• Білім және ғылым
  • 18 Қыркүйек, 2019

Ұлы ұстазға тағзым

Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы негізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұлы ғұламалардың бірегейі, Екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына әзірлік барысында қазақстандық арнайы делегация Сирияның Дамаск қаласына іссапармен барды. 

Бұл іссапар көптен бері жос­парланып, Қазақстан Респуб­ликасының Ливандағы Елшілігінің және Сирия Республикасының Қазақстандағы Ел­шісінің қолдауы­мен жүзеге асты. Іссапардың мақсаты – ұлы ­ба­бамызға зиярат етіп, Қазақстан тарапынан ­са­лынған «Әл-Фараби мә­дени тарихы ор­талығы және кесенесі» құры­лы­сының жай-күйімен ­танысу, 2020 жылы ұлы ойшыл Әбу ­Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын өт­кізуге дайындық шараларын ұйым­дастыру, ­сонымен бірге достас мемлекеттер арасындағы ортақ тарихи және мәдени құндылықтарды насихаттап, қарым-қатынастың жақсы платформасын құру. Қазақстандық делегация құрамында ҚазҰУ-дың ректоры­ Ғалымқайыр Мұтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты­ Әлімжан Құртаев, танымал ­кинорежиссер Сергей Әзімовтің түсіру тобы және «Qazaqstan-1» телеарнасы атынан Дархан Әбдіков басшылығындағы түсірілім тобы, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре болды. Сапар аясында қазақстан­дық делегация Дамаск қаласы әкімінің қабылдауында ­болып, құрылысы аяқталған «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» ғимаратының болашағы туралы пікір алмасты. Делегация басшысы, академик Ғалымқайыр Мұтанов Дамаск қаласының әкімі Адил Ануар әл-Алаби мырзамен кездесуін­де ұлы бабамыздың жатқан жері­не ­са­лынған ғимаратты соғыс кезінде сақ­тап қалуға атсалысқандары үшін ­Қа­зақстан атынан зор алғыс айтып, риза­шылық танытты. Іссапар кезінде қазақстандық делегация Дамаск университетінің ректоры, профессор Мұхаммед Маһир Қабақибимен кездесті. Екі университет басшысы өзара диалог барысында қарым-қатынастарды нығайту бағытында пікір алмасты. ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтанов әл-Фарабиге деген жалпы көпшіліктің таным көкжиегін кеңейтіп, бізге жазып қалдырған философиялық ой-толғамдары мен жалпы адамзаттың бақытты өмір сүруіне қатысты айтқан тұжырымды ойларын бүгінмен бай­ланыс­тырудың өзектілігіне ерекше тоқталды. Іссапар аясында қазақстандық делегация Сирияның халықаралық академиясында дөңгелек үстел өткізді. Онда ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың өмірі мен шығармашылығы, философиялық ой-толғамдары, әсіресе «Қайырымды қала құру» туралы айтқан ой-пікірлері кеңі­нен талқыға салынды.

Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ

1072 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы