• Руханият
  • 04 Қыркүйек, 2019

ҰЛТ ӘДЕБИЕТІ: БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ

Кеше Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумы» өз жұмысын бастады. Алқалы жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Әдеби форумда дүниежүзінің әр қиырынан келген қаламгерлер бас қосып, әдебиеттегі қордаланған мәселелерді талқылайды. Өзара тәжірибе алмасып, әдебиеттің даму жолдары, рухани құндылықтар, елдер арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайту тетіктері қарастырылады. Бұл шараны ҚР Президенті Әкімшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырып отыр.

Азия біріге алады

Мемлекет басшысы өз сөзінде халқымыздың рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетін жан-жақты қолдауға әрдайым баса мән беретінін, сондай-ақ қазақ әдебиеті әлем әдебиетінің даму көшіне қосылғанын атап өтті. – Бүгінде төл әдебиетіміздің көк­жиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақ қалам­герлерінің туындылары арқылы дүниежүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып білуде. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни екі жарым миллиард оқырманға тарайды. Бұл – қазақ әдебиеті тарихында бұрын-соңды болмаған бірегей оқиға. Ұлы даламыз – сан алуан өрке­ниеттер мен мәдениеттердің куәсі. Еліміз алып құрлықтың батысы мен шығысын, күнгейі мен теріскейін жалғаған тоғыз жолдың торабында орналасқан. Біз – бір кездері Ұлы Түрік Қаға­натынан мирас болған түркілік тегімізді сақтай білген халықпыз. Бүгінгі түркі жұртының теңдессіз жетістіктері сол дәуірлерден қалған ұлы мұралармен тығыз байланысты. Шығыс мәдениеттері, сан алуан сипаттарына қарамастан, өзара астасып жатыр. Азия халықтары өркениеттер қақ­тығысына ұшырамай, етене үндестікте дамуының басты сыры да – осында, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, Азия – ұлы өркениеттердің дүниеге келуіне, өркен жаюына, қалыптасуына куә болған көне құрлық. Араб, парсы, қытай, үнді өркениеттері – адамзат тарихының ажырамас бөлігі. – Қазір Ұлы Жібек Жолының экономикалық мән-маңызы ғана ­кө­бірек айтылады. Шын мәнінде, оның тұтас өркениеттерді тоғыс­тыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге, әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты. Азия халықтарының сөз өнері бай, тамыры тереңде. Жер бетіндегі жазу-сызудың Шығыстағы Шумерде, Мысыр мен Қытайда пайда болуы – соның айқын дәлелі. Түркі, қытай, үнді, араб, парсы елдерінің көптеген көне жәдігерлері дәуір сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге дейін жетті. Бұл мұралардың құндылығы неде? Көне ескерткіштердің негізінде жатқан жалпы адамзаттық құнды­лықтар әдебиет арқылы әлемге таралды. Әр оқырманның көкейіндегі сауалдардың жауабы мен жаһандық мәселелердің шешімі де дәл осындай туындылардан табылады, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Азия әде­биетін одан әрі дамыту үшін бір­қатар маңызды мәселелерге қалам­герлердің назарын аудартып, арнайы сыйлық тағайындау туралы ұсыныс білдірді. – Азия қаламгерлері форумы ­шы­ғар­машыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек. Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті. Бұл Азияның теңдессіз дүниета­нымы жинақталған баға жетпес асыл қазынаның есігін жер жүзіне айқара ашатын құнды дүние болары сөзсіз. Осындай игі бастамаларды іске асыру жұмысы қаламгерлерімізді біріктіріп, Азия әдебиетін жаңа белеске шығарады деп сенемін. Отбасылық және қоғамдық дәс­түрлер, еңбекқорлық пен білімге ұмтылу – Азия халықтарына тән асыл қасиеттер. Мәдениеттердің жарасымды дамуын бір сөзбен «Әралуандық үйлесімі» деп түсіну қажет. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтқан өсиеті осыны меңзейді. Азия біріге алады.

Қайта жаңғырған Ұлы Жібек жолы – осының айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы. Азия қаламгерлерінің І форумы әлем­нің 300 ақын-жазушысының басын қосты. Олардың арасында Азияның 38 елінен келген Нобель сыйлығының номинанттары, халықаралық Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, өңірлік және ұлттық сыйлықтардың иегерлері бар. Азия елдері қаламгерлерінің тұң­­ғыш форумы Азия құрлығында орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту мен егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын насихаттау, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды мақсат-міндеттерді көздейді. Әдеби форумның жалпы отырысында Нобель сыйлығының номинанттары Оңтүстік Корея қа­ламгері Ко Ын, катарлық Моза аль-Мальки, моңғолиялық Мэнд-Оео, Оңтүстік Азия халықаралық сыйлығының лауреаты үндістандық Амар Митра, Әзербайжан халық жазушысы Анар Расуыл Рзаев баяндама жасайды. Елордадағы Абай көшесінің бойында «Қалам­герлер аллеясы» ашылады. Орталық Азия қаламгерлерінің кездесуі өтіп, онда Ұлы Жібек жолы бойындағы әдебиеттің болашағы туралы айтылады. Сондай-ақ жас Азия қаламгерлерінің кездесуі де жоспарланған.

Қазақтың өз дүниетанымы бар

 

Мереке ҚҰЛКЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары:

– Форумның не­гізгі тақырыбы – «Азия цивилиза­циясының қазіргі әдебиеттегі көрі­нісі». Осы тақырып аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген көптеген белгілі жазушылар баяндама жасайды. Оның ішінде Нобель сыйлығына үміткерлер бар. Біздің Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов сияқты ағаларымыз да солармен бірге осы тақырыпты бөлісетін болады. Екінші күні «Әдеби әлемдегі басты мәселелер Азия әдебиетінде» деген тақырыпта көтеріледі. Жалпы қазіргі әлемде әдебиеттің бағыты қайда бара жатыр деген мәселе баршаны ойлантып отыр ғой. Соның ішінде Орта Азия әдебиетінің Еуропа әдебиетімен қазір шендесіп кеткендігі, солармен тайталасқа түсер мықты-мықты жазушылардың барлығын жұрттың бәрі біледі. Осы тақырыппен келгенде «Азия әдебиетіндегі әлемдік проблемалар қалай көтеріліп жатыр, жалпы адамзаттың бағыты қандай, адам баласының ішкі жан дүниесіндегі өзгеріс қандай?» деген, әсіресе Орта Азия поэзиясының қазіргі таңдағы деңгейі, мүмкіндігі деген мәселелер де айтылады. Әдебиеттің өзекті мәселелері көтерілетін форумға Орталық Азия, жалпы Азия әдебиетіндегі көрнекі тұлғалар қатысады. Мәселен, орыс жазушысы Анатолий Ким Оралхан Бөкеевтің, Әбіш Кекілбаевтың, Төлен Әбдіковтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармаларын орыс тіліне аударған, біздің әдебиетпен етене араласып кеткен қаламгер. Әрі туған жері Қызылорда, Қазақстанмен тікелей байланысы бар, ол кісінің қатысуы форумның салмағын өсіргелі тұр. Якут елінен Наталья Харлампьева келеді. Түркияның, Индияның және іргелес отырған мемлекеттердің, Әзербайжанның, Татарстанның, Башқұртстанның жазушылары бар. Қай-қайсысын алсаңыз да, бізбен етене жақын, тағдырымыз бір халықтармыз ғой. Жиынды, негізінен, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет өзі жүргізеді. Оңтүстік Кореядан келген жазушының тақырыбының өзі ойландырады. «ХХІ ғасырдағы поэзияның жалғыздығы» деп аталады. Өзінің баяндамасын осылай атады. Сол сияқты Моң­ғолиядан келген жазушы Мэнд-Оео Нобель сыйлығынан үміткер. Оның тақырыбы – «Бүкіләлемдік әдебиетке Азия поэзиясының әсері». Бұл өте үлкен тақырып және жұрттың назарын аударады деп ойлаймын. Үш күнге созылатын форум, әлемде, меніңше, соңғы 20-30 жылда бірінші рет өтіп жатыр.

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ, ақын:

– Біріншіден, сонау кеңес өкі­меті кезінде жұрт­ты елеңдеткен Азия және Африка елдерінің жа­зу­шыларының конференциясы өтті. Ортақ өкіметтің қарамағында отыр­ған Азия елдерінің, мәселен, қазақ әде­биеті үшін санаға қозғау салған конференция еді. Өйткені ол кезде біздің халық қазақ әдебиетін сүйіп оқитын, кітаптың таралымы көп болатын, әдебиеттің рөлі жоғары болды. Мәселен, алыс ауылдағы шопан, тракторшылар «Жұлдыз» журналын қонышына салып, бір-біріне айтып жүріп оқитын. Осы тұрғыдан алғанда, бұл конференция бүкіл халықтың санасына әсер етті деп ойлаймын. Ол конференцияда сол кездегі ең бірінші мәселе – тәуелсіздік мәселесі болды. Мысалы, Африканың, Азияның жазушыларының көпшілігі енді ғана тәуелсіздік алған, бұрын батыс елдерінің отары болып келген елдер болған. Әлемдегі әдебиетте жаңа үрдістер қалыптасып, әлем әдебиетімен бірге дамып келе жатқан кезең еді. Қазір әлем күрделі жағдайда тұр. Жаһандану заманы. Жер-жерде соғыс жүріп жатыр. Әлемге билігін жүргізу үшін небір қитұрқылық, саяси, әскери шатақтар орын алуда. Адамзаттың ортақ проблемалары, әсіресе экология өте қиындап барады. Адамның құқы, күштінің әлсізге күш көрсетуі сияқты ортақ адамзаттық мәселелер бар. Әдебиет одан айналып өтпейді. Осы тұрғыдан келгенде, «қазіргі әдебиеттегі жаңа тенденциялар қандай, қай бағытты ұстанған дұрыс, кімнен өнеге алуымыз керек, ол бізге, адамзатқа, жеке елдерге, жеке ұлттарға қандай пайда береді?» деген секілді ауқымды мәселелер айтылады. Біздің тараптан да жазушылар сөйлейді. Мәселе кімнің сөйлегенінде емес, жалпы дүниежүзі жазушыларына айтататын ой, айналып келгенде адамзаттың өміріне, қазіргі өмірге байланысты мәселелер. Біз тәуелсіз ел болдық, тәуелсіздік алдық. Содан бері не жасалды, неге зәруміз? Біздің еліміз бейбіт саясат жүргізіп отыр, көп векторлы дейміз, сондықтан бүкіл әлеммен араласқысы келеді, тек қана игілікке, жақсылыққа жұмыс істегісі келеді. Бұл мәселеде жиын өткізу бізге қиындау, сыртқы саясат дегеніміз бүкіл әлемнің қарсыласы ғой, сол әлеммен қарым-қатынастың, сауда ғана емес, мәдени қарым-қатынастың қандай болмағы деген мәселелер көтерілетін болуы керек деп ойлаймын. Жалпы алғанда, соңғы 30 жылда әдебиет туралы әртүрлі әңгіме айтылды. Біреулер «әдебиет тоқтап қалды» деп, үзілді-кесілді айтып жүр. Олай емес. Әдебиет тоқтаған жоқ, әсіресе қазақтың ұлттық әдебиетіне жаңа ұрпақ қосылды, жаңа әдебиеттің жақсы үлгілері қалыптасып келеді. Біз соны әлемге танытуымыз керек. Аллаға шүкір, қазақ басқа халықтардан ақылсыз да, дарынсыз да емес. Керісінше, маған біздің қазақ әдебиеті әлі әлемге танылмай жатқан секілді. Мысалы, біз көбінесе жапон­дарды, парсы елдерін айтып, соларға таңғалып жатамыз. Біздің, біріншіден, насихатымыз аз. Екіншіден, соңғы 30 жылда экономика алға шығып, көптеген рухани мәселелер қалыңқырап қойды. Рас, «Мәдени мұра» деген үлкен бағдарлама болды. Дегенмен, осы әдебиет мәселесі, әдебиетке қамқорлық, әдебиетпен қоғамдық пікірдің санасуы, қоғамдағы әдебиеттің рөлінің жоғарылауы деген секілді нәрселер кейінірек қалып қойды. Тіпті соңғы жылдары халықтың әдебиетпен шаруасы болмай қалды. Біріншіден, тіршілік. Екіншіден, бұрын жан-жақпен араласпаған халық не болса соны қызық көріп, дүниенің, жеңіл қылықтардың соңына түсіп кетті. Соның нәтижесін біз көріп отырмыз. Рухани тұрғыдан едәуір құлдырап қалған кездеріміз болды. «Рухани жаңғыру», « Ұлы даланың жеті қыры» сол себепті жарияланды деп ойлаймын. Айналып келгенде, жаһанданып келе жатқан әлемде біз жойылып кетпейміз бе, ол да бір тасқын, ол тасқында кейде озық әдебиеттер, тек қана әдебиет емес, озық мәдениеттер жеңіп кетеді. Содан біз өзіміздің қазақы кескін, болмысымыздан, дүниетанымымыздан айырылып, «ас ішіп, аяқ босататын» екінші сортты халыққа айналып, қарынның тоқтығын ғана ойлайтын үрдіске беріліп кетеміз бе деген үрей біздің халықтың санасында да бар. Мұны билік те ойлап отыр. Өйткені соңғы қимылдар соны аңғартады. Әрине, «аштан өліп, көштен қалмаспыз». Бірақ өзіміздің болмысымызбен бүкіләлемдік мәдениеттің ішіне ерекше түс болып, кемпірқосақтың бір тіні секілді қосыла аламыз ба, жоқ па деген мәселе біздің саясаттың, ұлттың алдында тұр. Осы қарсаңда форумның өтіп жатуын мен осылай түсінемін және солай істелуі тиіс. Біз бар даусымызбен өзіміздің бүкіл проб­лемаларымызды айтуымыз керек. Әдебиеттегі дарынымыз, біліміміз, дамуымыз жетпей жатқан мәселелерді ашық айтуымыз керек. Айналып келгенде, бұл өте қуанышты жағдай. Қит етсе қазақты әлем танып жатыр деп айта береміз ғой, әлем бізді мықты болсақ қана, біздің әдебиет мықты болса ғана таниды. Кейбірі «қазақтан неге Нобель сыйлығының лауреаты шықпайды?» дейді. Егер біз Нобель сыйлығына тұратындай дүние жасасақ, ол ешқайда қашпайды. Ол сыйлықты алу біздің мақсатымыз да емес. Мәселен, жапон ешқашан ешкімге еліктеген жоқ. Өзінің өмір тіршілігі, жапондық дүниеге көзқарасы, жапондық мұңы, жапондық бағыты туралы жазды. Ал бізде еліктеу басым. Мәселен, Еуропа әдебиетінің көшірмесін, нашар көшірмесін жасағымыз келеді. Қазақ өте данышпан халық. Тек өзінің құндылықтарын жұртқа түсіндіре алмай отырған халық. Біз алдымен қазақты өзіміз түсіне алмай отырмыз. Ақын-жазушыларда еліктеу басым. Жұмекеннің «кейбір елдің құдайы да аударма» деп айтып кеткені бар. Біз үйретінді нәрсені көбірек жазамыз. Ал қазақтың өз дүниетанымы бар. Ол әдебиетте көрінуі тиіс. Қазір қазақ дейтін халық өзімен-өзі қайтадан қауышып жатыр. Қайтадан жоғын түгендеп жатыр. Осылай өзіне оралып жатыр деп ойлаймын. Осы тұрғыдан бұл форумның бізге беретін әсері жоғары болар деп ойлаймын. Солай үміттенемін.

Әзірлеген Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

 

1256 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы