• Ақпарат
  • 28 Тамыз, 2019

БЕРЕКЕ БАСТАУЫ – БІРЛІК

Сайлаушылардың сенімі мен үмітін арқалаған халық қалаулылары ел ішін аралап, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысуда. Солардың бірі­ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, «Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесі­­­нің мүшесі Шаймардан Нұрымов талғарлықтармен жүздесті. ­ Келелі кездесуге­ аудан әкімі Рыскелді Сәтбаев, облыстық Қазақстан халқы­ ­Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Мақпал Тәжмағанбетова, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысып, кең көлемде пікір алмасты. – Жуырда елімізде ҚР Президенті жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаны белгілі. Жаңадан жасақталған кеңестің басты мақсаты – халықпен тығыз байланыс орнату арқылы қоғамдағы өзекті деген мәселелерді анықтап, тұрғындардың тұрмысын жақсарту. Бұған қоса, жергілікті жерлерде қоғамдық келісім кеңестері құрылып отыр. Оның да мақсаты айқын. Яғни ұлттар арасындағы бірлікті нығайтып, татулықты арттыратын жүйелі орган ретінде қалыптастыру. Сондықтан ауданымызға арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Шаймардан Усеинұлы сіздермен жүздесіп, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдап, ой бөліспек, – деген аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлы сөз кезегін халық қалаулысына берді. – Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасы­ Нұрсұлтан Назарбаевтың, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да басты тапсырмасы – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Сол себепті, ел арасында түйіні тарқалмаған проблемалар болса, ашық айтыңыздар. Біз сіздердің мұң-мұқтаждарыңыздың заң шеңберінде шешім табуына атсалысамыз. Айталық, Парламенттің өткен сессиясында 107 заң көтеріліп, оның 79-ына қол қойылды. Мен солардың жетеуінің жұмыс тобына қатыстым, екеуі өзімнің тарапымнан ұсынылды. Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар қаншалықты көп енгізілсе, ол заң соншалықты жетіле түспек, – деген­ депутат Шаймардан Нұрымов осы заңдардың жүзеге асырылуы мен қолданысқа енуінде еш кедергілер болмауын баяндады. – Ел Президенті патриотизм бар жерде жемқорлық болмайтындығын ашық айтты. Қазақстандық патриотизмді күшейтіп, жастардың жұмыспен қамтылуына баса көңіл бөліну қажет. Ел болашағының жарқын болуын көздеген стратегиялық жоспарлардың толыққанды жүзеге асырылуы үшін елдің ынтымақ-бірлігі керек. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп тегіннен-тегін айтылмаған. Көпұлтты еліміздің ырысын арттырып, берекесін нығайтатын да – тамыры тереңге кеткен татулық пен туыстық қарым-қатынас. Сайлаушылардың сенім жүгін арқалаған халық қалаулысына қо­ғам­дық бірлестіктер мен үкімет­тік емес ұйым мүшелері, ауыл бел­сенділері сан тарау сауалдарын жау­дырды. Олардың басым бөлігі саяжай тұрғындарының жарық, жол, ауызсу мен газдандыру мәсе­лелеріндегі қиыншылықтар мен қымбатшылықтар жайында болса, несие пайызының жоғарылығы, кәсіп ашудағы кедергілер, жер телімін ала алмайтындықтары, ауыл көшелерінің жасалмайтыны, дәрігерлердің жетіспеушілігі сынды әлеуметтік маңызы зор мәселелермен тізбектелді. – Сіздердің көтеріп отырған проб­ле­маларыңыз жалғыз Талғар ауданында ғана емес, еліміздің барлық аймақтарында бар мәселе. Бүгінгі таңда әлеуметтік мәселелерді шешу алдыңғы орынға шығып отыр. Ол – көп балалы аналар, баспана, ауызсу, жол, аурухана мәселелері бүкіл елге ортақ проблема, – деп жиында сөз алған облыстық Қазақстан халқы ­Ассамблеясы төрағасының орынбасары­ Ғабит Тұрсынбай бүгінгі күні мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жайын әңгімеледі. – Сол себепті, мемлекеттік деңгейде Үкімет тарапынан, Елбасының, Президент­ аппаратының тарапынан бұл мәселе күн сайын қадағаланып, күн тәртібінен түспеуде. Облыс әкімі Амандық ­Ғаб­басұлы да әр апта сайынғы аппарат жиынында өзекті мәселелерді көтеріп, басшылыққа алады. Біздің облыста ғана жыл сайын­ 1-қыркүйекте 50 мың­­­ға жуық бала мектепке барады. Облыстағы үш ауысымды мектептің проблемасын бүгін шешсек, ертең екіншісі пайда болады. Себебі бала туу көрсеткіші артып келеді. Өйткені жер жаннаты – Жетісу өмір сүруге өте қолайлы өңір болғандықтан, әсіресе, Алматы қаласының төңірегінде тұруға ұмтылушылар қатары жылдан-жылға артып келеді. Әлеуметтік мәселелердің көбейе беретіндігінің де басты себебі осы. Келелі жиында айтылған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні елдің ынтымақ-бірлігі мен тірлігіне тіке­лей байланысты екендігімен қорытын­дыланды. Мәжілісмен Ш.Нұрымов бастаған топ аудандық ауруханада болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстар жайымен де танысты. Ұ.ИСАБЕК Алматы облысы

739 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы