• Мәдениет
  • 11 Қыркүйек, 2019

Осы жұрт Жасылкөлді біле ме екен?

Біз өз жеріміздің сұлу табиғатын тани алдық па? Табиғат ананың бізге тарту еткен кереметтерін бағалай алып жүрміз бе? Сұрақ көп. Бірақ жауап іздеу үшін саяхаттап, аралаған жөн. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Қазақстанның сакралды орындарын анықтауға бағытталған жобасы да осы сұрақтарға жауап іздейді. Бір ғана жер жаннаты – Жетісудың өзінде біз біле бермейтін көркем жерлер көп. Соның бірі – Көлсай, Қайыңды, Есік, Үлкен Алматы көлдерінен кем түспейтін Жоңғар Алатауындағы Жасылкөл көлі. Жасылкөл үнемі жұрт назарынан қалып қояды. Бір қызығы, көлге келетін туристердің басым көпшілігі шетелдіктер. Әсіресе, Германия, Ұлыбритания, Франция, Польша, Ресей, Испаниядан келетіндердің қатары көп. Бірақ осы көлдің өзін көрмек түгілі, атын да естімеген отандастарымыз бар. Сонда қалай?

Жасылкөлдің даңқы елімізде танылмаса да, Еуропаға танымал. Әйгілі саяхатшылар Томас пен Люси Аткинсондардың қазақ даласындағы саяхатының бір бағыты осы Жасылкөл болыпты. Т.Аткинсонның Қазақстанға алғашқы сапары 1847 жылы басталды. Ол Алтай арқылы оңтүстікке қарай Риддер, Өскемен қалаларына бағыт алып, Зайсан мен Арқанда болды, Көкпекті тауындағы монастырьді көріп, солтүстіктегі даланы аралады. Өзінің екінші саяхатында, 1848 жылдың тамыз айында Т.Аткинсон жұбайы Люсимен бірге қазіргі Солтүстік және Шығыс Қазақстанның аумағында болды. Сібірдің Алтай өлкесінен жолға шыққан олар Жоңғар Алатауының бойымен Зайсан және Алакөл көлдерін кесіп өтіп, Қапал бекетіне дейін жетті.

[caption id="attachment_54446" align="aligncenter" width="960"] Фото: Қазақ географиялық қоғамы[/caption]

Үшінші сапарымен Қазақстанда Т.Аткинсон 1852 жылы болды. Ол сол кезде солтүстік Моңғолия мен солтүстік Жоңғар арқылы шығыстан келді, одан соң Қапалға оралып, Текеліге және оңтүстікке Іле өзеніне дейін барды. Өзінің саяхаттары кезінде ­­Т. Аткинсон 600-ге жуық сурет салған. Бұл экспедиция әлі де жалғасын тауып­ жатыр. Тамыздың соңғы күндерінде дәл осы Жасылкөл аумағында саяхатшы, жазушы және көркем суретші Томас Аткинсон және оның жұбайы Люси Аткинсонның өмірлерін зерттеу мақсатында ағылшын саяхатшысы, журналист, жазушы Ник Фелдинг өзінің жұбайы Роузбен бірге Қазақстанға келіп кеткен болатын. Бұл туралы Қазақ географиялық қоғамы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған еді. Былтырғы жылғы экспедицияның қатысушылары Аткинсондардың бағдарын Аманбөктер ауылынан бастап Жасылкөл көліне дейін қайталап өтіп шыққан. «Томас пен Люси Аткинсондар ізімен» экспедициясы екінші жалғасын тапты. Экспедиция 10 адамнан тұрады, солардың ішінде шетелдіктер: экспедиция басшысы Ник Фелдинг, фотосуретші Дэвид О’Нил, альпинист және саяхатшы Харви Фелдинг, альпинист және жабайы табиғаттың сарапшысы Мэтью Томс бар. Ең басында бағыт Жасылкөлден ­бастау алып, Алакөл көліне дейін өту ­керек ­болатын. Бірақ қазір ол жақта өрт қаупі туындағандықтан, сол бағдардан бас тартылды. Жоспарлар өзгеріп, басқа да бағдарларды зерттеу шешімі қабылданды. Саяхатшылар мемлекеттік ұлттық Жоңғар-Алатау саябағының Сарқант бөлімшесінің батыс бөлігін зерттеп жүр. Келер жылы Тарбағатай тауларына қарай экспедиция жоспарлануда.

Ғаламторда орыс тіліндегі ақпараттар жетерлік. Қазақ оқырманы үшін деректер аз. Тіпті мардымды дүние жоқ. Көл туралы осы көктемде Алматыдағы туризм көрмесінде Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экологиялық ақпараттандыру бөлімінің маманы Айдана Тұрысбековадан көп мәлімет алған едік. Жаздың соңы жол түсіп, журналистік қызығушылықпен Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне тартып отырдық. Алматы­дан Сарқанға дейін 421 шақырым жол жүрдік. Айта кетейік, ұлттық парктің бас кеңсесі Сарқан қаласында орналасқан. Басшылықтан рұқсат алысымен, бізге ұлттық парктің рекреация, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы ­Ринат Беделханов Төменгі Жасылкөл көліне дейін жол көрсетіп барды. Қас қарайып, түн түңлігін қымтай ­жауып, қоюланған шақ. Біз қою түнді қақ жарып, Жоңғар Алатауынан бір-ақ шықтық. Алдымыздан парктің қонақүйлері көрінді. Біз таң атқанша осы үйлердің біріне аялдадық. Бұл аумақта туристерге ұсынылатын қызметтердің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бекіткен тарифтері бар. Мәселен, туристік соқпақтар, тамашалау алаңдарын, демалу алаңқайларын ұсыну, он адамға дейін бір топ күніне – 500 теңге, шатырлы лагерьлер немесе оларды орналастыру үшін орындар ұсыну, бір шаршы метр, бір күнге – 1050 теңге, көлікке арналған тұрақтар ұсыну, бір орын, бір күнге – 400 теңге. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры, табиғи және тарихи-мәдени мұра объектілерінде болу және оларды зерделеу кезінде қызметтерді ұсыну, 20 адамға дейінгі бір топқа күніне, аудармашы – 4 000 теңге, экскурсия жүргізуші – 4 626 теңге, инспектор-жолсерік – 2500 теңге. Ал қонақүйде тұру – 2000-5500 теңге аралығы (жайлылығына қарай), аттарды жалға беру – 1 000 теңге, кәсіби кино, кәсіби бейне түсірілімдерін жүргізу – 50 074 теңге, ал кәсіби фото түсірілімдерін жүргізу – 22 000 теңгені құрайды.

Таң ата «Жалаңаш» орманшы үйінен Төменгі Жасылкөл көліне жолға шықтық. Бізді Төменгі Жасылкөл көліне мемлекттік инспектор Ғафур Абдулхалықов бастап барды. Бұл Ғафур Сафарғалиұлының күнделікті жұмысы деуге болады. Өйткені бұл соқпақ Ғафур мырзаның бақылауындағы аумақ. Өзі көңілді әрі әңгімешіл инспектор екен. Шатқалда жүрудің барлық ескертпелерін айтып, түсіндіргеннен кейін, жер-су атауларымен таныстырып, өзі бақылайтын аумақтың ерекшеліктері жайлы сыр шертті. Жан-жағымызды жасыл желек жамылған Жоңғар Алатауының орманы қоршап келеді. Әсіресе, ағаштар мен теректер жұтып алатындай. Аспаннан күн көзі ғана сығалайтын тұстары бар. Бірде жазық болып кетеді. Инспектордың айтуынша, біздің алдымызда ғана аю жүріп өткен. Адам бойынан келетін шөптер тапталып, жұлынып қалған. Біз көлге дейін төрт шақырым жаяу көтерілдік. Өйткені Жасылкөлге жаяу, я болмаса атпен ғана жете аласыз. Өзен-көлдердің көгілдір-жасыл түсі ерекше­ рақатқа бөлейді. Ол құдды бір аспаннан төгіліп түскен мөлдір жақұт тәрізді. Ал көл аспанында бұлттары мың құбылып, көлдің түсін минут сайын бояп жатады. Тұнық айдыннан ағып шығатын Ағынықатты өзені төңірекке табиғи әуен сыйлайды. Шатқал ішін жел үрлесе болғаны, Ағынықаттының дауысы да көтеріліп, бейне бір көл суы ­тасып бара жатқандай үрей туғызады. Ал көл кескінін толық көру мүмкін емес. Өйткені жағалау маңын қалың шырша мен шақпақ тастар қоршап алған. Қарсы беттегі тауларға шығу үшін басқа соқпақпен көтерілуіңіз қажет. Сондықтан көлді жақыннан, я болмаса жоғарыдан көру үшін жеке-жеке ­жоспар құрғаныңыз дұрыс болады. Өйткені барлығын бір күнде тамашалау мүмкін емес. Ескерте кететін жайт, бұл туристік соқпақтарды тек инспектор-жолсерікпен ғана аралағаныңыз жөн. Тауда соқпақтар көп және адасып кету ықтималдығы жоғары әрі шекаралық аймақ. Сондықтан мамандармен ғана серуендеген дұрыс.

Ғафур АБДУЛХАЛЫҚОВ, Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркі «Жалаңаш» инспекторлық бөлімшесінің инспекторы: – Биыл төменгі Жасылкөлдің суы 50 см-ге төмендеп кеткен. Оны көлдің жағалауында шығып тұрған тастың өзі көрсетіп тұр. Біз осы арқылы, су деңгейін үнемі қарап, бақылап отырамыз. Менің ұлттық паркте бақылайтын аумағым – 3450 га. Бұл төменгі Жалаңаштан басталып, Кен өзенінің төменгі жеріне дейін. Күніне 10-20 шақырым аралап шығамыз.

Ринат БЕДЕЛХАНОВ, Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркінің рекреация, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы: – Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркінде 9 туристік маршруты мен 4 экологиялық соқпағы бар. Екінші туристік маршрут «Төменгі Жасылкөл». Бұл көл 300 жыл бұрын қатты жер сілкінісінен Ағынықатты өзенінің арнасы бекітілу нәтижесінде пайда болған. Суы суық және балық мекендемейді. Төменгі Жасылкөл – 1630 м биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 400 м, тереңдігі – 89 м, шығыс және батыс жағалаулары тік жартасты, суы суық. Ал Төменгі Жасылкөлден 13 шақырым қашықтық жоғарыда Жоғарғы Жасылкөл (2262 м) орналсқан. Ұзындығы – 3200 м, ені – 300 м, тереңдігі – 109 м. Жағалаулары тік жартасты, суы өте суық. Биыл Жасылкөлге 500-ден аса ­турист демалған. Алдағы уақытта көл жағалауындағы үлкен тасқа көлдің атауын жазып, қайықпен серуендеуді қолға алуды жоспарлап отырмыз.

Бағыттары: 1. Сарқан қаласы – Тополёвка ауылы – «Жалаңаш» орманшы үйі – Төменгі Жасылкөл – «Жалаңаш» орманшы үйі – Тополёвка ауылы – Сарқан қаласы; 2. Сарқан қаласы – Лепсі ауылы – «Жалаңаш» орманшы үйі – Төменгі Жасылкөл – «Жалаңаш» орманшы үйі – Лепсі ауылы – Сарқан қаласы.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ (Суреттерді түсірген автор)

Алматы – Талдықорған – Сарқан – Төменгі Жасылкөл – Сарқан – Талдықорған – Алматы

9739 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы