• Ақпарат
  • 28 Тамыз, 2019

Баға шарықтап тұр

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Ата-ана үшін қарбалас кезең басталды. Мектепке баратын ұл-қызының дәптер-қаламынан бастап, мектеп киіміне дейін түгендеу – отбасы кірісінің біраз бөлігін қамтиды. 

Қай дүкен, қай базарға барсаңыз да мектеп жабдықтарын сататын бөлімде адамның қарасы мол. Баласын жетектеген ата-ананы да, немересін ерткен қарияны да көресіз. Байқауымызша, тәуелсіз елдің балалары – еркін, өздері таңдап, ұнағанын алғысы келеді. Ал ата-ананы «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей, әр заттың бағасы аспандап тұрғаны алаңдатады. Мектеп киімін тігетін отандық өндірушілердің көшін «Сымбат» ­бастап тұр. Түрік елінен әкелетін сапалы ­матадан тігілгендіктен, бағасы да жоғары. Бір ұтымдысы, әр жастағы балаға өзіне шақ өлшемін оңай табасыз. Әрі сапалы болғандықтан, бірнеше жыл киіп, қажет болғанда жеке-дара алуға болады. Ұл баланың костюмы – 11000, шалбары – 6600, жейдесі – 4500, қыз балаға арналған сарафан – 8000, юбкасы мен шалбары әрқайсысы – 5000, ал классикалық кеудеше – 12000 теңгеден басталады. Сондай-ақ елімізде «Glasman», «Angelcher», «Herdal», «Алтын адам» және т.б. мектеп киімін тігетін 17 кәсіпорын бар, олардың қай-қайсысын алсаңыз да бағасы қара базардағы бағамен салыстырғанда қымбатқа түседі. Себеп – киім тігетін мата өзге елдің тауары. Сондықтан көпшілік сапалы өнімге емес, қалтасының «жұқалығына» қарай бағасы арзанын тұтынуға мәжбүр. Былтыр Елордада өткен форумда ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының өкілі Әсем Жұматаева «2018 жылы қазақстандықтар 37 миллиард теңгеге мектеп формасын сатып алды. Алайда сатып алушылардың тек 7%-ы отандық тауарларды алады. Импорт, негізінен, Түркия мен Қырғызстаннан келеді» деген дерек келтірді. Мән берсеңіз, сатылған өнімнің 90 пайыздан астамы шеттен келгендіктен, біз өзге елдің экономикасын көтеріп, қалтасын «қампайтып» жатырмыз. «Барахолкада» қыз-қыз қайнаған өмір. Ығы-жығы, қарақұрым нөпір жұрт. Әуелі басың айналып, қай есіктен кіріп, қай тесіктен шыққаныңды білмей жаңылысасың. Бес баласын жетектеп, маңдайынан тер сорғалаған қырықтардағы әйелді әңгімеге тарттық. Көп балалы ана екен. «Мектептен «Мектепке жол» акциясы аясында бастауышта оқитын екі баланың әрқайсысына 15 мың теңгеден мектеп­ киімін алуға ақша берді. «Апорт» сауда­ үйіне барсам, бастауышта оқитын ұлға «Гласманның» оқушы киімінің жиынтығы 20 мың теңге тұрады екен. Жиынтық дегенім, костюм-шалбар,­ кеудешесімен. Жейдесі ол бағаға кірмейді, ол бөлек – бес мың. Мектептің талабы бойынша, 15 мың теңгеге мектеп формасы алынғанын растайтын түбіртек (чек) өткізу керек. Дүкеннің беретін түбіртегінде мектеп формасы деген жазу және оның бағасы жазылады. Сондай түбіртекті талап етіп отыр. Ал әлгі берген қаражат оған жетпеді. Баға қымбат болған соң, базарға келіп, ұлға кроссовка мен туфли алдым. Сатушының айтуынша, бірі түріктің, екіншісі қытайдың өнімі. Оның өзін саудаласып жүріп, 15 мың теңгеге әрең түсірді. Ата-аналар «аяқ киім емес, мектеп формасын алу керек, бұл базардың түбіртегі жарамайды» деп жатыр. Мына түбіректі мектеп қабылдай ма, қабылдамай қоя ма, білмеймін» деген көп балалы ана бағаның жыл сайын өсіп бара жатқанын айтты. Ол кісінің сөзінен аңғарғанымыз, әр баланы жетектеп жүріп, киімін кигізіп, өзіне дәлін өлшеп алмасаң, қазір киімнің өлшемі де келе бермейді. Оның ­айтуынша, мәселен, 38 өлшемді киетін қызына кейде 40-42 өлшем шақ келмей қалады екен. Тіпті 44-ші өлшемді костюм алған кезі де болыпты. Бұл енді өнімнің қай елден шыққанына да байланысты ­болар. Аңғарсаңыз, бұл да өз алдына бір мәселе. Ығы-жығы жұрттың ішінде бес баланы жетектеп жүргенінің сырын енді түсінгендейміз. Қала тұрғыны Раушан Орынбасарова­ отандық «Алтын адам» тігін фабрикасы­ның өнімі қолжетімді екенін меңзеп, 9-сыныпта оқитын қыз балаға пиджак, юбка, кеудешесін қосқанда 14 мың теңгені 12 мыңға түсіріп бергенін айтса, Елікай Сегізбаева биыл мектеп табалдырығын аттағалы отырған Аяулымға мектеп киімі мен оқу құрал-жабдықтарына барынша үнемдеп, қара базардан алғанның өзінде 70 мың теңге жұмсағанын тілге тиек етті. Айтса айтқандай-ақ, дүкен мен базардың бағасының арасы жер мен көктей. Мәселен, сөмкені қара базардан 1500-3000 теңгенің айналасында алсаңыз, дүкен сөрелерінде 5-10 мың теңгенің аралығында. Кенет... Дәптер 0 теңге деген жазуға кезіктік. Сатушыға жақындап келіп, мән-жайға қанықсақ, «егер дәптер-қалам, т.б. кеңсе тауарларын 5 мың теңгеге алсаңыз, 20 дәптерді тегін аласыз» екен. Міне, тұтынушы тартудың бір жолы. «Барахолкада» не көп, базар көп. Аралай келе білгеніміз, «Кенжехан», «Арлан», «Алатау» деген базарлардағы тауарлар өзгелеріне қарағанда арзан көрінеді. Бұл қарапайым жұрттың бізге жөн сілтегені. Қалай дегенмен де қымбатшылықтың дегені болып тұр.

Бағдагүл Балаубаева

Алматы

 

521 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы