• Әдебиет
  • 11 Қыркүйек, 2019

«ҚАРМЫСТА» ТУҒАН ҚАЛАМГЕР

Алдымда Арал теңізінің 1957 жылы одақ астанасы Мәскеуде басылып шыққан, етек-жеңі далиған, бүктей-бүктей сілікпесі шыққан ескі атлас кар-тасы. О кездері ақжал толқындары жағалауды ұрып жататын алып айдынның қазіргі кезде күш-қуаты қайтып, жүз шақырымдай алысқа шегінген табанын Кіші Арал суы шайып­ жатыр... Картаға үңіліп, осы теңіздің о шеті мен бұ шетіндегі шағын аралдарды саусағымның ұшымен жағалап іздеп отырмын. Міне, Арал теңізіндегі шағын аралдар иненің жасуындай кішкентай нүктелермен белгіленіпті. Сол нүктелерден «Көкарал» түбегін тауып, жан-жағын бір мая шөпке түскен инесін іздеген адамдай көзімді айырмай тінтіп, бұрынғы «Ауан» елді мекенінің тұсына келдім. Бұл қиялгер жазушы Абдул-Хамид Мархабаевтың кіндік қаны тамған атажұрты. Онан әріде Ақбасты... Онан әріде бір шеті Ақтөбе облысына ұласқан, Ұлықұм, Кішіқұмға кірігіп кеткен Құланды түбегі. Бұл енді әлемге әйгілі қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың дүние-ғаламды сүбелі дүниелерімен дүрілдеткен кішкентай ауыл.

Ал үстіміздегі жылы сексен жастың сеңгіріне аяңдаған белгілі журналист-­жазушы Айжарық Сәдібекұлының балалық іздері де сол Арал теңізінің алқаракөк айдынына тұмсығын тығып жатқан «Қармыс» дейтін шағын балықшылар ­ауылында қалған. Осы елді мекенде байырғы балықшының отбасында дүниеге келген шекесі торсықтай ұлдың шілдеханасына жиналған ауылдың үлкен кісілері Сыражадин есімін еншілепті. Алайда екі-үш күн жолаушылап кетіп ауылға келген әкесінің ағасына бұл есім ұнамаған көрінеді. Үлкендерді дастарқан басына қайта жинап: «Ау, бұл бала Ай туып, айнала жап-жарық болып тұрғанда дүние есігін ашқан жоқ па?» деп, жөргегінде жатқан сәбидің құлағына үш қайтара «Сенің атың Айжарық» деп айқайлапты. Сол Айжарық ауылда жетіжылдықты, Ауанда орта мектепті ойдағыдай аяқта­ғасын, арада 4 жыл өткенде, Қызыл­орда пединститутының филология факуль­тетіне оқуға түседі. Бұл ­са­ланы таңдауға оған, меніңше, классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Кур­ляндия» романының кәдімгідей әсері болған сияқты. Өйткені ­сонау қырқыншы жылдардың соңына қарай шағын ауылдың үлкен-кішісі балықшы әкесінің қоржын тамына кеш түсе жиналып, әлгі ­романды бала Айжарыққа оқытады екен. ­Сонда, Көкаралдың шалдары сол жазушы шығармасындағы Есей, Баян есімді кейіпкерлерін біразға дейін естеріне түсіре алмай, бастарын қатырып отыратын. Жетілік шамның жарытымсыз жарығы астында етпеттеп «Курляндияны» оқып жатқан бала Айжарықты кідіртіп қойып: «Әй, бұл төңіректе Есей деген жігіт, Баян деген қыз болған жоқ сияқты еді ғой. Сонда, бұл кім болды екен» деп, бір-біріне сұраулы жүзбен қарап, әркім әртүрлі ­жорамал айтып, дабырласып қалатын. Бұл Есей мен Баянның көркем шығарманың кейіпкерлері екенін көмейінен жүрегі көрінетін, аңқылдағанда алдына жан салмайтын ақкөңіл ауыл адамдары қайдан білсін. Сөйтіп отырғанда бала Айжарықтың кірпіктері айқасып, көздері жұмылып кететін. Сол адамдар кейін Көкаралдан ірге көтеріп, тұс-тұсқа қоныс аударғалы қай заман. Сол ағайындардың бірқатары Айжарық ағамыз дүниеге әлі келмеген кезде әртүрлі себептермен шекаралас елдерге жер ауып кеткен еді. Солардың бірі Айжекең орта мектепті бітірген жылы Көкаралға қыдырып келген көрінеді. Ресейдегі Магнитагорскіден әкесі мен шешесі орыс орта мектебін бітірген қызымен келген. Кілең көк көздердің ортасында оқыған қыз қазақшаға шалалау болып бойжеткен екен. Ата-ананың ниеті ағайындармен құдаласу болған көрінеді. Бірақ Көкаралдың бойдақтары қызбен еркін тілдесе алмады. Сол қыз сол жолы Алматыға барып мединститутқа қабылданыпты. Айтқымыз келгені, бола­шақ жазушы осындай ортада түлеген еді. Ол уақытта аудан орталығы Арал қаласына теңіз қолтығының тұрғындары тек ұшан-теңіз арқылы кемемен жетуші еді. Кейінірек қой «Ан-2» ұшағының қатынай бастағаны. * * * Айжекең 1968 жылдан бері Қы­зыл­орда қаласында тұрып жатыр. Алғаш­қы тырнақалды дүниелерінен бастап осы күнге дейін жазған-сызғандары Сыр бойын­дағы осы қалада жазылып, жарық көріп келеді. Институт қабырғасында оқып жүрген әуелгі жылдары филология-тарих ғылымымен айналысуды армандаған Айжекеңнің қаламынан «Әлімнің әжесі» деген тұңғыш әңгімесі облыстық газетте 1962 жылы жарияланса, қоғам қайраткері Жүсіпбек Арыстанбековтың «Жалынды жүрек» хикаяты туралы жазып көрген алғашқы рецензиясы да сол жылы «Қазақ әдебиеті» басылымында, ал «Асуда» ­деген алғашқы очеркі 1963 жылы өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарық көрген. – Жазушы болу өмір бойы жазу, іздену, оқу, – дейді Айжекең. – Менің туған ауылым Көкаралда алғашқы оқыған кітабым Әбдіжәміл ағамыздың «Курляндия» ­романы болса, кейін қазақ, орыс және шетелдік классиктердің шығармаларын үлгергенімше оқып зерделедім. Бірақ қанша ізденіп оқысам да, оқудың түбіне жете алмадым. Оқығандарымнан оқи алмағандарым жетіп артылады. Қаламгер­лердің ілгері-кейінгі жарық көрген шығар­маларын үлгергенімше жата-жастана оқыдым және қолым қалт еткенде қайыра соғып оқып та жүрдім. Расында, әсіресе теңіз стихиясы, балықшылар тұрмысы туралы шығарма-ларды және төрткүл әлемге түгел аян болған классиктердің әдеби дүниелерін көзі ұйқыға кеткенше кеміретін. Әсіресе, фантас жазушы Жюль-Верннің романын, Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» хикаясын, Иван Буниннің теңіз табиғаты туралы әңгіме-хикаяттарын, қазақ әдебиетіндегі Әбу Сәрсенбаевтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың, Зейнолла Шүкіровтың, Балтық теңізін жайлаған елдерден шыққан қаламгерлердің теңіз, оның жағалауындағы адамдардың тыныс-тіршілігі жайында жазғандарын қадағалап қайта-қайта оқитын. Бұны Айжекеңнің жаратылысына сіңген қасиеті десек те болады. Сондайда балықшы әкесінің қара қайығында ескекші болып еңбек жолын бастағаны еміс-еміс есіне түсіп, балалық шағына қайта оралатын. Сондайда ғой, Көкарал жеріндегі Қаратөс, Өндір, Сарша, Кәріжол сияқты жер атауларының шоқтығы Айжарық үшін басқа жерлердің Жерұйық, Жиде-лібайсынынан анағұрлым артық сезілетін көңіліне. Қызыл шұнақ аязды, ақ басқын боранды Аралдың қытымыр қысында көкше мұз мәрмәр тастай қатқан кезінде Аралдан Көкаралға, Көкаралдан Аралға үкімет жұмысымен жүрген жолаушылар жарамды жылқыны жегіп, қашаубай шанамен қатынайтын. Екі ара әжептәуір жер. Бірақ жер апшысын қуырған ат шана азанда қаладан шыққан адамды кешкі күн қызылқұлақтана, кейде ымырт үйіріле Көкаралға жеткізуші еді. Осы суреттер оқта-текте еске түссе жаны жас, қолы қаламнан бір сәт босамаған, шау тартса да шалдықпаған ағамыздың жүрегіне мизам шуақтай себезгілейді. Өзі аттай алпыс жылдан бері ажырамай келе жатқан «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған әдебиет мәселелері жөніндегі мақалаларға орай тұрақты түрде ой-пікірін әдеби ортада айтып, атсалысып келе жатқан аға қаламгердің есімі журналист ретінде де қарт Қаратау мен айдыны Аралдың арасын жайлаған қалың елге етене­ таныс. Алғашқы журналистік ­жолын Қармақшы, Жалағаш аудандық газеттерінен бастаған Айжекең 1971-1997 жылдардың аралығында Қызылорда облыстық «Сыр бойы» басылымына аға тілші, бөлім меңгерушісі және редколлегия мүшесі болып ұзақ уақыт қызмет атқарған. Жазушы әр жылдары жазған әдеби дүниелерінің басын зейнетке шыққан соң ғана құрап кітап етіп, оқырманына ұсына бастады. Мысалы, қаламгердің «Аққұмның ақ түндері», «Ашық мұхитқа шыққан алып», «Жұмыр жерде біз бармыз», «Шұғыла шуағы», «Дарияның тұмасынан жыр боратқан», «Парасат майданы», «Қараша үйдің келіні» тәрізді деректі және көркем әдеби дүниелері жарық көріпті. Олары шағын әңгімеден бастап көлемді хикаяттарына дейінгі баршасының оқырман оясынан шыққан сүбелі дүниелер. Ал баспа тартпаларында және қолында уақытын күтіп жатқан әдеби қолжазбалары қаншама. Солардың қатарында «Өлермен өмір» романы, «Теңіз жайлаған ел» жинағы баспада кезегін күтіп жатыр. Біздің қазақ әдебиетінің қашаннан қарапайым еңбек адамдарының тұлға-сын жырлауда, ұлы еңбекті насихаттау­да ілгеріден қамшы салдырмай келе жатқаны оқырман қауымға аян. Осы орайда қызылордалық прозашы Айжа-рық­­ Сәдібекұлының «Жазғы демалыста» деген әңгімесі ойға оралады. Әңгіме желісі тартымды, махаббат жыры. Теңіз жағасындағы ауылда өрбиді. Ал автордың «Ректор» деген деректі әңгімесінде баяндалған Әділ Ермековты көрмесем де Жеткерген Қанатбаев есімді ұстазды мен жастау кезімде көрген болатынмын. Мейлінше қарапайым еді. Алматының жоғары оқу орнында оқып жүргенде Кеңес Одағының Батыры,­ осы институттың ректоры Мәлік Ғабдуллиннің тікелей қамқорлығына бөленген студент. Арал теңізінің ортасындағы Көкарал ауылының түлегі, мектепті күміс медальмен бітірген, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтың баласы. Айжекең баспасөз саласында қырық жылдан астам уақыт тер төкті. Қала-мынан әр жылдары жарық көрген мақала-очерктерінің негізгі тақырыбы – Арал теңізінің тағдыры және адам тағдыры. Тіпті кезінде Ақтөбе-Қызылорда ­облыстары бойынша меншікті тілші болып біраз жыл қызмет атқарып, қалам тербеген халықаралық «Түркістан» басылымдарының әр бетінде қаламгердің уақыт тынысын аңдатқан, осы өлкенің тыныс-тіршілігін тамыршыдай дөп басқан проблемалық мақалалары, очерктері жиі-жиі жарияланғаны есімізде. Қаламгер жалғыз ғана оңаша ой ойлап, жазу-сызумен ғана шұғылданған жоқ. Аймаққа қаламы қарымды азамат-жазушы ретінде де танылып, қоғамдық өмірге де белсене атсалысқан тұлға. Сонау тоқсаныншы жылдардағы «Невада-Семей» антиядролық қозғалыс-тың Қызылорда облысындағы ұйымын алғашқы ұйымдастырушылардың ­қа­та­рында болды. Осы қозғалыстың мүшесі ретінде мерзімді басылымдарда батыл үн қосқан қаламгер Қазақстан Журналистерінің VIII съезіне катысып қайтты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен, партия, Совет, кәсіп-одақ, комсомол органдары мен журналис­тер одағының мақтау грамоталарымен 16 мәрте, 4 мәрте мемлекеттік медальдармен, 2 рет жергілікті Әкімдік пен Мәслихаттың марпаттарына, Елбасының Алғыс Хатына ие болған белгілі қаламгер Айжарық Сәдібекұлы екі рет «Қызылорда облысының үздік журналисі», облыс Әкімінің екі мәрте стипендиаты, «Арал ауданының Құрметті азаматы» болды. Журналист-жазушының өмірлік ұстанымы – оқырман көңілінен шығатын көркем де шырайлы шығармалар туындату. Осы мақсатта ол ерінбей-жалық-пай еңбек етіп келеді. Лайым, жасыңа жас қосылып, шығармашылықтың биік шыңына шыға бер деп тілейміз. Толыбай АБЫЛАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері

ҚЫЗЫЛОРДА

797 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы