• Әдебиет
  • 04 Қыркүйек, 2019

ОТБАСЫ ЖӘНЕ ДОСТАР

Отбасы дегенде, алдымен, оның ұйытқысы – әйел еске түседі ғой. Менің Әлиямен танысқаным, үйленгенім, түрлі өмір өткелдерінде оның маған сүйеу болғаны, ғылымдағы ізденістері өткен бөлімдерде айтылған. Әлия – шын мағынасында, менің шаңырағымның иесі ғана емес, оны құрушы, менің бүкіл өмірімді, тұрмыс-тіршілігімді жасаушы­ және ұйымдастырушы. Ол отбасының қызығын, екеуміздің жаңа өмірімізді де өзі жасады. Менің жалғыз өсіп, анасыз, басқа отбасында тәрбиеленгенім белгілі ғой. Бауырына салған ата-анам ешнәрседен кем қылған жоқ. Бетімнен де қаққан емес. Киімім бүтін, тамағым тоқ – Смайылдың баласы деген атпен, елге белгілі азаматтың атын малданып өстім. Оқу, білім жолына түсуіме де әкемнің ықыласы ерекше болды. «Әке балаға сыншы» деген ғой, марқұм менен бірдеңе күтетіндей еді. Алайда жалғыз туып, анасыз өскен баланың рухани­ өмірінде орны толмайтын бір жетімсіздік, ішкі мұң, көңілсіздік болады­ екен. Мен осыны бала кезімнен сезіп өстім. Бала боп ойынға беріліп, бірдеңеге қызығып, жүгіріп ойнамағанымды, жалғыз өзім балалардың ойынына қарап отыратын мінезімді апам (әжем) марқұм айтып отырушы еді. Өсе келе, ермегім кітап болды. Оқуым өз үйімнен тыс жерде, ылғи кісі үйінде жатумен өтті. Осындай жалғыздық жалықтырып, өмірге түңіле қараған кездерім де болмай қалған жоқ. Әсіресе, соғыс кезінде «оқимын» деген ойым іске аспай, үмітсіздікке көбірек берілгенім де бар. Сол тұста Мағжанның «Батыр Баянына» үңіліп, «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген жолдарын жаттап, әнге қосып айтып жүретін едім. Өмірде ешнәрсеге қызықпай, құмарт­пай, енжар қарап өскен басым, әп-әдемі даусым да бар еді, соны тұншықтырып, дамытпай тастадым. Осы көңіл күйден Алматыға келгенше айыққан жоқпын. Аңсаған оқуыма түскен соң, жастардың желігуіне ермей, алаңдамай, оқуға берілдім. Осындай бір қызығы жоқ сұрқай өмірден мені сүйреп алып шығып, шын өмірдің қандай болатынын, «өмірдің қызығы» дегеннің не екенін танытқан, сөйтіп, менің өмірімді жаңартқан, жаңғыртқан осы Әлияшым еді. Алғашқы көргенде күн сәулесіндей жарқ етіп, жабырқау көңіліме жан бітірген оны мен көргенше, кездескенше асығушы едім. Өмірге құштарлық деген осылай оянды. Әлия әкесіз өскен, ағасы мен апасының қолында тәрбиеленген, бірақ анасы бар, сол отбасының кенжесі еді. Соған қарамай, көпті көрген дана қарияша өмірдің сырын жетік білетін, алды-артын бағдарлап, ойлап қарайтын, өмірге шексіз құштар адам боп шықты. Ол біздің өмірімізді өз қолымен жасады. «Біреу көмектеседі» деп тұратын мінез оған жат еді. Жұмыстан келе сала білегін сыбанып жіберіп, үй шаруасына кірісетін. Балаларын жайғайтын. Кәрі анасы біздің қолымызда тұрды, Дәмеш апасы да көбірек бізде болады, мен бар – бәріміздің көңілімізді тауып, елді жатқызып, түнде отырып студент кезінде сабағын оқыды, кейін диссертация жазды. Үйімізден қонақ үзілмейді. Апамды, мені іздеп елден келеді, Алматыда да достарымыз көп болды. Солардың бәрін қабылдап, риза қып аттандырады. Тұрмысқа қажет дүниені де біртіндеп талғаммен жинады. Бүгінгі біздің үй-күйіміз, тұрмысымыз – соның 50-60 жыл бойы құраған тіршілігі. Дүниенің қат кезінде ерте тұрып кетіп, кезекке тұрып, керегін ­тауып алатын.­ Тұрмысқа қажетті заттарды қалай болса солай емес, талғаммен, жарасымын тауып жинайтын. Мұны өмірге құштарлықпен қатар, әсемдікті тану, бағалау деп айтуға ­болар еді. Қанша айтқанмен, табиғаттанушы ғой, әсем ­тастарды да ерекше­ танитын. Ынталылық, қайрат-жігердің молдығы, шаршау дегенді білмейтін мінезі де Әлекеңнің өмірсүйгіштігінен туды. Ол ойына алғанын істемей, іске асырмай тынбайтын. Біздің өмірде тапқан лайықты өз орнымыз, еңбекте тапқан абыройымыз, өсіп-өркендеген бала-шағамыз, атақ-дәрежеміз – бәрі де соның ынтасы, табандылығымен келді. Өзіне де, өзгеге де талапшыл болды. «Алла Тағала несібені әйелге береді, соның берекесімен дүние құралады» дейді екен шариғатта. Әлия қолына түскенді берекелендіріп ұстаған әйел болды. Оның қонақжайлылығы, дастарқаны өзіміз араласқан жора-жолдастар, жазушылар, ғылым адамдары арасында аңыз еді. Ол ерте «апа» атанды. Біздің құрбыларымыз ғана емес, жасы үлкен ағалардың біразы оны «Әлия апай» дейтін. Анасыз өскен маған да ананың қызметін атқарды, ерекше сергектікпен қарады. Онда әкесіз өскен қыздың әкесіне, ағаларына, ертерек ерсіз қалған анасының, соғыс жесір еткен апасының ер адамға деген сенімі мен үміті, сезімі жатқандай көрінетін. Осы құрметті мен апамнан (Әлияның анасын бірден «апа» деп атап кеттім) да, Дәмештен де, алдымен Әлияның өзінен көрдім. Сөйтіп, мені ерте-ақ «Сері-аға» атандырды. Жағдайымды жасады, үй шаруасына араластырмады, артымнан іздеп келген адам болса, жылы қабақпен қарсы алды. Әлияның ерекше бір қасиеті – оның мінезінде біреу туралы сөз айту, ғайбат сөйлеу, қызғаныш, көреалмаушылық сияқты қылық жоқ еді. Ол әйел боп қызғану, қалта ақтару, менің жұмсаған ақшамды санау дегенді білген жоқ. Адамды сүюге, оған сенуге тырысты. Көрген кемшілігі болса, бетке айта салатын. Мені де, балаларды да осыған үйретті. Менде жалғыз өскен жалқы жігіттің кекшіл мінезі барын байқап, содан сақтандырды. Мені ылғи татулыққа, кеңпейілді болуға шақырып отырады. Үй ішінде, тамақ үстінде менің көп сөйлемейтін мінезімді жадыратып, әңгімеге тартады.­ Бір әңгімені өзі бастап, аяғын маған ­тастап, менің сөзге араласуыма­ мүмкіндік тудырады. Оның сырт елге де, жора-жолдастар арасындағы беделі, құрметі осылай жиналды. Біздің үйде қанша адам болса, солардың киім-кешегі, басқа тіршілігіміздің тауқыметі түгелдей Әлияның мойнында болды. Ол өзі соны қалап алды. Апам марқұм да, Дәмеш апай да, мен де, балалар да дүкенге барып көрмеген екенбіз. Киімімізді – күнделікті киетін көйлектен шұлығымызға дейін өзі алып беретін. Сыртқа кеткен балалары да осы кезге дейін анда-санда үйге соғып, киімдерін жаңартып кетеді. Әрине, мұндай масылдық мақтанатын іс емес. Бірақ біз өскен ортаның шындығы осындай. Бәрін өз мойнына алу ұлғайған кезінде оған оңайлыққа соқпай жүргенін де сезем. Ұстаздық, ғалымдық қызметінде де Әлияның өзіне тән биік орны бар. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болу – осы биік дәрежені дәлелдейтін атақ деп білем. Оны Экология академиясы, Жоғарғы мектеп академиясы, Білім академиясы академик етіп сайлады. Олар да осы салалардағы Әлияның еңбегін бағалай білді. Өзі оқыған, аспирант болған, істеген, істеп жүрген Абай атындағы университетте де жан-тәнімен адал қызмет етті, жаңалықтарға мұрындық болды. Жаңа мамандықтар ашты. Қазақстандағы экология деген ғылымның бастауында тұрды. Жоғарғы мектепте «Экология» мамандығынан кадр дайындау туралы ұсынысы республикада қолдау таппаған соң, КСРО Жоғарғы және арнаулы орта білім министрі Ягодинге дейін барып, мәселені шешіп қайтты. Бұл да оның ойына алғанын істемей тынбайтын мінезінің көрінісі сияқты. Кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғауды да ол осы табандылығымен атқарды. Өзі декан болып тұрғанда, экология және география факультетінде Қазақстанда тұңғыш реттуризм, халықаралық ­туризм мамандықтарын ашты. Бір сөзбен жинақтап айтқанда, оның өмір жолы мазасыз, таусылмайтын жігермен еңбек етудің нәтижесі деп айтуға әбден болады. Құлшынып, жұлқынып істеген тынымсыз еңбек оны дегеніне жеткізді. Бізді де тынымсыз қозғалысқа салып, еңбекке жігерлендірді. Балалары мен келіндері, немерелеріне дейін осы талапты қоя білді. Әкелерім үш ағайынды еді. Соның бәрі де Әлияға риза болып, батасын беріп аттанды өмірден. Әсіресе, Смайыл әкем келініне өте ілтипатпен қарады. Онымен тең отырып сөйлесетін. Шаруасы болса, соған тапсыратын. Әлия да аталарының сенімін ақтады. Алдынан кесіп өткен жоқ. Әлия төрт құрсақ көтерді. Бір қызымыз ертерек қайтыс болып кетті де, үш ұлымыз ер жетіп, қатарға қосылды. Ғылым ­жолында, ат үстінде жүрген әйелге бұл – аз емес. Олардың тәрбиесі де негізінен анасының мойнында болды. Қалалы жерде ер бала ұстап тәрбиелеу оңай жұмыс емес екені белгілі. Оларды­ адалдыққа, еңбекке баулу да қажет. Құдайға шүкір, осы еңбегі де далаға кеткен­ жоқ. Балалардың бәрі де мектепте үздік оқыды. Жоғарғы оқу орындарына өз беттерімен, ешкімнің қолдауынсыз түсті. Қазіргі еңбек істеп жүрген жерлерінде де абыройлы, үйлі-баранды. Үлкен ұлымыз Нұр 1951 жылы туған, мектеп бітірген соң, Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетінде оқыды. Сонда аспирантурадан өтіп, кандидаттық диссер­тация қорғады. Әуелде Халықаралық қатынастар институтына барамын деген оймен ол мектепте оқып жүргенде-ақ ағылшын тілін үйреніп, шет тілдер институтында екі жылдық курстан өткен. Кейін философия кафедрасының аспиранты болып жүріп, Мәскеу университетінің Азия-Африка институтында араб мамандығын оқып бітірді. Сөйтіп, орта ғасырлардағы араб философиясы жайлы диссертация жазды. Кейін докторлық қорғады. Ресейдегі белгілі шығыстанушы ғалымдардың бірі. Кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін оны Ресейдің Халықтар достығы университеті шақырып, философия кафедрасына меңгеруші етіп сайлады. Құрамында 9 ғылым докторы бар кафедраға жаңа қорғаған жас кандидатты апарып қоюдың да өзіндік сыры бар еді. Оны сол бір тұста менімен телефон арқылы сөйлескен КОКП Орталық комитетінің Халықаралық қатынастар бөлімі меңгерушісінің орынбасары ­Ульяновский айтқан. «Сіз саясаттан хабары бар адам деп естимін, – деді ол. – Біздің араб елдеріндегі саясатымызға сызат түсті. Арабтар орыстарға сенім көрсетпей жатыр. Араб балалары көп оқитын университетте ұлт кадрларын көбейтуді ­жоспарлап отырмыз. Университетке испан, араб, үнді тілдерін білетін үш жас маман шақырылды. Соның бірі – сіздің балаңыз. Мен осы іске жауап­ беремін. Сіз балаңыздың жұмысқа келуіне қарсы болмаңыз. Пәтер дайындап қойдық, бірден береміз». Бұлай сөйлесудің де себебі бар. Орыс қызына үйленіп қойған балама мен: «Орысқа үйлендің. Енді сонда қалсаң, таза орыс боп кетесің. Елге қайт» дегем. Ульяновский баламды шақырып сөй­лескенде, ол менің айтқанымды қай­талап, «Сірә, елге баратын шығармын, әкем «қайт» деп жатыр» депті. Ульяновскийдің менімен сөйлесіп жүр­гені сол. «Балаңыздың келешегі жарқын. Кедергі жасамаңыз» деді ол маған. Сонымен бала Мәскеуде қалды. Көп жыл кафедра басқарды. Оншақты жыл декан болып істеді. Қазір – проректор. Университеттің жұмсауымен шетелге көп шығады. Онда оқуға балалар тартады, қарым-қатынасты жақсартуға көмектеседі, ғылыми конференцияларда баяндамалар жасайды. Ел әкімшілігі мен Ресей Білім және ғылым министрлігінің шетелдермен байланыс шараларына жиі қатынасып тұрады. Ресей Саясаттану академиясының, Халықаралық жоғарғы мектеп академиясының академигі. 2001 жылы елу жасқа толуына байланысты «Құрмет белгісі» орденін алды. Бір қыз, бір ұлы бар. Екеуі де Мәскеу университетін бітірген. Қызы Құралай – экономика магистрі. Ондай атақты оған Мәскеу университеті мен Канададағы Оттава университеті берген. Қазір Америкада докторантурада оқиды. Ұлы Темір әкесінің жолымен Азия-Африка институтының араб мамандығын бітірген. Ресей Сыртқы істер министрлігі жариялаған байқауда үздік шығып, дипломатиялық қызметке кетті. Қазір Тунисте елшілікте істейді. Келінім Лиза Нұрмен университетте бірге оқыған. Ғылым кандидаты. Тегі жуас бала екен – біздің қас-қабағымызға қарайды. Өздері де, балалары да біздің ынтымағымыздан шықпай, жиі хабарласып, келіп-кетіп жүреді. Екінші ұлым Әділ 1956 жылы туған. Ол Ішкі істер министрлігінің Қарағандыдағы жоғарғы мектебін бітірген. Алматыда, Бостандық (бұрынғы Калинин) ауданында, қалалық басқармада, министрлік аппаратында жауапты қызметтер атқарып, өсіп келе жатқан, майор атағы бар бала еді. Шолпан­-Атада демалыста жүрген жерінде машина соқтығысуынан қайтыс ­болып кетті (1989). Келіншегі Шолпан, балалары Ержан мен Санжар, Құдай сақтап, аман қалды. Қазір екі баласы да жоғарғы оқу орнын бітірген. Ержан Мәскеуде оқыды. Халықаралық құқық мамандығын игерген. Санжар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясын бітірді. Екеуі де мемлекеттік қызметте. Келінім Шолпан жолдасынан жастай айырылып қалғанмен, балаларын бағып, біздің қасымыздан шыққан жоқ. Шешесі: «Қарағым, жас қалдың, егер бірдеңеден ойың болса, біз қарсы болмаймыз. Балаларды бізге қалдырып, жолыңды таба ғой» деген екен: «Мама, екі баламен, сіздерді тастап қайда барамын. Не болса да сіздермен бірге көрем» деп, қасымызда қалды. Сол үшін Шолпанға ризамыз. Алдымыздан көлденең өтпей, біздің қас-қабағымызды бағып, қасымызда жүр. Нұр Мәскеуде, Әлім Астанада, шетелге кетеді. Сонда бізге сүйеніш болып жүрген – осы Шолпан. Қазір Шолпан Астанадағы ­Дарынды балаларды оқыту орталығында директордың орынбасары болып жұмыс істейді. Оған өзіміз жібердік. Орталық директоры осы қызметке шақырған екен. «Мен бара алмаймын. Кәрі әке-шешем бар, басқа балалары сыртта, мен оларды тастап кете алмаймын» депті. Орталық ­директоры осыны айтып, Әлиямен сөйлесті. Біз ақылдасып, баруына кеңес бердік. «Екі балаң сонда. Соларды үйлендір. Біз әзір тұғырдан түсіп отырған жоқпыз. Өз шайымызды өзіміз қайнатып ішетін шамамыз бар» дедік. Кіші ұлым Әлім бұл екі баладан кештеу туды. Ғылыммен айналысып, диссертация қорғаудың қамымен сырт жерлерде көп жүрген әйелдің бала көтеруге шамасы келе ме? Араларында біраз жыл (16 жыл) үзіліс болып барып, Әлім туды (1972). Бұл заман қазақтардың ұзақ жылдардағы қысымнан босап, қазақ тіліне бет бұрған кезі болатын. Әлімді қазақша балабақшаға, мектепке бердік. 12-қазақ мектебін алтын медальмен бітірді. Өз еңбегімен университетке түсті. Сол жылы онда «Қолданбалы социология» деген мамандық ашылып, соған алғашқылардың бірі болып ілікті. Жақсы оқып, студенттер алмасу тәртібімен Америкаға барып, жарты жылдай оқуын жалғастырып келді. Бұрын да шет тілін оқуға ынта танытып жүрген бала ағылшыншасын жетілдіріп қайтты. Сол білгенін ұмытып қалмау үшін соңғы курста жүріп, Жапонияның «Иточу» деген фирмасына қызметке тұрды. Оқуын бітірген соң, сонда қалды. «Иточудағы» қызмет бабымен көп жерлерді көрді, ел таныды. Содан Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен, соған ауысты. Бір күні маған: «Папа, мына қызметім жақсы, еңбекақысы да тәуір, бірақ келешегі жоқ. Сыртқы істер министрлігі шақырып жүр, соған барсам қайтеді?» деді. Мен келістім. Содан бері министрлікте істейді. Египет,­ Жапония елдеріндегі елшіліктерде жауапты қызметтер атқарып қайтты. Келіншегі Рима, Дәмеш пен Әмір атты екі баласы бар. Астанада тұрады. Бізбен отбасылық дос болып, ұзақ араласқан адамдар студенттік жолдастарымның арасынан іріктеліп құралды. Жалпы ол орта жайында естеліктің бас кезінде жазғам. Солардың ішінен біз үшін айрықша жақындары Әмеди Хасенов, Иманбек Ұйықбаев, Бердібек Соқпақбаев, Мұқаш Сәрсекеев, Айқын Нұрқатов, Нығмет Ғабдуллин, Әнуар Дербісалин сияқты жігіттер еді. Бәріміз де жатақхананың қара нанын бөліп жеп өстік, қатар үйлендік, балалы-шағалы болдық. Бердібек пен Әнуар институт бітірген соң елдеріне кетіп, біраз уақыт өткізіп, қайта келіп қосылды. Қалғанымыздың іргеміз ажыраған жоқ. Айқын талантты жігіт еді. Өмірден ерте озды. Қалғанымыз бірімізден біріміз бөлінбей, ұзақ уақыт достығымызды сақтадық. Соның көбі қазір жоқ. Құдай оларға иман берсін! «Әдебиет және ­искусство» («Жұлдыз») журналында істеп жүргенде Аманжол Шамкеновпен таныс­тым. Жақсы жігіт екен. Араласа бастадық. Сол араласымыз достыққа айналып, өле-өлгенше бірге болдық. Аманжол арқылы Саттар Имашевпен кездестім. Дастарқан, көңілді әңгіме жас адамдарды тез табыс­тырады ғой. Ол да біздің тобымызға қосылды. Кейін республиканың басшы қызметтеріне дейін көтерілген табиғаты адал азаматпен ол арамыздан кеткенше (1983) дәмдестік, сыйластығымыз үзілген жоқ. Саттар арқылы біздің тобымызға оның ескі достары (партия тарихы ­институтында қызметті бірге атқарған) Хамит Хасенов, Тұрсынбек Кәкішев келіп қосылды. Хамит Саттардың көмекшісі болды, кейін Орталық Комитетте жауапты кызметтер атқарды, радио және теледидар комитетінде төраға болып істеді. Жолдастыққа адал, жақсы жігіт еді. Уақыт жас кезімізде басымыз қосылған осы ­достар тобын да ыдыратты. Осыдан кейін есейген кезімізде жақын араласатын дос топты біз Сағындық ­Кенжебаев арқылы таптық. Сағындықпен менің алғашқы кездесуім, оның Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің хат­шысы болғаны, мені «Пионерге» редак­торлыққа шақырғаны жайлы жазғам. Жаны жайсаң, білімді және ұстамды, ағалыққа лайық кең мінезді осы жігітпен мен тез тіл ­табысып, сыйласып,­ араласып жүретінмін. Олардың да өз достарының тобы бар екен. Оны «колхоз» дейді екен. Мен осы колхозға кірдім. Сағындық үйінде кездескен колхоз мүшелері мені бірауыздан тобына қосты. Бар қойған шарты­ – колхоз­ мүшелерін ­жинап шақыру болды. Ол шартын тез-ақ­ орындадық. ­Менен кейін колхозға Бәйкен Әшімов ағамыз келіп қосылды. Оны қатардағы мүше етпей, «құрметті төраға» етіп сайладық. Қатары сиреп, үйде отырыңқырап қалған Бәйекеңнің жаңа дос-інілер тауып, араласып, төңірегін кеңейткені оның да көңіл күйін көтеріп, аға сыйлаған біздің де ықыласымызды толтырды. Колхоздың төрағасы – Сағындықтың өзі. Әйелі Нағима – төрапа. Билікті төрапа жүргізеді. Колхоз мүшелерінің жиналуы, кезекті шақырысу төрапаның келісуінен кейін ғана іске асады. Төрапаның қолы тимесе, қонақ шақырылмайды. Алайда төрапаның қолы жомарт, алдымен өзі шақырады, сонсоң басқаларға кезек береді. Төрапа – кең мінезді, жұртты тарта білетін, елдің бәрімен хабарласып, амандық-саулық білісіп тұруға пейілді адам. Колхоз мүшелерінің бір-бірімен байланысының ұйытқысы. Колхоз негізінен төраға мен төрапа­ның жақын, дос адамдарынан құралған. Төрағаның орынбасары Сәкен ­Салтыбаев деген ағамыз болды. Ұлы Отан соғысының ардагері, көп жылдар партия, кеңес қызметтерін атқарған, Орталық Комитетте бөлім басқарған, екі бірдей министрдің орынбасары болған, жұртқа кең танымал кісі еді. Мінезді, байсалды адам болатын. Сәкең қайтыс болған соң, Сақыш жеңгемізді орнына сайладық. Сәкең мен Сақаң жарасқан бақытты отбасының иесі болды, балалары Айдар, Сәуле, Әлия – өте тәрбиелі, қонақжай жандар еді. Сәкенмен немерелес туыс, темір жол генералы, сол жүйені көп жыл басқарған, Ұлы Отан соғысының ардагері Рымбек Тұрғамбаев ағамыз да колхоздың белсенді мүшесі. Рекең – біздің жиынымыздың гүлі, әзілімен, қалжыңымен жұртты көңілдендіріп оты­ратын кісі. Ол қатыспай қалған жиын күлкісіз, көңілсіз өтеді. Әрқашан оны іздеп отырамыз. Мәрия жеңгеміз – мәнтісі дәмді, елпілдеген қонақжай адам. Колхоз мүшелерінің ішінде Яхия Әубәкіров пен Мәрзия жеңгейдің де үлкен орны бар. Яхия – белгілі ғалым, академик, экономист. Аты республикада ғана емес, Одаққа белгілі адам. Мәрзия – Ленинград университетінің араб тілі мамандығын бітірген, ұзақ жылдар Қазақ университетінде сабақ беріп, осы оқу орнында араб тілін бірінші оқытқан ұстаз. Әуелде шет тілдерінің бірі ретінде оқылған араб тілі Мәкеңнің жемісті еңбегі арқасында тұтас шығыстану факультетіне негіз болды. Филология, журналистика, шығыс­тану факультеттерін бітірген (ішінде бүгін көпке танымал ақын-жазушылар, ғалымдар бар) адамдардың бәрі – Мәкеңнің шәкірті. Өз атақ-абыройлары аздай, бұлардың даңқын қызы Жәния Әубәкірова тіпті аспанға шығарып жіберді. Яхаң мен Мәкеңе осының бәрін көпсінбесін! Колхоздың қадірлі азаматтарының бірі – Орынбай Ысқақов. Ол Мәскеудің тамақ өнеркәсібі технологиясы институтын бітіріп, осы жүйеде көп жыл еңбек еткен, Алматы Шампан комбинатын басқарған. Жас кезінде төрағамен көрші тұрып, жарасып, туысып кеткен. Әйелі Биғайша ұзақ жылдар Қыздар ­институтында сабақ беріп еді, қайтыс боп кетті. Ақылды, сөзге шешен, қонақжай адам еді. Орекең қазір балаларымен, колхозымен (достарымен) бірге. Колхоз мүшелері Тәңірберген Жалмағанбетов пен Қадыршат Шүлембаевтың да аруағын қадір тұтады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жүйесінде ұзақ жылдар басшы қызметтерде болған генерал Жалмағанбетов жалпы республика көлеміне белгілі азамат болатын. Біз онымен достығымызды қадірлейтінбіз. Әйелі Жұпар да көп жылдар комсомол, кеңес, партия қызметтерінде болған. Соғыстан кейінгі кезеңде Сағындық Қарқаралыға аудандық Комсомол комитетіне хатшы болған жылдары Жұпар Қарағандыда облыстық комсомол комитетінің хатшысы болыпты. Сәкең сондықтан оны «менің саяси басшым» дейді. 1946 жылы басталған Сәкең мен Тәкеңнің, Нәкең мен Жұпекеңнің достығы көпке үлгі болғандай. Бәріміздің жасымыз Қадыршат пен Мәнура ұлғайып қалған колхоздың жастығын ұстап тұрғандай көрінуші еді. Қадыршат – Қазақтың Абай атындағы педагогикалық ­институтын бітіріп, сонда­ ұзақ жылдар­ қызмет істеді. Философия­ кафедрасын басқарды. Мәнура комсомол,­ партия, кеңес жұмысын атқарды. ­Министр, ­министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Бүгін Қадыршат жоқ болғанмен, Мәнура әлі де өз орнында,­ колхозымыздың гүлі. Тағдырға қарсы ештеңе істей алмайсың. Сәкең де, Тәкең де, Қадыршат та, Биғайша да өлім түгіл, өкпеге кимайтын­ жандар еді. Осыны­ түсінетін, дос көңіл колхозшылар­ Сақышты, Жұпарды, Мәнураны, Орынбайды­ ортаға алып, сүйеу болуға тырысады. Солардың отбасының амандығына тілек қосады. Колхоздың басқа мүшелері қатарында Сағындықтың құдасы Әубәкір Әпеев (әйелі Гүлжанат), Сәкеннің құдасы Әбсадық Әуезов (әйелі Марфуға), дос ініміз Совет Исатаев (әйелі Гүлжан) сияқты азаматтар бар. Әубәкір – құрылысшы. Кезінде ауыр өнеркәсіп құрылысы министрлігінде жауапты жұмыста болған. Әбсадық – Аграрлық университетінің профессоры. Совет – Қазақ ұлттық университетінің профессоры. Бәрі де әлі тұғырдан таймаған, өз салаларында беделі үлкен, маман адамдар.­ Советті Қазақстан физиктері ұстаз тұтады, кезінде факультетте­ ­декан, кафедра меңгерушісі болып, көп шәкірт тәрбиелеген. Колхозымыз ешнәрсе өндірмейді, оның мүшелері – тұтынушылар. Кездесіп, әңгімелесіп, ­шуласып, әзілдесіп қалғанымыздың өзі егде адамдарға бір жасағанмен бірдей. Біздің өмір жолымызда кездесіп, достасқан осы екі топтан өзге де тілектес, араласып­ жүретін жолдастарымыз аз болған жоқ. Ұзақ жолда көп тілектестер таптық. Олардың ішінде Сұлтан Жиенбаев,­ Сағадат Нұрмағанбетов, Шайдахмет Серғазин, Қанапия Ахметов, Қасқатай Қонақбаев, Қайдар Арыстанбеков, Әбдіразақ Елібаев, Ахмет Тұмарбеков, Аманжол Қалықов, Әбдіманап Тілеулиев, Аида Үнгебаева, Мақтай Сағдиев, Мақан Есболатов, ­Аманолла Рамазанов, Хамза­ Жұмабеков, Балғабек Қыдырбекұлы сияқты ағаларым мен құрдастарым бар. Әрине, мен сыйласып араласқан ағалар ішінде Бәйкен Әшімов пен Сағындық Кенжебаевтың орны ерекше. Олар және тағы басқа кейбір жолдастар туралы­ арнайы жазғам да. Бекет Тұрғараев, Аманкелді Ермегияев,­ Есенгелді Мұқыжанов, ­Талап Қабденов, Тоқтархан Қожақапанов, Әбілфайыз Ыдырысов, Рымбек Жүнісов, Сәлім Құрманғожин, Хамит Біржанов сияқты інілерімнің бізге деген ілтипатын, сыйластық көңілін зор бағалаймын. Әрине, мен үшін ғылым адамдары мен ақын-жазушылар қауымының ықыласы аса бағалы. Алдыңғы ортада мен Салық Зимановпен, Айтмұхамед Абдуллинмен, Өмірзақ Сұлтанғазинмен, Кенжеғали Сағадиевпен, Манаш Қозыбаевпен, Әбілқас Сағыновпен, Зейнолла ­Молдахметов­пен, Аманжол Қошановпен, Зейнолла Қабдоловпен, Өмірбек ­Жолдасбековпен, Камал Ормантаевпен,­ Баян Рақышевпен, Еренғайып Шайхуддинов­пен, ­Уахит Шалекеновпен,­ Бақытжан Жұмағұловпен, Әбдуәли Қайдаровпен, Ғайрат Сапарғалиевпен, Сұлтан ­Сартаевпен, Өмірзақ Айтбаевпен,­ Сейіт Қасқабасовпен, Марат Кенжеғозинмен, Ғабдолла Құлқыбаевпен, Төлеген Қожамқұловпен, Нұрғали ­Мамыровпен, Жұмағали Ысмағұловпен, ­Шерияздан Елеукеновпен көп сыйластым, дәмдес болдым. Жазушылар ортасында­ менен аз да болса жасы үлкен, бірақ қатар өскен Сафуан Шаймерденовпен, Әбдіжәміл Нұрпейісовпен, Тахауи Ахтановпен,­ Қалтай Мұхамеджановпен қатар жүрген күндерді еске алам. Тұманбай Молдағалиев, Кәкімбек Салықов, ­Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев, Сұлтан Оразалин, Ақселеу Сейдімбек сияқты іні-қарындастарымды жақсы көрдім, сыйладым, шығармашылық өнеріне табындым. Өнер адамдарының аға ұрпағымен де ­таныс, сыйлас едім. Ал бүгінгі ұрпақ ішінен Асанәлі Әшімов пен Шота Уәлихановтың бізге деген құрметіне бас иемін. Менің қолымнан шыққан шәкірт көп. Көбі қанаттанған соң, өз жолдарын тауып кетті. Соған қарамастан, күні бүгінге шейін хабарласып­ амандық-саулығымды сұрап тұратын, тіршілікте байланысын үзбеген, өздерін шәкірт ­санайтын Бейбіт Мамыраев,­ Жұмат Тілепов, Дихан Қамзабекұлы, Шәкір Ыбыраев, Тұрсын Жұртбаев, Балтабай­ Әбдіғазиев сияқты балаларым мен інілеріме ағаның ақ көңілінен ризалық білдіремін. Ұзақ өмір жолында мен көрген, кездескен, араласып сыйласқан адамдар тым көп. Бәрін еске алу мүмкін емес. Сондықтан аты аталмай қалған ­достарымнан, замандастарымнан кешірім өтінемін. Міне, құрметті оқырман, менің «Өмір өткелдері» дейтін арнайы айдарда еске алар үзік-үзік сырларым осылар еді. Серік ҚИРАБАЕВ, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

2397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы