• Руханият
  • 26 Қыркүйек, 2019

«Сарыбидай» – сағынып, салған әнім...

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.д., профессор

Садықожа МОШАНҰЛЫ! Бұл есім бүгінде ұлттық құндылықты ардақ тұтатын, әнсүйер Алаш қауымына кеңі­нен танымал. Ал мен өз басым бұл есім-сойды ең алғаш қашан, қайда, кімнен, қалай естідім? Әңгімені содан бастайын. Біздің балалық шағымыз 1966-1976жылдары Қытайда Мао жетекшілігімен өрістеген атышулы «Мәдени төңкеріспен» тұспа-тұс келді. Ол жылдарда арғы беттегі ағайындардың кеңестік Қазақстандағы туыс-туғандарымен барыс-келісті былай қойып, хат-хабар алысудың өзі мүлдем үзілген. Ондағы жұрт түннің бір уағында, ел аяғы басылғанда ұрлап-тығып «Шалқар» радиосын тыңдайды. Сезіп қалса, оның өзі ауыр қылмыс. Ондай адамға «екі жүрек», «совет тыңшысы» деген айдар тағылып, жауапқа тартылады. Тіпті жер аударылып, түрмеге жабылады. «Шалқар» радиосын тыңдағаны үшін қуғындалғандардың біразын, сол кезде бала болсақ та, өз көзімізбен көрдік. Бұл жағдай 1976 жылдың күзінде Мао өлгенге дейін жалғасты. 1978 жылы ҚХР билік басына Дэн Сяопин келді де, жағдай күрт жақсарып сала берді. Ондағы жұрттың қарны тойып тамақ жеп, иіні жарып киім кие бастағаны өз алдына, «екі елі ауыздағы төрт елі қақпақ» алынып, тіпті ағайындармен хат-хабар алыса бастады. «Шалқар» радиосын тыңдау қылмыс емес» деген арнайы қаулы болмағанымен, тыйым салған, шектеу қойған ешкім болған жоқ. Содан, көп ұзамай, әр қазақтың төріндегі радиоқабылдағыштан ­«Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деп, күні-түні «Шалқардың» сайрап тұрғаны қалыпты құбылысқа айналды. Бірте-бірте ондағы құйма құлақ өнерлі жастар мен ән-күйге бейім былайғы жұрт «Шалқарда» берілетін ән-күйлерді тез үйреніп алып, түрлі басқосуларда, жиын-тойларда емін-еркін шырқап, орындай беретін болды.

І. АЛҒАШ БҰЛ ЕСІМДІ  ҚАЙДАН ЕСТІДІМ?

Сөз болып отырған жылдарда ол елдің ғылым-білім саласында да оң өзгерістер қауырт жүріп жатты. Соңғы 15-20 жылдай жабылып қалған қытайдың жоғары оқу орындары жас талапкерлерге өз қақпасын айқара ашып, жас мамандар дайындау­ды қайта қолға алды. 1982 жылы мен туған ауданымнан орта мектепті бітіріп, Пекин қаласындағы Орталық ұлттар институтының филология факультетіне оқуға қабылдандым. Бұның өзі біздің аудан өміріндегі кәдімгідей елеулі оқиға болды. Аудан басшылығынан бастап, қарапайым халық бұқарасына дейін бөркін аспанға атып қуанбаған, «бәрекелді» десіп тілеуімді тілемеген адам қалмады. Оның себебі, Алланың қалауымен, «Текес ауданының тарихында мемлекеттік емтиханнан өтіп, Пекинге оқуға кеткен тұңғыш қазақ ­баласы» деген атақ біздің маңдайымызға бұйырыпты. Біз, алыс аудандардан барып ­Пекинде оқитын қазақ жастары, жер шалғай, қатынас қолайсыз болғандықтан, қысқы ­каникулда ауылға бара алмайтынбыз. ­Ауылды, ата-ананы қанша сағынсақ та, тек қана, жылына бір мәрте жазғы каникулда ғана баратынбыз. 1984 жылы ІІ-курсты тамамдап, жазғы каникулға ауылға келгем. Бір күні сәлем беру үшін салып ұрып сол кездегі аудан әкімі Қызайжан Сейліқожаұлына бардым. Сөйтсем, санаулы күндерден кейін әйгілі Қаражон жайлауының бір салмауы болып есептелетін Қарағанды деген жайлауда Текес ауданының ақындар айтысы өтейін деп жатыр екен. Ол кісі салған жерден: «Бәрекелді, жақсы келдің. Біз Қарағанды жайлауында ауданның ақындар айтысын өткізейік деп жатырмыз, соған арнайы қонақ ретінде қатыс. Іс-шараға арнап өлең жазып кел. Жиынның ашылуында оқисың. Бәлен күні сағат бәленде осы әкімдіктің алдына кел. Менің машинамда орын бар, бірге барамыз» деді. Ұшарын жел, қонарын сай білген сері дәурен ғой баяғы. Қуана келістім. Әкім ағам айтқан уақытта, уағдалы жерде дайын болдым. Ол заманда аудан әкімінің мінетіні «Пекин» маркалы дала ­жолына арналған (Уазик секілді) ебедейсіздеу ­машина болатын. Тау жолы да нашар екен. Ілбіп жылжып келеміз. Мен Жапонияда өндірілген, қытайдағы ағайын ол кезде жаппай «кірпіш лойың» (лойың – қытайша, luyin – дыбыс жазғыш) атап кеткен магнитофонымды алып алғам. Жол-жөнекей әкім ағам мен қасындағы нөкерлеріне сол магнитофоннан ән-күй тыңдатып келе жатырмын. Бір кезде Қызайжан Сейліқожаұлы: «Дүкен, магнитофоның қалай жазады? Егер жақсы жазатын болса, сен оның қуатын құртпай жайлауға барғанда анау атақты әнші-күйшілердің ән-күйлерін жазып ал» деді. «Жарайды, атақты әнші-күйшілерден кімдер ­болады?» дедім мен. «Облыстан Кәдек Қырғызбайұлы бастаған мықтылар келеді, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары толықтай қатысады» деді өңір басшысы. Қуанып қалдым, қуанған себебім, ол кезде Кәдек Қырғызбайұлының атағы жер жарып тұрған. Үрімшідегі, Пекиндегі қазақ радиоларынан да әндері жиі беріліп тұратын. Мұндай аңызға айналған әншіні «тірідей» көру менің өмірімдегі маңызды оқиға болайын деп тұр. Түс ауып, кеш бата Қарағанды жайлауына да келіп жеттік. Ұлы жиын ертең болмақ. Бізбен бірге келген екі-үш машина адам тұтастай әкімге арнап тігілген алты қанат киіз үйге түстік. Көп кідірмей әкім «өнерпаздарды алып келіңдер» деп тапсырма берді. Бір кезде Кәдек Қырғызбайұлы бастаған әнші-күйшілер сау етіп кіріп келді. Әкімнің тапсырмасы бойынша Кәдек екеуміз қатарласа орын алдық. Таудай ет, көлдей сорпа. Ырду-дырду, тамаша-думан басталды да кетті. Бір кезде асаба жігіт Кәдек Қырғызбайұлын арнаулы таныстырып, әннің кезегін берді. Мен дереу магнитофонымды қосып, Кәдектің орындаған әндерін түгін қалдырмай жазып отырмын. Кәдектің ән салғандағы кісі риза болатын бір қасиеті – орындайтын әндерінің атын айтып, авторы болса авторын, болмаса «халық әні» деп жариялап отырады екен. Әйгілі әнші сол шырқағаннан мол шырқап, тоқтаусыз 20 шақты ән салды. Мен екі касета толтырып алдым. Оның ішінде, есімде қалғандарынан Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың», Біржан салдың «Теміртас», Садықожа Мошанұлының ­«Сарыбидай», Илья Жақановтың «Жай­лаукөл кештері», сондай-ақ біраз жергілікті композиторлардың әндері де бар еді. Міне, мен «Садықожа Мошанұлы» ­деген есім-сойды да, «Сарыбидай» деген әнді де осы жолы Текестің Қарағанды жайлауында тұңғыш естідім. Әсерім мол, қоржыным тоқ үйге қайт­тым. Мен ақындар айтысына кеткенде біздің үй көктеуде отырған, мен келгенше Суасудың басындағы төр жайлауға көшіп келіп алыпты. Үйдегілерге ақындар айтысының барысын, одан алған әсерімді әңгімелеп, магнитофонымдағы Кәдек Қырғызбайұлынан жазып алған әндерді қойып бердім. Кезек Садықожаның әні «Сарыби­дай­ға»­ келген кезде, «Садықожа Мошанұлы деген біздің Садықожа ғой, Сады­қожа біздің туысқан болады» деп қалды әкем. Содан менде қызығушылық бастал­ды. «Қалай туысқан? Қайдағы туысқан? Сіз қайдан білесіз? Біз неге білмейміз?» деп, әкемді сауалдың астына алдым.

ІІ. ӘКЕМНІҢ ӘҢГІМЕСІ

Әкемнің әңгімесін баяндаудан бұрын, Са­дықожа Мошанұлының бізге (немесе ті­келей маған) туыстығы туралы аз-кем анық­тама бере кетейін. Онсыз оқырманға әкем­нің әңгімесінің астары ашыла қоймасы анық. Шежіре бойынша, біздің ата-тегіміз: Албан → Сары → Сүйерқұл → Қожбанбет → Ағымсары → Елтоқ. Елтоқтан Қайыпберді, Сексен, Балта, Қылыш деген төрт бала туады. Садықожа Мошанұлы осы Қайыпберді атамыздан өрбиді. Ал біз Сексен деген атадан тараймыз. Яғни біз 4-5 ата артқа шегінсек, Садықожа әулетімен Елтоқ деген бір атадан түйісеміз. Қайыпберді атамыздан → Өтеғұл → Құлсары → Шегір → Мұсабек. Мұсабектің Алпысбай, Жетпісбай, Текесбай, Есжан, Бұқыжан деген бес ұлы болған. Текесбайдан Мошан. ­Мошаннан әйгілі ақын, сазгер, әнші Садықожа туған. Алпысбайдан Қожахмет. Қожах­­меттен ф.ғ.д., профессор, Садықожа әндерін насихаттаушы көрнекті әдебиетші Құныпия ­Алпысбаев ағамыз туады. Бұқыжаннан Қуанияз. Садықожа әндерін бізге, бүгінгі ұрпаққа жеткізуші осы Қуанияз ақсақал. Менің әкем Мәсімхан (1920-1993жж.) – Жетісу өңіріне есімі кеңінен танымал әйгілі шешен, Нақысбек болыс Жалпетекұлының (1865-1937жж.) баласы. Нақысбек Жалпетекұлы 1916 жылға дейін Шәлкөде өңірінде Қожбанбет руының болысы болып қызмет атқарған. 1916 жылғы дүрбелеңде арғыбет асып қоныстанған. 1917 жылы арғы беттегі алты болыс албан оны өздеріне ақалақшы (болыс­ деңгейіндегі шен) етіп сайлап алады. Содан қайтыс болғанға дейін болыстық тағында отырған Нақысбек ақалақшы КСРО-да жүргізілген коллективтендіру, бай-кулактарды жаныштау, одан кейінгі, 1932 жылғы Голощекиннің қолдан жасаған аштық-қырғыны жылдарында кеңестік Қазақстаннан жан сауғалап Іле, Текеске барған қазақ, ұйғыр босқындарын, Қыр­ғызстаннан ауған қырғыз ағайындар­дың бәрін өзінің қамқорлығына алып, олардың лайықты қоныстанып, ес жиып, етек жабуы­на қол ұшын берген тарихи тұлға. Нақысбек атамыз Садықожаның атасы Текесбаймен, Текесбайдың ағасы ­Алпысбаймен бала күндерінен бір ауылда тай-құлындай бірге өскен екен. Ат жалын тартып мінгеннен кейін, жақын туыс ретінде де, көңіл жақын ағайын ретінде де өте етене қарым-қатынаста болған. Ол кез қазіргідей балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заман емес, ел іргесі сөгілмеген, «у ішсең – руыңмен» деген ұран салтанат құрған, ауыл айрандай ұйып тұрған уақыт қой. Оның үстіне, Нақысбек пен Текесбайлар біздің буынға қарағанда арғы түп аталарына бір табан жақындау дегендей. 1932 жылы кеңестік Қазақстандағы Голощекиндік қолдан жасалған аштықтан, қуғын-сүргіннен бой тасалап, жан сауғалап қытай асқан Мұсабек ұрпақтарын сол кезде ол әулеттің көзі тірі үлкені, еті тірі көшбастары Бұқыжан ақсақал бас ­болып, шекарадан от пен суға ұрындырмай алып өтеді. Алайда бұл кісілер Текестегі Нақысбек болыстың қасына бармай, Құлжа маңын жағалап, Көлденеңсу, Көлтекше, Көкқамыр жайлауларын сағалап тұрақ­тап қалады. Көне көздердің айтуынша, Нақысбек болыстың бірнеше мәрте кісі жіберіп, ат-көлік жөнелтіп көшіріп алуға қам жасағанынан да нәтиже шыға қоймаған көрінеді. Бірде Нақысбек болыстың сол кездегі өлке орталығы болып есептелетін Сүйдің-Күредегі жиналысқа келгенін естіп, Қожахмет Алпысбайұлы арнайы іздеп барып, ол кісіге жолығып сәлем береді. Нақысбек атамыз жөн сұрайды. Жас жігіт өзінің есімі Қожахмет екенін, Алпысбайдың баласы екенін, жалпы көшіп келген ел-жұрттың жағдайын баян етеді. Сондай-ақ ауылына шақыра келгенін айтады. Сонда Нақысбек болыс: – Ауылға арнайы келем. Қазірше еру­лігім болсын, сендерді үш жылға салық­тан босатамын, – деп, Қожахметтің қолына мөрін басып, қолын қойып, бір жапырақ қағаз ұстатады. Осылайша, Мұсабек әулеті үш жыл бойы сан түрлі алым-салықтан босатылып, тез ел қатарына қосылып кетсе керек. Ал енді әкемнің әңгімесінің ұзын-ырғасы мынау: 1935 жылы әкемнің ағасы Әлиасқар деген кісі үйленіп, әкелері әйгілі Нақысбек болыс келін түсіру тойын жасайды. Тойға арнап 40-50 киіз үй тігіліп, Іле өңіріндегі албан-қызайдың игі-жақсылары мен әнші-күйші, ақын-жыршылары, ақалақшы-болыстары, мампаң-зәңгілері түгел шақы­рылады.Үш күнге созылған ұлы дүбір жиынға Көдек Маралбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Шарғын Алғазыұлы секілді сол заманда есімдері елге мәлім ақындары келеді. Тойға жиылған үлкендер жағы, ­не­гізінен, осы аттары аталған ақындардың өнерін тамашалайды. Шапшалдағы, Құлжа өңіріндегі жақын туыстардан топ-топ қонақтар тойдан бірнеше күн бұрын келіп, арнайы бөлінген киіз үйден орын алады. Құлжа өңірінен келген туыстарды Бұқыжан ақсақал (Мұсабек баласы) бастап келеді. Бұлардың арасында сол кезде жасы жиырмалар шамасындағы Садықожа да бар еді. Менің әкем және ағалары, сонымен бірге алыс-жақыннан келген сал-сері ­жастар, негізінен, Садықожаның қасында болады. «Қағылез де жігерлі, көзінен от жалындап тұрған қаршығадай ғана, өнеріне көркі сай аққұба жігіт екен. Ал енді ән салғанда ­дауысы деген алты қырдың ар жағына кетеді. Біздің ауылда бас-аяғы бір аптадай болған болса, сол уақыттың бәрінде қасында жүрдік, күндіз-түні ән салды. Тойда айтысам деп, алыс-жақыннан ­дайындалып келген ақын қыз-келіншектердің бәрімен айтысып, бәрін жеңіп шықты. Ара-арасында әкеміз шақырып алып, би-болыстар түскен үйге ән салғызып тұрды. Қысқасы, сол тойда Садықожаның өнеріне таңдай қақпаған тірі жан қалмаған шығар... Той тарағаннан кейін, тағы екі-үш еру болды. Сонымен, өзінің айтыстағы жүлдесі бар, басқа болыс-мампаңдардың риза көңілмен мінгізген аттары бар, әкеміздің сый-сияпат ретінде астына мінгізген жорғасы мен жетектеткен жүйрігі бар, жалпы алдына бір үйір жылқы айдап ауылына аттанды. Біздің ауылдың жігіттері малдарын айдасып, Суасудың кезеңінен асырып беріп, қоштасып кері қайттық. Содан екі жылдан кейін, 1937 жылы әкем қайтыс болды. Қаралы хабар Құлжа жақтағы туыстарға кешігіп жетсе керек, Бұқыжан қария бастап, Садықожа бар, бір топ кісі әкемнің қырқына келіп қайтты... Әкей қайтыс болған­нан кейін, ол кісілермен барыс-келіс үзіліп қалды. Көп ұзамай ел ішін жаппай сүзек жайлады. Одан кейін соғыс, атыс-шабыс, жаңа өкімет құрылды... Қысқасы, байтал түгіл, бас қайғы болып кеттік қой... Сады­қожаның мезгілсіз қайтыс болғанын әбден кейін естідік» деп еске алады менің әкем. Содан университетті тамамдадық. Жолдама бойынша Үрімшідегі Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясында ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрдық. Көп өтпей Қазақ елі азаттық айдынына шықты. 1993 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың арнайы шақыруымен Отанға оралдық. Аталған оқу орнының Шығыстану факультетінде қытай тілі мен әдебиетінен дәріс өтіп, ұстаздық етіп жүргенбіз. Бір күні мені әдемі, дөңгелентіп қойған сақал-мұрты бар жігіт ағасы іздеп келді. «Аты-жөнім Құныпия Қожахметұлы ­Алпысбаев» деді. Танысып, білістік. Ол кісі баяғы Алпысбайдың немересі екен, менің Нақысбектің немересі екенімді естіп, іздеп келіпті. Көнелердің сөзінен құлақта, санада қалған әңгіме қайта жаңғырды. Туған аға-інідей болып кеттік, онсыз да бірге туғанбыз ғой. Содан бері аттай 26 жыл болыпты. Садықожа атамыздың әндеріне құлақтың құрышы қанудай қанды. Ертеректе, жастау кезімізде, екі күннің бірінде не ол үйде, не біздің үйде бас қосып ­жататынбыз. Құнағаң домбырасын алып, бірінші кезекте Садықожаны бір түгендеп тастайды. ­«Сарыбидай», «Ахау қалаулы-ай», «Еркем-ай», «Ақ қаз едің дариға-ай», «Ахау айым», т.б. әндер Құнағаңның орындау мәнерімен рет-ретімен санаға өшпестей болып шегеленіп қалды. Ал осы жазып келіп тоқтаған мерзімге дейінгі әсер, жасыратыны жоқ, ­Садықо­жа­ны­ бері болғанда Ағымсары ­деген тайпаның, ұзағанда Албан деген елдің ауқым-аймағындағы өнерпаз ретінде ғана бағалап, пайымдап келгеніміз жасырын емес және бұл бағытта белгілі мөлшерде «жұмыстар»да істелді. Сөйтіп, қатты қателесіп жүргенімізді кейін білдік...

ІІІ. ЖЕТІСУ ӘНШІЛІК  МЕКТЕБІ ЖӘНЕ САДЫҚОЖА

Қазақтың дәстүрлі әншілік өнері еліміздің жағрафиялық орналасуына және ән өнерінің музыкалық ерекшелігі мен орындалу мәнеріне байланысты бірнеше мектептерге бөлінеді. Атап айтқанда, ­Батыс әншілік мектебі, Арқа мектебі, Сыр бойы мектебі және Жетісу! Аталған әншілік мек­тептер бұл күнде елдегі өнертанушы ғалымдар бірауыздан мақұлдаған, әлде­қашан зерттеп тұрақтандырған ғылыми тұ­жырымға айналып үлгерді. Соңғы ­ширек ғасырдың беделінде, шетелдердегі ағайындармен барыс-келістің, аралас-құраластықтың нәтижесінде, ішінара өнер­танушы ғалымдар мен орындаушылар тарапынан Алтай-Тарбағатай өңірінде сақталған әндердің ерекшелігін зерттей келе, оны жеке әншілік мектеп ретінде қарастыру туралы ұсыныстар айтылып қалып жүр. Бұл ұсыныс туралы індете зерттеу мен қорытынды пікір айтуды өнертанушы ғалымдардың еншісіне қалдыра тұрайық... Бәрімізге белгілі, қазақтың дәстүрлі ән-күй өнері ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап жүйелі зерттеле бастады. Әйгілі өнертанушы ғалымдар А.Жұбанов, А.Затаевич, Б.Сарыбаев, М.Ахметова, З.Қоспақов, т.б. зерттеушілеріміз ұлттық музыкалық мұрамызды жинау мен жүйе­леуде, зерттеу мен насихаттауда ерекше­ еңбек еткені әмбеге аян. Алайда­ аталған зерттеушілердің еңбектерінің қай-қайсысын парақтап көретін болсақ, Жетісу­дың әншілік-күйшілік өнері туралы ешқандай іргелі зерттеулер, кешенді жұмыстар жасалмағанын аңғару қиын емес. «Айтыпты, жазыпты» дегендердің өзі там-тұм, қыстырма, жол-жөнекей, жүрдім-бардым деректер ғана. Өкінішке қарай, олардың дені Жетісудың дәстүрлі әншілік мектебін Жамбыл мен Кененнен бастап, Дәнешпен аяқтап жататын. ­Осылайша, қазақтың дәстүрлі ән-күй өнері өнер ретінде жиналып, зерттеліп, насихаттала бастаған ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап ХХ ғасырдың 80-жылдарына дейін Жетісудың, әсіресе, Қытаймен шекаралас жатқан Хан Тәңірі баурайындағы қаймағы бұзылмаған ұлттық музыка үлгілері тасада қалып қойды. Тасада қалып қойды дегені бер жағы, көш бастаған көсемдер түгіл, ән-күй мұралары да қуғындалды, сотталды. Оған әсте жоғарыда есімдері аталған ғалымдар емес, қылышынан қан тамған кеңестік идеология, тар заман кінәлі еді. Атап айтар болсақ, әйгілі жырау Албан Асан Барманбекұлы «орыс отаршылдығына қарсы, ескішіл ақын» атанып, шығарма­шы­лығын жинап, зерттеу былай тұрсын, есімін атауға тыйым салынды. Әйгілі күйші, батыр Қожеке Назарұлы Саурық, Есет, Тазабек, Әліпбайларға қосылып Ресей отаршылдығына қарсы қарулы көтеріліс жасап, тұтқындалар шақта қытай асып кеткені үшін, Кремльдің мәңгі жауы болды. Ақын, батыр Шалтабай Алпарұлы өзі бас болып қол құрап, Жетісудағы Ресей ­заставаларына шабуыл жасағаны үшін «орыс халқының жауы» атанды. Әйгілі Құланаян Құлмамбет ақын ұлттық салт-дәстүрді, қазақы дүниетанымды жырлағаны үшін «байшыл-ескішіл ақын» ретінде атын атауға тыйым салынды. Ал әйгілі әнші, ақын, сазгер, ағартушы Қапез Байғабылұлы нақақтан «халық жауы» деген «қалпақ» киіп, жер аударылып, жат ел, жат жерде оққа ұшты. Ақын Жүсіпбекқожа Шаихсламұлы, Көдек ақын Маралбайұлы, Нақысбек шешен Жалпетекұлы, Қойдым ақын Дарубайқызы, әнші-сазгер Садықожа Мошанұлы, ақын Шарғын Алғазыұлы, т.б. толып жатқан өнер майталмандары 1916 және 1932 жылдардағы қуғын-сүргінде жан сауғалап қытай асқаны үшін Кеңес Одағының дұшпандарына айналды. Енді өзіңіз ақылға салып ойлаңыз, Жетісудың әншілік, күйшілік, ақындық, шешендік мектептерінің басында тұруға тиісті осынау тұлғалар туралы кеңестік кезеңде қандай жүрек жұтқан ғалым болса да ауыз аша алар ма еді?! Мүлде мүмкін емес еді. Солай болды да. Осындай тарихи себептерге байланысты Жетісудың әншілік, күйшілік, ақындық, шешендік мектептерін толыққанды «мектеп» деп айта алмай келгеніміз де жасырын емес. 1956-1962 жылдары Кеңес-Қытай ­шекарасы ашылып, қилы замандарда еріксіз жан сауғалап жат елге босқан ағайындар атамекенге қайта орала бастады. Алайда ­ІІ-дүниежүзілік қырғында еркек кіндіктіден жүген ұстап қалуға шақ қалған Мәскеу қытайдағы қазақтарды тек қана еңбек күшке зәруліктен шақырып алғандықтан, «елім-жерім» деп келген бауырларға саптаяқпен ас беріп, сабына қарауыл қойды. Атажұртын, туған жерін аңсап келгендер өз елінде өгейдің күйін кешті. Көшіп келгендердің өзіне де, өнеріне де «көнешіл» деген көзқарас пайда болды. Осылайша, арғы беттен сол кезде келген ағайындар Жетісудағы көнеден келе жатқан күйшілік, әншілік, жыршылық өнердің сан түрін алып келгенімен, кеңестік тоталитарлық жүйе оларға көзжұмбайлық жасады, ауыл арасының «әләулайы» деңгейінде ескерусіз қалдырды, апарды да Аспантаудың қолты­ғынан ары асырмады. Небір дарын иелері өнері еленбеген соң, қолдарына домбыра орнына ақ таяқ ұстап, қой соңына түсті. Сондай дарынның бірі, арғы беттен 1956 жылы атажұртқа келген құйма құлақ, кеніш кеуде, ескілікті ән-жырды, шежірені көп білетін қазыналы қарияның бірі – Қуанияз Бұқыжанұлы (1913-1999жж.) еді. Ол кісі елге оралған күннен бақиға аттанғанға дейін өзінің туған жері Ұйғыр ауданының Кетпен деген ауылында қарапайым шаруа болып өмір сүрді. Жолын қуғанда Садықожа Мошанұлының кіші әкесі болып келеді. Көне көздердің айтуынша, Қуанияз қария заманында өзі де айтыс ақыны, әнші-жыршы болған екен. Кейін Садықожа ат жалын тартып мініп, өнер жолына түскенде «баламменен жарыспайын» деп, саналы түрде ат тізгінін тартқан көрінеді. «Қандағы бар тектілік, шықпай қоймас еп қылып» дегендей, Қуанияз ақсақалдың бел баласы Елемес Текесбаев деген ағамыздың да ақындық, сазгерлік өнері бар. Бүгінде Жетісу әншілік мектебі ­туралы сөз болғанда, алғашқылардың бірі ­болып ауызға алынатын тұлға Садықожа Мошанұлы десек, қателеспейміз. Садықожа Мошанұлының өмірі мен шығар­машылығы туралы деректер ең алғаш әнші-сазгер, ұстаз, өнертанушы-ғалым, жазушы Жәнібек Кәрменов құрас­тырған, 1990 жылы «Өнер» баспа­сынан шыққан «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» атты академиялық жинақта жарияланды. ­Содан бері, өнертанушы-ғалымдар Сағатбек ­Медеубеков пен марқұм Базаралы ­Мүпте­кеев­ құрастырған «Жетісу әуендері» (1997. Алматы: «Өнер») атты жинақта, «Жетісу» эн­ци­клопедиясында (2004.), т.б. академия­лық басылымдарда үзбей жарияланып келеді.

ІV. САДЫҚОЖАНЫҢ  ӨМІРБАЯНЫ

Саңлақ сазгердің өмірбаянын сөз етуден бұрын, оның есіміне шамалы тоқтала кетейік. Өйткені біраз зерттеушілер мен әншілеріміз ылғи да «Сәдіқожа Мошанұлы» деп айтып немесе жазып жүр. Біз білгенде, арғы-бергідегі қазақ төл сөздерінің ішінде де, кірме сөздердің арасында да «сәді» деген сөз кездеспейді. Оның есесіне қазақ даласының түкпір-түкпірінде, үш жүздің ішінде «сады» деген ру-тайпа есімдері жиі ұшырасатыны жасырын емес. Бұл – бір. Екіншіден, жаңа туған балаға көршілес ру-тайпаның атын қою қазақта баяғыдан бар үрдіс. Арғынбек, Найманбай, ­Дулат, Албанбай,­ Қызайбек, Құрманбай, ­Алжанбай, т.с.с. ру атына қойылған есімдер осы сөзіміздің дәлелі. Ал Албан елінің ішінде Айт руынан тарайтын «Сады» ­деген шағын ата бар. Қандай жағдаймен қойылса да «Садықожа» есімі осы «сады» руымен қатысты қойылғаны күмән ­тудырмайды. Үшіншіден, әнші-сазгердің көзін көрген, біраз күн дәмдес болған менің әкем (Мәсімхан Нақысбекұлы) әнші туралы әңгімелегенде «Сәдіқожа» деп емес, «Садықожа» деп айтып отырар­ еді. Төртіншіден, әншінің немерелес інісі, профессор Құныпия Алпысбаев та «Садықожа» деп айтады һәм солай жазады. Сондықтан бұдан былайғы жерде тұтас бір өңірдегі әншілік мектептің көрнекті өкілінің есімін әртүрлі атауды доғарып, бірыңғай «Садықожа Мошанұлы» деп атағанымыз жөн. Шынтуайтына келгенде, өмірден қыршын кеткен Садықожа Мошанұлында соншалық күрделі өмірбаян да жоқ. Әншіні көзі көргендерден жеткен дерек бойынша, жазда Шәлкөдені жайлап, қыста Кетпен тауының күнгей бетін қыстап күнелтіп жүретін Ағымсарының Қайыпберді атасынан тарайтын Текесбайдың баласы Мошан мен оның зайыбы Зербаланың жас отауында 1917 жылы шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді. Оның атын азан шақырып «Садықожа» деп қояды. Бұл аймақтың өзі ежелден ән-жыр дарыған, ақындық-шешендік қонған, сол қасиет әлі де сұйылмай келе жатқан өңір. Атап айтқанда, Садықожаның төртінші атасы болып келетін, әрідегі Шегір баба (Құлсарыұлы) күллі Қожбанбет тайпасының сөз ұстаған төбе биі болған. Одан кейінгі Жалпетекұлы Нақысбек те шешендігімен аты шыққан, Жетісу өңіріне әйдік тарихи тұлға. Берідегі белгілі ақын Нүсіпбек Исахметов (марқұм), көрнекті ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин, әнші-сазгер Молдасан Шәпиев, профессор, көрнекті әдебиетші Құныпия Алпысбаев, белгілі жазушы Жұмабай Қайранбаев, әйгілі суретші Жұмақын Қайранбаев, әдебиеттанушы-ғалым Тоқтар Әлібековтер де осы өңірден түлеп ұшқан дарындар екенін еске алсақ, Садықожаның жаралған, нәр алған өңірі мен өскен ортасы ұлттық руханияттың құйқалы топырағы екеніне көзіміз жете түседі. Міне, осындай өнер ұшығы тегінде бар, қанында бар бала Садықожа тілі шығып, ес біле бастағаннан-ақ есті сөзге үйір, ән-жырға құмар болады. Ат жалын тартып мінгеннен кейін, жолы жағынан кіші әкесі болғанмен, жас жағынан өзінен 3-4 жас қана үлкен ағасы Қуанияздың қасында көп жүреді. Қуанияздың бұл кезде ауыл арасында «әнші бала», «ақын бала» атанып үлгерген шағы еді. Сөйтіп, бала Садықожа бір мезгіл Қуанияз ағасының қасына еріп жүріп ән салады, ағасының айтыстарын тыңдайды. Сосын ол айтысты дереу жаттап алып, ауылына келіп шып-шырғасын шығармай қайта айтып береді. Сөйтіп, 13-14 жасқа келгенде ағасына да ермей, қайда жиын-той бар, өзі достарымен бірге барып ән салып, айтысқа да кіріп кетіп жүреді. Баласының бойындағы өнеріне көзі жетіп, талантының көзін ашқысы келген әкесі Мошан, дәл қай жылы екені белгісіз, сол тұста әншілігімен, ақындығымен тұтас Жетісу өңірінде атағы дүрілдеп тұрған Қапез Байғабылұлына алып барып, біраз күн еру болып, үлгі-өнегесін көрсетіп, баласының өнерін сынатып, ­батасын алып қайтады. ХХ ғасырдың 20-жылдарында қазақ даласының түкпір-түкпірінде коллек­тивтендіру науқаны жүріп, жаңа мектептер ашыла бастағаны белгілі. Осы кезде бала Садықожа ауыл мектебінен үзіп-жұлып сауат ашады. Өстіп жүргенде, ұзамай әкесі Мошан отыз жасында дүние ­салады да, шешесі жесір, інісі Әбілқайыр екеуі жетім қалады. Арада жыл өткенде  ата дәстүрі бойынша Зербала шешеміз әмеңгерлік жолмен Текесбайдың екінші баласы, яғни Мошанның інісі Қожаниязға атас­тырылады. Зербала ана Қожанияздан Үркімбай есімді тағы бір ұл сүйеді. ­Осылайша, Садықожа жетімдіктен құтылып, қайыра қара домбырасын қолына алып, өнер қуып жүрген кезде, әбжыландай болып ел ішін аштық жайлай бастайды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен өрістеген, қолдан жасалған геноцидтік аштық апаты салдарынан елдің үрерге иті, сығарға биті қалмай, жаппай қырғынға ұшырайды. Айтып келген апаттан бала-шағаны құтқару үшін осы ауылдың сол тұстағы бас көтерер үлкені Бұқыжан ақсақал туған жерін ­жылай-жылай тастап, ауыл-аймағын бастап Қытай асады. Арып-ашып, тау асып, тас басып барған «қашқындарды» онда да жұмақ өмірдің күтіп тұрмағаны белгілі еді. Бұлардың тәлейіне, жоғарыда баяндалған аталас ­туыстары Нақысбек Жалпетекұлы ол жақта алты болыс Албанның ақалақшысы (болыс) болып тұрған. Сол кісінің көмегімен бара салып қоныс алып, біраз жыл салықтан босатылып, тез ес жиып, етек жабады. ­Содан кейін бозбала Садықожаның сайран өмірі қайта басталады. Осыдан он шақты жыл бұрын ғана (1920 жылдары) Әсет Найманбайұлы жалпы Іле өңірін, оның ішінде осы Көкқамыр, Сайрам көлі маңын жайлайтын Қызай елінде сайран салып, әнін шырқап, өмірінің соңғы жылдарын сонда өткерген болатын. Сол Әсет ақын көбірек аялдаған Мешпет ауылын Садықожа ­арнайы іздеп барып, сол ауылдағы әншілерден Әсеттің әндерін үйреніп, ондағы өнерсүйер жұртқа өз әндерін тыңдатады, үлкендердің батасын алады. Содан бастап Құлжа өңіріндегі қазақ­тардың қай ауылында той бар, сол өңірге ат арытып барып ән салып, айтысқа қатысып жүреді. Сондай сапардың бірі жоғарыда баяндалған Текес Шиліөзек ауылындағы Нақысбек болыстың ауылындағы той. Алайда өткен ғасырдың 40-жылдары­ның орта шенінде Шыңжаң өңіріне жаппай тараған сүзек ауруы кезінде ол жақтағы ағайындар ауыр қырғынға ұшырайды. Сол індеттің салдарынан жасы отызға да толып үлгермеген Садықожа 1946 жылы бүгінгі ҚХР-дың Құлжа қаласы маңында көз жұмады. Оның артынан іле-шала інілері Әбіл­қайыр мен Үркімбай да сол жұқпалы дерттің құрбаны болады. Бірер айдың ішінде арыстай үш ұлынан бірдей айырылып, зар жұтып, қара жамылып, қасіреттің шүңетіне батқан Зербала ана бастабында есінен адасып қалады. Артынша есін жиғанмен, зілмауыр қайғыдан еңсесін көтере алмай белі бүгіліп, біржолата бүкір болып қалады. Сөйтіп, ел ішінде «бүкіш апа» атанған кейуана­ құлағына Садықожаның есімі ­шалынса немесе  әлдекімнің аузынан әуелетіп салған Садықожаның әнін ести қалса, өз-өзінен елегізіп, көтеріліп ауырып қалатын болған. Осындай жағдай қайталана берген соң, ауыл үлкендері енді Зербаланың өзінен айырылып қалмайық деп, алыс-жақындағы ел-ағайынға, өнерпаз жандарға сауын айтып, Садықожаның атын атамауын,­ әндерін айтпауын өтінген де ­заман болыпты...

САДЫҚОЖА

V. САДЫҚОЖАНЫҢ ӘН МҰРАСЫ ЖӘНЕ ЕЛГЕ ТАРАЛУЫ

Жоғарыда баяндағанымыздай, Садықожаның халық композиторы ретінде дер кезінде танылмауының, әндерінің халық ішіне уақытылы таралмауының түрлі себептері бар еді. Бірінші, Жетісу ән мектебінің белді өкілі ретінде қарасты­рылмауына оның арғы бетке, қытай жеріне өтіп кетуі әрі сонда қайтыс ­болуын; екінші, оның отызға да толмай, дүйім жұртқа толық танылып үлгермей қыршын кетуін; үшінші, анасы Зербаланың денсаулығына байланысты, өз тума-­туыстары арасында да атын айтып, әнін шырқауға тыйым ­салынуын басты себеп ретінде айтуымызға болады. Міне, осындай тарихи, әлеуметтік, саяси себептер салдарынан Садықожа есімі ұзақ жылдар бойы көлегейленіп келді. Тек 1961 жылы әншінің анасы Зербала шешей қайтыс болғаннан кейін ғана, ауылдағы көнекөз қариялар ептеп Садықожаның әңгімесін айтып, әндерін орындай бастайды. Солардың ішіндегі Садықожа Мошанұлы­ның әндерін толық және жүйелі түрде бізге жеткізуші Қуанияз ақсақал Бұқыжанұлы болатын. Қуанияз ақсақалдан Садықожа әндерін жазып алып елге таратушы, жұртқа насихаттаушылар – бүгінде есімі елге белгілі әдебиетші, өнертанушы-ғалым, филология ғылымының докторы,­ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, әнші, «Құрмет» орденінің иегері, Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы Құныпия Алпысбаев пен ҚР Білім беру ісінің үздігі, белгілі қаламгер, әнші-сазгер, ұлағатты ұстаз Молдасан Шәпиев ағаларымыз. Сөздің осы тұсында Садықожа әндерінің халық қазынасына айналуына, күллі қазақ даласына кеңінен таралуына мұрындық болған марқұм Қуанияз Бұқыжанұлы, ұстаз-ғалымдар Молдасан Шәпиев пен Құныпия Алпысбаев есімдерін ерекше ілтипатпен атап өтуге тиіспіз. Осы кісілердің қажырлы да ыждағатты еңбегінің арқасында, анау-мынау емес, тұтас бір өңірдің әншілік мектебіндегі ақтаңдақтың орны толды ­десек, қателеспейміз. Бүгінде өнертанушы ғалымдар мен орындаушылар Садықожа Мошанұлының бізге «Сарыбидай», «Ахау, айым», «Ей, ахау», «Ақ қаз едің», «Ахау, қалаулы-ай», «Еркем-ай», «Сағынсаң, қалқа, өзің кел»қатарлы әндерінің жеткенін айтып жүр. Ал халқымыздың жезтаңдай әншісі, өнертанушы-ғалым, ұстаз ­Рамазан Стамғазиев бұған дейін халық әні делініп жүрген «Бекзатым-ай» әнін де Садықожаның әні екенін тарихи ­деректер мен ғылыми қисын негізінде дәлелдеп берді. Біз де бұл пікірді толығымен қуаттаймыз. Өйткені, біріншіден, бұл ән негізінен Жетісудың Хан Тәңірі атырабына көбірек таралған. Екіншіден, әндегі сарын мен нақыш, музыкалық мәнер мен диапазон Садықожа әндерімен бір қалыптан шыққандай әсерге бөлейді. Жалпыға мәлім болғандай, Садықожа әндерінің ерекшелігі – музыкалық сөйлемдері қысқа қайырымды, диапазон көлемі кең емес, мәтіні қара өлең үлгісінде, ал мазмұны жастық-ғашықтық сырға толы, таза лирикалық әуенді, сүйіспеншілік тақырыбы болып келеді. Үшіншіден, «Бекзатым-ай» әніндегі Бекзат қыз – Садықожа ғашық болған арулардың бірі болғаны да тарихтан белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, біз де «Бекзатым-ай» әнін Садықожа Мошанұлының әні деп, толық сеніммен айта аламыз. Әсем сазды, көркем нақышты, нәзік ­лиризмге толы Садықожа әндері қазақ ән өнері қазынасына лайықты үлес болып қосылып, жас ұрпақ санасына ұлттық руханиятының мәйегін егуде өнімді қызмет атқарып келеді. «Сарыбидай» әні 1980 жылы өткен I Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы әншілер байқауында алғаш рет үлкен сахнада шырқалып, орындаушысы сол кездегі Талдықорған облыстық филармониясы­ның әншісі Жақсылық Мырқаев (марқұм) жүлдегер атанды. Одан кейін Сады­қожа әндері Қазақстанның ха­лық әртісі Дәнеш Рақышевтан бастап, Қазақстанның ­ең­бек сіңірген әртістері Жәнібек Кәрменов, Рамазан Стамғазиев, сон­дай-ақ Ті­лек­тес­ Құрманғалиев, Нұржан Жан­пейісов, Ерболат Шалдыбеков, арғы бетте Кәдек Қырғызбай, Еркімбек Сәсенұлы, Нұртуған Тұрсынғазы, Ғалым Үлкенбай, т.б. көптеген ән­ші­­­лердің ­репертуарларынан берік орын алды. Бүгінде республикалық, облыстық үлкен сахналарда, радио мен телеарналарда Сады­қожа әндері жиі орындалып тұрады. Әсіресе, 2005 жылы Францияда өткен Қазақ өнерінің онкүндігінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, біртуар әнші Рамазан Стамғазиевтің «Сарыбидайды» Париж ­сахнасында асқақтата шырқағанын Садықожа әндерінің Еуропа тыңдармандарына жетуі деп, мақтанышпен айтуымызға болады. Міне, осының бәрі Садықожаның ұлттық нәр мен нақышқа бай, нәзік ­лиризмге толы, әсерлі де сұлу ән керуенінің болашаққа нық қадаммен бет түзеп бара жатқанының жарқын айғағы.

Р.S.

Ұлттық саз өнерінде өшпес із қалдырған саңлақ сазгердің биыл 100 жылдығына орай ҚР Үкіметінің арнайы Қаулысы шықты. Бұл – дәстүрлі өнер әлемі үшін үлкен мерей! Мемлекеттік баға. Халықтық мойындау.

3383 рет

көрсетілді

87

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы