• Мәдениет
  • 28 Тамыз, 2019

Елордадағы «Славян базары»

Елордалық «Жетісу» саябағында бірыңғай «Этнос күні» аясында «Славян базары» фестивалі өтті. Шараны ұйымдастырушы – Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы. Іс – шараны өткізудегі негізгі мақсат – Елордада тұратын түрлі этностардың шығармашылығын, этномәдени бірлестіктердің жетістіктерін, славян мәдениетін, салт-дәстүрлерін және әдет-ғұрыптарын көпшілікке кеңінен таныстыру. Фестиваль барысында вокалдық және хореографиялық қойылымдар нақышына келтіріліп орындалды. Сондай-ақ «Славян базары» фестиваліне Ұлттық Дельфийлік ­комитет пен «Қазақстан украиндарының радасы» республикалық бірлестігінің шақыруы бойынша Ресей Федерациясынан қонақтар келді. Шара аясында концерттік ойын-сауық бағдарламасымен елордалық этномәдени бірлестіктердің шығар­машылық ұжымдары өнерлерін ортаға салды. Фестиваль шымылдығын Ресей Федерациясының еңбек сіңірген қайраткерлері Татьяна мен Сергей Сунцовтар және «Снегири» би театры «Цветы Хоровод» хореографиялық қойылымымен ашты. Алғашқы болып «Лад» респуб­ликалық славян қозғалысының Астана­лық филиалы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері «Масленица»­ орыс дәстүрін көпшілік назарына ұсынды. Ал «Радуга» орыс әндерінің ансамблі көңілді частушкаларды орындап, қонақтарға тәтті құймақтан тарту жасады. Одан әрі көрермен беларусь хал­қының өнерін тамашалады. Сахнада Нұр-Сұлтан қаласының «Радима» беларусь мәдени орталығы өнерін көрсетті. Мәдени орталықтың мақтанышы – «Вяселка» вокалды-хор ансамблі. Бұл ансамбль «Әскерге шығарып салу» атты дәстүрді қалың жұртшылыққа шебер орындап берді. «Славян базары» фестивалін одан әрі «Дала өлкесі казактар» АҚБ Астаналық филиалы» бірлестігі жалғастырды. «Жетісу» саябағының сахнасында «Родина моя – Казахстан», «Гармошечка-говорушечка», «Казак без коня – не казак» әндері «Дала өлкесі казактары» шығармашылық тобының орындауында шырқалды. «Раздолье» орыс және казак әндерінің халық ансамблі Александр Тупияның «Ехали казаченьки» қойылымын көрерменге тарту етті. Бұл кеште «Оберег» украиндер қоғамы» бірлестігі өз нөмірлерін шебер орындай білді. Н.Литошко атындағы халықаралық вокалдық би ансамблі «Туған жер» әнін шырқады. Сондай-ақ бұл ансамбльдің орындауындағы ежелгі әндер де көпшіліктің көңілін көтерді. Кеш соңында фестиваль қаты­су­шылары дәстүр бойынша кереге маңына жиналып, киіз үйдің есігін құрды. Жансая Играшина Нұр-Сұлтан

4412 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы