• Тіл
  • 28 Тамыз, 2019

Франциядағы қазақ қызы

Францияның солтүстік-батысындағы Бретань аймағында Ренн деген қала бар. Климаты да, халқының тұрмыс салты да, басқару жүйесі де Францияның басқа өңірлерінен өзгешелеу. Ла-Манш бұғазынан 100 шақырымдай ғана қашықтықта жатқан бұл қалаға қазақтардың табаны көп тие қоймаған. Осыдан 20 жыл бұрын докторлық диссертациясына материал іздеп барып, сол араның дәм-тұзы бұйырып тұрақтап қалған алғашқы қазақ – біздің Жанар қыз.

Ол Алматы облысына қарасты Шелек ауылында туып-өскен. Адамзат баласын ықылым заман­нан бері толғандырып келе жатқан салмақты сауалдың бірі – адам организмінің қартаюын баяулату, тежеу. Қазақ қызы осынау күрделі мәселені зерттейтін ­гериатрия деген ғылыммен шұғылданады. Бүгінде Жанар Авард-Төребаева сынды­ ғалымдардың арқасында француз қарттарының өмір сүру жасы 100-ге дейін жетті. Жанар тұрып жатқан Бретань аймағында 2018 жылғы көрсеткіш бойынша 100 жастан асқан адамдардың саны 1500-ден асқан. Француздар салауатты өмір салтын ұстанады. Тамақты аз ішіп, көп қозғалыста болады. Міндетті түрде спортпен шұғылданады. Бақ-дарақ, бау-бақша күткенді жақсы көреді. Француздар белсенді өмір салтын ес білгеннен бастап ұстанады. Бретандықтардың ұзақ өмір сүруінің тағы бір сыры – асықпай отырып тамақтанады екен. Мұндайда адам аз тамақтың өзіне тойып қалады. Ал асығып-үсігіп тамақтанған адам қалай көп тамақ ішіп қойғанын сезбей қалады. Байқасаңыз, француздардың арасында америкалықтар секілді шектен тыс ­толып кеткендерді кездестірмейсіз. Көп жасаудың тағы бір құпиясы – Бретания­ халқында әлеуметтік күйзеліс аз. Экономикасы тұрақты. Ертең балаларыма­ тамақты қайтіп тауып беремін деп уайым­дамайды. Бұл да адам ғұмырына ықпал ететін факторлардың бірі дейді Жанар қандасымыз. Ұзақ жасаудың көзге көріне бер­мейтін құпиясы көп көрінеді. Адам­ның еңбекқорлығы, адалдығы, жаңа­шылдығы, білімі лайықты бағаланған жерде оның өмір сүруге деген құл­шынысын арттыра түседі. Одан да жақсы еңбектенуге, ізденуге ұмтылады. Жанар әрі клиницист-дәрігер. ­Қо­ғамдық жұмысты да қатар алып жүреді. Ренн – Алматымен бауырлас қала. Ол сондағы бауырластық комитетін басқарады.

***

Құдай Жанарға қазақтың ­даласындай дарқан көңіл, сосын адам игілігіне кәсіби тұрғыда қызмет жасайтын сана беріпті. Бала кезінен білімге құштар болып өскен екен. Мектепті де өте жақсы тамамдаған. Дүние-дәурен мұншама шексіз болар ма? Мың құбылған құйын-өмір Жанарға да жайма-шуақ бола қой­мапты. Салмағы бір атанға жүк болар ауыртпашылықты жеңе жүріп, кедір-бұдыры көп жолдардан өтіпті. Жат жердің дәмін тата жүріп, талай ой түйіп, ата-анаға, туған жерге деген сағыныштан сарғайғаны өзіне ғана аян... Шаршау, шалдығу, торығу. Ағысқа қарсы құлаш сермеді. Жанардың өмірі маған дауылдар мен жауындарда, аптап­ пен аязда шыныққан құм даланың сексеуілін елестетті. Сексеуіл және ­Жанар қыз. Ұлылардан мұра боп қалған ұлы даланың құдіретімен қуаттанған ұрпақ. Үркектеу жанарының түкпірінен сәуле шашып тұратын нұрлы шуақ, тал бойынан атқақтаған от-жалын, өрлеген сайын өршелене ұмтылатын өжет мінез, нәзік жаратылысындағы алапат қуат осынау Ұлы даладан сіңген қасиет деп ұқтым. Уақыт өте мәндене түсетін адам өмірінің әр сәті – емтихан. Қалауыңа қол жеткізген сайын өмір жаңаша реңкке боялады. Бірақ... Тағдыр иесімен санаса ма? Ол математик не мұғалім болам деп армандаған. Есепке жүйрік! Арманы шындыққа айналып үлгерместен бір-ақ сәтте көзден бұл-бұл ұшты. Бәрі нағашы әжесінің сырқатынан басталды. Жанар әжесінің тәрбиесінде өскен. Тым жақсы көретіні соншалық, одан да өзі мертіккенде жеңілірек ­болар ма еді. Балауса жүректегі сезім найзағайы сана «жүректі» сатырлата­ осып-осып түскен. Сол сәт оның көкірегіне өнердің ішіндегі ең ізгісі – «медицинаны меңгеруім керек» деген ой ұялады. Әжесінің жаны мен тәнін сауықтыру үшін кәсіби маман болуға бекінді. ­Педагог ­отбасында туып-өскен Жанардың бойында сол қасиет ерте бүршік жарса керек. Өмір жолы мүлдем басқа арнаға бұрылды.

***

Мен Жанармен Парижде кездестім. Бұрын жолыққан емеспін, әлеуметтік желі арқылы ғана таныспыз. Осында­ келетінімді естіпті. Күтпеген жерден кездестік. Көрген сәтте Жаратқан Ием оны мейірім мен сүйіспеншіліктің қосындысынан илеп жарата салған-ау деген ой келді. Ниеті қандай таза! Көріп-білмеген адаммен бір жүздесіп, қазақ үніне, сөзіне деген сағынышын басып қайту үшін қос өкпесін қолына алып жетіпті. Құдай біледі-ау, оның бейтаныс жанмен кездесуге емес, менімен ілесе келген Ұлы Даланың самалын сезініп, жұпарын жұтуға асыққаны анық! Ренн мен Париж арасындағы 340 шақырымды қанат байлап ұшып өткізген де сол қасиетті Ұлы Даланың гравитациясы болса керек. Иә, оның есімі – Жанар, тегі Авард-Төребаева. Франция медицина ғылымының докторы. Франция дәрігерлері Жоғарғы Аттестациялық Кеңесінің кеңесшісі. Бұл қандай қызмет? Бұл – бүкіл Бретань аймағына тән дәрігер атаулы оқуын тамамдап, ­дипломын қолына алып, қызметке кірер сәтте қазақтың қара қызының алдында Гиппократ антын қабылдайды ­деген сөз. Нақтылай кетейін. Францияда дәрігерлер Кодексі деген бар. Қалың кітап. Заңдық күші жойқын. Қазақстанда диплом алар алдында Гиппократ антын қабылдайды. Ал Францияда дәрігер қызметке кірер алдында осы Кодекс­тен емтихан тапсырады. Содан кейін барып Франция дәрігерлері Жоғарғы Аттестациялық Кеңесінің алдында Гиппократ антын қабылдайды. Ол антты бұздым дегенше, мамандықпен қош айтыса бер... ­Мысалы, Кодекс шарты бойынша дәрігер мамандығын алған адамның басқа мамандықпен жұмыс істеуіне болмайды. Пара алуға қатаң тыйым­ салынған. Сырқатқа, дәрігерлерге, медбикелер мен санитарларға үлкен құрметпен қарау міндет. Егер дәрігер міндетінен жаңылса, Аттестациялық Кеңес мән-жайды анықтап, нәтижесінде не ақтап шығады, не дәрігер мамандығынан біржолата шеттетіледі.

***

Жанардың өмір­баяндық анкетасы сал­мақты. Петербор ­медицина университетін жақсы тамамдаған қазақ қызын ол жердегілер жібергісі келмеген. Әулет­тің үлкендерінің қолқалауымен елге орал­ған. Ол жылдар­ қазақ ғылымының есік-терезесінен жел ­гулеп тұрған шақ қой... Қанша талпынса да ғылыми жетістікке жету мүмкіншілігі қиын екенін Жанар жақсы түсінген. Сөйтіп жүргенде, Ұлттық Ғылым Академия­сына Францияның Бретань­ аймағынан бір топ ғалымдар келді. Жанардың талантына тәнті болған олар Ренн университетінде ғылыми ізденісін жалғастыруға ұсыныс жасайды. Жат жердегі қиындық пен қияметке толы ізденістер солай басталған. Жат жұртта жападан-жалғыз жабырқаған қазақ қызын маңдайдан сипар таныс та, тамыр да жоқ. Елден ала келген азын-аулақ тиын-тебені бір жылға жетпей таусылған. Енді қайтпек керек? Бастаған істі аяғына жеткізбей тынбауға бекінген Жанар екі білекті түріп, түнде жұмыс істеп, күндіз білім игерді. Жұмыс болғанда да қандай жұмыс десеңізші. Кәдімгі практикалық клиникада еден жуу, қарттарға күтім жасау. Табылған жұмысты істеген. Ординатурада, одан кейін докторантурада оқу керек. Мектеп пен университеттегі тіл білімі аздық етеді. Өйткені докторлықты француз тілінде қорғау қажет. Қысқасы, күндіз-түні тер төгеді. Ақыры докторлығын қорғайды. Әуелі өзімен қатар қорғаған басқа елдің докторанттарының ішінде ең көп балл жиып, тізімде бірінші болып тұрды. Сонда француз ғалымдары осынша қысқа мерзімде екінің бірінің қолынан келе бермейтін жетістікті игерген қазақ қызының талантына ерекше таңдай қаққан. Ренн университетінің кафедрасында қалуға ұсыныс жасаған. Жылдар­ керуені жылжи берді. Жанар жеткен жетістігін місе тұтпады. Оқымаған оқуы, меңгермеген мамандығы қалмады. ­Терапевт, эндокринолог, геронтолог, онкогериатр, паллиативтік терапевт дей ме, құдай-оу? Тіпті кейбір мамандық атауларына тіл жетсе де, тереңіне ми жете бермейді. Бір басы бірнеше мамандықты игерсе де қарапайым қалпынан айнымағаны үшін Жанарға ерекше құрмет. Болдым-толдым деп тұрған жоқ, құрақ ұшып жүгіріп жүр. Қазақы дарқандық. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осындайда айтылған-ау, сірә! Қазақстаннан басталған білім жолы Петерборда жалғасып барып, Бретанияда шарықтау шегіне жеткен. Адам қалайды, Алла бұйырады деген. Ренн қаласында тұрақтап қалу Жанардың маңдайына жазылса керек. 33 жасында Жанив есімді азаматпен тағдыр қосқан. Құдай Тағала Кәмила деген алтындай қыз, Этьен атты асықтай ұл сыйлады. Бүгінде Жанардың Франция секілді азуын айға білеген алып елдің денсаулық сақтау ұйымын аузына қаратып отырғаны былай тұрсын, ендігі жерде осынау дамыған өркениет жұрнағын атамекеніне жұғысты ету мақсатында тер төгіп жүрген жайы бар. Қазақ боп туған соң, қазақтың қамын ойлауға тиіспін ­деген берік ұстанымнан туған әрекет бұл. Жанарға тыныштық бермей жүрген атақ, құрмет те емес. Қарны тоқ, көйлегі көк. Табысы жоғары. Франция элитасының қатарында. Сосын «енді осы жиған озық та бай тәжірибемді еліммен неге бөліспеймін?!» деген ой мазалайды. ­Геронтология саласынан арнайы жоба жасап, ел астанасындағы атағы жер жаратын емдеу мекемелерінің біріне тапсырғанына біршама жылдардың жүзі бопты. Әттең... Қазақ халқының жасын ұзартуға байланысты ғылыми жобаға мойын бұрып қараған медицина саласында бір жан жоқ... – Егер осы жобамды Қазақстан мақұлдаса, дәл қазір елге барып өзім басшылық жасап, тәжірибеге енгізуге әзірмін. Ойға алған ғылыми жоба ­жү­зеге асып жатса одан артық бақыт бар ма? – дейді Жанар. Ғалымдардың дәлелдеуінше, дүниенің қай бұрышында жүрсе де адамның кіндік қаны тамған жері тартып тұратын бір құдіретті күш бар. Бәлкім, гравитация заңы деген осы шығар. Негізі, ұлтқа шындап қызмет етем ­деген адамға жер шарының қай нүктесінде жүрсең де бәрібір. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы бір мысал айтайық. Жоғарыда айттық, Ренн мен Алматы бауырлас қалалар деп. 2010 жылы Жанар Ренндегі бауырластық комитеті төрайымының орынбасары болып келген кезде мардымсыз жұмыс салдарынан екі арадағы қарым-қатынас үзілудің аз-ақ алдында тұрған. Ол келе салып екі қала әкімдерін қалайда жүздестіруді ойластырады. Ренн мэриясынан Алматының атына көше сұрау жөнінде төрайымға ой қосты. Ол өз кезегінде мэрияға ұсыныс-хат түсірді. Бұл істі ақырына жеткізу қаншама әуре-сарсаңға түсті десеңші! Қалада атаусыз көше жоқ болып шықты. Ақыры қала ортасынан шағын да әдемі баққа ­Алматы атауын сұрап алды. Ендігі жердегі жоспары бұл баққа өзі рухани әке санайтын Абайдың мүсінін қойғызу. Бұл үшін қаншама уақыт, жүйке, жүгіріс керек болғаны Жанардың есінен өмірі шыға қоймас. Бәрі заңмен бекітілуі тиіс. Және мұнда бар мәселені әкімдік емес, халық шешеді. Алдымен Абайдың кім екенін Ренн халқына таныстыру керек болды. Абай жай ақын емес, адамзат ойшылдарының қатарында тұрған ұлы ақын екеніне көздері жетпейінше, бретандықтар саусағының ұшын да қимылдатпайды. Олар сондай. Қаншама жиналыс, Абай шығармашылығына арналған қаншама конференциялар, көрмелер. Абайды насихаттау үшін ­жанын да, барын да салды. Ақыры екі қала басшыларын жолықтырудың сәті түсті. Абай мүсіні Ренндегі «Алматы­ бағының» төрінен орын алды. Абайдың қара сөздері француз тіліне аударылып, кітап болып басылып шықты. Француз жеріндегі «Алматы бағына» Алматының апорты отырғызылды. Бұл күндері ол мәуелі жеміс ағашына айналды. Ал Абайдың философиялық ойлары ­Бретань аспанында қалықтап, сондағы әр француздың аузында жүр. Алматы мен Ренн қалаларының бауырластығын нығайту жолындағы қоғамдық шаруаларға білек сыбана атсалысқан қазақ қызы Бретания халқының зор құрметіне ие болды. Ренн аймақтық билігінің де Жанарға деген құрметі бөлек! Сондағы гериа­трия денсаулық сақтау мекемесінің Жады Орталығын басқаратын Жанар­ Төребаеваның қоғамдық негізде атқаратын шаруасы бір ғана бұл емес. Ол жуырда Франциядағы Қазақстан Елшілігінің Ренндегі Құрметті елшісі болып тағайындалды. Әне, жат жұртта жүрген қазақ қызының әрекеті! Әне, Ұлы Дала гравитациясының құдіреті!

Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА, журналист

Алматы – Париж – Ренн – Алматы

5199 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы