбасы киюдi бейнелесе, моно зат деген сөз. Этимологиясы бiр сөздердiң тағы бiр тобы: ышқыр, шта, штан, штаги. Орыс тiлiндегi штаны сөзі бұткиiм мағынасындағы штаги деген қос таңбалы киiм атауынан шыққан. Бұдан өзге кимононың iшiнен киiлетiн ұлттық iшкөйлектiң де көптеген түрлерi бар. Қатын-қалаш, қыз-қырқынның қатарына бала-шағаны да қосайық. Үлбiреген үбүги (итжейде) сөзiне ки (ги) таңбасы негiз болған. Ұлттық аяқ киiм түрлерiн де айта кеткен орынды. Бүгiнде жұрт жапон аяқ киiмi дегенде ағаштан жасалатын гэтадан басқасын бiлмейдi. Ежелгi заманда императорға қызмет ететiн қыз-келiншектер жiбектен тiгiлген сэңгай деп аталатын аяқ киiм киген. Ал самурайлар соғысқа аттанарда үзеңгiге ыңғайлы, былғарыдан тiгiлген цурануки етiгiн киген. Тауда тұратын Будда дiндарларына жалғыз тiстi гэта қолайлы болса, қыста ылғалға төзiмдi фукагуцу етiгi киiлген. Қар қалың түскенде етiктiң сыртынан канджикидi iлген. Жаңбырлы күнi киетiн қос тiстi биiк гэта ашида деп аталады. Сондай-ақ сабаннан, қамыстан, ағаштың қабығынан жасалатын варадзи, дзоури деген аяқ киiм түрлерi көне дәуiрден белгiлi.

Әжемнiң түйiншегi Бүгiнде қазақ ауылында дорба ұстау, затты шүберекке түю сияқты нәрселер ескiлiктiң көрiнiсi тәрiздi әсер етедi. Ал жапон әйелдерi күнделiктi тұрмыста әжесiнен қалған әдет-ғұрыптарды сақтап отыр. Жапон әйелдерi ежелгi заманнан затты орауға фурошики деп аталатын кездеменi пайдаланады. Пiшiнi орамал тәрiздi фурошикиге қажет дүниесiн түйiп, межелi жерiне жеткiзедi. Сандыққа да затты фурошикиге орап сақтайды. Фурошикиге затты түю тәсiлдерiн қыз-келiншектерге егде жастағы әйелдер үйретедi. Жапон теледидарында «Кимононы қалай кию керек?», «Фурошикиге затты қалай буады?» деген сұраққа жауап беру үшiн әжелер арнайы шақырылып, күнделiктi бағдарламалар арасында көрсетiлiп отырады. Фурошикиге затты орап, байлаудың он шақты тәсiлi бар. Жапон қыз-келiншектерi төрт бұрышты осындай кездемеге сан алуан пiшiндегi заттарды орап, түйiп, буып, байлаудың өзiн өнер деп бiлiп, дәстүр ретiнде бағалайды. Сөмке мен қаптың қаншама түрi болса да жапон әйелi үшiн фурошикидiң орны бөлек.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА, жапонтанушы

 

989 рет

көрсетілді

54

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы