• Тұлға
  • 04 Қыркүйек, 2019

Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы: Мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қажет...

«Ана тілі»: Сіз Елбасының да, ­қа­зіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының да жеке қабылдауында болған жазушысыз. Алғашқы кездесу­де қандай мәселелер талқыланғаны бұқаралық ақпарат құралдарында жазылды. Таяуда ғана Мемлекет басшысының қабылдауында болдыңыз. Кездесуде не мәселе қозғадыңыз? Әңгімемізді осыдан бастасақ... Смағұл Елубаев: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 12 тамыз күні Ақордада қабылдады. Бұл қабылдау өзім үшін ерекше күн болды. Себебі Қасым-Жомарт Кемелұлымен бұрын бұлай кең отырып сөйлеспеген едік. Бірақ соңғы екі жылда мерекелерде хат жазысып тұратынбыз. Әрине, жеке сұхбаттасудың орны бөлек қой. Адамды тұлға ретінде де, пенде ретінде де, саясаткер ретінде де тану үшін жеке кездесудің орны бөлек. Біз Президент кеңсесінің табал­дырығын аттағанда ол кісінің бөлме ортасында тұрегеп тұрғанын көрдік. «Ассалаумағалейкүм!» деді сәл жымиып. Біз: «Әлейкумассалам!» деп сәлем алдық. Осылайша, ә дегеннен арамызда жылышырай ахуал орнады. Үстел басына өтіп тізе бүккеннен кейін де Президент: «Мен сіздің «Ақ боз үй» романыңызды оқыдым. Сенатта жүргенде әсерімді эфир арқылы да айтқанмын» деп бас­тады сұхбатты. Мен күтпеген жерден жылы сөз естіп, іштей көтеріліп қалдым.Алғыс айттым. Сөйтіп, ә дегеннен Президент дипломатиялық көрегендігін танытты. «Сол кітап ашаршылық туралы еді ғой» деп, біз тақырыпты іліп әкеттік. «Өткен ғасырдың 21-жылы болған аштықта 1 млн 700 мың қазақ қырылды. Ал 31, 32, 33-жылдардағы аштықтан көз жұмғандардың саны – 2 млн 300 мың. Сол екеуін қосқанда 4 млн қазақтан айырылыппыз. Енді осынау 1921 жылы болған бірінші ашаршылыққа алдағы 2021 жылы – 100 жыл толады, екінші ашар­шылыққа – 90 жыл толады. Осынау­ ұлттың ұлы қасіретін атап өту – бәрімізге парыз. Өйткені бұл қасіретті ұлт ешқашан ұмытпайды. Осыған орай өзіңіз оқыған «Ақ боз үй» романының «Ғарасат майданы» атты соңғы тарау­ын­ сценарийге айналдырдым. Осы киножобаға Сізден қолдау күтемін!» дедім. Мемлекет басшысы сөзге келместен, бұл жобаға қолдау көрсететінін айтты. «Ана тілі»: Ашаршылықты геноцид деп мойындау туралы мәселе көтерілген еді. Бұл туралы сөз болды ма? Смағұл Елубаев: Нұр-Сұлтан, ­Алматы қалаларында ашаршылыққа арналған бір-бір ескерткіш қойылды. «Мұндай ескерткіштер жеке адамдарға да қойылады. Ал енді халықтың жартысы қырылған ұлттық апатқа лайығы – ­мемориал кешен орнату болар еді!» дедік. Осыны кезінде Нұрсұлтан Әбішұлына да айтқан едік. Ол кісі де қолдаған. «Қымбат болса да, түбінде іске асатын жоба!» деген. Қазақ зиялы­ қауымы бұл тақырыпты 30 жылдан бері көтеріп келеді. Мысалы, Лондон­да Мадам Тюссо­ музейі бар. Қаладағы туристердің ең көп баратын орны. Оның филиалдары әлемнің төрт қаласында жұмыс істеп тұр. Әлі күнге дейін көрермендері үзілмеген музей. Ол музейдің ерекшелігі мынада.­ Ортағасырлық Англия, Франция­да өлімге кесілген адамдардың басын гильотина дейтін машинамен шапқан ғой. Музейде адам басын шабудың осы сәтін балауыз мүсін арқылы «тірілткен» екен. Балауыз мүсіншілердің шеберлігі сондай, құдды тірі адам иығынан бас ұшып түскен сәтті көзбен көргендей боласың. Төбе шашың тік тұрады. Қазақ даласындағы ашаршылық кезінде де дәл осындай кісінің төбе шашын тік тұрғызатын оқиғалар аз болған жоқ. ­Мысалы, ­баласы аштықтан үзілуге айналған кезде­ анасы өз емшегін өзі кесіп баласын тамақтандырған жағдайлар болған. Сол сұмдық көріністі де мемориал кешенде балауызбен «тірілтіп» қоюға болар еді ғой. Оны көрген жанның да төбе шашы тік тұрар еді! Бұл – бір. Екіншіден, мен Сіздің әкеңіз Кемел Тоқаев туралы жазған «Әке туралы толғауыңызды» оқыдым. Тоқа атаңыз балаларын аман алып қалу үшін Қырғызстанға шұбырған ғой. Тоқа Бішкек маңында бір Игорь деген орысқа жалданып тоқал тамын паналайды. Жол азабынан зардап шеккен Тоқаның әйелі сал болып төсек тартып жатып қалады. Үйде өзге адам жоқ кезде еңбектеп жүрген кішкентай қызы жанып жатқан отқа түсіп кетеді. Сал боп жатқан ана байғұс көз алдында шырылдап жанып жатқан баласын құтқара алмай өзі де жан тапсырады. Мінеки, осы сұмдық көріністі де балауыз­ мүсін арқылы «тірілтуге» болар еді. Сол сияқты ­Мекемтас Мырзахметовтың бала кезінде бастан кешкен жан шошырлық оқиғасы бар. Ашаршылық жылдары анасы, қарындасы үшеуі шанамен келе жатқанда соңдарынан бір топ қасқыр қуады. Сонда анасы ұлын құтқару үшін қызын қасқырларға қарай лақтырады. Аш қасқырлар шырылдаған балаға бас салған кезде бұлар қашып аман-есен құтылып кетеді. Балауыз мүсінге сұранып тұрған ашаршылықтың осындай кісі шошырлық көріністері көп. Осыларды балауыз мүсінмен «тірілтіп» мемориал кешенге қояр болсақ, ­кешенге кірген кез келген адам ұлтына қарамастан, көз жасы мөлтілдеп шығар еді. Сондықтан осынау­ мемориал кешен туралы идеяны біз айта береміз. Өйткені төрт миллион халықтың аруағын ұлықтауға мемориал кешен ғана лайықты деп білеміз» дедік. «Идеяға бір ғана кедергі бар. Ол – біздің солтүстік көршіміз» деді Президент. Біз «Сіз қазаққа қарсы жасалынған бұл қылмысқа ешбір өзге халық кінәлі емес» дедіңіз ғой. Шынында да солай. Бұл қылмысты жасаған екі-ақ адам. Ол – Сталин мен Голощекин» дедік. Президент бұл ұсыныстарды жазып­ алып отырды. Тақырыпқа орай Қазақстанда бір балауыз мүсінші бар екенін де айтты. «Ана тілі»: Жуырда Алматы қала­сының әкімі Б.Сағынтаев ақын-жазушылармен кездесті. Сонда сіз «Түк бітірмеген Тіл заңына биыл 30 жыл толады» деген екенсіз. Оны шешудің бірнеше жолын да ұсындыңыз. Президентпен болған кездесуде тіл мәселесі қай қырынан көтерілді? Смағұл Елубаев: Президент қабыл­дауынан он күн бұрын «Егемен Қазақстанда» «Қазақ қайтсе бақытты болады?» деген Тіл туралы заңның 30 жылдығына арналған көлемді мақалам шыққан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев оны оқыпты. Сондықтан мен тілге қатысты барлық проблеманы ­айтып, уақыт кетірмедім. Дегенмен, өз ойымды қысқаша жет­кіздім.Тіл заңы түк бітірмеді. Бітір­меген себебі қалада тұратын қа­зақтардың арасында отыз жылда отыз ауыз қазақша үйренбегендер толып жатыр. Ал сырттан келген жапон студенті болса қазақшаны бір-ақ жылда меңгергенін көрдік. Бұл нені көрсетеді? Бұл Тіл заңымыздың түк бітірмегенін көрсетеді. Америка, Қытай, Еуропада оқып жүрген қазақ жастары өзара орысша сөйлеседі. Бұл біздің тіл майданында үлкен олқылығымыздың тірі мысалы. Тіл мәселесінде өз халқымызға өзіміз ие бола алмай қалғанымызды көрсетеді. Бұл мәселені отыз жылдан бері қазақ баспасөзі күн құрғатпай көтерумен келеді. Өйткені Қазақстандағы тіл ахуалына қазақтың көңілі толмайды. Тұрақтылық, бейбітшілік, татулық дедік. Тіл заңы қабылданған кезде қазақ халқының елдегі үлесі 39 пайыз болатын. Және ол совет өкіметінің көзі тірі кез еді. Ал қазір біз тәуелсіз елміз, республикада қазақ халқының үлесі 73 пайызға жетті. Осы жағдайды ескеріп, ескірген Тіл заңын қайта қарайтын мезгіл жетті. Мұны ескермеу, қол қусырып отыра беру ендігі жерде біз мәпелеген, төбемізге көтерген тұрақтылықтың өзіне қатер келтіруі мүмкін. Тыныштық керек болса, елдегі демографиялық жағдайды ескеріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруіміз керек. Қазір бәрі өзгерді. Бәрі түсінеді. Мемлекеттік тілді талап етсеңіз, «Неге талап еттің?» дейтін адам табылмайды. Ал енді осы әбден ушығып тұрған тіл мәселесін оппозицияға беріп қойсақ не болады? Бүкіл қазақ соларды қолдап кетеді. Бұл ащы шындықты билік білуі керек. Тіл мәселесін көшеге, митингілерге беріп қоймай, кешіктірмей шешкен дұрыс. Ол үшін түк бітірмеген Тіл заңын қайта қабылдау керек. Мінеки, Президент алдында тіл туралы ойымыз осылай өрбіді. Оған қоса барлық наразылықтардың негізінде жоқшылық жататынын да жасырмадық. Жастар арасында белсіздік өршіп бара жатқанын да тілге тиек еттік. Бұрын қазақ халқында ілуде бір кездесетін бұл індетті бүгінде әрбір бесінші отбасы бастан кешіп отырғанын айттық. Бұның себебі шетелден келіп жатқан азық-түлікке бақылаудың нашарлығынан дедік. Шетелден келіп жатқан азық-түлікті бақылауды ұлттық қауіпсіздік деңгейіне көтеру керек дедік. Өйтпейді екенбіз, біздің тұқымымыз айдың-күннің аманында тұздай құруы мүмкін. Президент осы ұсыныстардың бәрін түсіністікпен қабылдады. Біз Президент қабылдауынан оптимистік рухта шықтық. «Ана тілі»: Ол заңда қандай баптар қарастырылуы тиіс? Смағұл Елубаев: Қазіргі заң «Тілдер туралы» Заң. Енді «Мемлекеттік тіл туралы» жеке заң қабылдайтын мезгіл жетті. Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін заң болуы керек. Қазіргі Конституциядағы «орыс тілі – ресми тіл» деген баптан құтылу керек. Өйткені «ресми тіл» деген сөз – шынтуайтында, «мемлекеттік тіл» деген сөз. Сөйтіп, бүгінгі Ата Заң бойынша Қазақстанда іс жүзінде екі мемлекеттік тіл қатар өмір сүріп келеді. Мемлекеттік тілді мойындамайтын кез келген адам осы бапты қазақ тіліне қарсы тоқпақтай сілтеп келеді. Осы бап – мемлекеттік тілдің мемлекеттік мекемелерде толық қанат жаюына басты кедергі. Содан кейін мемлекеттік балабақ­шаларды қазірден бастап мемлекеттік тілге көшіру керек. Ол не үшін керек? Ол Қазақстанда тұратын орыстанған қазақтың да, басқа ұлт өкілдерінің де еңбек құқын қорғау үшін керек. Олар ертең мемлекеттік тілді білмейтін болса, мемлекеттік қызметкер бола алмайды. Ол күн алыс емес. Сондықтан да, ең дұрысы, барлық мемлкеттік мектеп бір бағдарламаға негізделген болуы керек. Бір бағдарламамен оқып, негізгі тіл – мемлекеттік тіл, кейін орыс тілі мен әдебиеті – орысша, ағылшын тілі мен әдебиеті ағылшынша оқытылуы керек. Ол мектепті бітірген балалар ұлтына қарамай, алдымен мемлекеттік тілде сайрап шығуы керек. Онсыз бүгінде біз екі тілде сөйлейтін екі түрлі ұрпақ дайын­дап жатырмыз. Тілдік бірлік болмаса, елдік бірлік қайдан болмақ!? Бір-бірінің тілін түсінбейтін ұрпақта түбегейлі бірлік қайдан болмақ!? Көп кешіктірмей барлық мемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік тілден емтихан алу керек. Отыз жылда отыз сөз үйренбегендер қызметтен кетуі тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тіл білуі бұл қызметте оларға қойылатын бірінші шарт болуы қажет. Орыс тілін осы үйренгеніміз де жетер! Өз тілімізде сөйлей алмай күллі әлемге күлкі болдық. «Қазақ – өз тілі жоқ халық» деді Жириновский. Соның айтқаны келді. Шетелдегі студенттеріміз соны дәлелдеп жүр. Қазақстанда қазақ тілінің бұлайша қор болуы тәуелсіздікке көлеңке түсірді. Тәуелсіздіктің қадірін кетірдік. Тәуелсіздікке неге ұмтылады халықтар? Не үшін қан кешеді? Өзін-өзі сақтау үшін. Тілін, дінін, елін, жерін сақтау үшін. Бізге тәуелсіздік аспаннан түскендей болды да, соның бағасын білмей, қадірін кетірдік. Мемлекеттік тілдің басқа жерде емес, өз елінде мүшкіл күй кешуі, бұл – масқаралық! Бұдан өткен масқаралық жоқ! Енді ес жию керек!!! «Ана тілі»: Тілін, дінін деп айтып қалдыңыз ғой. Елімізде дін мәселесі де ушығып тұр. Бұл тұрғыда да сіздің айтарыңыз мол екенін білеміз... Смағұл Елубаев: Бүгінде парақорлық, жемқорлық, ұрлық-қарлық, азғындық, ажырасу, педофилдік, гомосексуализм, нашақорлық, әкеден безу, ­баласын сату тәрізді біздің ұлттың бойында бұрын болмаған сұмдықтар шығып ­жатыр. Социализм бізге құдайсыздықты, имансыздықты алып келді. Сайтани­ қоғам орнатты. Соның салдарын әлі тартып жатырмыз. Бүгінде үйлен­ген­ жастардың қырық пайызы­ ажырасады. Бес жүз мыңдай қыз-келіншектеріміз тұрмыс құра алмай жүр. Ол демографиялық тұрғыда бір миллиондай қазақты жоғалту деген сөз. Мұндай сұмдықтар бұрынғы дәстүрлі қазақ қоғамында болмаған. Ол кезде тек қана барымта болған еді. Оның өзі, шынын айтқанда, ұрлық емес, жігіттер арасындағы әскери жаттығу сияқты болатын. Жылқы қуып кету, ат үстінде сойылдасу – жігіттердің әскери дайындығын сақтау үшін қажет болды. Ал қалған қылмыстардың ол кезде бірі де болмап еді. Болса, айтыңыздар! Дәлелдеңіздер! Мен сол ескі ауылдың ішінен шыққан жанмын. Көз көрген­діктен айтып отырмын. Ал енді сол университеті, кітапханасы, театры, киносы, теледидары, мектебі болмаған, тек дін үйрететін медресесі ғана болған қоғамда жаңағыдай төбе шашыңды тік тұрғызатын қылмыстар болмағанын айтып отырмын. Тіпті көшпелілер үй есігіне құлып та салмайтын. Оның себебі не? Себебі адамдарда иман болатын. Қазақ иман жинауға күш салатын. «Имансыз» деген сөз – ең ауыр сөз болды. Иман қайдан келді? Ол діннен келді. «Ертең Құдай алдына барамыз, әр істеген амалымызға жауап береміз» ­деген сенімнен келді. Ата-бабаларымыз­ О дүниеге сенді. Сондықтан да біз ұрлық-қарлық, парақорлық, азғындық, ұлттық деградациямен күрестің жалғыз жолы жаппай иманға бет бұру деп білеміз. Яғни дәстүрлі дінімізді қалыпқа келтіру деп білеміз. Ол дегеніміз, отырып алып таңнан кешке дейін намаз оқи беру ­деген сөз емес. Алла адамның жүрегінде болуы керек, ал екі қолы жұмыста ­болуы керек. Біздің ата-бабаларымыз, әсіресе сопылық ағымның ірі пірлері Құл Қожа Ахмет Ясауи, Бахауаддин Нақшбанди пірлер осыны насихаттап өтті. Бұл мыңдаған жылдар бойы бізді адам қылып, халық қылып сақтап келген, біздің ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дін, имани болмысымыз. Біз бұған бет бұрмайтын болсақ, азғындық жолына түсеміз. Ол жолға түскен елдер­дің қайда баратынын білесіздер. ­Мысалы, Еуропа, Америка­ бір ­жынысты некені заңдастырды. Ол ұрпақ өмірге келмесін деген сөз. Азғындықтың одан өткен түрін табу қиын. Түбінде бұл елдер өз қызымен өзі ойнауды, өз ұлына өзі күйеуге шығуды да адам құқы деп заңдастыратын шығар. Өйткені батыстық либерализм құдайсыздық жолына түскелі сайтан жолымен тартып келе жатқаны аян. Мінеки, осы рухани апаттан бізді дәстүрлі дініміз, иманымыз ғана қорғай алады. Онсыз біз батысқа ілесіп кете берер болсақ, түптің-түбінде қайтып шықпас құрдымға кетеріміз хақ. «Ана тілі»: Қожа Ахмет Ясауи туралы айтып қалдыңыз. Кезінде сіздің «Ясауи» деген сценарий жазғаныңызды білеміз. Оны Елбасымен кездескен кезде қолына тапсырғаныңызды да айтқансыз... Смағұл Елубаев: Рас, Біз Құл Қожа Ахмет Ясауи туралы сценарий жаздық. Біздің ата-балаларымыз, яғни Дешті Қыпшақ даласы кезінде сопылықтың арқасында мұсылман болды. Ясауи тарихатының арқасында. Соны ұмытып қалдық. Енді кейбір мұсылмандар – сопылықты мұсылмандық емес деп жүр, Ясауиге шекесінен қарайтындар шықты. Бұлар бірер адам емес, көпшілік. Бұлар кезінде сопылыққа қарсы майдан ашқан ағым. Дешті Қыпшақты ислам дініне алып келген Қожа Ахмет Ясауи тұлғасын, бүкіл даланы исламдандыру жолындағы оның жанкешті еңбегін, сол жолда пайғамбар сынды басын бәйгеге тіккен жанкештілігін көрсетсек деген ниет болды. Ясауи тәңірлік дүниетаным мен Ислам дінінің ортасынан бір жол тапты. «Тәңір» сөзін «Алла» деген сөзбен тең қойды. Сөйтіп, Тәңірге, табиғатқа табынатын біздің далалық көшпелі ата-бабаларымыздың бетін бері қаратты. Біз сол үшін, мұсылман болғанымыз үшін Ясауидің алдында қарыздармыз. Сол парызды өтеу үшін жазылған ­сценарий болатын. Ол дінаралық дау-дамайды тағы да өршітіп жіберер деген сақтықтан тоқтап тұр. Бірақ ол бәрібір жасалады. Біз сақтық ойлап жүргенде, күдіктеніп жүргенде Ясауиді түріктер, не өзбектер, не түрікмендер экранға шығарары хақ. Сөйтіп, біз Ясауиден айырылып қалатын боламыз. Ол сонда әлем алдында қазақтың емес, өзгенің Ясауиі болып шықпақ. «Ана тілі»: Сіздің бұған дейін де қаншама кинофильмдерге сценарий жазғаныңызды білеміз. «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», «Қазақ хандығы. ­Алтын тақ» фильмдері шықты. Қазіргі көрермендерге тағы қандай тарихи тақырыптағы фильмдер керек деген ойдасыз? Смағұл Елубай: Біріншіден, осы «Қазақ хандығы» деген киножобаның идея авторы және қолдап-қорғаушысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы болды. Сол кісі тапсырыс бермегенде біз «Алмас қылыш», «Алтын тақ» деген фильмдердің сценарийін жаза алмаған болар едік. Оны қазақтың аса талантты режиссері Рүстем Әбдірәшев түсіре алмаған ­болар еді. Сол тапсырыстың арқасында 5-6 жылға созылған еңбек нәтижесінде қазақ өз тарихымен экранда қауышты. Талантты режиссердің, шығармашылық топтың арқасында Қазақ хандығының тарихы тірілді, Қазақ халқының еңсесі көтерілді. Оны мен көрермендермен тілдескенде көріп, естіп жүрмін. Олар бұл тарихи киножобаның жалғасын сұрайды. Мінеки, осы тақырыпты біз Қасым-Жомарт Кемелұлына да айттық. Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында өмірге келген жоба ары қарай жалғасын табуы керек дедік. Кино саласында екі жанрды мемлекет ерекше қамқорлыққа алуы керек дедік. Біріншісі: тарихи­ жанр, екіншісі: болашағымыз – балаларға арналған фильмдерге ерекше қамқорлық керек дедік. Өз басым кино саласында осы екі жанр үшін күресіп келемін, күресе де беремін. «Ана тілі»: Президентпен кездесу барысында қаламгерлердің мәселесі, әдебиет төңірегіндегі әңгіме де сөз болған болар? Смағұл Елубаев: Әрине, қазақ әдебиетінің поэзия жанры қазір қатты даму үстінде. Оған қуанамыз. Бірақ проза, оның үлкен жанры – роман басына бұлт үйірілгенін де көріп отырмыз. Тек Қазақстандағы емес, бұл бүкіләлемдік тренд. Жұрт назары экранға, телефонға ауды. Кітап оқып отырғандарды көрмейтін болдық. Ал енді бұны қалыпқа келтірудің жалғыз жолы бар. Ол – қазақ тілін қалыпқа келтіру. Қазақ деген халықты өзінің ана тілінде өмір сүруге бейімдеу. Талап ету. Онсыз біз тілден айырыламыз. Тілден айырылсақ, әдебиеттен, елден айырыламыз. Ұлтсыз қара тобырға айналамыз. «Ана тілі»: Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы ақын-жазу­шылармен кездескенде, қаламгерлердің жағдайын түзеуге, қаламақыға қатысты біраз ұсыныс айтқан еді... Смағұл Елубаев: Қала әкімі Бақыт­жан­ Сағынтаев Қазақстан Жазушылар одағында осыдан оншақты күн бұрын қаламгерлермен кездесу өткізді. Бұл біздің Жазушылар одағы тарихындағы ерекше кездесу болды. Иманғали Тасмағамбетовтен кейін одақтың табалдырығын аттаған әкім болмап еді. Иманғали қолдан келген көмегін жасады. Қанша адамға үй алып берді, одақты қолдады, басқа да қолдау танытты. ­Содан кейін біз жаңа әкіммен кездескенде, көптеген ақын-жазушылар көз жасын орамалға түйіп келген болатын. Сол көздің жасы ақтарылар дегенбіз. Бірақ олай болмады. Бақытжан Әбдірұлы бұл ахуалдың алдын алды. Ә деп сөз алғаннан өзінің жазушыларға ­деген қамқорлығын ­жария етті. Қаланың бюджетінен отыз жазушыға 500 мың теңге көлемінде грант бөлінетінін жариялады. Жақсы әдеби шығармалар мен пьесаларға қала бюджеті есебінен байқау жарияланатынын хабарлады. Біз сол байқауда балалар әдебиеті басты назарда болуы керек деген ұсыныс түсірдік. Өйткені бүгінде мектеп балалары ана тілінде оқитын тұшымды кітап іздеп сенделіп кетті. Жалғыз Соқпақбаев еңбектері қашанғы азық болады? Қашанға дейін оқиды оны балалар? Сондықтан бүгінгі күннің Соқпақбаевтарын шығару үшін балалар әдебиетінің беделін көтеру керек және балаларға арналған шығармаларға бәйге жариялау керек. Оған бәріміз де үлес қосуымыз қажет. Сөйтіп, біз болашағымызды қалыптастыруымыз керек дедік. Қала әкімі Жазушылар одағының үйін де күрделі жөндеуден өткізіп ­беруге уәде етті. Бұл кездесуде Бақытжан Сағынтаевтың шын мәнінде ірі мемлекет қайраткері, халыққа, оның мәдениетіне деген қамқор тұлға екеніне көзіміз жетті. ...Әңгімемізді ел Президентімен бол­ған­ кездесуден бастаған едік. Сол кездесу­мен аяқтағымыз келіп отыр. Әрине, бір кездесуде көкейде күбірлеген көп күдіктің бәрін түгендеп шығу мүмкін емес еді. Соның бірі – Қытайдың 52 ­зауытын Қазақстанға көшіру жөніндегі екі ел басшылары жасасқан келісім еді. Бұл келісімнің Қытайдың ұлттық мүддесіне сай келетіні күмән тудырмайды. Өйткені 52 ­зауытпен бірге Қазақстанға мыңдаған қытай жұмысшылары келеді. Олар келсе, қалайда Қазақстанға орнығуды көздейді. Қазақстанда қытай диаспорасын көбейту Қытай елі үшін стратегиялық мүдде. Ал Қазақстан үшін бұл келісімнен не пайда?! Тактикалық тұрғыдан Қытайдан миллиардтап қарыз алу үшін қажет болған шығар. Бірақ стратегиялық тұрғыдан бұл 52 зауыт Қазақстандағы Қытай экспансиясына кең жол ашпай ма? Бүгінгі күннің қаражат проблемасын шешеміз деп біз қазақтың ертеңгі ұрпағы үшін айықпас проблема тауып бермейміз бе?! Сонда ертеңгі жас ұрпақ миллиард қытай экспансиясымен қалай күреспек?! Бізді бүгінде осы сұрақтар мазалайды. Бізді ғана емес, күллі қазақты мазалайды. Осындай жан ауыртар сауалдарға жауап таба алмай отырмыз. Әлде біз естімей қалдық па?! Бұл келісім тек ғана бүгінгі ел тағдырына емес, ертеңгі ел тағдырына тікелей әсер ететін шешім болғандықтан, бұл сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берілуі керек еді. Өткен кездесуде Президенттен осы сұраққа жауап беруді өтінбегенім үшін бүгінде өкініп жүрмін. Осы сұхбат дайындалып жатқан кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Жолдауда «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде рөлі күшейіп, оны ұлтаралық тіл деңгейіне көтеретін мезгіл жетті» делінді. Біз қуанғаннан «Иә, Алла!», «Иә, Алла!» дей бердік. «Ана тілі»: Әсерлі сұхбатыңызға рақмет! Шығармашылығыңызға табыс­тар тілейміз.

Сұхбаттасқан Әсел САРҚЫТ

1323 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы