• Әдебиет
  • 11 Қыркүйек, 2019

ӘБІШ ӘЛЕМІ

Әбіш шығармашылықтағы алғашқы қадамын сөз патшасы – өлеңнен бастаған жас талант еді. Әдебиеті бар елде поэзия болатыны ақиқат. Поэзия тілінің сипат-ерекшелігін ойласаңыз, оны поэзиялық туындылардың, өлең-жырлардың мазмұнынан бөлек алып қарауға болмайды. Өйткені поэзияның, өлеңнің тілі, оның негізгі ерекшеліктері- көркем шығарманың идеялық мазмұнын ашу. Поэзиядағы, өлең-жырлардағы бейнелі, өрнекті сөздер эстетикалық сезімнен, образды, бейнелі ойдан, дүниені ақынша, суреткерше қабылдаудан туады. 1956 жылғы 30 маусымда «Жеке адамға табынушылық және оның зардаптарын жою туралы» қаулы жарық көруімен байланысты әдебиет пен өнерде жаңа бір бағыт белең алды. Біршама көзқарас бостандығы қалыптаса бастады. Осыған орай поэзияда Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ғ.Қайырбеков, О.Сүлейменов, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов есімдері оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленді. Осы кезеңде қазақ әдебиеті Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, К.Салықов, С.Жиенбаев, Т.Бердияров, М.Айтқожина, С.Иманасов, М.Шаханов, И.Оразбаев, Ж.Жақыпбаев сияқты таланттармен толыға түсті.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда қазақ поэзиясында ұлттық тәуелсіздік жаңа көркемдік мазмұнмен жырланды. Поэзияда ұлттық рух, ұлттық мұрат, тәуелсіздік дейтін ұғымдарға ерекше­ екпін түсіре жырлаған жас ақындар легі келіп қосылды: С.Адай, Ғ.Әріп, Ж.Сәрсек, М.Райымбекұлы, Ж.Әскербекқызы, Н.Бердалы, А.Исаділ, Б.Айболатұлы, А.Шегебай, С.Қамшыгер, Б.Алдияр, Б.Беделханұлы, А.Бабажанұлы, М.Ершутегі, А.Шамшадинова, М.Құнапияқызы, Т.Қамзин, Д.Берік­қажыұлы, т.б. атауға болады. Осы аталған ақындар өлеңдеріндегі жаңаша пайымдаулар рухани жағынан түлеудің жаңа бір кезеңі болды да, қазақ әдебиетінде көркем ойлардың серпінін туғызды. Әбіш те «Алтын шуақ» атты сыршыл­ лиризмге толы өлеңдер жинағымен ақын ретінде танылды. Дүниенің жарқын жағы ақынды қуантып, көңілін көтеріп, ­шабытына шабыт қосады. Ол күн сайынғы жаңалыққа үміт артады. Айға ұшқан ұрпақтың сөзін сөйлеп, жер-анасына ­табынады. Өзінің туған жерін әрбір шөбіне дейін әдемі образдармен қиюластырып суреттейді. Мысалы, «Туған жер» өлеңінде былай деп толғайды: Өстім қырда, қиырда, Естімей орман шуылын. Жүзімді қақтап құйынға, Селеудің тыңдап суылын.

Теңізден шетпін бұрқақты, Тәнімді толқын көмбеді. Сусай қалсам, су тарттым Шыңыраудан шөлдегі.

Тақырға асық иірдім, Құмақта қудым қозыны. Күн жеп қойған киімнің Иықта кеткен тозығы.

Қиып та кеткем қиясын, Шағылын, тауын, обасын; Шағынып тамған көз жасым Бабамның қара моласын, – ­деген шу­мақтарды оқып отырғанда М.Лермонтовтың поэзиядағы даусын естігендей боласың. Поэзиядағы соңғы дүниесі «Дүние ғапыл» жинағында философиялық ой-танымға құрылған, даналыққа тұнған ойшыл өлеңдері арқылы «ақылдың да, ақын­ның да ақынына» айналғанын көреміз. Біз Ә.Кекілбаевты тек жазушы, драматург, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері ғана емес, сонымен бірге шебер аудармашы ретінде де танимыз. Ірі суреткер қай жанрда, қай тақырыпты жазса да соның бәрінде ол негізгі бір өзекті идеяны, идеал­ды нысанаға алады. Осы ретте жазушы қаламынан туған аударма, пьесалары мен аударма романдарының мәні зор. Өйткені жазушы аударма саласында да суреткерлік қабілет танытады. Әбіштің аудармадағы суреткерлік еңбегі түпнұсқадағы шығармашылық тұтастықты сақтауымен, өзінің ойын және ол діттеген шындықты көркем түрде суреттей алуымен, оны жанды бейнеге айналдыру өнерінің биіктігімен, талғамының озықтығымен көрініс тапқан. Ә.Кекілбаевты аудармашы ретінде ерекшелейтін маңызды жайттың бірі – оның өрнекті көркем тілі. Ол өз ойын бейнелі жеткізуге, әрбір нәрсені жанды суретке айналдыруға өте ұста. Ұлттық тілдегі сиқырлы сөз саптаулармен әдеби тілдегі мың иірімді оралымдарды қиюын тауып қиюластырып, тәржімаларында да асқан дәлдікпен бере алған. Осы ретте, Әбіш Кекілбаев – көркем аударма өнерінің де үздік шебері. Ол орыс, жапон, Батыс пен Шығыс поэ­зия­сының классикалық туындыларын: лирикалық өлеңдер мен поэмаларын қазақ тіліне зор шабытпен аударды. Оған жапон поэзиясының көрнекті өкілдері: Кобояси Исса, Нюдо-Саки-Но Дайдзедайдзин, Сайге-хоси, Исикава­ Тонудокидың, әлем поэзиясының жауһарлары М.Лермонтов, Г.Гейне, ­Р.Ғамзатов, О.Сүлейменовтің өлеңдері енген. Ә.Кекілбаевтың тәржімалау ­барысында әр жолды сөзбе-сөз аударып қана қоймай, көркемдік ерекшелігін, поэтикалық құрылымын сақтай отырып, сөздердің баламасын, ұғымдарды нұсқаға сай бергендігі көрініп тұрады. Жазушы әр жылдары дүниежүзі әдебиетінің таңдаулы үлгілерінен прозалық шығармаларды да аударып отырды. Оның қаламынан Г.Мопассанның «Өмір», «Пьер мен Жан», Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», Ш.Айтматовтың «Ерте келген тырналары» қазақ тілінде сөйледі. Солардың ішіндегі ерекше назар аудартатыны, әрине, «Өмір» романының тәржімасы. Олай болатын себебі, бұл шығарманы аудару барысында Ә.Кекілбаев өзінің ұзақ жылғы тәжірибесінен түйген ойлары мен пікірлерін қорытып, жинақтаған күш-қуатын іс жүзінде тұтастай қолданған еді. Осымен бірге ол классикалық драматургияны жақсы білді, оның көп үлгілерін қазақ тіліне аударды. Оның аудармаларының ішінде У.Шекспирдің «Ромео мен Джульет­тасы», «Король Лирі», «Кориоланы», Г.Ибсеннің «Үрейі», К.Гоццидың «Турандот ханымы»,­ М.Фриштің «Дон Жуанның думаны», Л.Дарконың «Сүйіктім менің Электрасы»,­ В.Буэроның «Бүгін мейрам, бүгін тойы», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түні» сияқты әртүрлі стильдік үлгілер болды. Осыларды аудару үстінде Әбіштің драма жанрының табиғаты мен құпиясын зерттеп білгені анық. «Абылай хан» атты пье­саның тууына мұның себеп болғаны даусыз. Драмада ақ пен қараның, сезім мен сананың, жан мен тәннің қалауы арасындағы мәңгі бітпейтін арпалыс суреттеледі. Абылай осынша сынақтың бәрінен сүрінбей өтіп, өзінің һәм қазақ халқының тағдырын пәле-жаладан аман сақтап қалады. Бұл асқақ образ Кекілбаев қиялында ғана емес, осы өмірде де болатынын бәріміз білеміз. Дегенмен, «Абылай хан» драмасы арқылы автор жас ұрпақты жақсылыққа шақырып, жасампаздыққа бастап, жамандықтан тыюға ұмтылады. Әбіш «Абылай хан» пьесасын драмалық дастан деп атап, кең ауқымды құбылысты суреттеуге бүгінгі күннің биік талап-талғамымен келген. Автордың өткенімізді айта отырып, пьесаның кейбір тұстарында бүгінгілік астар мән-мағына беруі – сол идея айқындығынан туындаған. Автор драмада қазақ халқы өмірінің сан алуан қырларын үлкен шеберлікпен көрсеткен. Оған қаламгердің әлем әдебиетіндегі классикалық драматургия үлгілерін оқып, аудару арқылы шеберлік мектебінен өткендігі себеп болған сияқты. Осы орайда, академик С.Қирабаевтың пікірін айта кеткен жөн шығар: «Қазақтың ұлттық драматургиясында Жүсіпбек ­Аймауытов бастап жазған өлең мен ұйқасты проза тілінде жазылған шығармалар дәстүрін кейін жоғалтып алған сияқты едік. Оны Мұхтар, Ғаббас, Әбділда сияқты қаламгерлер пайдаланған. Солармен бірге кеткендей болған осы көркемдік үлгінің Әбіш пьесасымен қайта тірілгендігі қуантады. Тумысында шешен, дау мен тартыстардың бәрінде билердің тіліне сүйенген диалог, монолог бүкіл қазақтың рухынан туындайтын еді, Әбіш осыны тірілтті, әдемі жаңартты деп білеміз» (Ә.Кекілбаев және замана шындығы, 21-б.) «Абылай хан» атты халықтық-қаһар­мандық сахналық дастаны біреу екені рас, бірақ, біреу болса да, мыңға татитын шығарма болып шықты. Бұл ­туынды 1998 жылы қазақтың М.Әуезов атындағы Ұлттық академиялық драма ­театрында қойылды. Бұл халықтың азаттық жолындағы шынайы күресінің бір кезеңін көрсететін қаһармандық, драмалық дастан болып шықты. Әбіш прозалық шығармаларында қазақ халқының ғасырлар бойы арман етіп аңсаған рухани тәуелсіздігін негізгі мәселе етіп көтерсе, сол сарғайып күткен армандарды сахнаға да алып келгеніне қалай қуанбассың. 2015 жылы, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Абылай хан» пьеса­сы Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма­театрында қойылды. Оны сахналаған театрдың бас режиссеры, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Тарлан» сыйлығы мен «Шабыт» VII Халықаралық фестивалінің Гран-при иегері – Гүлсина Мерғалиева. Қоғамның, заманның, өткен мен бүгіннің көрінісін тамаша бейнелеп, көрермен алғысына ие болды. Әбіш «Абылай хан» пьесасында ұзақ қазақ елінің XVIII ғасырдағы жоңғар басқыншыларына қарсы ерлік күресінің көріністерін жыр етеді. Абылайдың ақылдылықпен, айлакерлікпен жүргізген күресінің арқасында қалмақтар мықтап жеңіледі. Қазақ жері жаудан тазарады. Әбіш Абылайдың ерлік істерін қазақ халқының азаттық жолындағы туына айналдырады. Орыс үкіметінің Абылайдың атын ұмыттыруға тырысатын себебі осыдан еді. Қазақ әдебиетінің өткенін парақтай қалсаңыз, алдыңыздан әйгілі 60-шы жылғылар шыға келеді. Идеологиялық шектеудің әлсіреуі 60-шы жылдары әдебиетке келген жаңа ұрпақтың соны шығармашылық ізденістеріне, түрлі тыңнан түрен салуларына мүмкіндік берді. Олар адам өмірі мен психологиясын зерттеуде және одан көркем дүние жасауда айтарлықтай табысқа жеткенін білеміз. Прозада М.Мағауин, С.Жүнісов, Қ.Жұмаділов, Ш.Мұртаза, Ә.Әлімжанов, Д.Исабеков, Қ.Ысқақов, Р.Тоқтаров, Ә.Әшімов, С.Мұратбеков есімдері қазақ оқырманының санасында жатталып қалған еді. Осылардың алдыңғы легінде Әбіш Кекілбаев тұрған болатын. Сол кезеңдерде әдебиетте тарихи тақырыптар жиі көрінді. Бұл турасында І.Есенберлиннің («Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас», «Алтын Орда»), М.Мағауиннің («Аласапыран»), Ә.Кекілбаевтың («Үркер», «Елең-алаң») тарихи романдары қазақ әдебиетінің қоржынына асыл мұра болып олжа салды.­ Прозаик Ә.Кекілбаевтың алғашқы туындыларының ішінде «Ханша-Дария ­хикаясы» мен «Шыңырау» повестері ­тарихи, рухани мәселелерді философиялық деңгейге көтере алуымен, өмірдің шын­дық көрінісін дәлме-дәл суреттеудегі шебер­лі­гімен көзге түсіп, қазақ әдебиетінде таң­даулы шығармалардың қатарына қосылды. «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Бір шөкім бұлт» повесі мен әңгімелер жинағы Әбіштің атын аспанға бір-ақ шығарды. Одан кейінгі жарыққа шыққан «Құс қанаты» кітабына жазушының 4 повесі мен 6 әңгімесі кірген. Автор замандастарымыздың жан дүниесіндегі ­рухани ізденістерді дәл зерттеп, адам бақыты, адам өмірінің әлеуметтік мағынасы жайында ой толғайды. 1968 жылы басылып шыққан жинаққа жазушының «Күй», «Бәсеке», «Ханша-Дария хикаясы» атты 3 хикаяты енген.­ Аталған көркем туындылар тарихи негізімен, соны идеясымен қызықтырады. Әрі бұл шығармалардың қазақ тарихы алдында да маңызы үлкен. Сондықтан да шығар, кітап дәл осы атаумен 2001 жылы екі том болып, қайта басылды. 1-томға – «Аңыздың ақыры» романы мен «Күй» повесі кіргізілді. 2-томға – «Бәсеке», «Ханша-Дария хикаясы», «Шыңырау», «Бәйгеторы», «Бір шоқ жиде» повестері енгізілген. Әбіштің шығармашылығында оқырмандарға кеңінен тарап, өзге ұлт оқушыларына етене таныс болған осы жинақ еді. Неге десеңіз, 1975 жылы Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан орыс тілінде шыққан «Дала балладалары» аударылып, 1982 жылы Берлин қаласынан неміс тілінде жарық көрген болатын. Жазушы шығармаларында халқы­мыздың салт-дәстүрлері молынан дәріптеледі. «Бір шоқ жиде» хикаятында ата-бабаларымыз ұстанған салт-дәстүр, ұлттық үрдіс, әдет-ғұрыптарды өмір шындығымен нақты байланыстыра отырып, шынайы да әдемі суреттейді. Хикаятты оқи отырып, қазақ деген халықтың тек өзіне ғана тән қызықты да күрделі ұлттық дәстүрлеріне қызығумен боласың. «Ең бақытты күн», «Аш бөрі», «Ақырғы аялдама» әңгімелері оқушыларды қызықтырмай қоймайды. Қаламгер әңгімелері мен хикаяттарының әрқайсысының желісі бөлек, жолдары басқаша. Осының өзінен-ақ Әбіштің шағын прозаның асқан шебері екендігін көреміз. Әбіштің қазақ өміріне арналған шы­ғармаларына келсек, оларда туған халқының кең далада қиыншылық астында өмір кешкен, бірақ тіршілікке ­деген махаббаты мен тілеуін жоғалтпаған өкілдермен танысамыз. Әбіш олардың қиын тіршілігінің жағдайларына, өмір сырлары мен өмір толғаныстарына үңіледі. Қазақ өмірі қашанда даламен, туған жерімен, атамекенімен байланыс­ты. Туған жерін, мейлі ол жайлы болсын, жайсыз болсын, ешкім қиып тастап кетпейді. Маңғыстау жұрты да солай. Құмды даланың сұрықсыз жұтаңдығына көніп, тағдырына табандылық көрсеткен, жаны мен ары таза, парасаты мол адамдар – Әбіш шығармаларының негізгі кейіпкерлері осылар. Олардың ішінен алмастың сынығындай тұрмысы ауыр болғанмен, көңілі кең Тілеуді («Бір шоқ жиде»), күйеуі майданда өліп, жалғыз ұлды жеткізген қайсар кемпірді («Құс қанаты»), өмірдің жеңілтек салтын қабылдап, қызық кешкен, соңынан жалғыздық азабын тартқан Зуһраны («Шеткері үй»), түйеден басқа көлігі жоқ, далада жаңа мамандық игерген Жақанды («Автомобиль»), т.б. көреміз. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ел басына түскен ащы шындықты шынайы қалпында жайып салған «Бір шөкім бұлт» хикаятының эпиктік танымы тіпті өзгеше. Соғыс... Дала... Мал баққан үйлер... Соғыс зардабынан еркектерінен айырылған, бірі әкесі мен баласын соғысқа берген жесір әйелдер тағдыры. Солардың басына түскен қайғының қара бұлты... Бәрі де оқырманын тебірентпей қоймайды. Осындай қиындыққа жасымаған рухы биік, ары таза қазақ әйелдері Аққаймақ пен Майра да ер тұлғалы бейнесін ­танытады. Ал «Шыңырау» хикаятында адам жанына терең психологиялық талдау жасалған. Бұл – адамды билеген астамшылық, даңққұмарлық, эгоистік сезімнің оны жарға жығуы. Еңсеп тау қопарған, қайратын халқына жұмсаған, қалың елді суға қарық қылған алып бейне­ – сол халық қолпашына масаттанып, көңіліне пендешілік кіріп, атын одан әрі асырмақ болып, шыңырау түбінде қалады. Әбіштің адам баласын астамшылықтан сақтандыратын идеясының бір ұшығы осыда жатыр. Әбіш романдарын әңгіме етсек, «Үркер», «Елең-алаң» туындылары ойға келеді. XX ғасырдың 60-шы жылдарынан басталған қазақ тарихына деген бетбұрыс ұлт тарихын ойлаған қаламгерлерді түгелдей енжар қалдырған жоқ. Халқының өткені мен бүгінгісін барлай отырып, тарихтың ұзақ тартыстарында елдігін, ұлттық намысын сақтап қалған халықтың ерлік күресі көп шығармаларға арқау болғаны анық. Солардың ішінде Әбіштің аталған екі романы өзінің оқшау биігі мен әдебиет тарихына ентелей кіріп, өз орнын ойып алды. Бұл романдарда Қазақстанның жоңғар және басқа көрші халықтар шабуылынан ығыр болып, орыс патшалығынан пана іздеуінің жолдарын сөз етті. Әбілқайыр өз тобымен ақылдаса, кеңесе келіп, орыс патшалығы қол астына кіру туралы шешімі басқа елдің ­шабуылынан біраз уақыт демалып алып, бейбіт тіршілікке көшуді, патшаға бағына отырып, өзінің және елінің хандық құрылымын сақтауды көкседі. Романдағы бүкіл оқиға дамуы, әрекет, тіршілік шындығы Әбілқайырдың ­сараптауынан өтіп, соның ойы, толғанысы арқылы өрістейді. Әбіш Әбілқайыр өмірінің барлық кезеңін тізіп, оның жеке басының тіршілігін күйттемейді. Оны кіші жүз ханы тағында отырып, Ресейге қосылу туралы ұсыныспен, патшаға өкілдік жіберуі мен арадағы келіссөзбен байланысты оқиғаларды роман тақырыбына шебер айналдырады. Шығарманың төрт тарауы Петербургтен хабар күткен, ханның күпті, ойлы күйін («Тығырық»), патша елшілігінің келуін («Елшілік»), онымен қиын жағдайда өткен келіссөз (Арбасу») және келіссөздердің ұзақ тартысып барып, сәтті аяқталуын («Айқас») суреттейді. Сырт қарағанда, бір сәттік мәселелерді ашуға арналғанмен, бұл тараулардың барлығында да қазақ тарихының мәселелері, дәуір мен адам тағдыры шындығы, Ресейге қосылуды жақтаған және қарсы болған топтардың тартысы, ру басшылардың алауыздығы, соларға қарамастан біртіндеп халық ішіне тарай бастаған орыс-қазақ қатынастарының фактілері шынайы көрініс табады. «Елең-алаң» – «Үркер» романының заңды жалғасы. Онда орыс елшілігі мен Әбілқайыр хан арасында қиыншылықпен іске асқан келіссөзден кейінгі екі елдің арақатынасының ширай түсуі жағдайлары сөз болады. Романның негізгі сюжеттік арнасы қазақ өкілдерінің Петербургке­ ­баруы, Орынбор экспедициясының құрылуы және оның қазақ жеріне ­сапары, Ор өзеніне бекініс салуы, Орынбор комиссиясының Татишовпен Әбілқайыр ханның кездесуі, ханның Ресей мемлекетіне бодандығы жөніндегі ант беруі сияқты оқиғалар көрсетіледі. «Үркердегі» суреткерлік жазушы машығы, образ жасаудың үлгісі «Елең-алаңда» да сол күйінде сақталған. Әбіш тілі бай, образды, ойлы. Оның суреттері де жарқын, нақты. Осы романдарды оқып отырғанда, Әбіштің өте керемет ізден­гіштігі байқалады. Сонымен қатар көр­кемдік құдіреті де өзгеше. Ол ежелгі аңыз-әңгімелерді әдемі суреттеп отырып-ақ, бүгінгі күннің ой елегінен өткізіп, тарихи-пәл­сапалық тағылым түюге машық. Осы романдардан күллі адам баласына ортақ адам­шылық мұрат пен пенделік уайымды тамыршыдай тап басып, мөлдіретіп ұсы­нады. Әбіштің тағы бір ерекшелігі – өзін өзі қайталауға, әдеби варияцияға, бұрын пайдаланған жайттарды шиырлауға жоқ. Әбіш тілге де, тілден шыққан сөзге де тамыршыдай талғаммен, үлкен ойлы­лықпен сөйлем құрайды және оны ақ қағазға түсіргенде қасиетті де дуалы сөй­лемдер пайда болады. Немесе ұлттық тілдің халық тарихындағы, ел санасындағы айрықша орнын, мемлекеттілікті орнық­тырудағы рөлін айшықтап ашып берумен де мәдениетімізге зор үлес қосты. Кешегі кеңестік кезеңнің өзінде «тілдердің тең құқылығы сақталмай тұрып, ұлттардың тең құқылығы сақталмайтындығын» айтқан, халықтардың мәдени ерекшелігін белгілейтін ең қуатты тарихи, психоло­гиялық, тілдік факторлардың ішіндегі ең көзге түсетін мәртебелісі де тіл емес пе. «Тіл тағдыры таразыға түсіп, тар кезеңге тірелген шақта, Әбіш Кекілбаевтың ­депутат болмаса да парламент мінбесіне көтеріліп: «Немене, кеше ел басына күн туғанда, тар үйімізден орын ығысып, төрімізді ұсынғанда, тартыңқы дастарқанымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ауыздарыңызға ұстағанда, біз күндердің күнінде бүгінгідей демократия орнатып, кемелденеміз деп жатқан заманда өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүйтіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап па едік?!» дегенін біз еш уақытта ұмытпауға тиіспіз» деп жазады Сауытбек Әбдірахманов «Тіл және Тәуелсіздік» жинағында (Алматы: Ер-Дәулет, 2007). Тілге шебер, сөзге жүйрік, алдына жан салмаған суреткер ретінде Әбіш тек қана қазақ әдебиетіне емес, әлемдік әдебиеттің қоржынына сөз гауһарынан олжа салған қаламгер. Адам баласына қалай өмір сүруді емес, не үшін өмір сүруді жеріне жеткізе түсіндірген Әбіштің үні әлем әдебиеті шыңының ұшар басында тұр. «Аңыздың ақыры» романында ­романтизм әдісі кеңінен қолданылғанын көреміз. «Үркер», «Елең-алаң» дилогиясында үлкен ағысты кең тыныспен классикалық натурализм мектебі көрініс табады. Осыған дәлел – Әбілқайыр ханның қиналған кездері, мың тарап ойлары, қатты күйзелістерін Әбіш өзіне қабылдап алады. Әбілқайыр болып өзі қайғырады. Ол өзінің Әбіш екенін ұмытып кетеді. «Шыңырау», «Құс қанаты» хикаяттары керемет суретшілдік пен сұлу баяндалуы, классикалық реализм стилімен ­туындап жатады. «Күй», «Тасбақаның шөбі» деп аталатын шағын шығармаларында да әлеуметтік реализм стилі жетіп артылады. Бұл шығармалар терең пайыммен, жауһардай соны сөздермен айшықталған күрделі дүние. Әбіштің шығармаларының көр­кемдік қасиеті мен құдіреті өте ерекше. Ол қазақтың қияли аңыз-әңгімелерін керемет суреттей отырып, бүгінгі күннің ой сүзгісінен шебер өткізіп, қиюластырып, тарихи тағылым түйіп тастайды. Аңыз-әңгімелерді жаза отырып, оның мәніне талдау жасап, адамдардың мұраты мен уайым-қайғыларын дәл шынайы түрде алдыңызға ұсынады. Жазушының еңбегіндегі мәңгүрттік, мәң­гүрттену ұғымы бертін келе Ш.Айт­матов, Г.Маркес шығармаларында да қол­данылып, әлем әдебиетінде анықтауыш болып орын алды. Шындығына келсек, бұл Кекілбаевтың әлем әдебиетіне қосқан зор үлесі еді. Ә.Кекілбаевтың шығармаларының басты өзегі – тарих пен тағдырлар философиясы. Ол өзінің тарихи-әлеуметтік ұстанымы арқылы ел мен халық, тарих пен дәуір, қоғам мен тіршілік бірлігіндегі тағдырлар философиясын алуан-алуан тұрғыдан мейлінше саралап, мейлінше даралап көрсетеді. Мұның айқын мысалдарына Әбіштің – «Талайғы Тараз» тарихи-танымдық зерттеу еңбегін, «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи-танымдық шығармасын, ұлы ақын Махамбет туралы «Шандоз» тарихи баянын жатқызар едік. Көркем ой тұрғысынан алып қарағанда бұл тарихи-танымдық зерттеу еңбектерді қазіргі қазақ әдебиетінің даму өрісіндегі кезеңдік ірі туындылар десек дұрыс болатын сияқты. Өйткені бұл шығармалардың қай-қайсысы болсын мазмұндық-түрлік орасан зор қуатымен, орасан зор ізденісімен, орасан зор көркемдігімен жаңа, тың, ойлы, сындарлы шығармалар болып табылады. Әбіштің сыншылдық, публицистік еңбектері де авторының жан-жақты білімділігін, өмірді байыпты зерттеп, ол жайлы кең ойлап, терең толғайтын алымды талантын мойындатады. Оның сын­шылдық ойы ұлт әдебиеті мен мәде­ниетіне қатысты мәселелермен шектеліп қалмайды. Оларды әлемдік үлгілермен салыс­тыра қарап, биік талаптар қоюымен толығады. Әбіш Абайдың, Жамбылдың, Ахметтің, Сұлтанмахмұттың, Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың, Мұхтардың, Сәбиттің, Ғабит пен Ғабиденнің, Қасымның шығармашылығы жайлы күрделі пікірлер айтады. Тәкен, ­Тахауи, Әбдіжәміл, ­Олжас, Қалтай, Шыңғыс сияқты ағаларымен қатар өзінің замандастары мен інілері Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Оразбек, Қайрат, Жұмекен, Оралхан, Төлеген шығармашылығын талдайды. Қазақтың көркем өнерінің аса үлкен қайраткерлері Құрманғазы, ­Ахмет Жұбанов, Роза Бағланова, Шәкен, Нұрмұқан, Асанәлі, Ыдырыс туралы жазғандарын оқығанда, Әбіштің таза өнер сыншысы екенін мойындайсың. Әбіштің публицистік мақалалары мен жазбалары оның шығармалары­ның көлемді бөлігін құрайды. Олар әр кезде жазылған, әр заманның сұранысынан туған. Әсіресе, Тәуелсіздік алған тұста Әбіш көп жазды. Оқырмандардың есінде шығар, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Әбіштің Германияға ресми сапар жасағаны. Сол сапарында неміс елінің мәртебелі мінбесінен экономикадан бастап, әлем жұртшылығының бүгінгі барша проблемасын қаз-қатар салыстырып, арғы-бергі ­тарихты суыра сөйлегеніне таңғалып, неміс үкіметінің басшысы «Германияда экономистер де, ақылды адамдар да баршылық. Бірақ Кекілбаевтай ғұлама тұлға бізде жоқ. Әттең, өкінішті» деп бас шайқағаны бүкіл ел арасына тарап кетті емес пе? Сол кезде жазушының «Дала балла­да­лары»,­ «Аңыздың ақыры» повестері, Одақ оқырмандарына танылып – одан әрі шетел тілдеріне аударыла бастаған кезі еді. Жазушының «Дала балладаларындағы» тарихи аңызға құрылған повестері із құрғатпай шығып, оған резонанс тудырған – Германия болды. Талғампаз неміс оқырмандары жас қазақ жазушысының шежіре шерткен үніне құлақ түрді. Әбіштің еңбегін қуана қарсы алды. Жатырқаған да жоқ, жатсынған да жоқ. Белгілі неміс сыншылары Клаус Шнайдер, Герберд Кремпиен, Леонард Кошут, Зигфрид Клейнмихель, Рольф Шредер, Леонора Вайст, Вольгард Бодэ, Гельмут Земке қазақ жазушысы ­туралы жоғары баға беріп жатты. Кекілбаев шығармашылығы арқылы Батысқа беймағұлым шығыс тарихының аңызға айналған беттеріне неміс оқушыларының қызығушылығы үдей түсті. Сондықтан да шығар «Аңыздың ақыры» романы шыққан бойда неміс тіліне аударылды. Немістің «Фрая фельт» журналында 1997 жылы Әбішті және оның отбасының фотосуреттерімен безендірілген 5 беттік материалы шықты. Германияның басқа да баспасөз таланттары қазақ прозашысын өздерінің төл перзенттеріндей насихаттап жатты. Осы кезге дейін Германия баспасы Кекілбаев шығармаларының екі томдығын екі дүркін басып шығарды. Ұзын сөздің қысқасын айтсақ, қала­мынан төгіліп түскен дүниенің қай елдің де рухани меншігіне айналтып, таң­дайын қақтырған қаламгер болса, Әбіштей-ақ болсын! Әбіштің сан жетпес шексіз жатқан білімі, қасиеті мен парасаты қазақ деген елдің қоржынына олжа салмаған кездері болмаған сияқты. Ғұлама ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бір сөзінде былай деп айтқан еді: «Құдай аузыма салды ма, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында ел алдында: ­«Маң­ғыстау – әулиелер мекені, түбекті 362 әулие мекен еткен, солардың арамызда тірі жүрген 363-шісі Әбіш Кекілбаев» деген еді. Мырзекең дөп басып айтты ғой деймін. Шындығында, Әбіштің әулие екендігіне күмән тудыруға болмайды. Тәуелсіз қазақ елінің тұғырының биік болып, мемлекетіміздің нығаюына өлшеусіз зор үлес қосқан қоғам қайраткері Әбіш халқымыздың бейбіт өмір сүруі жолында, ауыз бірлігі жолында да аянбай еңбек етті. Ол кешегі ел билеген патшаларға ақыл қосқан данагөй билердей мемлекеттік қызметтерге де бар қайратын салып араласты. Артына өшпес із қалдырды. Қазақ сөзінің зергері алмағайып уақытта елдік мүддені қорғау барысында да әрқашан азаматтықтың, даналықтың үлгісін көрсетті. Мемлекет және қоғам қайраткері ­Сауытбек Әбдірахманов Әбіш туралы сөзінде: «Алайда тарихтың осынау өтпелі, екі ұдай кезеңінде, бір жүйеден бір жүйеге ауысып, жаңа қоғам құрылып жатқан шақта бізге прозашы Кекілбаев, сыншы Кекілбаев көбірек керек пе еді, әлде саясаткер Кекілбаев, тарихшы Кекілбаев, философ Кекілбаев, әлеуметтанушы Кекілбаев, мәдениеттанушы Кекілбаев көбірек керек пе еді десек, осы жылдарда бізге оның қаламгерлікке суарылған қайраткерлігі керегірек болғанына көзіміз жетеді» деген сөзіне қарап та Кекілбаевтың қазақ мемлекетін нығайтудағы еңбегінің зор екендігін түсінеміз. Әбіш Кекілбаев жас республика­ – Қазақстанның аяқтан тұрып, қалыптасуына бар күш-жігерін салды. Бір сөзінде: «Егер әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Мені қаламгер ретінде мазалаған мәселелер, азамат ретінде де алаңдатуға тиіс. Көркем шығармаларымда қазақтың шиетүйін мәселелерін шешкенмен, былайғы өмірде өзімді ұлтыма қалайша арнамаймын?» деген еді. Кекілбаев Егемендіктің ақ таңында «Ұлт үшін ендігі ең маңызды қызмет – Тәуелсіздікті орнықтыру» деп, осы іске Елбасымен бірге бел шешіп, білек сыбана кірісіп кетіп еді. Сонда «Артымыздағы ұрпаққа аз күндік ырзық қана тастап кетпей, баянды болашақ қалдыра алсақ, бұл дүниеге босқа келіп, босқа кетпегеніміз» деп, ақтарыла сөйлеп еді ғой. Содан кейін-ақ, «Демократия көктен түспейді», «Ұлтты ұлы мұраттар алға жетелейді», «Отаншылдық мұраты – жасампаздық», «Ұлт көсегесін ұрпақ көгертеді», «Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады», «Ел тағдырын шешетін жасампаз кезең енді келді» деп, көпшілік қауымның көкірегіндегі күпті ойлардың түйінін шешіп, жігерлендірген болатын. Осылайша, ғасыр соңындағы елдегі жан-жақты өзгеріске талдау жасап, халық санасына толықтай жеткізуді Әбіш қана қолға алған ­болатын. «Егеменді Қазақстанның» қатарынан бес нөмірінде заманның құбылыстарын дәл анықтаған, елінің жағдайын жақсарту жолын дөп басып көрсеткен «Бетерден де бетер бар деген осы емес пе?» деп аталатын жан-жақты қамтылған публицистикалық мақаласы, Тәуелсіздігіміздің нығаюына зор үлесін қосқанын айтпауға болмайды. Әбіш Қазақстанның алғашқы сайланған Парламентінің Төрағасы, Мем­лекет­тік хатшы, Президент кеңесшісі, сенатор. 1997 ж. – Ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, 1998 ж. – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы, 1997 ж. – Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының жылы. Елбасының арнайы жарлығымен әр жылды атап өту жөнінде мемлекеттік комиссия құрылып, оны Мемлекеттік хатшы Әбіш басқарды. Осындай жұмыстарды атқару жолында Әбіш жан аямай қызметтенді. Президентіміздің сенімді серігі болды. Мемлекет басқару жолындағы қызметтерді атқарудағы ұсыныс пікірлері, ақыл қосқан ойлары ақпарат беттерінде жиі жарияланып, Қазақстан халқына зор шабыт беріп отырды. Әбіштің 70 жасқа толуына орай өткен салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзінен үзінді бере кетейік: «...Мен осынау жылдарда талай азаматтарды жаныма тарттым, жақсы қызмет беріп, мәртебелерін өсірдім. Олардың елге танылуына жағдай жасадым. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, өкінішке қарай, солардың кейбіреулері тапсырылған қызметті ойдағыдай алып жүре алмай, әлсіздігі байқалған кезде жұмыстан алғанымда, орынсыз өкпе ­танытып, барлық іске де, өз еліне де қарсы шығып жатады. Бізде қызметтен кеткенде ғана «білгір де іскер» болып көрінетіндер де бар. Әбекең ондай осалдық көрсеткен жоқ. Әрқашан азаматтық биіктен көрінді. «Аттан түскен ақырет емес, тақтан түскен тақсырет емес. Өз басыңнан бақ ауса да, халқыңның басынан бақ аумасын» дейді Әбіш Кекілбайұлы. Әбекең – әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсем сөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінберіне көтерілді. Ағынан жарылды, адалынан сөйледі. Әлі де қоғам мен қауымды толғандыр­ған келелі мәселелерде кең толғар пайым қажет болғанда, қайраткер қаламына қарымды сөз ұштап, шынайы пікірі мен шырайлы бәтуасын жайып салады. Жұртының мүддесі үшін жазары таусылмаған жазушы болу да бір бақыт қой. Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін! «Өз мемлекетіңнің Тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік.... Мың жылдап күткен арманды бір күнде жүзеге асыра салмасымыз белгілі. Олай болса, уақытша қиындықтарға бола мәңгілік мұраттарымызды тәрк ете алмаймыз. Тәуелсіз еліміздің көгеріп-көркеюі жолында күш-жігерді аямаймыз» деп жазды бір мақаласында Әбіш Кекілбайұлы. Бұл – оның азаматтық адал сыры. Мен бұған қапысыз иланамын. Ендеше, Әбіш Кекілбайұлының халқына бергенінен берері әлі де көп деп сенемін. Сондықтан да бүгінгі той тек Әбіш Кекілбайұлының емес, күллі қазақ мәдениеті мен өнерінің, қазақ руханиятының тойы. Салтанатыңыз жарассын, саңлақ суреткер! Тойымыз тойға ұлассын, ардақты ағайын. Мен бүгін мынандай Жарлыққа қол қойдым: «Қазақстан Республикасын әлеумет­тік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі, мәдениет пен әдебиетті дамытудағы айырықша үлесі үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әбіш Кекілбаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілсін. Осы жоғары награданы тапсыруға рұқсат етіңіздер». Әбіш шығармалары орыс, неміс, венгер, болгар, чех, эстон, қырғыз, өзбек, татар, т.б. тілдерге аударылды. Әбіш 1981 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды, 1995 жылы «Қырғыз Республикасының Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері» атанды. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығын алды, 1999 жылы «Отан» орденімен марапатталды. 2004 жылы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев» орденімен, 2009 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. 2011 жылы «ТМД Парламентаралық ассамблеясының «Ынтымақ» орденін кеудесіне тақты. Шәкәрімнің мына бір өлеңі ойыңа оралса, Әбішті айтып тұрғандай болады: Адамдық борышың – Халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай Ар сақта, оны біл. Талаптан да білім мен өнер үйрен, Білімсіз, Өнерсіз, Болады ақыл тұл. Мақтанға салынба Мансаптың тағы үшін. Нәпсіңе билетпе Басыңның бағы үшін. Өміріңді сарп қыл өлгеніңше, Жоба тап, Жол көрсет, Келешек қамы үшін. Қайтадан қайрылып Қауымға келмейсің. Барыңды, Нәріңді Тірлікте бергейсің. Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң – Шын бақыт, Осыны ұқ, Мәңгілік өлмейсің! Расында да, қамшының сабындай қысқа ғұмыр, баянсыз дүниені ­жобалау да, мөлшерлеу де баянсыз. Сол қысқа жіп күрмеуге келмейтін ғұмыр мен алдамшы пәниден, өтпелі уақыт пен кеңістік шегінде өшпейтін шырақ жағып, өлмейтін іс жасауға Алланың пенделерінің ілуде біреуінің ғана қолы жетеді. Осы Алла жасаған пенденің ілудегі біреудің Әбіш екеніне күмән туғызбайық, ағайын. Әбіш Құдайдың өзіне өлшеп берген жылт еткен жарығында өлмейтін өнер құдіретін артына қалдырып кетті. Адамзат тарихының түймедей болмыстарынан мәңгілік тұратын мүсін тұрғызып кетті. Осы бір құбылыстарды ойлағанда, Әбішті әулие емес деп айта алмайтын шығармыз.Әбіштің терең философиялық ойларын, керемет суреткерлігін, Алланың берген тұңғиық түпсіз терең зердесін, алдымызда аталып өткелі тұрған 80 жылдық мерейтойында жазылып жатқан осындай бір жеңіл-желпі мақалалармен сырын ашып, талдау жасау, ешқандай мүмкін еместігін мойындауымыз керек. Кекілбаевтың кім екенін толықтай талдау жасап, бар сырын, қадір-қасиетін барынша ашу үшін көп уақыт керек сияқты. Әбіш сияқты Жаратқанның сүйген құлының жазып кеткен кепиетті туындыларының, айтып кеткен дуалы сөздерінің құпиялы әлемін ашу жолында алдымызда талай асулар тұрғаны анық. Таулардың алыстаған сайын биіктейтіні сияқты, Әбіш еңбектері де уақыт өткен сайын биіктей береді. Уақыт өткен сайын­ оның құпиялары да ашыла бас­тайды. Әбіштің қамшының сабындай қысқа өмірдегі адам деген пенденің қолынан келе бермейтін жазбалары мен аузынан шыққан сөздері, атқарған қызметтері ғасырдан ғасырға ұласып, өлмейтін өнегеге айналады. Әбіштің рухы өлген жоқ! Ол мәңгі.

Бектұр Төлеуғалиев, «Қазақстанның Құрметті журналисі», Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма төрағасы

13628 рет

көрсетілді

123

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы