• Әдебиет
  • 11 Қыркүйек, 2019

ҰРПАҚҚА АМАНАТ

(Өкімет Өтелбаевтың кітабы жайлы толғаныс)

Белгілі сатирик жазушы, «Ара» журналында бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағында екінші хатшы, Литфонд директоры, өзге де биік лауазымды қызметтер атқарған, бүгінде жасы сексеннің бел ортасындағы қадірменді қаламгер, ақиқатты ту етуден танбай келе жатқан айтулы тұлға, кезінде менің «Жазушы» баспасынан жарық көрген екі бірдей сықақ әңгімелер кітабыма сәт сапар тілеп, пікір жазған сыйлас, тілектес, азамат Ғабең, Ғаббас Қабышевтың бір әңгімесі күллі қазақ тағдырына ортақ шыншылдығымен көкейде жүруші еді, төменде сөз болатын жайларға орай, әлқиссаны содан бастауды жөн көріп отырмыз. Қош,  Ғабең не деді дейсіз бе? «Осы күндерде өткен ғасырдың 29-32 жылдарындағы коллективтендіру, шамалы дәулет біткен адамдарды бай-кулак деп, малдарын тәркілеуге белсене араласып, өздерін көз көрмеске жер  аударып, бала-шағаларын қаңғыртып жібергендердің аттарын атасам, олардың қазіргі ұрпақтары бір-бірімен араздасып, қырық пышақ болатыны сөзсіз. Сондықтан жақ ашпаудан бөлек лаж жоқ. Мұны айтқаным, большевиктердің айтағына еріп, жақындарын жау санаған кедей-кепшік, қызыл көздердің өз ағайындарына жасаған қатыгездік, үстерінен жазған арыз-шағымдары әлі күнге сақталатын жерде сақтаулы тұр. Оларды жария етіп керегі жоқ. Кейінгілерге ауызбірлік, татулық берсін».

Ғабең айтқан (баршаға ортақ) ақиқаттың мәнзаласы, шамасы, осылай боп келеді. Оны естіген бойда менің де бүйрегім бүлк етіп, кейбір көз көріп, куә болған жай-жапсарлар ойға орала кеткен-ді. Ата-аналары құлақ боп, әр үйдің босағасын жағалаған жетімектер, ана ауыл, мына ауыл тұрғындарының ел ішінде беттеріне көн жамап, түк болмағандай боп жүретін әлдекімдер жайлы «оларға жақындамаңдар, шеттерінен кешегі жұртты сорлатқан белсенді ғой» дейтіндері еске түсті. Десе де, сол белсенділердің кейбірінің бала-шағаларымен бірге ойнап, бірге өстік. Құдайдың құдіреті шығар, қараулығы алдарынан шыққан ондайлардың өздері де айдалып, он-он бес жылдан соң елге оралып, із-түзсіз кеткендер де болатын. Айдаудан оралғандар ағайын арасында жүрмей қайда жүрсін. Бірақ күні кешегі арамза қылықтарын ешкім беттеріне баспайтын. Есесіне, үйлеріне ешкім бас сұқпайтын, той-томалақ, жиындарға шақырмайтын... Бұл жолы ұзақ жылдар бойы ауызға алынбай, ауызекі әңгіме арасында сөз болудан қалған осындай дәйістіктерді азын-аулақ жаңғыртуға себепкер болып отырған – бұдан екі-үш жылдай бұрын өмірден озған, Келес ауданына қарасты бұрынғы «Жолбасшы» колхозы, қазіргі «Мамыт» ауылынан ат жалын тартып шыққан санаулы еті тірі азаматтың бірі, Партия, совет органдарында жауапты қызметтер атқарған Өкімет Өтелбаевтың зейнетке шыққан соң, туып-өскен ауылдың ұл-қыздары, сондай-ақ дәм-тұз бұйырған жерде еңбек етіп, абырой биігінен көрініп жүрген өзге де түлектерінің (бәрі болмаса да) біразын түгендеп, өзі туған қара шаңырақтың да киесін ұмытпай, аруақ тірілтіп, кейінгі ұрпаққа қалдырған «Ұрпаққа аманат» атты кітабы (дер едік). Өкімет Өтелбаев қазіргі Келес ауданына қарасты «Жолбасшы» («Мамыт») колхозының тумасы. 1939 жылы өмір есігін ашып, 1956 жылы «Ленин жолы» орта мектебін бітірген соң, Ташкент Ирригация институтын тамамдайды. Еңбек жолын қатардағы инженерліктен бастап, алғырлығының арқасында сатыдан-сатыға көтеріліп, Түлкібас, Шардара аудандық, облыстық партия комитеттерінде қызмет атқарды. 1975-1985 жылдарда Бөген аудандық Ауылшаруашылық басқармасын басқарды. Одан кейін облыстық «Автомобиль жолдары», «Казсельхозтехника», Мұнай өнімдері басқармасының тізгінін ұстады. Біраз жыл «КазахОйл» мекемесінде істеді. Орден, медаль, грамоталары жетерлік. Зейнетке шыққан соң дінге бет бұрып, зайыбы екеуі қажылыққа барып, мұсылмандық парызын өтеді. Қайырымдылық рәсіммен айналысты. «Ұрпаққа аманат» атты кітабының авторы еріккеннің ермегі емес, (жоғарыда айтқанымыздай) ешкімге салмақ, міндет артпай, арттағыға сөз қалдыру үшін көрген-білгенін хатқа түсіру ниетімен жазғанын кітаптың кіріспе сөзінде (аса қарапайым, кішіпейілдік тұрғыда) өзі де жасырмайды: «Құрметті оқырмандар! Менің бұл шығармамның мақсаты... өскелең ­жастар, тума-туыс, замандастарға өмірдің өткінші екенін бағамдай отырып... бауырмал, тату, сыйлас болуды... адами жоғары қасиетті жоғары ұстап... берекелі, бақытты ғұмыр кешсе деген ізгі ниетімді білдіру... Бәріңізге Алланың нұр-шапағаты жаусын...» деген ақ тілекпен. Сондай-ақ, әрине... ол... Өз бағасын білетіндіктен, ақын, жазушылық егіннен аулақ, бірақ әу демейтін қазақ жоғын, шама-шарқынша қалам тербегенін аңғартуды да ұмытпайды. Кітапта деректі хикая, естеліктер, әзіл әңгіме, лирикалық, азаматтық, арнау өлеңдер, бірқақпайлар, өмірден өткен тұлғалар жөнінде дерек-мәлімет, фотосуреттер топтастырылған. Тілі де, мазмұны да шұрайлы, шырайлы, тартымды, тағылымды. Өкімет інім әр сөз, әр қадамына мән беріп, «ұша білген қанатқа дүние кеңдігін» (Т.Айбергенов) дәлелмен көрсетеді. Соны түсініп, ұға білгендіктен шығар, кітапқа берген «Аға лебізі» деген бата сөзінде Шерхан Мұртазаның «Өкімет Өтелбайұлының қолжазбасын оқып, таныса келе... айтарым, мағынасы мәнді, ­сапасы құнды...» деп бағалайтыны рушылдық шеңберде қалып қоймаған дегенді аңғартатыны белгілі. Айтулы абыз, классик жазушы, көрнекті қоғам қайраткерінің пікіріне қосыламыз, әрине. Сондықтан да... Өкіметтің бұл фәниден осындай танымдық мәуесі мол кітап жазбай-ақ өтсе де (ондайлар аз емесін сен бізден де жақсы білесің) ешкім пәлен демесі тағы анық екенін де білеміз. Өкімет ініме күллі оқырман, болмысы болаттай, бірлігі берік, татулығы риясыз, өтірік-өсектен ада, қызғаныш, іштарлық, күншілдіктен жұрдай, бір-бірін қадірлеп, мақтан етуге жетік, адами ұстанымнан айнымайтын бүгінгі саналы да салиқалы қауымның қарапайым мүшесі ретінде өз атымнан ата-баба аруағы қолдап, риза болғандай еңбек жазып қалдырғаны үшін алғыс айтамын, рухына тағзым етемін, бас иемін. Нұрың пейіште шалқысын – соңғы рет ұшырасып, үш-төрт сағат бірге жүргенде көзіңе мұң ұялап, қимастықпен қоштасқан – ардақты бауырым! Шерхан Мұртазаның батасымен жарық көрген кітаптың «Өмірбаяндық дерек», «Автордан», «Аға лебізі», «Алғысөз», «Түпкі атадан маған дейін», «Ұрпаққа аманат» атты қысқа да нұсқа, шағын түсініктемелерден кейін «Естеліктер, арнаулар», «Елім, жерім, өмір туралы жырлар», «Балалық шақ... туралы жырлар», «Сағынамын, ойланам», «Табиғат және жер мен көк», «Есте қалар жандар, естеліктер», «Естеліктер, суреттер, арнау, өсиеттер» деген тараулардан тұратынын да айта кетуді жөн санаймыз. Әр тараудың өз сүрлеу, өз жол, өз бағыт, мақсат-мүддесі бары түсінікті. Бүгінге дейін аталмыш еңбекті көзіқарақты көп мүмін оқығаны шүбәсіз. Сондықтан кітап мазмұны, автордың түпкі ниеті, не жазылып, не айтылса, бәрі... бәрі айдай анық, раушан деп қараймыз. Біздің де мақсатымыз – кітапты жіліктеп талдау, екшеу, таразылау емес, керісінше, бір қауым ел-жұрт тарихынан (тұңғыш рет десе де болад) аз да болса саз дерліктей түсінік-деректер беріп, білгенін ортаға салған Өкіметке ризалық үстіне ризалық білдіру, бәрекелді деу. Өкімет інім, сен жазып қалдырған осы кітаптан алпыс жыл бұрын артта қалған балалық, жастық кезде не жүз көрісіп, не сырттай білген замандастар мен кейін өсіп жетілген, елге ­танымал аға, іні, құрдас, құрбылардың дерегін біліп, суреттерін көргенім, арнау өлеңдеріңмен танысқанымды үлкен олжаға балаймын. Осы сөзіме дәлел ретінде бір-екі айғақ келтіре кетейін... Мүсір Артықов. Ардақты ағамыз. Байырғы ұстаз. Педагог. Суреті беріліпті. Өзбекәлі Жәнібеков, Лениншіл Рүстемов, біз оқыған орта мектептің директоры, Келес ауданынан соғысқа дейін САГУ бітірген бірден-бір маман Омар Есімов, байырғы педагогтар Артық Дарханбаев, ақтөбелік Зұлқаш Дүйсеновтердің суреттері алғашқы лекте берілгені де бек дұрыс. Сол топтың бас жағында үшінші боп (өз ағаң) мен де тұр екенмін. «Екенмін» дейтін себебім, кітапты сен қайтыс болған соң, үйіңе көңіл айта барғанда жар қосағың – қажы апа аталатын – келін берген еді. Ол үшін келінге шексіз алғыс! Сондай-ақ кітапта жарияланған суреттер ішінен мен 1958 жылы Алматыда жолықтырып, КазГУ-дің конкурсы қиын журфагіне түсе алмайтынын білгендіктен, физкультура институтына жол сілтеп және сол оқу орнын табысты аяқтап, туған жерге Алматыда үйленген келінмен бірге оралған марқұм Сәбит, інісі Әбит, қазір Шымкентте тұратын профессорлар Шапай ­Асабаев, Аюбай Құралов, Икрам Төлеев, оның туған ағасы, марқұм Шәзінда Төлеев, Нұр-Сұлтан қаласында тұратын ­медицина ғылымының докторы, профессор, Өзбекстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты­ Аман Шәкірұлы Асабаев,­ Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалды, марқұм қаржыгер Құрбау Үсібәлиев, дәрігер Бақытжан Әлімов, кәсіпкер Әбдірәш Ташманов, т.б. суреттерін көріп, көңілім марқайды. Әй, жарайсың! Иманды бол! Осы аталған, аталмаған пенделердің біразына арнаған өлеңдерің де келісті, орынды. Шымкенттегі медицина институтының оқытушысы, ғылым докторы, профессор, облыстық аурухананың бас дәрігері, аттестат алып, оқуға түсу үшін Ташкентке бара жатқан жерінен мен кездейсоқ ұшырасып, Алматыға бұрып жіберген – екеумізге төл іні – Икрам Төлеевке бағыштаған арнау өлеңіңде «Төле атамның жалғасы, Икрамұлы Мамыттың, жалғыз Мамыт қана емес, Перзенті бүкіл халықтың» десең, осы жолдар авторы – мен пақырды да ұмытпай: «Мамыттан шыққан біртуар, Топты жарған тұлпарсыз. Біраз қауым ішінде, Биіктегі сұңқарсыз. Елге сыйлы ағаны, Тұтамыз мақтан біз деген, Сіздей аға таппайды, Әлемді кезіп іздеген» деп, ағыңнан жарылғаныңа пәлі! Мейлі! Күнде мақталып жататындардың қасында ол не тәйірі! Төзейік, шыдайық, ә, Икрам! Солай ма? Әрине, солай! (дейсің). Енді мәреге жетер алдында... Қарапайым жазылған кітапқа қарапайым пікір білдіру соңында сөз басында аталған Ғаббас Қабышевты ауызға алған себебімізге келсек, тоқ етері... Иә, иә, коллективтендіру, тәркілеу, ату, асу, қыру, жою, ашаршылық жылдардағы сүргін-нәубеттің адам айтқысыз жауыздықпен өршуіне өзіміздің де (қазақтың) қосқан үлесіміз атан түйе болмаса да, бір есекке жүк болардай екені аян. Ғабеңнің айтып отырғаны да сол. Қазақ жерінің барлық түкпірінен ет жақын, аталас ағайындардың ештеңеге қарамай, атын өшіріп, жоқ ету үшін бірінің үстінен бірі қолдары қалтырамай жазған өтірік-жала, арыз-шағымдары, неге екенін қайдам, тиісті жерлерде әлі күнге сақтаулы. Бірақ, құпия. Берілмейді. Көрсетілмейді. Егер жария болса, жұлқынбайлық алауыздығы бір-ақ сәтте ояна салуы бек мүмкін, тату-тәтті, бірін-бірі көпсіну, көре алмау, күндеуден мақұрым, өзім дегендерге әлдебір қаңсықты таңсық санап, өз-өздерін жаттай сыйлауға шебер, қыр көрсету ойына келмейтін ағайындар арасында сол баяғы жаға жыртысатын айтыс-тартыс қайта лап етуі түк емес. Дегенмен, қадірлі Ғабеңнің алты бақан алауыз қазақтың сол әумесерлігінің (бірін-бірі қаралаған арыз-шағым) кейбіріне назары түссе керек, әйтпесе, неге айтты жоғарыдағыдай ескертуді? Ал мен өз басым ағайынның да кейбір қараулығына қанықпын. Өйткені колхоздастыру, конфискелеу кезінде өзара жауласып, төртке бөлінген бейбақтардың бір-бірін өлтіре жамандаған арыз-шағымдарының базбірлерін – Ғабең құсап мен де – өз көзіммен көрдім, оқыдым. Сенімді (полковник) достың арқасында. Одан бері көп жыл өтті. Маған көмектескен полковниктің әлі көзі тірі. Кімнің кімге қандай қысастық істегені сол құжаттарда қаттаулы. Аты-жөндері де көрсетулі. Шеті шықса бітті, тентек жел ұйытқып берері тұрған гәп (дедік қой). Бұл Ғаббас Қабышевтің пікірі. Мен қосыламын. Сондықтан... Барша қазаққа ынтымақ, ауызбірлік тілеймін. «Ұрпаққа аманат» кітабын жазып қалдырған Өкімет Өтелбаевтың діттегені де сол екені бір Аллаға аян. Әлбетте, бірін-бірі іштарлық салдарынан өлердей жек көріп, төртке бөлінген көп ауылдың бірінде туып-өскен мен кімнің кімнен қалай жапа шеккенінің шет пұшпағын сипай қамшылап айтқан болдым. Одан арыға жол жабық. Осы күндерде өзара тату, бір-біріне мейірімді, адамгершілігінде мін жоқ, қызғаныш, іштарлық, күншілдік дегендердің не екенін білмейтін жаңа буын жас өркен бауырларыма жарқын болашақ тілеймін. Өзіңе тілейтін жақсылықты өзгеге артығымен тілесең, сауапқа кенелесің! Меккеге барған парызың өтеледі!

Зәкір АСАБАЕВ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

1015 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы