• Қоғам
  • 22 Желтоқсан, 2010

Астана мерекелік декларациясы

Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында 1. Біз, ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекеттің мемлекет және үкімет басшылары, Ыстамбұлдағы жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ-ның бұдан бұрынғы Кездесуінен кейін 11 жыл өткен соң Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте келісілген қағидаттарға, бірлескен міндеттемелер мен ортақ мақсаттарға негізделген еркін, демократиялық, ортақ және бөлінбес еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын өзіміздің жақтайтындығымыз туралы тағы да мәлімдеу үшін Астанада жиналдық.Хельсинки Қорытынды актісінің 35 жылдығын және жаңа Еуропа үшін Париж хартиясы қабылдануының 20 жылдығын атап өте отырып, біз осы Ұйым негізделген қағидаттардың өзектілігін және біздің оны жақтайтынымызды тағы да қуаттаймыз. Біз айтарлықтай прогреске қол жеткіздік, бірақ та бұл ретте осынау арқаулық қағидаттар мен біз әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдер саласында, әсіресе, адам құқық­тары мен негізгі еркіндіктері саласында өзіміз мойнымызға алған міндеттемелердің толық құрметтелуі мен орындалуын қамтамасыз ету үшін көбірек іс атқару қажеттігін де мойындаймыз. 2. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын және Хельсинки Қорытынды актісінен, Париж хартиясынан, Еуропалық қауіпсіздік хартиясынан және ЕҚЫҰ-ның біз келістірген барлық басқа құжаттарынан бас­тап ЕҚЫҰ аясында қабылданған нормаларды, қағидаттар мен міндеттемелерді өзіміздің толық жақтайтындығымызды, сондай-ақ олардың адал да толық орындалуына өз жауапкершілігімізді қуаттаймыз. Біз баршаны қамтитын, бастауын Қорытынды акт қалап берген ынтымақтастыққа, тең де бөлінбес қауіпсіздікке негізделген және адам құқығы мен негізгі еркіндіктерін құрметтеуді бейбітшілікті орнықтырумен үйлестіретін және экономикалық әрі экологиялық ынтымақтастықты бейбіт мем­лекетаралық қатынастармен байланыс­тыратын тұғырнаманы жақтайтындығымыз туралы тағы да мәлімдейміз. 3. Қатысушы әрбір мемлекеттің қауіпсіздігі басқа барлық мемлекеттердің қауіп­сіздігімен ажырағысыз байланысты. Әрбір қатысушы мемлекеттің қауіпсіздікке деген тең құқығы бар. Біз әрбір қатысушы мемлекетке тән өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету әдістерін олардың эволюциясына қарай, одақтас шарттарын қоса алғанда, еркін таңдау немесе айырбастау құқығын тағы да қуаттаймыз. Әрбір мемлекеттің сондай-ақ бейтараптыққа құқығы бар. Әрбір қатысушы мемлекет бұл тұрғыда басқа барлығының құқықтарын құрметтейді. Олар өз қауіпсіздігін басқа мем­лекеттердің қауіпсіздігі есебінен нығайтпайтын болады. ЕҚЫҰ аясында бірде-бір мемлекет, мемлекеттер тобы немесе ұйым ЕҚЫҰ өңірінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнықтыру үшін басым жауапкершілікке ие бола алмайды немесе ЕҚЫҰ-ның қандай да бір өңірінің бөлігін өз ықпалының саласы ретінде қарастыра алмайды. Біз халықаралық құқық бойынша міндеттемелерімізді, сондай-ақ басқа мемлекеттердің заңды қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, қауіпсіздік саласында өзіміздің заңды дербес немесе ұжымдық қажеттілік­терімізбен сәйкес келетін әскери әлеуетті ғана сақтайтын боламыз. Біз одан әрі ЕҚЫҰ аясында қабылданған қағидаттар мен міндеттемелердің бәрі бірдей әрбір қатысушы мемлекетке тең жағдайда таралатынын тағы да қуаттаймыз және де оларды толық көлемінде орындауға қатысты өз аза­маттарымыздың алдында есеп беретінімізді және бір-біріміздің алдындағы жауапкершілікті атап көрсетеміз. Біз бұл міндеттемелерді өзіміздің ор­тақ жетістігіміз ретінде қарастырамыз, сондықтан да олар барлық қатысушы мемлекеттер үшін тіке­лей және заңды қызығушылық туғызады деп санаймыз. 4. Бұл нормалар, қағидаттар мен міндеттеме­лер бізге бұрынғы егесті еңсеруде прогреске қол жеткізуге және ЕҚЫҰ-ның бүкіл өңірін­де демократия, бейбітшілік және бірлік жолында бұрынғыдан да ілгерілеуге мүмкіндік берді. Олар ХХІ ғасырда Хельсинки және Парижде белгіленген біздің барлық халықтарымыздың мүдделері тұрғысындағы жоғары мақсаттарды іске асыру жөніндегі біздің бірлескен жұмысымызда одан әрі бағдарлаушы болып қалуы тиіс. ЕҚЫҰ-ның осы және басқа барлық құжаттары қатысушы мемлекеттер үшін бір-бірімен және олардың аумақтарындағы барлық адамдармен үндесудің айқын нормаларын белгілейді. Осынау берік іргетасты одан әрі нығайтуды жалғастыруға табандылық таныта отырып, біз мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың арасында қауіпсіздікті, сенім мен тату көршілікті нығайту жөніндегі өз міндеттемемізді тағы да қуаттаймыз. Осыған байланысты біз ЕҚЫҰ-ның рөлі бұрынғысынша айрықша маңызды екендігіне сенімдіміз және оны одан әрі күшейткен жөн. Біз ЕҚЫҰ-ның тиімділігі мен ықпалдылығын арттыру жұмысын жалғастыратын боламыз. 5. Біз ЕҚЫҰ-ның еуроатлантикалық және еуразиялық өңірде құрамы жағынан барынша кең және қауіпсіздік бойынша баршаны қамтитын өңірлік ұйым ретінде мемлекеттердің консенсусы және егемендік теңдігі негізінде, ашық үнқатысуды дамыту, қақтығыстарға жол бермеу және реттеу, өзара түсіністікті арттыру және ынтымақтастықты нығайту үшін бірегей форум қызметін жалғастырып отырғанын мойындаймыз. Біз ЕҚЫҰ Хатшылығы, Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссар, Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро және БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкіл, сондай-ақ олардың мандаттарына сәйкес қатысушы мемлекеттерге ЕҚЫҰ аясында қабылдаған міндеттемелерін орындауда жәрдемдесу ісіндегі жергілікті орындардағы ЕҚЫҰ құрылымдары жүргізіп отырған жұмыстардың маңыздылығын атап көрсетеміз. Біз ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясымен ынтымақтастықты белсенді ету табандылығын жақтаймыз және оның қауіпсіздік пен демократияны нығайту және ЕҚЫҰ-ның барлық өңірлерінде және қатысушы мемлекеттерде әл-ауқатты арттыру жөніндегі, сондай-ақ қатысушы мемлекеттер арасындағы өзара сенімді арттыру жөніндегі оның күш-жігерін ынталандырамыз. Біз сондай-ақ Ұйымның сенім мен қауіпсіздікті нығайтудың тиімді шараларын әзірлеудегі елеулі рөлін де мойындаймыз. Біз олардың толық орындалуын жақтайтынымызды және олар біздің ортақ әрі бөлінбес қауіпсіздігімізге елеулі үлес қосуын жалғастыруын қамтамасыз етуге деген өз табандылығымызды тағы да қуаттаймыз. 6. Қауіпсіздіктің адами, экономикалық-эко­логиялық және әскери-саяси өлшемдері аясында біртұтас бірлік ретінде қарастырылатын қауіпсіздік мәселелеріне деген ЕҚЫҰ-ның баршаны қамтитын және ынтымақтастыққа негізделген көзқарасы алмастырылмай қала береді. Адами тұлғаға тән қасиеттер баршаға ортақ қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып табылатынына сенімді бола отырып, біз адам құқығы мен негізгі еркіндіктері ажыратылмайтынын және оларды қорғау мен ынталандыру біздің ең бірінші міндетіміз болып табылатынын тағы да мәлімдейміз. Біз адами өлшем саласында қабылданған міндеттемелер барлық қатысушы мемлекеттер үшін тікелей және заңды қызығушылық туғызатын мәселелер болып табылатынын және тиісті мемлекеттердің тікелей ішкі істеріне жатпайтынын үзілді-кесілді және түпкілікті қуаттаймыз. Еркін де адал сайлауды және заң үстемдігін қоса алғанда адам құқығын, негізгі еркіндіктерді, демократияны құрметтеуді толық көлемде қамтамасыз етуде бізге көмектесетін азаматтық қоғам мен азат БАҚ-тар атқаратын маңызды рөлді бағалаймыз. 7. Біздің жолымызда елеулі қатерлер мен сынақтар қалып отыр. Сенімсіздікті және қауіпсіздік туралы түсініктердегі қайшылықтарды еңсеру қажет. Әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдер саласындағы біздің міндеттемелеріміз толық көлемде орындалуы тиіс. Адам құқығына, негізгі еркіндіктерге, демократия мен заң үстемдігіне кепілдік берілуі және құрметі арттырылуы қажет. Діни және наным еркіндігін орнықтыру жөніндегі және төзімсіздікпен және кемсітушілікпен күрес жөніндегі күш-жігерді өсіре түскен жөн. Экономикалық-экологиялық сынақтардың біздің өңірдің қауіпсіздігіне ықпал етуіне байланысты проблемаларды шешуде өзара тиімді ынтымақтастық одан әрі дами түсуі қажет. Энергетикалық қауіпсіздік проблемалары бойынша, соның ішінде біздің ынтымақтастығымыздың келісілген қағидаттары туралы үнқаты­суымызды жандандыру керек. ЕҚЫҰ өңірінде бар қақтығыстарды бейбіт құралдармен реттеу, келіссөздер жолымен, келісілген форматтар аясында, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында, сондай-ақ Хельсинки Қоры­тынды актісінде бекітілген халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттарын толық құрметтеу жағдайында реттеу мақсатындағы күш-жігерді өсіре түсу керек. Жаңа дағдарыстардың пайда болуына жол беруге болмайды. Біз қандай да бір тұрғыда Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттарымен және қағидаттарымен немесе Хельсинки Қорытынды актісінің 10 қағидатымен сыйыспайтын күш қолдану немесе күш қолдану қоқан-лоқысынан бас тартуға міндеттенеміз. 8. Қарапайым қару-жарақты бақы­лау режімдері және сенім мен қауіпсіздікті нығайту әскери саладағы тұрақтылықты, болжамдылықты және ашықтықты қамтамасыз етудің негізгі құралдары болып қалуда, оларды жаңарту және жаңғырту, оларға жаңа тыныс беру қажет. Біз қауіпсіздік саласындағы Ынтымақтастық жөніндегі форумның жұмысын бағалаймыз және 1999 жылғы Вена құжатын жаңартуды мүдделілікпен күтудеміз. Біз ЕҚЫҰ-ның барлық қатысушы мемлекеттері үшін тұрақты да болжамды ахуал құруға Еуропадағы қарапайым қарулы күштер туралы келісімнің қосқан үлесін бағалаймыз. Біз ЕҚҚКК толық мәнінде орындалмай отырғанын және ЕҚҚКК бейімдеу туралы келісім (ЕҚҚККБ) күшіне кірмегенін атап өтеміз. Қалыптасқан тығырық ахуалын еңсеру жөніндегі күш-жігердің жандануын атап өте отырып, біз қазіргі кезде 2011 жылғы келіссөздерге жол ашуға тиіс консультациялардың өтіп жатуына өз қолдауымызды білдіреміз. 9. Сонымен қатар қазіргі күрделі де өзара байланысты әлемде пайда болып жатқан лаңкестік, ұйымдасқан қылмыс, жасырын көші-қон, жаппай қырып-жою қаруының таралуы, киберқатерлер, сондай-ақ жеңіл және ату қаруларының заңсыз айналымы, есірткілер мен адам саудасы секілді трансұлттық қатерлерге қарсы тұрудағы мақсаттар мен іс-қимыл бірлігіне көбірек қол жеткізуге тиіспіз. Осындай қатерлер біздің өңірде немесе одан тыс жерлерде пайда болуы мүмкін. 10. Біз ЕҚЫҰ өңіріндегі қауіпсіз­дік көрші өңірлердегі, әсіресе, Жерорта теңізі мен Азия өңірлеріндегі қауіпсіздікпен ажырағысыз байланыста екенін мойындаймыз. Сондықтан бізге ынтымақтастық жөніндегі әріптес­терімізбен өзара іс-қимыл деңгейін арттырған жөн. Атап айтқанда, біз әрбір қатысушы мемлекеттің мүмкіндіктері мен ұлттық мүдделерін ескере отырып, тұрақты, тәуелсіз, өркендеуші және демократиялық Ауғанстанды құруға жәрдемдесу жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың ұжымдық күш-жігеріне тиімді үлес қосу қажеттігін атап көрсетеміз. 11. Біз еуропалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларды құптаймыз. Корфу үдерісі белсенді етуге жәрдемдескен қауіпсіздік проблемалары бойынша біздің үнқатысуымыз өзімізге барлық үш өлшем бойынша біз бетпе-бет келіп отырған осы және басқа сынақтарға назарды күшейтуге көмектесті. Іс-қимыл уақыты жетті, сондықтан да біз осы сынақтарға қарсы тұруда нақты да іске асарлық мақсаттар­ды анықтауға тиіспіз. ЕҚЫҰ-ның біз үшін ортақ өңіріндегі барлық кеңістікте баршаға ортақ, ынтымақтастық пен бөлінбес қауіпсіздікке негізделген қоғамдық идеяны толық мәнінде жүзеге асыру үшін табанды түрде бірлесе жұмыс істемекпіз. Бұл қауіпсіздік қоғамдастығы ХХІ ғасыр сынақтарына жауап іздеуге бағытталған болуы тиіс және барлық үш өлшемде ЕҚЫҰ аясында ортақ нормаларды, қағидаттар мен міндеттемелерді біздің толық сақтауымызға негізделуі тиіс. Ол шектеу сызықтарынан, жанжалдардан, ықпал ету салалары мен түрлі қауіпсіздік деңгейі бар аймақтардан ада бүкіл еуро­атлантикалық және еуразиялық өңірдегі барлық қатысушы мемлекеттерді біріктіруі тиіс. Біз мемлекеттеріміз арасындағы және олар мүшелері болып табылатын тиісті ұйымдар мен институттар арасындағы ынтымақтастық теңдік, әріптестік өзара іс-қимыл, кең өкілділік және ашықтық қағидаттарына құрылуы үшін жұмыс істейтін боламыз. Өзіміздің сан алуандылығымыздан күш алатын біздер ЕҚЫҰ аясында және басқа тұрпатта іс-қимыл жасай отырып әлсіремейтін табандылықтың және бірлескен күш-жігердің арқасында осынау өзекті мақсатқа қол жеткізу ниетіне берікпіз. 12. Осы мақсатта біз келесі Іс басындағы төрағаға қатысушы мемлекеттер ұсынған, соның ішінде Корфу үдерісі аясында және Астанадағы жоғары деңгейдегі Кездесуге әзірлік барысында ұсынылған идеялар мен ұсыныстарды ескере отырып, қазіргі бар тұрпаттар аясындағы бұдан былайғы қадамдарды жүзеге асыру үдерісін ұйымдастыруды тапсырамыз және қазақстандық Төрағалықта жасалған әзір­ленімдер негізінде нақты іс-қимыл жос­парларын жасауға болашақ Іс басындағы төрағаларға көмек көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге міндеттенеміз. Қол жеткізілген прогресс ЕҚЫҰ-ның Министрлер кеңесінің келесі кездесуінде қаралатын болады, ол 2011 жылғы 6-7 желтоқсанда Вильнюсте өтеді. 13. Қазақстанға біздің кездесуімізді өт­кізгені үшін, сондай-ақ бұл ел 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың сан алуан қиын мін­детін атқарған күш-жігері мен энту­зиазмы үшін өзіміздің терең ризашылығымызды білдіреміз. Біз Ұйымда 2011 жылы Литваның, 2012 жылы Ирландияның және 2013 жылы Украинаның төраға болуын құттықтаймыз. ЕҚЫҰ-ның құжаттары ағылшын тілінде бекітілетіндіктен, басқа жұмыс тілдеріне, соның ішінде орыс тіліне де, аудармасы бейресми аударма саналады. Қазақша нұсқасы орыс тіліне бейресми аудармадан тәржімеленді.

2767 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы