• Ақпарат
  • 28 Тамыз, 2019

ШАБЫТ ТРАЕКТОРИЯСЫ

Эрмитаждағы живопись шығармаларынан алған әдемі әсерін қағаз бетіне түсіре қоймақшы болған А.И.Герцен үйіне келген соң бірден үтелге отырады. Бірақ канша еңбектенсе де ойы шашырап, өзі жазған сөйлемдерге өзі еш қанағаттанбайды. Ақыры орнынан тұрып кетіп: «Ж-о-қ. Суретті сөзбен айтып жеткізу қиын екен. Оны тек... көзбен ғана көріп түсіну керек шығар, сірә» депті.

Дәл осындай жағдай кылқалам шебері Қайырбай Зәкіровтің таяуда Алматыдан Кипр аралдарына апарып, енді соны қайтадан толықтырып, жаңадан әзірлеп жатқан көрмесін аралағанымызда біздің басымызда да болғаны бар. Олай дейтініміз, зал қабырғаларындағы «Графика», «Живопись»,­ «Перфоманс» және «Поэзия» деген ортақ тақырыпқа бағындырылған 60-қа жуық өнер туындыларының қай-қайсысы да алғашында көрерменге бірден сыр аша қоймайды. Себебі бұлар да адам түсінігіне жеңіл сұлу пейзаж, әсем панорама емес, пластикалық өнер сәні – түрлі-түсті бояулар позасы онша көп емес. Керісінше, мұнда ­Евклид теориясына тән меңзеу сызықтары мен кубизм ағымындағы шар, конус, куб секілді геометриялық денелердің өз тіршілігімізге бейімделген күрделі формалары басым. Бұған астрономиялық-географиялық әлем – жер мен ғарыш кеңістігін, біздіңше айтқанда, Ұлы дала және Тәңірікөктің бөлшек-бөлшек силуэттерінен бастау алған жұмбақ детальдарды қосыңыз... Міне, сондықтан да натуралы көшірме немесе академиялық шарттылық шеңберіне сыя бермейтін бұл шығармаларды түсіну үшін қай-қайсымызға да өзгеше бір сезім толқынысын бастан кешіру керек сияқты.

Дұрыс түсініңіздер, құрметті оқырман, біз бұл жерде барлық жаңалықты тек Қайырбайға ғана теліп, жақсылық атау­лыны бір соның басына үйіп-төгейік деп отырған жоқпыз. Мәселе – басқада. Ол оның күрмеуі көп күрделі жанр – графиканың бояуға тапшы, детальға бай қыр-сырын қалай игеріп, бұл саладағы бүгінгідей тамаша жетістікке қалай қол жеткізді деген сауалға жауап іздеуге ­тырысу. Осыны ойлағанда сонау алпысыншы жылдардағы «хрущевтік жылымық» кезінде елді өз туындыларындағы тосын шешім, тың үрдісімен елең еткізген ­Салихиддин Айтбаев, Мақым Қисамединов сынды суретшілер еске түседі. Олардың жаңашылдығы неде еді? Жұртшылық жақсы білетін болар, өнер үшін түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік, бағыты – интернационалистік ұранын ұстанған кеңестік идеология ол кездері Батыстағы кубизм, конструктивизм және сюрреализм сияқты ағымдарға шошына қарайтын. Айтар ойын астарлап, тұспалдап жеткізеді демесе, Пабло Пикассо, Ренато Гуттузо сияқты саңлақ суретшілер жүріп өткен бұл жолдан үркетіндей, оны құбыжық көретіндей ештеңе жоқ еді. Қайта ол ағымдар қылқалам иелерін әлемдік өркениеттің озық үлгілері деңгейінде ойлауға үндейтін. Батыс сурет өнеріндегі осы мектепті біздегі тоталитарлық жүйе «буржуазиялық кертартпа бағыт» деп қанша мансұқтағанымен, мәскеулік қылқалам шебері Э.Неизвестный, алматылық графиктер С.Айтбаев пен М.Қисамединов ол айыптауларға мойынсұнған жоқ. Олар аталмыш ағымдардан қажетті ­деген синтездік ­нюанстарды бойларына үнсіз сіңіре отырып, өз шығармаларына сыздықтата енгізу арқылы жаңа үрдіске жол ашты. Біздің кейіпкеріміз Қайырбай Зәкіров – сол тұлғалардың шәкірті әрі лайықты ізбасары. Ол, міне, 50 жыл бойы аталмыш дәстүрді нағыз творчество өкіліне тән интуиция­мен байыта дамытып, табандылықпен жалғастырып келеді.

Осындай сабақтастықтан бастау алған жанкешті еңбектің нәтижесінде ол жарты ғасырға жуық уақыттың ішінде ойлы, жүмбақ көрініске толы 150-ден астам картиналар сериясын өмірге әкелді. Бұлардың ішінде, әсіресе «Арал туралы триптих», «Базар жырау» кітабына иллюстрация», «Түс көру», «Ежелгі Жент қаласы туралы фрагменттер», «Шыңғыс Айтматов шығармаларын оқығанда», «Балалық шаққа саяхат», «Дала. Тұлпар. Кеңістік» туындыларының орны бөлек. Аталмыш шығармаларды зер салып көрген кім-кім де болмасын оған әсте бейжай қарап, бейтарап қалмасы анық. Олар сол сәтте сан түрлі сезім толқынысын бастан кешіріп, сан қилы ой сілеміне берілері сөзсіз. Осы орайда көп көрерменнің бірі ретінде біз де сондай өз көңіл күй әсерлерімізден туған пайымдауларымызды ортаға салуды жөн көріп отырмыз. Қайырбайдың шоқтығы биік дүниелерінің бірі – көп суреттен тұратын «Базар жырау» кітабына иллюстрация» сериясы. Біріншіден, ол – графикалық туынды. Өнердің бұл саласы жүрген жерде бояу түрлерінің шектеулі болатыны белгілі. Демек, графикамен иллюстрация жасау өмірдің мың сан құбылған таңғажайып әлемін тек екі түрдің – ақ пен қараның шарпысуына көгендеу деген сөз. «Базар жырау» сериясындағы детальдарға суретші осы тәсілмен келіп, бояу тапшылығын ешкімге сездіртпейтін жоғары шеберлік арқылы алып шыққан. Екінші, көптеген қылқалам шеберлері кітап графикасындағы иллюстрацияларды жасау барысында алдымен сол шығарма авторының портретін салып, содан кейін оның әдеби дүниесіндегі сюжеттерді бейнелеп, одан қала берді көркем ­туындыны оқу барысындағы ұсақ-түйек елестерден коллаж құрастырып ұсыну сияқты шиыр ізден шыға алмайтын. Қайырбай ондай стилизацияға ұрынбаған. Ол бұл жердегі өзінің басты міндеті – ақын шығармаларына өзек болған сол кездегі рухани өмірді кескіндеу, Базардың жан дүниесін ашатын тұстарды тап басып бейнелеу, жырау идеалы – ізгілік нұрын суретпен сөйлету деп түсінген. Дұрыс шешім. Дәл осындай тамаша идея бір кездері марқұм Мақым Қисамединовтің 6 линогравюрадан тұратын «Махамбет» графикасында жарқырай көрінген еді. Бұл туралы Әбекең – Әбіш Кекілбаев сол уақытта: «Ол кітап графикасындағы ең көп тараған әдіс – шығармада суреттеліп отырған жағдайға сай иллюстрация жасауға да, не әдеби шығарманы оқи отырып, суретші көңілінде туған көркем ассоциацияларды бейнелеп, өлең авторымен бәсекеге түсуге де ұрынбаған. Сондай-ақ­ Мақым Қисамединов Махамбетті бейнелейтін ­линогравюраларында оның ақындығын бір бөлек, батырлығын бір бөлек, азаматтық келбетін бір бөлек көрсетем деп бөліп-жарып жатпайды. Суретші күрескер ақын өмірінің кез келген күнінде кездесетін, күллі өмірінің мәні болған сәттерді тап басып бейнелеуді мақсат тұтқан. Бұл кітап графикасында, әсіресе поэтикалық шығармалар иллюс­трациясында аса сирек ұшырасып жүрген соны мінез, тың шешім» деген болатын. Ол Қайырбайда да солай. Қылқалам шебері «Базар жырау» кітабына иллюс­трация» серияларын осы сарындас, бірақ өзіне тән қолтаңба, өзінің фантазиясына лайық шешім арқылы орындап шыққан. Ескерте кетейік, қасаң композиция, жаттанды схематизмнен ада мұндай стиль кейіпкеріміздің тек осы иллюстрациялық топтамаларында ғана кездесіп қоймайды. Еркін де жаңаша ойлау машығына толы ондай сырлы сызықтар мен буырқанған бояулар Қайырбайдың «Шыңғыс ­Айтматов шығармаларын оқығанда», «Ақын Иранбек Оразбаев өлеңдерінен туған ой» атты графикалық туындыларында да молынан ұшырасады. Бұл қасиет нағыз таланттарға ғана тән кажыр-қайрат пен рухани қуат-күшті аңғартқандай. Қылқалам шеберінің келесі біз сөз етпек болып отырған «Ежелгі Жент қаласы туралы фрагменттер» топтамасы да әп дегенде түсінуге өте ауыр, жұмбақ туынды. Мұның күрделілігі сонда, жұртшылық бұл картиналар сериясынан орта ғасырдағы аруақ қонып, нар шөккен, «Жібек жолының» шулы да дулы шаһары атанған кентті көре алмайды. Ондай панорамалық полотноның орнында есте жоқ ескі замандағы ғасырлар бәйгесінен бізге озып келіп жеткен қираған қамал құландылары, қаңыраған керуенсарай қабырғалары, су шайып, жел мүжіген күзет мұнаралары пішіндес қаңқалар тұр. «Бұлардан не түсінуге болады?» дейсің алғашында ­абдырап. Содан соң барып суретшінің қарт Сейхун бойындағы аңыздар қаласын жеке-жеке детальдар арқылы бейнелегенін ұғасың. Иә, ежелгі көне кент – Жент қылқалам кұдіретімен бізге өзінің суға салса­ батпаған, отқа түссе күймеген тірі айғақ, нақты заттық белгі – архитектуралық-археологиялық ескерткіш үлгілері арқылы сөйлеп тұр. Көзге елестетіп көріңіз, қанқұйлы шапқыншы жау ойранынан кейінгі жермен-жексен болып қираған каладан не қалушы еді? Құлаған қорған... Төбесі ортасына түсіп қираған үй... Қаңыраған көшелер мен желден ысқырық тартқан мұржалар... Атамекен абыройы – туған қаласы үшін бастарын өлімге тігіп, шейіт болған мың сан боздақ... Сол сұрапыл кезеңдерден бергі ғасырларда уақыт шаңына көміліп қалмай бізге аман жеткен жәдігерлерді образ ретінде алған Қайырбай өз фрагменттерінде оларды былай тірілтеді. Женттегі археологиялық қазба жұмысы кезінде табылған темір ошақ шеңбері – қазақ жұртының киесі болып саналатын шаңырақ та, ал оның үш бұты – сол шаңырақты көкке көтеріп тұрған үш сарбаз;­ жаңбыр жуып, жел мүжіген керуен­сарай бағанасы – балбал; күнге қурап, құр қаңқасы ғана қалған кұранды ер – алға қарай атылайын деп тұрған дәуіт-шегіртке; шөп басып кеткен ор жиегіндегі тот басқан қыпшақы қайқы қылыш – көзге түртсе көргісіз қараңғы түндегі қияннан ілмиіп туып келе жатқан жартыкеш жіңішке ай; қошқармүйізді оюмен өрнектелген көне фасадтың сынығы – жиырылып тұрған ұлу ретінде көрініс тапқан. Ал қос құлақты кыш құмыра ше? Ол екі бүйірін таянып, жоқтау айтып отырған қаралы әйелді көзге елестетеді. Айта берсек, мұндай мысал-теңеулер көп. Тіптен көп! Бұдан түйер қорытынды: осы фрагменттердегі қосарлы деталь-образдар бірігіп келіп, ежелгі Жент шаһарының жиынтық бейнесін бергендей. Басқа көрермендер қалай ойлайды, оны білмейміз. Ал біз өзіміз сөз етіп отырған жоғарыдағы картиналар сериясын осылай түсініп, осылай қабылдадық. Қайырбайдың «Арал туралы триптих», «Ақын Иранбек Оразбаевтың өлеңдерін оқығанда туған ой» туындыларының да айтар ойы мол. Алдыңғы аталған шығармадағы экологиялық апаттан тілім-тілім боп жарылып кеткен теңіз табаны – қу тақыр тасбақаның кебір кабығын көзге елестетеді. Сол тасбақа-тажал өзінің өлі қабатымен бірте-бірте адамдар тіршілік етіп жатқан аймақты қусырып, қыспаққа ала тарылтып келе жатыр. Арал трагедиясын қылқаламмен бұдан артық қалай түсіндіріп айтуға ­болады? Ал екінші картинадағы замана желі шайқаған алып шынар мен түйе үстінен құлап бара жатқан адам бейнелерін де терең ой құшағына берілмей көру мүмкін емес. Әсіресе, мұндағы оқыс мінез, тентек қылық көрсете бермейтін көнтерілі қара нар силуэті... Осы бір момын жануарды қатты шамдандырып алған мынау бейбақтың құйысқанға карай сыпырыла түсіп бара жатқанын көргенде оны елдің мұң-мұқтажын елемей келіп, енді құрдымға құлаған жайдақ басшылардың бірі ме деп қаласың. Сондай-ақ «Дала. Тұлпар. Кеңістік» деп аталатын офорттағы әдеттегі табиғи өлшемге көп сыя бермейтін асау тұлпар ше? Қараңғы түн, тар қапастан атылып шығып, арындай шапқан ақ арғымақтың еркін екпіні көз алдымызға егемендік алған еліміздің тәуелсіздігін елестеткендей. Қайырбай графика мен живопись – кескіндеменің дәстүрлі түрлерімен ғана шұғылданып жүрген жоқ. Кейінгі кезде өзінің қатарында Ш.Сәменов, Ш.Оралов, Ғ.Баянов және М.Нарымбетов сияқты суретшілер бар топпен бірге заманауи өнер саласына да батыл қадам жасауда. Ол – оғыздардың ежелгі астанасы Жанкент шаһары орнында перфоманс жанрына құлаш ұру. Бұл бүгін мен кешегінің елесін бейнелейтін фотосинтездік көріністер. Алғашқы эпатаж көне бекіністің қираған бөлігіндегі тас қабырғада өтті. Идея ­бойынша, оған қатысқан суретшілер түпкі ата – сақ, ғұн, түркілерден оғыздарға жеткен жәдігерлік киім үлгісі арқылы аруақ, абыз кейпіне енуге тиіс-тін. Ниет пен әрекеттің тазалығын білдіру үшін бәрінің үстіне ақ жамылғы пайдаланылды. Қосымша элементтерге ­Алтын адам сұлбасы, асатаяқ, домбыра әрі садақ ишаратындағы саз аспабының өте көне түрі көмекке келді. Сюжет соңында түнгі даладағы бір түп бұтаның алаулап жанғанын көрсететін көрініс бейнеленді. Бұл адам бойын ­тазартатын ұғымды білдіретін штрих-деталь еді. Сөйтіп, суретшілер плэнерде жұмыс істеді. Нәтижесінде Қайырбай және оның әріптестері қатысқан осы артефактідегі фотосимволдық тіршіліктің тылсым тыныштығы мен табиғаттың тұңғиық үйлесімі ішкі үндестікпен салтанат құра білді. Олардан көшпенділердің кешегі және бүгінгі ұрпағының жан дүниесі, бір жоғалса қайта өмірге келмес адам атты пенде мен ұлы табиғат арасындағы көзге көрінбес тепе-теңдік өнер әлеміндегі меңзеу түрінде шебер көрініс тапты. «Шабыт поэзияда қандай керек болса,­ геометрияда да сондай қажет» деген екен математик А.Лобачевский. Дұрыс айтылған сөз. Себебі буырқанған бұла сезім мен қылт еткенді қағып алатын кағілез қиял, жаныңды жеп, жай таптырмайтын жігерлі ізденіс болмаған жерде істеген ісіңнен береке көріп, барқадар таппайсың.Осы тұрғыдан алғанда, біз суретші Қайырбай Зәкіровтің шығармалары нағыз шамырқанған ­шабыттан туған толыққанды туындылар деп айтар едік. Оған оның жоғарыдағы картиналары анық дәлел. Логикасы жүйрік жандарға қылқалам шеберінің шығармашылығын түсіну қиын емес. Ой кілтін тапқан адамға олар құдды бір өлең жолдары сияқты үнсіз сөйлеп қоя береді. Өлең жолдары демекші, әзірленіп жатқан көрмеде суретші Қайырбай Зәкіровтің отыздан астам поэзиялық ­туындылары да қойылған. Өзіне ғана тән қоңыр үні бар бұл сазды шумақтардан қылқалам иесінің әр жылдардағы көңіл күй ауанын аңғарғандайсың. Мәселен: Саққұлақ түн. Сауран маңы. Саналарда сары мұң,­ Жұлдыздардың пейілдері: аумағындай тарының. Қамал іші... қурайлардай семіп қалған үміттер. Сараң айдың жарығы... ...Тілім-тілім тұнжыраған тұлғасына қарасаң, Сары атандай Сауран биік: ал көңілі аласа, Жетігеннің шанағында жеті ғасыр өксіді, Табылмай-ақ Алты Алашта қарындасқа араша, – деген шумақтарды да толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Тұнып тұрған теңеу мен образға толы бұл өлең жолдары оқырманға сөзбен салынған суреттей әсер қалдырады. График-суретші Қайырбай Зәкіров... Ол ақын да. Сыр сүлейлері Балқы ­Базар, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Нұртуған жыраулардың толғауларын түнді-түнге ұрып жадуалдай жатқа айтатын термешілік өнері және бар. Бұған оның зергерлік, реставраторлық, архитекторлық қырын қосыңыз... Осындай тамаша қасиеттердің иесі, еңбекқор жан бұл күндері шығармашылық адамдары ғана түсінетін Евклид кеңістігіндегі шабыт траекториясымен қалықтап келе жатыр. Самғауың сәтті, жолың жемісті болсын ақкөңіл де аңғал, ақжарқын Қайырбай дос!

Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1691 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы