• Әдебиет
  • 11 Қыркүйек, 2019

Сіздің таныстарыңыз

Мұрын тәрбиелеу

Дүйсенбіде

Мұрынның түр-түрі көп пе, аз ба, санаудың не керегі бар? Гәп – оның ат­қаратын қызметінде емес пе. Жай мұрын ба, май мұрын ба, қай мұрынның да негізгі қызметтерін білмейтін қай­сың? Мүшемін деп мықтымсып, мін­детін мінсіз атқарғысы келе ме, кейде жетелейді, кейде шегіндіреді. Бірақ, қитұрқысы қисапсыз. Мәселенки... Иә, мәселенки. Әнеки, бастық. Каби­неттің төрін толтырып отыр. Тып-тыныш тыныстап отырған мұрнын самалдың лебіндей жұмсақ жанап, әдемі духидың жұпарымен бірге елең еткізген – сың­ғырлаған дауыс. Мұрын ілгері ұмсынды: – Жұмыс іздеп келдім дейсіз бе? Жарайды. Сұлу келіншекке жәрдеміміз тимесе, адамшылығымыз қайсы?! Кәне, өтінішіңіз? Жеке парағыңызды қоса беріңіз. Ұялы телефоныңыз... ә, бар екен. Енді дұрыс. Түгендедік. Хабарласайық. Жалпы, қарсылығым жоқ. Бірақ біздегі жұмыстың да басқа жұмыстар сияқты қиындығы мен қызығы жетерлік. Оған қалай қарайсыз? Айтқаныңызға көндім, бәріне мақұл десеңіз, құба-құп. Сөзіңізде тұра аласыз ба, ойланып ­барып айтсаңыз. Келіс­сеңіз, өзім тікелей қамқорлығыма аламын. Ә, келістім дейсіз бе? Бәсе, бәсе, со­ныңыз дұрыс. Адамның күні адаммен екенін өзіңіз де жақсы білесіз. Керіскеннен келіскен жақсы...

Сейсенбіде

– Өй, осы бір... кім көрінген келе береді екен. Орын жоқ, қалай жұмысқа аламын? Мықты маман болсаңыз қайтейін? Биыл да, келесі жылы да орын болмайды деп отырған себебім, келісімшарттар үш жылға жасалған. Себепсіз ешкімді де босата алмаймын. Бәрінің бала-шағасы бар. Мынауыңыз не? А-аа, сурет пе? Кіміңіз? Сіңліңіз бе? Ә, досыңыз ба? Жасы көп кіші дейсіз бе? Достық жас-кәріге қарамайтыны рас. Досыңыз, ә? Әдемі болғанға, әртіс пе десем. Пай-пай, хордың қызы сияқты! О, шір-кіеен... Таныстырайын дейсіз бе? О-оой, неге? Қарсы емеспін. Қазақтың сөзі қандай ғажап: «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген. Сізге ешкім нұсқау бере алмайды, өз қалауыңыз біледі. Таныстырасыз ба, жабыстырасыз ба, шешетін – өзіңіз. Ақылды ақылдының меселін қайтармаса керек. А-аа, өтініш пе? Қол қоймағанда?! Бірақ, алдымен сіздің ұсынысыңызды жүзеге асырайық та. «Асатпай ­жатып құлдық» дегенге өзіңіз де ұялатын ­боларсыз. Менің қолым қашанда дайын.­ «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген. «Мұрыныңыз мұрын-ақ екен» дейсіз бе? Дұрыс айтасыз. Басқа мұрындардан ерекшелігі – сезімталдығында екенін бірден байқапсыз. Айтқызбай біліп, ақылмен күліп жүргенге не жетсін?! Дүние – жалған, екі айналып келмейді. Адамды адам ғып жүрген осы мұрыны ғой. Бұл шіркін түкті сезбесе, неме ­керек? Шынымды айтсам, мені де Адам қатарына қосып жүрген – осы мұрным. Сезбейтіні жоқ. Сақтандырады. Әй, бірақ кейде лағып кетіп, арандататынын да қайтерсіз?! Кілтипанның кілтін табуды үйреніп қалды ғой. Тәжірибесі асып-төгіліп жатқанын өзіңіз де сезіп отырған боларсыз. А? Тәрбиесі жетпейді дейсіз бе? О-о, оныңыз жөн. Сол тәрбиені сізге сеніп тапсырсам кәйтеді деген ойды қолдайтын шығарсыз деп сенемін. Көрейік дегеніңізге мен, әрине, келісем. Өйткені алғашқы қадамыңызды әдемі суреттен бастағаныңыз – қолдауға лайық. Иә, иә, дұрыс айтасыз. Мұрынды дұрыс бағытта тәрбиелеу оңай деп кім айтты? Бұ құрғыр жылдан-жылға өсе береді, ұлғая береді. Тәрбиелемесе, салбырап қалуы әбден ықтимал. Салбырап, мұртқа мініп жатқаннан гөрі алуан иіс аулап дағдыланғаны, сіздің сөзбен айтқанда тәрбиеленгені абзал, әлбетте. Мінекиіңіз, қол қойдым: «бір апта сынақ мерзімге» деп. Одан арғысы – сіздің мұрын тәрбиелеудегі шеберлігіңізге байланысты.

Аялдамада

– «Қыздың қырық жаны бар» деген бекер екен. Қатты шаршап жүрмін, – Әсем аялдамаға бірге келген Айымханға мұң шақты, – не істерімді білмеймін. – Е, сен қыз емес, сары қарын әйелсің. Шаршамағанда!? Екеуміз де елуден асқалы қаш-шан?.. Бұған да шүкір десейші. – Ү-үүй, бүйткен «шүкірі» бар болсын! Пенсияға қай жылы жетерімді білмей шатасатын, соза-соза мойным үзілетін шығар. Баяғыда-ақ елу бес ­жаста шығара салмай. Бастықтарға оңай, әрине. Кабинетте отырып але-ееп,­ депутаттармен сыбайласе-ееп сайрап отырғаны. – Е, біз қайдан білеміз, олардың нағып жатқанын?! – Қалай білмейсің? Гәзійтте ­жазып жатыр. Шетелге жүз алпыс жеті миллиард доллардан аса қарыз екеміз. Неге анау Эмират құсап, елге бөліп бермеске? Соған да көп мый керек пе? Қайда барсаң да пара бермесең, шаруаң бітпейді. – Е, оған да үйреніп кеттік қой. Амал қанша?.. – Әне, соны неге айтпайды екен көзін шұқып тұрып? – Ее, айтсаң қамап тастайды. – Әне, әне, сүйтеді. Сосын қорқып, сорлы боп жүреміз өстіп. – Ее, ойдан шаршап жүр екесің ғой. – Бәрінен де. Қартайайын деген сияқтымын. – Е, қартаймағанда!? Сосын шар­шайсың. – Құлқын сәріден жұмысқа баруың керек. Ананы бір, мынаны бір істеп, еш тыным жоқ. Қайтқанда қаланың бір шетінен екінші шетіне жеткенше бақандай екі сағат, аялдамадан үйге жеткенше тағы жарты сағат. Дүкеннен оны-мұны алып жоғары, сонау бесінші қабатқа өліп-талып шығасың. Тамақ істеп, оны шалыма, бала-шағаға беріп, ыдыс-аяқты жуып... – Е! Балаларың жумай ма? – Қайдағы?! Саусылдаған бес ұл. Үлкені отыздан асты. Бәрі бойдақ. – Е, үйлендірмейсің бе? – Той жасауға ақша жоқ. Несие алайық деп ек, бермеді. Жалақыларың аз, үйлерің ескі, кепілге қоюға жарамайды деп. Қазіргі қыздар да сұмырай. Баланың мәшинесі, не үйі болмаса, тимей жүріп алады. Сүйтіп жүріп бір күні қалай құдай атқанын өздері де білмей қалады. – Е, солай де. – Солай. Қалжырап, енді адам сияқты бір ұйықтайын дейсің. Көзің іліне бергенде, шал мазаңды кетіреді. – А?! Қойшы-ій! Әлі мықты ма? Қандай бақыттысың! Әсем қолын бір сілтеді: – Қайдағы бақыт? – Ұйқы бермесе, әйелге одан артық не керек?! – Ұйықтай алмайтын жалғыз мен дейсің бе? Қабырғаның ар жағынан көр­шілер тоқылдатады «қатты қорыл­дамаңдар!» деп.

«Гараж сатылады!»

Кереуеттің қасындағы орындыққа қойған ұялы телефон шылдырлап қоя берді. Көзі ілініп кеткен Мүшекең селт етті. Бір жамбастап жатқан қалпы үміт­теніп, қолын созды: – Алло. Сізді мұқият тыңдап тұрмын. – Хабарландыруыңыз бойынша. «Гараж сатылады» депсіз. Қанша тұрады? – Хабарландыруды қайдан оқы­дыңыз? – Даңғылдың бойындағы бағанға жапсырған екенсіз. Содан. – Қай даңғылдың? Достық па? Абылай хан ба? – Бәрібір емес пе? Достықтың бойын­дағы бағаннан. Бағасы қанша болды екен? – Бағасы сатып алушыға өте тиімді. – Сонда... – Не «сонда»? – Бағасы қанша деймін? – Айтып тұрмын ғой, сізге қолайлы бағаға беремін деп. – Сонда қанша енді? Бағасын айтсаңызшы? – Өте арзан. Алсаңыз, өкінбейсіз. Өле-өлгенше, рақмет айтасыз. – Алдын-ала рақмет, олай болса. Арзандау гараж іздеп жүр едім. Бағасын айта салсаңыз. – Алдымен жай-жапсарын біліп алғаныңыз дұрыс болар. Менікі жай гараж емес. – Енді қандай гараж? – Қалың темірден арнайы жасалған. Мұндай гараж Алматыда біреу ғана. – Апыр-ай, ә! Қорқа бастадым. Қымбат емес пе? – О-ой, жоға. Өте арзан. Көшпесем, сатпас едім. – Ғафу етіңіз, түн ортасында мазаңыз­ды алғаныма. Арзан болса, біреу алып кетер деп көре сала, телефон соғып жатқаным. Қанша тұрады? – Сіз қызық адам екенсіз. Күнде ала салатын арзан бірдеңе емес қой. Алдымен жақсылап біліп алмайсыз ба?! – Иә, енді... оныңыз дұрыс. Дегенмен, «құнын алдымен біл» деп, жанымда әйелім тықақтап тұр. – О-о, әйеліңіз өте ақылды адам екен. Құны дегені өте дұрыс. Құнсыз нәрсені алмақ түгілі, жолап керегі жоқ. Жұрттың көбі құнсыз нәрсеге ұмтылып, өз қадірін өздері кетіреді. Сіздің өте ақылды адам екеніңізді осындай ақылды әйелді жар еткеніңізден байқап қалдым. Бұл – біріншіден. Ал, екіншіден, арзан гараж іздегеніңізді толық қолдаймын. Менің гаражыма тап келген сіз – бақытты адамсыз. – Сөзіңізден үміттеніп тұрмын. Таңсәріден барып көрсем бола ма? – Әрине, болады. Ертең таңғы алтыда келем десеңіз де, мен мақұлмын. – Әйелім «бағасын айтсын да» деп тұр. – Сізге құрметпен айттым ғой арзан деп. – Нақты айтсаңызшы. Біз асығып тұрмыз. Әйелім «ұйықтайық» деп... – Асыққан – сайтанның ісі. «Асығыс түбі – қапылыс» деген. Қандай нәрсені де асықпай, біліп барып алғаныңыз жөн. – Тү-үу, ал, жарайды. Асықпайық. Бағасы... – Менің әйелім де күңкілдеп жатыр: «малтаны езбей, бірден айтсаңшы» деп. Жалпы әйел деген халықтың ақылы мүлде жоқ емес, бар. Дажы әжептәуір! Бірақ, бизнестен хабары шамалы. Оңай нәрсе көреді. Кім айтты оңай деп? – О-ооу, бағасын қашан айтасыз? Біз шаршадық. – Шаршағаныңыз дұрыс. Сіз – нағыз азамат екенсіз. Кейбіреулер шаршадық деп қиналмайды. Керісінше. Өзіңе дүрсе қоя береді. Оңбаған дей ме, қырт дей ме, алаяқ дей ме, есуас дей ме – айтпайтыны жоқ. Мен соның барлығын естісем де, шыдап келе ­жатырмын. Маған ескерткіш қою керек. – Апыр-ай, ә! Сізге обал екен. Расында, бизнес оңай емес. Бірдеңе ғыларсыз. Гаражыңыздың бағасы қанша сонымен? – Е, міне, осы сұрағыңыз дұрыс. – Апыр-ау, бағанадан бері сұрап тұрғаным сол ғой! – Е, айту қиын емес. Айта салсам, гараждың шын, нақты бағасын білмей, арманда қаласыз. Оны жасауға қанша уақыт кеткенін, қоятын орнын табу үшін, металл іздеу, оның архитектурасын ойластыру, төзімділігін, желден, сыз-дымқылдан, ыстық-суықтан, ұрылардан сақтау мен сақтану шараларын жүзеге асыру үшін қыруар еңбек сіңірілгенін, машақатын білмесеңіз, гараждың өзіне лайықты бағасын білуіңіз мүмкін емес. Дәнекерлеушіні ойдан да, қырдан да іздегенімді айтсам, әңгіме көбейіп кетеді. Таңдап жүріп, қаладағы ең мықтысын тапқаныма, өзіме-өзім өлгенше сүйсіндім. – О-оой, онда қымбат шығар. Алуға ақшамыз жетпес. Дегенмен, ақыры сұрап қалдым, айта салсаңыз... – Ну, братан, бәрінің де бірден сұрайтыны осы ғана. Басқасын білгісі келмейді. Шіріп тұр ма, қисайып, құлайын деп тұр ма, оны білмейінше, қалай сатып алуға болатынын мен түсіне алмаймын. Бизнесте ұсақ-түйек деген болмайды. Әр винтик, әр гайканың өз орны бар. И еще, бар болғанда қандай! Ал, гараж деген – машинаның үйі. Осыған айрықша мән беру керек. Менің қайран қалатыным – жалпы жұрттың бизнестен хабары жоқ. – Бизнесі құрсын, бағасын айт­саңызшы. – Қазір айтам ғой. Сіз басқалардың барлығынан да ақылды адам екеніңізді ішім сезеді. Басқа даңғылдардың, ­мә­се­лен, Абылай хан, Рысқұлов, Райым­бек, Момышұлы даңғылдарында, ба­ра­холкадағы, көк базардағы, басқа да барлық базарлардағы, Алматының көп­теген көшелеріндегі бағандарға, аял­дамаларға ілген жарнамам бойынша хабарласқандардың ешқайсысы да биз­нестің әліппесін білмейді. – Сол хабарландырудың бәрін бүгін іліп үлгердіңіз бе? – Қайда-ан, он жыл болды іліп жүргеніме... Телефон үзіліп кетті. Келесі күні де телефон шылдырлады. Басқа дауыс: – «Гараж сатылады» депсіз...

Кәйіп

Арбайған комбайнын арагідік теңсел­тіп алып, асфальт жолмен белсене қойқалаңдатып келе жатқан Байжарастың ойында ештеңе жоқ еді. Бір уақытта қарсы жолыққан ­машинадан жоғары-төмен ербеңдеп, белгі бергіштеген қол көрінді. Қолдың «сөзі», әлбетте, бірден түсінікті: «Тоқта, тоқта!» Әш-пүш дегенше, қара джип «бепілдетіп» тақай бере, тоқтай қалды. Тісі ақсия күліп, кабинасынан дембелше Дәуренбай даусымен бірге шықты: – Оу, Байжарас, бергесеңші. Әңгіме бар. Байжарас «мұның менде не шаруасы болуы мүмкін?» деп таңданыңқыраса да, сыр білдірмей, комбайнның дарылын азайтыңқырап, жақындап келді. – Ассалаумағалейкүм! – Әликүмассалам, Байеке. Қолың тисе, үш күннен кейін менің қожалы­ғымдағы егінімді шауып бересің бе? – Жәрәйді. – Келістік. Үш күннен кейін саған келем. Үйіңе. Айтпақшы... Джиптің жүксалғышын ашты да, әлдебір жәшіктің ішінен бір бөтелке сыраны алып ұсынды. – Мә, мынау тастай суық. Қалғаны осы-ақ. Шөлдеп келе жатқан шығарсың. – Машинаның ішінде кәйтіп қайнап кетпейді? – Сұп-суық сыраны қолына алған Байжарас еріксіз таңырқады. – Е, кәзір сөмке-тоңазытқыштар бар ғой. Проблема жоқ. Егінімді орып бер. Сосын сыраға сылқитайын. – Жарайды. – Таңдайы кеуіп, ерні кеберсіген Байжарас қолма-қол бөтел­кенің тығынын ашып, ұяты аздау ұртына құйып жіберді. – Оһ, мұздай екен. Тамаша! Ал, жақсы, сау бол! – Сау бол, Байеке! Кездесеміз ғой. Ызғып ала жөнелген қара машинаға жымиып бір қарап қойған Байжарас комбайнға жайғасты. Шыдамай тастай сырадан үнемдеп қана тағы екі ұрттады. – Оһ, шіркін, үйге барып, мына ыстықта жан шақырып, бір кәйіп алам ғой енді. Кәйіптің аты – кәйіп! Шаршап келгенде, алма ағаштың көлеңкесіндегі тапшанда сыраны сыздықтате-еп, демалып жатсаң, одан артық кәйіпті кім береді?! Ел естімеген немесе біздің ауыл көре қоймаған ит арқасы қияндағы теңізге барып, өз денеңді өзің күнге қақтап, азабым не десеңші. О-оой, күннің оты жидітіп жібереді-ау, жидітіп. Теңіздің тұз татыған жылымшы ауасынан гөрі тапшанға иісі бұрқыраған бір уыс жусанды тастап қойып, тыныстаған қандай рақат! Жусанның дәмін алмаған бизнесмен байғұстарға содан кейін кәйтіп жаның ашымасын?!? Шетел деген не өзі? Азан-қазан музыка, сапырылысқан адам, бас айналатын жын-ойнақ. Біреуді біреу біліп болмайды. Одан гөрі салқын сырадан ұрттап қойып, өткен-кеткенді еске алып, шүйіркелесіп отырғаным кәйіп емес пе. Ара-арасында кеу-кеудің қолпашымен домбыраны дыңғырлатып жіберіп, «әу» деп әуелетіп алсаң, кімнің мешәйті бар?! Тіршілігі түсініксіз шетелде не жоғалттым десейші. Не тілін білмейсің, не жолын білмейсің. Қараптан қарап, мүсәпір сияқты... О-ой, қойшы соны. Ашылып сөйлесетін ауылдасың жоғын ойласаң, қайда барарыңды білмей, кіржиесің. Таң атар-атпастан қораз қанатын қағып-қағып жіберіп, «көке-ке-а-ау, көке-ке-ау» деп, шақырғанға дейін есің кеткендей бір қорылдай алмаған соң, қайдағы демалыс?! ­Кинодан көріп жүр ғой о жақтың өмірін. Өйтіп күмпиткен курорты бар болсын. Е, олар біздің кәйіпті, нағыз кәйіпті деймін-ау, қайдан білсін?! Көк пен жердің арасын кептіріп, кептеген қою қапырыққа қыңбай, таңсәріден көз байланғанша, штурвалда отырасың. Үйге келгесін, салқын сумен түшіркеніп, әйда бір жуынып алған соң, есің жиылғаны да бір рақат! Екі-үш тәрелке кеспеге бипаздап уақтаған сарымсақты сап жіберіп, қасқырдай ұлыған қарынды ризалап, тыңқиып алғаннан кейін тойғаның сонша, орныңнан тұрғың келмей қалады. Бұл да бір кәйіп. Көженің кәйпі. Оны бизнесмендер қайдан білсін, әрине. Обал-ай демегенде, не дейсің мұндайда. Ескі текеметті жайып тастаған тапшанда шалқаңнан түсіп, шалқып жатасың. Алқаракөк аспанда сағын­ғандай самсаған жұлдыз-қыздарға әзілдеп, қысып-қысып қойған көзіңнің қалай жұмылғанын да білмей қаласың. Әне, ол да бір кәйіп! Анау көрініп тұрған темір жолдан кейін ауыл басталатынын ойлаған Байжарас тамсанып алды. Құрғақ моншадай құрсаған осы ыстықта күнде қалған сары майдай еріп отырғаныңда, мынадай салқын сыраға не жетсін?! Осыны кім ойлап шығарды екен, ә? Кім болса да, миы бар біреу. Осы күні елдің бәрі бірдеңе ойлап шығарғыш. Сондай бірдеңе ойдың тым құрыса біреуі маған неғып келмейді? Әй, құдай біледі, ойлағыштардың барлығы – байдың ­балалары. Оқымайтын бәлесі жоқ. Сосын еріге-еп отырып, бірдеңе ойламағанда, не істейді? Мен сияқты не комбайнда, не тракторда үп еткен леп жоқта пора-пора болып терлеп жүрсе, көрер едім. Осы жексенбіде қолы бос. Кешке дейін жатып алып, ойланып көру керек екен. Бизнесмендер сөйтіп бірдеңені ойлайды да жатады дейді. Олардың менен несі артық?! Жоғары класта оқитын баласы айтпаса, қаперінде ештеңе жоқ еді. Оның компьютер біліп алғаны мұндай жақсы болар ма, бизнестің түрлері көп деп көрсетті. Әрі қарап, бері қарап, «әй, мынауың біздің ауылға қол емес екен» деп, бір қайырды. Бірақ ұлы тоқтай қоймады. Жұмыр жердің үстіндегі жаңалықтарды былай қойып, астындағысын ақтарды, оны місе тұтпай, өзімен өзі, тып-тыныш аңырайған аспандағы бірдеңелерді айтып басын қатырды. Бұл үйренбейін деді ме, қылқылдап қоймаған соң, қасына қонжиып еді: – Әке, ақырын, – деген ұлының даусынан шоршып кетті. – Бұл сізге комбайн емес қой. Мына түймелерді саусақтың ұшымен ақырын бас­саңыз­шы. Сіздің бір саусағыңыз екі түймені бір-ақ соғады. Мә-ә, саусақтарыңыз қандай жуан! Мұндай добал саусақтардың ұштарын жіппен орап, жіңішкертіп барып баспасаңыз, клавиштерді екіден төмпештеп, құртып қоясыз. – Е, өзің ғой үйретем деген. Сенен сұрадым ба? Әй, осы сен ертеден қара кешке дейін еңкейіп, тесіліп отырғанда, мойның қарысып қалмай ма? Қой, айналайын, өзің-ақ ойнай бер, содан мүйізің шықса. Сосын есіне бірдеңе түскендей ұсы­нысын айтты: – Әй, сен енді әлгі ноутбук дегеніңді алсаң бар ғой, кір жуатын машинадай үлкенін алшы, айналайын. Мынауың не өзі, итиіп қалған бірдеңе. Ең болмаса, мәшеңке сияқты сыртылдаған дыбысы да шықпайды екен. Жұмыс істеп тұр ма, жоқ па, аңғармай қаласың. – Комбайн мен трактордың дарылына әбден үйреніп қалғасыз ғой, – деп ұлы тырқылдап кеп күлді. Бір жақсысы, ұлы өзі сияқты жуас. Ыржың етіп, тағы бір күлді де: – Мынадай саусақтармен, – деп, басын шайқады, – планшет, ноутбук түгіл, компьютерге жолап керегі жоқ. Сындырып қоясыз. Басқасын әперуге бәрібір ақшаңыз жетпейді... Мәссаға-ан, теміржолдан өтетін бекеттің тура алдында МАИ қызметкері тұр. Енді қайтті?! Жаңағы сырадан бекер-ақ ұрттаған екен. Қа-ап! Қазір тоқтатып тексерсе, бітті. Құртады. Куәлігін алып қояды, ішіп алыпсың деп, ауданға апарып қамап қоймаса де. «Біттің, Байжарас» деді өзіне өзі. Кім болса да, куәлігінен айырылары сөзсіз. Ал, сен, не істер екенсің? Жүрегі дүрсілдеді. Қарашы. Тарта алмай жатқан мотор сияқты. «Айналайын бауырым, ұрттағаным сыра ғой. Әшейін сусын емес пе? Егін біткен соң, ақшамызды аламыз. Ыштырапыңды сө гезде төлейін. Куәлігімді кәзір алып қойсаң, қалай жұмыс істейім? Бала-шағам бар, кәйтіп бағам?» десем, әй, көнбейді-ау, көнбейді бұ көксоққандар. «Пара бергің кеп тұр ма?» деп, одан сайын әкіреңдемесіне кім кепіл? Қап, компьютерді ойлаймын деп, байқамай қалғанын-ай. Енді... басқа амал қалмады. Қош, сорлы комбайным, айыптұраққа ­баратын болдың. Кілең сүп-сүйкімді, жеп-жеңіл, жұтынып тұрған шетелдік машиналардың қасында ыңыршағы айналған өзіміздің өгіз құсап, өңкиіп тұр енді. Обалың маған, әрине... Бәрінен бұрын кәйіп бұзылды-ау. Қайран, кәйіп! Емпеңдеп келе жатқан комбайн теміржолға елу метрдей қалғанда, есі шыққандай кілт тоқтады. Жейдесінің етегін түсіріп жіберіп, ышқырына бөтел­кені кептеп тыққан Байжарас қарғып түсіп, жолдың жиегіне жақын жүгеріге қарай дию қуғандай тұра қашты. Лезде қалың жүгеріні патырлата қойып кетті. «Бұған не болды?» дегендей таңдана әрі тосырқап қарап қалған полицияны байқамағансып, жүгерінің ішімен далақтап жүгірді. Сабақтары сояуланып пісіп тұрған жүгерінің шашақтарынан төгілген тозаң терлеген мойнын, бетін қышытып, қасыған сайын ашытып жіберген соң, еріксіз тоқтады. «Әй, қазір қуып жетеді. Жас жігіт екен. Жалақтап, демде жетіп келетіні сөзсіз. Не амал бар? Қой, сөйтейін...» Бөтелкенің түбінде қалған сыраны жерге шұрылдатып, дөңгелете төкті. О, ғажап, құдды... несін жасырады, қатты ұқсайды, көбігі быжылдап, төңкеріле көпіршіп жатыр. Дәл өзінікі сияқты. Құдай берді деген осы. МАИ келсе, «ей, бауырым, міне, не істеп тұрғанымды көрмейсің бе! Жасың кіші болғасын, ­сенен ұялып, мына жүгерінің ішіне қойып кеттім ғой. «Үлкеннен үлгі, ініден ізет» деген, әдеп сақтамасақ бола ма?» демей ме? Осы күні МАИ-дың бәрі оқыған, әдепті жігіттер ғой. Ұялып қалар, бәлкім. Айтпақшы, тоқта, тоқта. «Шалба­рыңыздың ауы түймелеулі. Қалай неттіңіз деуі мүмкін-ау. Қой, шешіп көрсетіп тұрайын». Бөтелкені құлаштап тұрып лақтырып жіберді әлдеқайда. Шалбарының ­сыдырмасын зыр еткізіп, төмен түсірді. «Өзінікін» шығарып тұрып, іштей сүйсінді: «Құдай біледі, біздің бизнес­мендердің осындай қысылшаңда аяқ астынан осындай амал таба қоюы, әй, қайдам. Біздікі түгіл жапон, немісің де бүйтіп ойлай алмас. Қап, әттеген-ай, Байжарас Америкада оқығанда, Гейтстің өзі келіп ақылдасып тұрар ма еді, қайтер еді? Ойласам, менің кәллама да бірдеңе келеді екен, ә! Қалай өзі... аяқ астынан...қызық-ей. Ойын МАИ-дың даусы бөліп жіберді. Айғайлап сөйлеген жігіттің сөзі анық естілді: – Аға-а, комбайныңызды жолдан былай алып кетіңізші. Машиналар өте алмай, кептеліп жатыр. Қорықпаңыз, праваңызды алмаймын. Тезірек өтіп кетіңіз. «Әп, бәлем, солай ма екен! Дегенмен, кім біледі, алдаусыратып шақырып тұрған шығар». – Шын айтасың ба? Куәлігімді алмайсың ба? – Ойбай, алмаймын! Сіздің праваңыз кімге керек?! Тезірек өтсеңізші енді. Кәзір ойда жоқта бастықтар кеп қалса, әкемді танытады. Менің де бала-шағам бар ғой. Аясаңызшы адамды, – деп, шыр-пыр болып тұрған МАИ қызметкерінің өзіне де, бала-шағасына да қатты жаны ашыған Байжарас «өзінікін» орнына ұқыптап салған соң, өз тапқырлығына қуан­ғаны соншалық, жүгері тоғайының ішінен күндей күлімдеп, шығып келе жатты. Асфальт жолға шығып, МАИ қызмет­керіне көз қиығымен ұрлана қарағанда, «Тексеріп қалмас па екен?» деген күдігі селт етіп оянып кетті. Бері беттесе, жүгерінің ішіне қайта қашуға дайын еді. Бірақ бойшаң, жас жігіт бұған мойын бұрған да жоқ. Бірдеңе іздегендей ерсілі-қарсылы ағылған ­машиналарды бақылап, өз шаруасымен тұрған тәрізді. Көңілі жайланған Байжарас тағы да жымиып, іштей күбірледі: «Ойпыр-ай, ә! Ішкен сырадан төккен сыраның кәйпі анағұрлым артық болады деп кім ойлаған? Осыны келіншегіне айтса, әй, сенбейді-ау. Құдай біледі, сенбейді. І-іии, оған айтып та керегі жоқ. Сенгісі келіп немесе шынымен сеніп қалғансып, үйге әлдеғандай ғып әкелген мақпал сыраны «кәйпің күшті болсын!» деп, қасақана төгіп тастап жүрсе, несі жақсы?! Одан ондай-ондай шыға-ады...

Бекен ЫБЫРАЙЫМ

752 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы