• Руханият
  • 04 Қыркүйек, 2019

Бағдарламаның баянды бағыты

Киноиндустрия және мультипликация саласының дамуына ықпал етті Түркістан облысын анимациялық фильмдердің орталығы атап жүргендер көп. Оған себеп те жоқ емес. Соңғы жылдары ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық 8 ескерткіш (Сауран қалашығы, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар оазисінің ескерткіштері, Бөржар қорғаны) туралы тұңғыш рет деректі фильмдер түсірілді. Тарихи-мәдени мұраларымызды ­насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында түсірілген «Көне жетігеннің сыры» атты  10 сериялы телехикая, «Киелі Қазығұрт»,  «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан», «Бәйдібек би» атты тарихи-анимациялық фильмдер әзірленіп, республикалық телеарналардан көрсетілді. Одан бөлек, «Түркістан», «Оқсыз», «Ордабасы –бірлік туы»  анимациялық фильмдер мен 10 сериялы «Төле би» телесериалы көрерменге жол тартты. Өткенді білу – болашаққа бетбұрыс Қазақ тілді киноиндустрия және мультипликация саласындағы оң өзгеріске Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ықпал еткені, бастамашыл болғаны мәлім. Елбасы мақаласында туған жерге деген құрмет пен патриотизмді жастар санасына сіңіру үшін анимация, кино саласына да мән беру керектігі айтылған болатын. Бұл ретте Түркістан облысы өзге өңірлерден оқ бойы озып тұр деуге негіз бар. Себебі өңір режиссерлері ұлттың рухани байлығына айналатын туындылар түсіріп, ел ықыласына ие болып келеді. Көпшілік көңілінен шыққан туындылардың бірі «Төле би» тарихи фильмі де «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалардағы міндеттерді орындау бағытында түсіріліп отыр. Алдағы уақытта да Түркістан жерінен шыққан тарихи тұлғаларды, жерлерді дәріптеу, оның тарихи мазмұнын ашу мақсатымен, осы сарындағы фильмдер түсіру жоспарланған. Яғни облыстық мәдениет басқармасы «Төле би» туын­ды­сынан бөлек, Түркістан жерінде жатқан 21 хан-сұлтандарымызды негізге ала отырып, жаңа туындыларды жарыққа шығармақ. Қазақтың төбе биі атанған тұлғаның бала биден дана би биігіне көтерілгенге дейінгі ғибратты ғұмыры жан-жақты көрініс тапқан 10 бөлімнен тұратын көркем туынды Түркістан облысының 1 жылдығына орай арнайы түсірілген. Жазушы Шойбек­ Орынбайдың романының желісі негізінде, Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысы бойын­ша түсірілген фильмнің жалпы­ бюджеті – 153 миллион теңге. Туынды «Сақ» кино­студиясы мен «Оңтүстікфильмнің» ортақ жобасы. Жергілікті әртістердің орындауындағы тарихи картинаның режиссері Батырхан Дәуренбеков, көркемдік жетекшісі Сатыбалды ­Нарымбетов. «Төле би бабамыздың ұлтымызға сіңірген еңбегі ересен. Бар қазақты Ордабасы тауының етегіне жинап, жоңғарларға қарсы тойтарыс беруге шақыруы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанымыздың тарихында алтын әріппен жазылатын айтулы оқиғаның бірі. Фильм­де би бабамыздың сол даналығы мен кемеңгерлігін, батылдығы мен әділдігін барынша ­шынайы жеткізуге, кино арқылы ­тарихи оқиғалар мен қазақ халқының мінез-құлқын бейнелеп, жұртшылық санасына рухани­ жаңғырудың негізгі идеяларын сіңіруге тырыстық. Ендігісіне көрермен өзі төреші» дейді режиссер. Иә, көрерменнің берген бағасын алдағы уақытта айта жатармыз, дегенмен, бұл фильм отандық кинематография тарихында тұңғыш рет түсіріліп отырғандығымен де құнды болып қалатыны анық. Он бөлімнен тұратын туындыда 9 жасынан бастап билік айтып, шешендігімен көзге түскен бала бидің қара қылды қақ жарған әділдігімен қатар, адамгершілік қасиеттері де жан-жақты қамтылған. Бірақ фильмнің бас продюсері Нұриддин Пәттеев Төле бидің тұтастай тұлғалық һәм қайраткерлік бейнесін ашу үшін 10 серия аздық ететінін айтады. «Дана бидің барлық өмірін көрсетуге кемінде 80 бөлім керек. Мәселен, «Ертұғырыл» фильмін алып қарайық. «Төле би» де дәл солай түсірілсе, қандай тамаша болар еді. Уақыт пен қаржының шектеулілігінен бар оқиғаны 10 бөлімге сыйдыруға тура келді. Жалпы түсірілім жұмысы 8 айға созылды. Алты ай монтаж жасадық. Ішінде үш шайқас сахнасы бар. Соның бәрін арнайы эффектілермен жақсы көрсете білдік деп ойлаймын» дейді продюсер ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Төле би бабамыздың шешендігі, үлкен саясаткер, жас кезінде қолына қару алып, ел қорғаған батырлығы, өзі де, сөзі де өткір, қара қылды қақ жарған әділ шешімді тұлға екендігі кинокартинада таспаланған. Нақты деректерге негізделген туындының көпшілікке берер тарихи-танымдық маңызы жоғары. Фильм режиссері Батырхан Дәуренбековтің айтуынша,­ эпизодтардың көпшілігі қасиетті Түркістан шаһарында, сондай-ақ Төле бидің тұрақтаған жері Төле би ауданы­ Қасқасу өңіріндегі Сарыайғыр жайлауын­да, ал біраз кадрлары ­Ташкентте түсірілген. Фильмді түсіруге жергілікті актерлер мен қарапайым тұрғындар көмектесіпті. Мысалы, Төле бидің жастық шағын шымкенттік жас актер Абзал Төленов сомдаған. Бір айға созылған кастингтен кейін актерға Төле бидің 20 жастан 40 жасқа дейінгі аралықтағы бейнесін сомдау ұсынылған. Абыз тұлғаның рөлін сомдау үшін үлкен жауапкершілік қажет екенін сезінген актер өмір жолын тереңнен зерттеу мақсатында іздене, қажетті кітаптарды алып оқи бастапты. Сөйтіп, жаңа қырына қаныға түскен. Жас актер журналистермен сұхбатында: «Бабамыздың рөлін сомдауда кемшін тұстар болып жатса, барша қазақ елінің алдында кешірім сұраймын. Алайда менің алғашқы үлкен фильмім екенін ескергендеріңізді қалаймын» депті ағынан жарыла. Көрерменге жол тартқан фильм жоғарыда айтып өткеніміздей, ­жазушы «Құрмет» орденінің иегері, республикалық жабық бәйгелердің бірнеше дүркін лауреаты Шойбек Орынбайдың «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» романы негізінде түсірілген. Осы орайда біз жазушымен хабарласып, тарихи тақырыпқа қалай келгенін сұраған едік. – Әлі есімде, жаңылыспасам 1965-66­ жылдардың шамасы. Алтыншы сыныпта оқимын. «Қазақ ертегілерін», «Батырлар жырын» тауыса оқып, «Мың бір түнді» жасырып оқып жүрген кезіміз. Жаздың кезі еді, көршінің үйінде сүндет той болды. Бақ ішіне алаша,­ текемет төселіп, көрпеше жайы­лып, дастарқан басына ауылдың үлкен кісілері жиналды. Орталарында жыршы бар екен. Әкем Қонысбай да сол жерде. Ол кісі көбіне мені жанына ертіп жүретін. Бұл ретте де солай болды. Жыршы гармонын бірде безілдетіп, бірде аңыратып бір дастанды бастады. Мен ешқандай кітаптан оқымаған, бұған дейін естімеген жырым. Ара-арасында тершіген маңдайын қол орамалымен сүртіп жіберіп, қара сөзбен де әңгімелеп кетеді. Сондағы ұққаным, атақты Төле би деген болыпты. Жас шағында ержүрек екен, кісілік келбетін тапқанда данагөйге айналыпты. Оның айтқанына батыр да, бай-бағлан да, тіпті хандардың өзі құлақ асыпты. Таңғалдым. Батыр­ деген біз үшін құдірет. Ал мына атақты би солардың өзін тезге салып, ақылмандығымен айтқанын тыңдата алады екен. Сонда ең құдіретті адам сол болғаны ғой. Жырға сенер-сенбесімді білмей ертеңіне әкеме сауал қойдым. «Ата, деймін (ол кісіні әке демей, ата дейтінбіз) Төле би сонда ең күшті адам болғаны ма? Жын-шайтандар да одан қорқа ма?» Әкем жымиды. «Балам-ау, ол біртуар адам ғой. Алла Тағаланың пейілі құлаған ондай жандар сирек қой, сирек. Оны халық «Қарлығаш әулие» дейді. Мазараты (сағана дегені) Ташкентте, мынау тиіп тұрған Шайхантәуірде. Сені ертіп апарып көрсетейін» деген. Сөйтіп, ұлы бидің сағанасын көрдім. Даңғайыр жанның өмір тарихына деген қызығушылық сол кезден бастап менің бойымда оянды. Онжылдық мектепті бітіре салысымен, аудандық газетте жұмыс істедім. Төле би туралы жазған алғашқы аңыз әңгімем 1970 жылы қазан ­айында ­жарияланды. Мақаламның тақырыбын «Төле би туралы төрт топшылау» деп атағаным есімде. Кейін сол мақаламды 1990 жылы «Жібек жолы» журналына қайта бастырдым. Арада көп өтпей, Мархабат Байғұт ағамыздың ұсынысымен, екеуміздің атымыздан­ «Төле би – Қарлығаш әулие» деген пьеса жаздым. Оны сол кездегі Жұмат Шанин театрының бас режиссері Әскер Құлданов ағамыз сахналады. Қойылымды аудандардан келіп тамашалаған көрермендер болды. Сөйтіп, таңдаған тақырыбыма деген­ құштарлығым еселеп артты. Маған деректер жинап берушілер әр тараптан шыға бастады. Көпшілігі өздерін Төле бидің ұрпағымыз деп таныстырады. Мына жағы Ташкент, ұлы бидің кіндік қаны тамған Шудан,­ Талдықорғаннан ел аузындағы көптеген әңгімелер жиналды. Қазанғап Байболұлының «Төле би тарихы» өз алдына. Бұл шығарманың көшірмесін Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының жазба қорынан сонда жұмыс істейтін ғалымдардың көмегі арқылы сұраныс хатпен алдым. Бұрынғы «Көкшетау» облыстық газетінде қызмет істеп жүргенімде Омбының мұрағатындағы деректердің көшірмесі қолыма тиген болатын. Оларда көбіне Абылай ханмен қарым-қатынасы айтылыпты. Ұлы жүздің ұлыс билеушісінің орыс патшасына жазған хаты да сонда сақтаулы екен. Төле би дәуірі (өз басым сол кезеңді осылай атағанды тәуір көремін) қазақ үшін өте ауыр, қилы кезең еді. Сондықтан да мен екі кітаптан тұратын романымды «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» деп атадым. Бұл атауға кітап жарық көрмей жатып дау айтушылар табылды. Айтар уәждері: «Ол кезде қазақтың басы бірігіп, жоңғарлардан теңдік алған шағы. Абылай ханның ел тізгінін қолға алып, Қытаймен, Ресеймен бірлік-бітімге келген тұс» дейді. Мен келіспедім. Солай болғаны рас. Бірақ сол бірлікке, тұтас хандыққа жетуде қаншама күрес, саяси айтыс-тартыстар болғанын неге ой таразысына салмаймыз. Қазақ даласы тұтастай Абылай ханның құзырында болды деу де әбестік. Өйткені Әбілхайыр хан Кіші жүзді жеке билеп, басына орыс бодандығының ноқтасын киді. Себебі белгілі – «Қазақтың тұтас хандығының тағына мені отырғызбадың» деп, Төле биге өкпелеп, қандастарынан теріс айналды. Одан басқа кейбір сұлтандар мен батырлар соңына ерген жұртты бауырына жеке басып билегісі келді. Оның соңы Орта жүздің Барақ сұлтаны мен Әбілқайыр ханның қақтығысына әкеліп соқты. Қалай болғанда да ­тарихи шындыққа нақты баға беруіміз керек қой. Ал қазақтың қамын жеген Төле би бұған бейжай қарай алмайды. Халықтың қамын жеп, мың ойланып­ мың толғанған ақылман үшін сол ­заман, шынында да «Қайғы заман» ­болатын. Сондықтан да мен өз пікірімде қалдым, – дейді жазушы. Көркемдік кеңістік пен тарихи шындықты сабақтастырып, қатар өрімдей алып шығу жазушыға көп жауапкершілік жүктейді. Ш.Орынбайдың «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» роман-дилогиясы жөнінде жазған зерттеу еңбегінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты Нариман Нұрпейісов ғасырға жуық кезең тарихын суреттейтін туынды желісінде ең алдымен әз Төленің күрес пен арпалысқа толы болып келетін өнегелі өмір жолы, тарих арена­сында қазақ халқының бар болатын, не жоқ болатын аса бір ауыр, жанталасқан күй кешіп өмір сүрген кезеңін қамтитын тарихи оқиғалар бейнеленгенін айтады. «Одан әрі қазақ шешендік өнерінің Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды­ дара туған билері жасаған асыл өнердің шынайы көрінісі романның өне бойында қапысыз көрініс тапқан. Сонымен қатар дәл осындай шешендік өнер мектебінің жалғасы ретінде халқымыздың қанатты сөздері, даналық ойлары, мәйегі мол мақал-мәтелдерінің мол үлгісі жетерлік. Бұл айтып отырғанымыз роман желісінің бәрін қамтыды деп айта алмаймыз. Оқиғалардың дені өзара хронологиялық байланыста, уақыт дәлдігімен суреттеліп отырған, қазақ хандарының тағдыры, соның ішінде Төле би тағылымы мен тәрбиесінде өскен Абылай сұлтанның жастық шағы, күрес алаңына алғаш шыққан кездегі күрескерлік тұлғасы, бәрі де көркемдік шешімін тапқан. Роман-дилогияның басты идеясының бірі – дәуір шындығын, негізгі тарихи оқиғаларды жадыда жаңғырту. Кең байтақ қазақ даласында болған қанды шайқастар, анталап келген жауды тоқтату амалын ойлап өткен келелі жиындар, кеңестер, атап айтқанда Күлтөбедегі, Ордабасы, Мәртөбе, т.б., сонымен бірге ел тарихында есімі сақталған игі жақсылардың, солардың ішінде Қарасай батыр, Әнет баба, Келдібек батыр (Қазыбек бидің әкесі), Тәуке сұлтан, Салқам Жәңгір, Әйтеке би, Әбілхайыр хан, т.б. образдары әр қилы қырынан көрініс береді. Романның бас кейіпкері, тарихи тұлға, билер институтының тұма бастауында тұрған Төле Әлібекұлының өсу, жетілу жолы мейлінше шынайы шыққан деп айтуға болады. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып, «Қарлығаш әулие» атанған, «бүтін билікке қолы жеткен» Төле Әлібекұлы жайында жазылған зерттеулер аз емес. А.Левшин бастаған орыс зерттеушілері, Ш.Құдайбердіұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Б.Адамбаев, Н.Төреқұлов бастаған қазақ зерттеушілерінің еңбектері ғибраты мол дүниелер. Ғасырлар тоғысын бастан кешіріп, сан ғасырлар бойы ­бабаларымыз армандаған, соның ішінде Төле бабамыз армандаған азаттыққа қол жеткізген халқымыздың Төле би жайындағы танымын, тағылымын арттыру – бүгінгі уақыт еншісінде тұрған асыл мұрат. Осы мұратты абыроймен алып келе жатқан жазушы Шойбек Орынбайдың еңбегі ерекше, қалам құдіреті қуатты» дейді ғалым «Төле би тағдыры туралы толғаныс» атты зерттеу еңбегінде. Мультимедиалық тәсілдер арқылы таныстыру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында мә­дени қазыналарымызды әлем жұрт­шы­лығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыр­у керектігін, тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал екендігін атап көрсетті. Ал «Ұлы даланың жеті қыры» атты ­тарихи мақаласында «ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын­ сапалы­ балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарына ерекше назар аудару керек» екенін айтқан болатын. Осы мақсатта «Сақ» киностудиясы ұсынған бірқатар туынды­ бүгінде көрермен қауымның жоғары бағасын алып үлгерді. Солардың бірі – «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмі жас ұрпақты отаншылдыққа, туған елді, тарихты құрметтеуге шақырады. Ордабасы тауындағы үш ел Президенттерінің тарихи кездесуіне және «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын» құру туралы Елбасы Жарлығының шыққанына 25 жыл толуына орай түсірілген фильмде ел қорғаған баhадүрлеріміздің ерліктері, елдің бірлігі суреттелген. Асылжан есімді балақайдың елін, жерін қорғауға деген ұмтылысы арқылы тарихи оқиғаны жас ұрпақ санасына сіңіру көзделген. Оқиға желісінде қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтеке билері бас­тап, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай­ секілді батырлары қоштап, Ордабасыда үш жүздің басын қосып, шешуші айқаста жауды жеңген тұстары көрініс табады. Жалпы «Сақ» кино­студиясы Елбасы идеялары мен бастамаларын өз туындыларының ұстанымы етіп, әр өнімін ұлттық бояу­да бедерлеу бағытында жұмыс істеп келеді. Күні кеше қазақ көрерменінің санасында үлкен сілкініс тудырған 75 минуттық «Қазақ елі» толық метраж­ды анимациялық фильмі балдырғандардың ғана емес, ұлттың қазынасына қосылған олжа болса,­ аталмыш киностудияның одан кейінгі ізденістері де өзінің тақырып пен мазмұн, тағылым ауқымдылығы жөнінен көрерменін рухани қуанышқа кенелтуде. «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеевтің ­айтуынша, киностудия осы уақытқа дейін 60-қа жуық танымдық, деректі һәм көркем анимациялық туындыларды кішкентай көрермендермен қауыштырыпты. Аталған туындылар Түркістан облысының барлық аудан, қалаларындағы миллионнан астам мектеп оқушылары мен тұрғындарына «Кино – руханияттың жаңғыру көзі» жобасы аясында көрсетіліп, жергілікті телеарналарда да тұрақты түрде ­насихатталып келеді. Сондай-ақ ­киностудия мемлекеттік рәміздеріміздегі нышандардың идея­сы қайдан туындағаны, тарихы көрсетілетін роликтер де ұсынуда. «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің ұлттық құндылығы. Ондағы әрбір бейнеленген көрініс халқымыздың тарихымен тікелей байланысты. Осы ұстанымды негізге ала отырып, анимациялық фильмдерде рәміздерді насихаттауға тырысамыз. Басты мақсатымыз – балаларға елдігімізді білдіретін нышандарды таныту. Бала­лар Мемлекеттік рәміздерден нені байқаса сол нәрсе оған ыстық көрінуі тиіс. Мем­лекеттік Туымызда бейнеленген қыран, Елтаңбадағы қанатты пырақ еркіндікті, тәуелсіздікті білдіретін көрініс. Себебі екеуі де көк аспанда емін-еркін қалықтап, қайсарлықты суреттеп тұр. Елтаңбада бейнеленген қанатты пырақты көптеген аңыздарға, деректерге сүйене отырып ұсынған. Мысалы, Ботай мәдениеті атты ең бірінші үйреткен. Содан кейін атты үйрету мәдениеті қалыптасқан. Бұл туралы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да айтылды. Рәміздерді насихаттаумен қатар, ондағы бейнелерге де назар аударуымыз қажет. Себебі рәміздердің пайда болу тарихынан балалар да хабардар болғаны абзал. Біздің «Қазақ елі» ­деген толықметражды мультфильміміз Каирдан үш бірдей жүлдені жеңіп алды. Онда біз Қазақ хандығының туын, «Қазақстан бренді» деген мульт­фильмде қыран құсты насихаттадық. Жалпы «Сақ» киностудиясы өз өнімдерінің барлығында балаларға патриоттық дүниелерді көп насихаттап, ұлттық құндылыққа құрметпен қарау керектігін айтады» дейді «Оңтүстікфильм» киностудиясының директоры Батырхан Дәуренбеков. Түркістандық киностудиялар алдағы уақытта, Ботай мәдениеті ­туралы толықметражды фильм түсірмек. Оған, әрине, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған идеялар негіз болып отыр. «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» делінген Елбасының тарихи мақаласында. Енді осы тақырып фильмде жан-жақты көрсетілмек. Б.Дәуренбековтің айтуынша,­ толықметражды фильм жасауға ұсыныс түскен. Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ Түркістан облысы

972 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы