• Басты мақалалар
  • 28 Тамыз, 2019

Қодар қазған құдықтар

Зерттеушілер бұл күнде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 16-дан 30-ға дейін нұсқасы бар дейді. Оның ішінде қазақ, қырғыз, түркімен, ұйғыр, башқұрт, барабын татарлары, алтай елдерінде кеңінен таралған. Айталық, ойрат тіліндегісі «Қозын Еркеш» деп аталады екен. Осы табылған нұсқалардағы ұқсастықтар мен айырмашылықтардың бар екендігі, тіпті қазақша нұсқаларының өзі бір ізге түспегені айтылып та жүр. Мысалы, кейбір қолжазбаларда Қарабайдың тегі – түрікпен, Сарыбайдың тегі – ноғайлы делінеді (Жанақ). Енді бірінде дүниеге келген айдарлы ұл Қарабайға, ай дидарлы қыз Сарыбайға телінеді (молда Мұқан Машанұлы). Өзге нұсқаларында да өзгешеліктер аз емес. Ең өкініштісі – бізге тиесілі жауһар жырымызды басқа жұрттың өздеріне қарай икемдеп, меншіктеуге тырысуы. Көрші Қытай жеріндегі «Екі ғашықтың кесенесі табылыпты» деген алып-қашпа әңгіме – соның бір ұшқыны... Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, ең алдымен, қисса мазмұнын жасанды қоспалардан арылтып, қолдағы нұсқалармен салыс­тыра толықтырып, бір жүлгеге келтіру қажет деп санаймыз. Екіншіден, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының төл иесі Ұлы Даланы мекендеген алаш ұрпақтары екендігін баршаға түпкілікті мойын­дату. Ол үшін жырда кестеленген тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтап, көнергенін қалпына келтіріп, мемлекет қарауына алуды ұсынамыз. Төмендегі мақала осы ниеттен туындаған ойды қозғайды. Осы орайда, белгілі журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеев «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырындағы кейіпкерлердің ізімен жүріп өтіп, кезінде Қодар қазған құдықтардың орнын анықтап қайтқан екен. Әрине, бұл тосын жаңалық рухани өміріміздегі құнды деректер болғанымен, әлі де ғылыми тұрғыдан терең сараптауды қажет ететіні даусыз. Бұл тұрғыда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен республикалық «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы осы мәселеге назар аударып, қолдау көрсетеді деп сенеміз. 1970 жылдың тамыз айы еді. Кеңшар орталығы Шолпаннан таңғы жетілерде шыққан біз жер түбіндегі Шыңырау дейтін шағын ауылға күн еңкейе зорға жеттік. Бәлкім, алғаш рет үйден ұзап шыққан маған жердің түбі болып көрінген шығар. Елу шақырымдай адыр-адыр жоталарды бөктерлей жүрген аттар да титықтап, болдырып қалған екен. Ауыл үйлерінің төбесі көрінгенде осқырынып, жүрістерінен жаңыла ­бастады. Кеңшардың төртінші фермасы ­саналатын Шыңырауды алғаш көруім. Шамамен, алпыстай үй бар-ау... Бергірек тұрған ақ кірпіштен салынған еңселі үй контор болса керек, алдыңғы жағында қызыл матаға жазылған ұрандар анадайдан мен мұндалап тұр. – Кімнің үйіне түсеміз, Әлеке, Қану? – деді жаздың ыстық күнінде басына көк тымақ киіп алған зор денелі Жақай ақсақал қасындағы екі серігіне бұрылып. – Демеудікіне барайық. – Мұны айтқан орта бойлы, шымыр денелі, қызыл тақиялы Әлекен ата. Бұл кісілердің кім екенін жыға танымаймын. Әйтеуір, кеше біздің үйге қонғанда, әкемнің нағашысы Қабылқай атамның ағалары болып келетінін естігенмін. Бірі қой, бірі жылқы бағады. – Ал ендеше өзің баста, – деді менің атам Қанағат (құрдастары Қану дейтін). Ол да жылқышы. Каникулға шыққан мен қалмай, жайлауға барамын деп, ере шыққам. Біздің тоқтаған үйіміз ферма­ меңгерушісінікі екен. «Ассалауу­ мағалейкуум!» деп, жарқылдай амандасып, үлкендердің әрқайсысына қол беріп, қарсы алған қырықтардың ішіндегі ақсары жігіт ағасын аздап ­шырамыттым. Бұл кісі де біздікіне бір-екі рет келіп-кеткен. Әлекен атаның жақын інісі. – Төрлетіңіздер! Кәне, балақай, сен де түсе ғой. Нешінші бітірдің? – деп, мені де иықтан қағып қойды. – Сегізге көштім, – деп мен де өзімді ересектеу көрсетуге тырысып жатырмын. Екі үлкен шал үйге беттеді. Атам екеуміз аттардың ауыздығы мен ер-тоқымын алып, ауланың түп жағындағы шөп қораға байлап, бір-ақ кірдік. «Су беруді ұмытпа» деді атам ескертіп. ­«Жарайды». Қой сойылып, табақ тартылды. Тағы үш-төрт ақсақал келді. Гу-гу әңгіме. Шөп шабу, мал қыстату, аң қағу сияқты маған қызықсыздау тақырыптар. Өткен 69-дың қысы өте қатты болған. Оның да зардаптары айтылып жатыр. Кенет құлағым елең ете түсті. «Биыл үш құдыққа мотор орнаттық. Ойпырым-ай, «Қодар қазғанның» суы не деген мол? Атқылап тұр» деді Демеу аға. «Е, жұмық бабаларың да, өздерің де Қодар батырға қарыздарсыңдар. Бірақ мойындамайсыңдар ғой» деді бір қияқ мұрт кісі қуақылана. «Жұмық» деген осы өңірді мекендейтін үлкен ру екен. – Ғажап! – деді сосын сөзін жалғаған ферма бастығы. – Сол ерте заманда аталарымыз су көзін қалай анықтаған десеңізші! Гидроинженерлер келіп, екі аптадай жүріп, әкелген құралдарымен олай-былай ойқастады дейсің. Әке-ау, таң қаласың, тура сол Қодардың үш құдығына тұрба қағып кетіпті. Біріншісінен шыққан су сортаңдау сияқты, қалған екеуінікі балдай! Одан ары әңгімеге шоқ түсіп, отыр­ғандар сол құдықтардың тарихын­ қазбалап кетті. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын біз де оқығанбыз. Сөздерінен байқаймын, үздік пионер, комсомол болып жүрген менің бала көңіліме қонбайтын жат сөздерді айтады. Мыңғырған жылқы ­айдап, кедейлерді қан-қақсатқан зорлықшыл Қарабайдың қарақшысы, ­махаббат атаулының қас жауы, жер бетіндегі зұлымдық иесі Қодарға іштартатын сияқты ма, қалай? Бұрын құлағым естімеген «Қодар палуан», «батыр» деген сияқты бөсіңкі теңеулер, шынымды айтсам, коммунистік идеологиямен уланған (ол кезде білмеймін ғой) санама сіңе қоймады. Сол беті қалғып кетіппін, ертеңінде атам оятқанда бір-ақ тұрдым. – Тұра ғой балам, жүрейік. Жол алыс. Қоржыныңды байталға бөктеріп қойдым. Сонша кітапты қайтейін деп едің? – деп сөйлеп жүр. Шайдан кейін баратын жеріміз Қопа ауылын бетке алып, жолға шықтық. Кеше байқамаппын, ауылдың күншығыс бетінде алыстан мұнартып, аппақ ­айдын көл жатыр екен. Қызыға қарадым. Бірақ маңайында ұшып-қонған құс байқалмайды. – Ата, анау не көл? – Итішпес деген көл осы, қарағым. Біз бөгелмедік. Ауылдың батысындағы түнде айтылған Қодардың құдықтарының бірінен су алдық. Кәдімгі жан-жағын төртқырлы цементпен шегендеген терең құдық екен. Алдында бірнеше тонналық екі цемент астау тұр. Моторды қосып қойған. Шүпілдеген су атқылап тұр. Мөп-мөлдір. Тастай. – Жарықтық, Құдекең де білген екен ғой судың көзін! – деп, шалдар өздеріндегі торсықтың бәрін суға толтырып алды. Алдымызда әлі алпыс шақырымдай шөлейт жатыр. Су қадірін сондайда ғана біледі екенсің. – Ал жүрердің алдында аруақтарға арнап, бір Құран бағыштап жіберейік, – деп, Жақай ақсақал тізерлеген күйі көк құраққа отыра кетті. Күбір-сыбырдың арасынан Қодардың да атын құлағым шалып қалды. Бет сипап, орнымыздан тұрдық... Міне, сол Шыңырауға арада 49 жыл уақыт салып, қайта келіп тұрмын. Тағы да тамызда. «Елу жылда – ел жаңа» ­деген. Мың шақырым жерден ат арытып­ келгенімде, кезінде жайнап тұрған ауылдың жұтаған жұртын көріп, көңіл құлазыды. Бомба түскендей. Қалқиған қабырғалар. Үйілген топырақ. Аңызақ жел. Жым-жырт. Баяғыдай қауқылдасқан ақсақалдардың үні естілмейді, енді естімейміз де... Бүгінде ол жандардың бірі де қалмады (иман байлығын берсін). – Демеу ағаның үйі қай маңда еді, Сәке? – дедім жол бастаушыға. – Әнеу бір, орта тұста-ау... Ұмытыңқыраппын... Сәке деп тұрғаным – қызыл шырайлы,­ еңсегей бойлы, жетпісті ­орталаса да әлі тың, өзінің жеке қожалығы бар жылқышы Сәкен аға. Ата-бабасынан бергі төл кәсібі жылқы бағу. Туған ағасы Сәбетқали да, әкесі Қонақбай да, атасы Шонай да осы өңірде әйгілі жылқышылар болған. Өзінің айтуынша, бізге, төртуылдарға құдандал. Қаракерей ішіндегі тума бұтағынан. Мұны ежіктеп айтып отырғаным, осында келуім – сол құдандал болуымыздың арқасында. 2013 жылы күзде Қопа ауылындағы Шәріпхан атты нағашы ағамыздың жылын беріп жатқанда, осы кісі саба-саба қымыз әкелген. Сол үйдегі Света жеңгемнің туған ағасы екен. Дастарқан үстінде әңгімеден әңгіме туып, осы Шыңыраудың шежіресі айтылып қалды. «Ескі құдықтарды білесіз бе?» деп сұрадым. «Білем». «Мені сол жерге бір алып барсаңыз?». «Әңгіме тамам, құда! Қазір Қарақолда тұрамын». Шорт кесіп сөйлейді. Анасы украин қызы екен. Араға алты жыл салып келген бетім. Сапар алды «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын екі қайтара оқыдым. Түсінікті, Қозы туралы сұрақ жоқ. Өз махаббаты жолында талай мехнат пен азапты жолдарды еңсеріп, бақытына қол жеткізу үшін жанын қиған батыр тұлға. Балталасаң да, ғасырлар бойы мәңгілікке сомдалған сүйкімді бейнесін бұза алмайтының ақиқат. Ал түсініксізі – озбырлық пен ­зұ­лымдықтың образына айналған Қодардың ел жадындағы суреті неге басқаша? Таңсық ауылындағы қос ғашықтың кешенінен бір шақырым жерде­ жеке қойылған тас мүсін тұр. Оның түрін, бет-әлпетін сондай жексұрын етіп әдіптеген, ел аңызы оны «Қодардың тасы» деп атайды. Бірақ бұл бастапқы тұрқы ма, жоқ кейінгісі ме, оны ешкім анық айта ­алмайды. Қалай десек те, қанша ғасыр өтсе де, есімін жұрт ұмытпай, іштартатыны неліктен? Мақсатымыз – Қодарды ақтау емес. Ақын Ғафу Қайырбеков айтқандай: «Бір сұрақ – әлі күнге мен аңғарман, сұрап келем ақылды адамдардан; Басқаның патшасының бәрі жақсы, неліктен біздің хандар жаман болған?» деген тұрғыдағы сауал ғой. Қодардың есімі тарих қойнауында әлдеқашан өшіп кететіндей жүздеген (бәлкім, мыңдаған?) жылдар өтті емес пе? Өшер емес. Қайта, оның есімі ­Алтайдан Атырауға дейін алып далада жиі ұшырасады. Бірнешеуін ғана айтайын, 1734 жылы Ұлы жүзден Ресейге қосылуды сұрап хат жазғандар арасында Төле би, Бөлек батырмен бірге Қодар бидің есімі аталады. Орта жүзде Борсақтың немересі Қазыбайұлы Қодар, Кіші жүзде Бекеттен тарайтын – Байнияз, Қодар есімдері кездеседі. Тіпті осы ғасырдың басында ғана белгілі ақын, мәдениеттанушы Әуезхан Қодар күндей күркіреп, ортамызда өлең оқып жүрді. Білмейтіндеріміз қаншама? Ендеше, Қодар соншалықты сүйкімсіздер қатарынан болса, басқа басқа, біздің ырымшыл халық алтын беремін десеңіз де, өз ұрпағына оның атын қоймасы анық. Талдап қарасақ, гәп басқада сияқты. Кеңестік социалистік реализм талабы­ бойынша байдың сойылын соққан Қодар ешкімнің қолынан келмейтін игілікті шаруа атқарып жүрсе де, міндетті түрде зұлымдық иесі болу керек еді. Екіншіден, оның «жағымсыз» кейіпкер шеңберінен шыға алмауына «Абай жолы» шығармасындағы Қодар-Қамқа оқиғасының әсері аз болмаған. Иә, әр дәуірде өмір сүрсе де, екі Қодардың бір өлкеден шығуы оқырманның санасында бір-ақ образды қалыптастырғаны анық. Оспадарлық іс қылған біреуді «Ой, Қодар екенсің ғой!» дейтін теңеу тілімізге сіңісіп кетті. Біз бүгін сол екеудің бірі, Арқаның ұлан-ғайыр даласындағы қалың елді ­малымен қоса суға қандырып, батасын алған Қодарды танып-білуге тырыстық. Осы ойлардан кейін Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұланнан бастап, Сейіт Қасқабасов, Тұрсын Жұртбайға дейінгі біраз ғалым-зерттеушілер мен жазушылардың еңбектерін ақтарып, Қодардың табиғатын ұғуға тырыстым. Бір жерде Ұлықбек Есдәулеттің жазғаны бар екен: «Ана бір жылы Аягөзде ұлттық эпосымыздың шоқтығы саналатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 1500 жылдық тойы ұйымдастырылып, ел-жұрт бір мәре-сәре болысты. ЮНЕСКО өзі атсалысқан торқалы тойда халықаралық ғылыми-практикалық конференция, дүрілдеген ақындар айтысы өтіп жатқан бір әредікте қатар отырған қаламдастар ортасына: «Біз осы Қозыдан тараймыз ба, әлде Қодардың ұрпағымыз ба?» деген әзіл тастадым. Сол кезде айтыстан қолы қалт еткен Жүрсін Ерман жұлып алғандай: «Басқаларыңды білмеймін, мен өзім Қодардың тұқымы болуым керек» деп жауап беріп, жұртты ду күлдірді». Жүрсін ағамыздың қатарластарына қарағанда, өзі де, сөзі де ірі көрінетіні рас. Бірақ құпиясы толық аршылмаған жұмбақ Қодардың қасында қалай көрінер екен? Жырдағы «Қодардың әр нәрседен ойы бар-ды, анық он кез өзінің бойы бар-ды... Жалпағы жауырынының үш жарым кез» дейтін жолдардың жауабын баяғыда жол үстінде іздегенім есіме түсті. – Ата! Ата деймін, бір кез – неше метр болады? – А, не дейсің? – Ат үстінде қалғып келе жатқан атам менің не айтқанымды бірден ұға қоймайды. Сосын барып, «баламысың» дегендей, басын бір шайқап қойып, түсіндіре бастайды. «Кез дегеннің үш түрі болады: қолдың ұзындығымен өлшенетін кез – созылған қолдың бармағының ұшынан иыққа дейінгі аралық, ол әркімде әртүрлі – орташасы 70 сантиметр. Елімен өлшенетін кез – 24 еліге тең. Тұтаммен өлшенетін кез...». «Сонда, Қодардың бойы он кез болса – 7 метр, жауырыны 3,5 кез – екі метр­ден асатын болғаны ма?». Өз ойымнан өзім шошып кетем. Анандай диюды көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Қалай десек те, Қодар ірі денелі, алып болған секілді. Қатарынан асып тумаса, алыстағы жігітін күтіп, уақыт оздыру үшін ойлап тапқан Баянның үш қиын шартын орындай алар ма еді? Әрине, жоқ. «Әкемнің малының есебін ал; Сусыз жерден көп терең құдық қаз; Таңсықтың күмбезінің қасына Аягөздің суын келтіріп, үлкен көл жаса. Сонда мен сендікпін» дейді жас ару. Қодар серт беріп, осы айтқанның бәрін істейді. Яғни Баяны не десе де орындауға әзір, бірбеткей, аңғалдығымен қатар, сертте тұра білетін дала рыцары екенін іспен көрсетеді. Қодардың Баянға деген құмарлығы күшті болғаны сондай, өз еркінен тыс бірнеше жыл Қарабайдың құлдығында жүреді. «Әкеме сіңіп еді сенің күшің, Құл болдың есігіме менің үшін» деп, онысын Баян да мойындайды. Қодар бір қуаңшылық жылы байдың Бетпақ шөлде шұрқыраған 90 мың жылқысын әр жерден құдық қазып, аман алып шығады, одан ары Аягөзге жеткізеді. Бір қызығы, тоқсан мың жылқы айдаған бай болса да, үстінде сілкіп киер шапаны жоқ Қарабай сараң да, Қодар мәрт болып сипатталады. «Бұйырса, осы жазда Баянды аламын» деп күпінген ­палуан қарамағындағыларға «тойды бас­тай беріңдер» деп бұйрық береді. Қодар айтты: – Ойладым бүгін бір той, Қос бас сайын біреуден жабағы сой... Әр қоста 18 жылқышы бар. Әр қостың қарауында 500 жылқыдан деп есептегенде, тоқсан мыңнан 180 бас сойылады екен. Есікте жүрген қарабайыр құл мұндай бұйрық бере ала ма? Жоқ, әрине! Бұл өзіне өзі сенген мырзаның ғана қолынан келер іс! Қодардың шыққан ортасы да тегін жер емес. Ұлы көш Аягөзге жеткенде, Ноғайлының биі Сұлтанғазы Қарабайды ерулікке шақырады. Сонда ноғайлы Шақшақ байдың сері баласы Қодар Баянға бірден ғашық болады. Аппақ, көрік маңдайлы, қолаң шаш­ты,­­ Шашының ұзындығы тізе басты. Аузы гүлдің шашағындай, тісі меруерт,­ Мұндай сұлу жаһанда жаралмас-ты… – дейтін Баянға өз күшіне өзі сенген батырдың ғашық болуы айып па екен? Айып емес. Сол құлай сүйгендігі үшін де, елде жоқ хас сұлуға көз тіккен 90 ­батырды жекпе-жекте қирата жеңеді. Ақыр соңында түгел бағындырып, байдың жылқысын бақтырып қояды. Қарап отырсақ, «зұлым», «оспадар»­ кейіпкердің қасиеттері қалған сияқты. Осыны алдымен сезген кейбір шығармашылық өкілдері жырға жаңаша көзқараспен қараған сыңайлы... Бұл туралы танымал режиссер Болат Атабаев былай депті: «Жанат Хаджиевтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуын» көргенде толқығаным соншалық, тебіреніс үстінде Алматының қақ ортасында орналасқан жасөспірімдер театрынан «Ақсайдағы» үйіме дейін қалай жаяу жеткенімді аңғармадым... Баянға деген махаббатын дәлелдеп, шөл далада қырық құдық қазып, жанталасып жүрген Қодар колоритті образ да, Сұлуымыздың ғашық болып жүрген Қозысы беті жылтырағанымен, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен біреу. Қыздар деген сол Қодар сияқты арсың-гүрсің жігіттерге ғашық болушы еді» (altaynews.kz. 22.02.2012 ж.). Әрине, Атабаев айтты екен деп, бұрыннан шырқау биіктегі Қозының типтік мәртебесі бұдан төмендеп қалмайды. Мұнда дәстүрлі сахналық шешімдерден үнемі аулақ жүретін, жалаң идеяға жаны қас режиссердің айтпағы басқа: Қодардың бойындағы өзге жұрт аңғара бермейтін адами болмыстың монолиттей беріктігі. Осы заман пенделерінің бойында жоғалып бара жатқан тұлғалық құндылықтардың молдығы. Палуан. Батыр. Жомарт. Аңғал. Бірсөзді. Айтты, бітті! Уәде берсе, орындайды! Өз махаббатына адал! Бір пенденің басына аз қасиет емес бұл. Жыр желісіне аңдап қарасаңыз, күші тасыған батырға басы бос қыздар ғана емес, Қарабайдың жас тоқалы Тарту сияқты сылқымдар да көз салады: Тарту құмар Қодардың денесіне, Қодар оны санайды енесіне. Есіл-дерті Баянға кеткен ауып, Қодар оны еске алып елесін бе? Оңашада шарап ұсынып, желік қуған жас қатынның арбауына түспей, меселін қайырып тастау нағыз еркектің ғана қолынан келетін ғибратты іс! Әйтпесе, көкмайсаға бұлықсытып бір-екі рет аунатып алса, кім көріп тұр дейсің? Қысқасы, Қодардың әдебиеттен біз танып, біз білген, қос ғашықтың арасына тосқауыл болған әуелгі бейнесі өзгеріп, зорайып бара жатқан сияқты. Қозы Көрпеш пен Қодар – жырдағы антогонистік қос тұлға. Егер, Қодар бейнесі аса күрделі, қуатты болмаса, Қозы мен Баянның махаббаты жоғары деңгейдегі ақ та пәк махаббаттың символына айналмас еді. Бұл арада жырдағы траги-комедиялық жағдайды (ситуация­ны) тереңірек түсінуге тырысқан жөн. Тоқсан батырды шырқ үйірген Қодардың ең үлкен айыбы – Баянды ессіз сүйгені және айласын асырып, қызының атастырылған жері бар екенін жасырып, өзін алдап келген Қарабайға сеніп, Қозыны өлтіргені. Қодардың көзімен қарасаңыз, арқалаған күнәсінің себебі де ауыр – үш шартымды орындасаң, саған тиемін деп жүрген «қалыңдығының» қоластындағы Тазша баладан жүкті боп қалғаны, екіншісі – бір қоста жатып, бір дастарқанда дәм татқан қойшы баланың жұрт алдында өзін күлкіге қалдырып, намысын таптағаны. Өз намысын қорғау үшін Қодар Қарабайдан да тайсалмайды. Тоқсан мыңның аламын қақ жарымын,­ Бекер ме еді еңбек қып сұрағаным. Көнбесең, ауылың мен аймағыңды, Хауызына сыйғызам бір тарының, – деп, атой салуы Қодардың қатардағы жалшы емес екенін айғақтайды. Талантты жазушы Таласбек Әсемқұлов «Әдебиет» порталына берген бір сұхбатында: «...Қарабай – қараңғы түннің образы. Сарыбайдың ұлы Қозы – мәңгілік таңның образы, Қозыны жақсы көретін Баян, мүмкін таң жұлдыздарының бірі болар... Келесі кейіпкер Қодар – құдық тәңіриесі (қазақтар әлі күнге дейін құдықты «Қодар қазған» деп атайды)» деген тосын пікір қалдырыпты. ­Ендеше, іздеуге және тарихи тұлға ретінде зерттеуге тұратын кейіпкер болса, неге іздемеске? Қазіргі қазақ қоғамы осы тарихи ­деректер мен шындықтарды жақсы білуге тиіс. Біліп қана қоймай, оның әр сүйем жерін қастерлеуі, бағалауы, асқақтатуы керек. Еліміздің өркен жайып, әлем көшіне ұдайы ілесіп жүре беруі жолында әрбір табылған құнды жәдігеріміз халық мүддесіне қалтқысыз қызмет етуі қажет. Осы мақсатпен Жанақ ақын нұсқасында айтылатын: Аягөз, Жауыр, Мейзек, Тоқырауын, Алтынсандық, Ақшатау, Жорға, Шұбарайғыр (кейде Шұбарбайтал), Шәкір ақын нұсқасындағы: Алакөл, Үшарал, Текелі мен Құры, Қылы, Жабық, Қайқан, Ырғайты, Жаманты, Қатынсу, Үржар, Қаракөл, Жәйтөбе мен Тоқта Барлық, Арасан, Еміл құмын (Сарыарқаның Қарқаралы, Есіл, Баянауыл, Бетпақ­даласын) шарлап шығу ойда тұр. Кезінде республикалық жастар газетінде тілші болып жүргенімде, атамекендегі осы аталған жерлердің бәрін ары-бері кезіп шығып едік. Енді сондай мүмкіндіктің сәті қалай болар екен? Таулы-қыратты жол азабына ­шыдайтын «Джип» табу да оңай шаруа емес. Мәселе машинамен ғана бітпейді, оған қоса телекамера, фотоаппарат, квадрокоптер, олардың тілін білетін кәсіби оператор қажет. Сол себепті, «Рухани жаңғыру» жайында әңгіме айтуды жақсы көретін алматылық бір-екі депутатқа шығып көріп едім, қайдағы бір қиырдағы құдықтарды іздеуге құлық таныта қоймады. Өз кәсібінен басқа ештеңеге қызықпайтын оларға кінә арту да орынсыз. Уақыт – ақша. Құрылыс, шөп шабу, жеміс-жидек жинау, сату, қысқа дайындық. Ой мен қырда қыбырлап жүргендер үшін, шынында, менің жүрісім еріккеннің ермегіндей көрінуі ықтимал. Сондықтан бұл жолы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуға» қатысты белгісіз жәдігерлердің жай-күйін алдымен өзім анықтап қайтуды жөн санап, жолға шықтым. Абырой болғанда, келген мақсатымды мұқият тыңдаған Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин бұл сапарымызды қолдады. Қабанбай батырға ескерткіш орнатуға, Әсет Найманбаевтың 150 жылдығын кеңінен атап өтуге, басқа да рухани, мәдени шаралардың ұйытқысы болып жүрген аудан басшысы қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен, нар тәуекел деп, Шыңы­рау­ға ат басын тіредік. Қасымда ­Сәкен ағадан басқа, Қарақол ауылдық округының әкімі Марат Мұсабаев бар. Мамандығы зоотехник екен. Ауыл әкімі болғанына биыл үшінші жыл. – Әлеуметтік-экономикалық көр­сеткіш­тер бойынша аудандағы 27 округтың арасында бірінші орында келемін, – деп, жолда там-тұмдап тіл қатқаны болмаса, сөзге сараң жігіт екен. – Сөзге жоқ болсаң да, іске мығым екенсің. Жарайсың, бауырым, – деп көтермелеп қойдым. Расында да, кешеден бері «Нивасын» алыс жолға дайындап, сусынын алып, бізбен бірге келе жатқан бұл азаматтың тірлігін Қарақолдың келбетін көргенде-ақ байқағанмын. Өзге ауылдардан еңсесі биік, көшелері оқтай, тап-таза, жол жағалай егілген гүлдер, жасыл ағаш. Ауызсу құбыры әр үйге жеткізілген. Жарық, интернет үзілмейді. Екі спорт залымен үш қабатты жаңа мектеп, 20-дан аса сауда дүкендері, кафе, мешіт, наубайхана, дәріхана, монша, шаштараз секілді нысандар ел игілігіне қызмет жасап тұр. Ауыл тіршілігінің нағыз күретамыры секілді ондаған шаруа қожалықтары ­жастарды жұмыспен қамтып отыр. Осындай берекелі істердің ұйытқысы бола білген Марат Мұсабаевқа аудандағы «Жыл мемлекеттік қызметшісі» марапатының тапсырылуы орынды баға сияқты. Менің туған ауылым «Шолпан» округіне қарайтын бұрынғы Шыңырау қазір осы Қарақол әкімдігінің құрамында екен. Кезінде дүрілдеген шаруашылықтың бүгінгі жай-күйін жоғарыда айттым. Орны ғана қалған. Құлазыған дала. ­Айнала тым-тырыс. Кешегі мыңғырған қой, табын-табын сиыр, шұрқыраған жылқы дауысы жоқ. Жылқы демекші, «Аттан түскен күннен бастап, қазақтың рухы да түсіп қалды» деп жазып еді бір ағамыз. Бұл сөздің жаны бар-ау. «Ат – ердің қанаты» деп білетін қазақ үшін жылқы – ұлттық руханиятымыздың ажырамас бір бөлігі. Ежелден жүйрік баптап, тұлпар ұстау, балаларын жастайы­нан тайға мінгізіп, ат үстінде тәрбиелеу – салт-дәстүріміздің бастау бұлағы еді. Амал не, уақыт толқынында үзіліп қалды. Жалпы көшпелілер қоғамында жылқы – әлеуметтік статус, дәулетті тұлғаның бағасы мен дәрежесін білдіреді. Өз кезегінде басына құт қонған бай-бағландар тұтас елдің атын шығарған. Арқада Құдайменді төре, Азынабай, Сапақ, Бапақ сияқты (басқа өңірлерде де) жиырма мыңдап жылқы айдаған ірі байлар өткен. Бұл жай ғана аңыз емес, археология саласында ғылыми дәлелденген. Бір ғана Ботай қонысын қазғанда Энеолит дәуіріндегі (б.э.д. ІV-ІІІ мыңжылдықтар) 70 мыңдай жылқының қаңқасы табылған. Аягөз бен Үржардың кең алқабын жайлаған Қарабайдың 90 мың жылқысы сол дәуірдің еншісіндегі мал емес пе деген де пікір бар. Иә, жылқы «пәленше байдікі» аталғанымен, ол бір қауым елдің, тұтас тайпаның айбары мен айбаты, ортақ ризығы. Ішсе – қымыз, жесе – азық. Қодар бастаған 90 батыр Қарабайдың қалың жылқысын шөлден аман алып шыққанда, ең әуелі осы тұтас елдің мүддесін қорғап қалды деуге толық негіз бар. Шыңырауды артқа тастап, күнбатысқа қарай он шақырымдай жүргенде алдымыздан жарқырап, көлденеңі 7-8, ені бір шақырымдай болатын көл шыға келді. Күн сәулесіне шағылысып, айнадай жарқыраған көлдің орта тұсы аппақ. Шет-шетіне қарай қоймалжыңданып келіп, жағалауы мүлде кеуіп қалған қара балшық. Күкірт иісі шыға ма, қалай? – Бұл қара тұз, – деді Сәкен аға. – Ертеде қазақтар буын ауырғанда, сүйек қақсағанда осы жерден күреп алып, қайнатып, соған буланған. Қазір де келетіндер бар. – Бұл «Итішпес» емес пе? – дедім, бала кезде естіген әңгімем еске түсіп. Қодардың қуып, Айбас батырдың қаша атысатын жері осы маң емес пе екен? Он алты сегіз құлдың атын атып, Бойында Итішпестің жаяу қалды. Айдалада сегіз жан жаяу қалды, Айбас байғұс құтылып, демін алды. – Солай деп те аталған шығар, кім білсін? Қазір «Құрқыл» дейді ғой. Көктемде жан-жақтан қардың суы келіп құйылғанда, құрқылдап дыбыс шығарады. Астынан газ шыға ма, білмеймін, жаз ортасына дейін сөйтіп жатады. Ал айлы түндерде көл үстінде мың құбылып, көгілдір сәуле ойнайды. Жергілікті жұрт оны «шайтанның оты» деп үрейленеді. Көлдің жағалауында тіршіліктің белгісі жоқ. Не жүгірген жәндік, не ұшқан құс болсайшы. Алыстан көгілдірленіп Арғанаты тауы көрінеді. Ал көлдің батыс жағалауында бірнеше қабатты ғимараттар мен көкке шаншылған тұрбалардың сұлбасы байқалады. Қазақ жерінің асты да, үсті де ен байлыққа толы емес пе. Осы маңнан мыс пен жездің, алтынның мол қоры табылыпты деп естігенбіз. – Сәке, анау көрінген «Қазақмыс» па? – Иә, солар. Мыс пен уран өндіреді деп естідім. Қазір қытайлар басқарып отыр дейді. Бірақ өзім кіріп көрген емеспін. Бізді, тіпті маңына да жолатпайды. «Ммм...» дедім іштей. Кезінде Экология министрлігінің облыстық департаментінде баспасөз хатшысы ­болып істеген менің көкейімде «Осылар қорытылған кеннің қалдық суын мына көлге жіберсе не болмақ?» деген бір ой жылт етті. Әлі толық зерттелмеген көлдің тұзы мен балшығы болашақта медицинаға қажет емес деп кім айта алар? Барып, көрсек қалай болар екен... – Бақаш, анау жағалауға жете аламыз ба? Жүргізуші жігіт желкесін сипап, «Әй, қайдам» дегендей, бас шайқады. Бір дөңгелегі жарылып, енді осы арадан аман-есен қайтуды уайымдап тұрған інімді одан ары қинамадым. Осы кезде көлге таяу жотаның басына шығып кеткен Сәкен аға қалпағын бұлғап, бізді шақырды. Біз қырға көтерілгенде, ол ар жағындағы ойысқа түсіп кетіпті. Таяп келгенде көрдік, бетін цементтеген ескі құдықтың үстінде тұр екен. Құрық бойы жерде бетон астау жатыр, жартылай жерге сіңіп кеткен. – Міне, таптым! Бұл Қодардың ал­ғашқы құдығы. Сасықбастау. Сәбет ке­зінде осы жерге моторлы құдық орнатқанбыз. Бұның суы сортаңдау болып шықты да, тағы бірнешеуін іске қосқанбыз. Екінші құдық та одан алыс емес екен. Келесі ойпатта, шамамен бес жүз метрдей қашықтықта бетон астау бір бүйірлеп, қисайып жатыр. Астаудан арқан бойы жоғарырақта бір шоқ қамыс өсіп тұр. Сабағы жап-жасыл. Сәкен аға сол шоқ қамыстың түбіндегі топырақты аяғымен түртіп көрді де: «Осы жерде апан құдықтың өзі бар еді, көрмейсің бе, аузы бітеліп қалыпты» деп, өкініш білдірді. «Күрекпен қазып көреміз бе?». – Жоқ, оны келесіге қалдырайық. Қазіргі міндетіміз – құдықтардың орнын анықтау, белгілеу. Күн кешкіріп қалды, үшіншісін тауып алайық, – дедім мен. Серіктерім мұны қостады. Жырда «Түнімен құдық аршып түске шейін, сондай құдық жасады беске шейін, Кейінің өз суы бар, кейінде жоқ, меспен тасып толтырар кешке шейін..» дейтін әсіре жолдар болушы еді. – Сол бес құдықты атай аласыз ба? – деген сауалыма осы өңірде отыз жыл жылқы баққан Сәкен аға тосылған жоқ: – Екеуін көрдің. Үшіншісі мына алдымыздағы Телібай бөктерінде, төр­тіншісі Майбүйрек аңғарында, бесіншісі осыдан елу шақырымдай солтүстік батыстағы Қошқар көлінің аяғындағы Табылдыда... Өкінішке қарай, күн батуға тақап, үшінші құдыққа жете алмадық. Қалың көкпек пен баялыш, кепкен шөп, қурай адымымызды аштырмады. Үстіміздегі киімді де оңдырмады. Төмендегі машинаға әрең жеттік. – Қалай ойлайсыз, Сәке? – дедім қырқадан түсіп келе жатып. – Өзіңіз де жылқышысыз. Жырда «...меспен тасып толтырар кешке шейін...» дейтін көрініс бар. Қалың жылқыны меспен суғару ақылға сыймайтын іс қой. Арқыраған жылқылар адамдарды таптап кетпей ме! – Иә, оның рас. Мен көргенде, осыдан отыз жылдай бұрын жаңағы құдықтың ернеуінен сыздықтап су шығып жататын. Төмен қарай жылғамен құлдилап, анау «Құрқылға» барып сіңетін. Соған қарағанда, Қодардың айналасында құдық қазу өнерін меңгерген арнайы шеберлер болды-ау деп шамалаймын. Жылға жасап, ағызған ғой. Әйтпесе, соншама жылқыны меспен, қауғамен суғару мүмкін емес. Көне көздерден естігенім, бір құдықтан су шығару үшін қатарынан үш шұңқыр қазады екен. Енді оның құпиясын білмедім. Мұның жауабын мен Алматыға келген соң, танысым, математика ғылымының кандидаты Қанат Ахметовтен сұрап көрдім. «Бір білсе, соның сырын сен білуің керек. Сенің де атаң құдықшы болған еді ғой» дегенімде, ол сөзін әріден бастады. – Менің атам ертедегі әдістерді білмеген шығар. Ол бар болғаны кеңес кезіндегі артезиан қазушылардың технигі ғана. Ал Қодардың заманындағы құдық қазудың ерекшелігі өзгеше. Сен Галилео Галилейдің табиғат туралы айтқанын естіп пе едің? – Жоқ. Не деп айтып еді? – О, о! Оның айтуы бойынша, Ұлы табиғаттың тілі – математика! Ол тілдің әріптері – үшбұрыш, доға! Ал жер бөліктерінің өлшем ережелері осы құдіретті математиканың бір саласы геометрия арқылы есептеледі. Оған қоса, күнделікті әлеуметтік тұрмыста қажеттіліктерге орай, физиканың заңдары да жиі қолданылған. Біздің ата-бабаларымыз кез келген шаруаны қолға алғанда, табиғаттағы осы ғылыми заңдылықтарды пайдаланған. Сіздің жылқышы ағаңыз біліп айтады, бірақ сәл қиыс кеткен. Құдықтар қатарынан қазылмайды. Үш бұрыш болып қазылады. Алдымен судың жүретін бағытын анықтайсыз. Сосын барып, ағыс бойымен үш жерден құдық қазылады. Үш нүктедегі жер астындағы өзара жалғасқан су жолы тұйықталады. Сонда, тыңдаңыз, біреуінен ауа қысымы, екіншісінен су қысымы пайда болып, ең соңғы – төменгі шұңқырдан су атқылайды. Түсінікті ме? Басымды изеймін. Жалпы әңгіменің нобайын түсінген сияқтымын. Дүркі­реген 90 мың жылқыны суғару кезінде бабаларымыз бүгінде ұмыт болған технологиялық әдістерді пайдаланған боп тұр ғой. «Ұлы даланың жеті қыры» дейтін мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтарды ойлап тауып,­ бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған» деп жазған болатын. Ендеше, көшпелілер тұрмысындағы біз білмейтін (бәлкім, білгіміз келмейтін) тылсым құпиялар аз ба? «Қозы Көрпеш» жырындағы шөлден су шығарудың әдістерін білгіміз келсе, сол заманғы құдықтарды зерттеп көргеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Осы оймен арғы-бергі жазбалардан «Қодар қазған» туралы мәліметтерді іздедім. Мүлде жоқ десем де болады. Ауызша дерек айтушылар бар. Бірақ олардың өзі әртүрлі. Үржар аудандық ­Ардагерлер кеңесінің мүшесі, Шыңырауда есепші болып қызмет істеген ағамыз Жексен Нұркенов 40 құдық бар десе, ғұмыр бойы дәрігер ретінде Таскескен, ­Шолпан, Қарақол өңіріндегі елді мекендерді шарлаған Серікқали Еңсебаев 70-тей құдық бар дейді. Әрине, мұның бәрі болжам, десек те, қазылған құдықтар аз емес. Алакөлге жалғас жатқан Сағат көліне құятын Қарақол өзені мен күнбатыстағы Аягөз өзенінің арасы 100 шақырымнан асады. Осы екі орта құла дүз, шөлейт, адырлы жоталар. Қарабайдың қалың жылқысы осы кеңістікті басып өткен. Ең соңғы құдық сол Аягөз өзеніне таяу, Тарлаулы ауылдық округінің жерінде, ғашықтар кесенесінің маңында тұр. Мұның бәрі алдағы кезеңде анықталады деп үміттенеміз. Осы жолсапардың соңында, Үржар аудандық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Бейсеновке жолығып, көрген-түйгенімізді, ұсынысымызды жеткізіп кеттік. Бірінші, жырдағы көне дәуір перзенттері Ұлы Дала төсінде қалдырған рухани құндылықтар (Ғашықтар кесенесі, Қодардың құдықтары, Айбас бастаған ­батырлар қорымы, екі жастың Шоқтерегі, Баян жүрек шыңы, Арғанаты мен Тарбағатай тауларындағы балбал ­тастар, басқа да ескерткіштер) арнайы Жол картасына түсірілуі керек деп ­санаймыз. Екінші, шежірелі қариялардың көзі тірісінде бізге беймәлім деректерді электронды хатқа түсіретін және көне жәдігерлерді сараптайтын республикалық деңгейдегі ғылыми-экспедициялық топ жасақтауды ойластырған жөн. Оның алғашқы қадамын «Қодар қазған» құдығына белгітас қоюдан бастасақ та болады. Бұл бастамалар туған өлкемізді жете танып-білумен қатар, өз кезегінде ішкі туризмді де дамытуға ықпалын тигізері сөзсіз. Үшінші, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру тәрбиесі туған елді сүюден, туған жерді қастерлеуден басталатынын ескерсек, өткенімізді қадірлеуге үндейтін тақырыптық («Ұлы Даланың жәдігерлері» дегендей) деректі бейнефильм түсіруді ұсынамыз. Бұл бағытта, әсіресе, тари­хымызға бүйрегі бұратын арналар мен ақпарат агенттіктерінің белсенділігі ауадай қажет. – Бұл айтқандарыңыздың бәрі орынды, аға. Аудан көлемінде қолымыздан келген барлық көмекті аямаймыз. Алайда осы ұсыныстарыңыздың түйінін шешу республикалық мекемелердің құзырында. Екі жақтап қозғау салайық. Жақсы ­бастаманы қоғам қолдайтынына сенемін, – деді Елдос бауырым. Әрине, бұл мәселе тұтас қоғамның, берісі облыс, арысы министрлік дең­гейінде қарастырылатын, елдік болмысымызды жаһанға танытатын ұлттық жобалардың қатарындағы шаруа екендігі анық. Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ, журналист-жазушы Шығыс Қазақстан облысы

4327 рет

көрсетілді

96

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы