• Мәдениет
  • 26 Қыркүйек, 2019

Музейлер шеруі – тарихқа жол

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында «Музейлер шеруі» акциясы басталған еді. Мәдени-рухани іс-шараға республикалық және аймақтық музейлер үн қатты.

Осы мақсатта еліміздің әр өңі­рінде бірнеше тарихи және өлкетану музейлері аталмыш акцияны қолдап, шеруді жалғады. Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы­ның «Атамекен» тарихи-мәдени орта­лы­ғының ұйымдастыруымен Отырар қорғанысының 800 жылдығына орай «Қамалы бекем, халқы қайсар – Отырар» атты жылжымалы көрме Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында өтті. «Атамекен» тарихи-мәдени орта­лығының ғылыми қызметкері Нұрғожа Қыдыр көрмеге келушілерді Отырардың көне тарихымен таныстырды. Төрт бөлімнен тұратын көрменің алғашқы бөлімін музей қорындағы археологиялық материалдардың ерте ортағасырлық үлгілері, ІІІ-VIII ғасырларға тән түпнұсқа жәдігер мен заттай деректік материалдары құрады. Екінші бөлімде Орталық Азия мен Қазақстанның оңтүстігінде қала мәдениеті дәуірлеген кездегі Отырардың тыныс-тіршілігін баяндайтын зерттеу еңбектері мен археологиялық мұралар жинақталса, үшінші бөлім ХІІІ ғасырдағы Отырар дүрбелеңін, моңғол шапқыншылығы кезіндегі шаһардың тіршілігін таныстырады. Төртінші бөлімде Отырардың қайта бой көтеруін айшықтайтын жәдігерлер қойылған. Аталмыш көрмеде дүниені дүр сілкінткен Әмір Темір дәуірінен бастап, Қазақ хандығы тұсындағы Отырардың даму кезеңдерінен тұтас хабар беретін бірегей, түпнұсқа заттар мен ақпараттық деректер қамтылды. Көрмеге келген қонақтарға Отырар қаласы туралы деректі фильм және слайдтар көрсетілді. «Музейлер шеруі» жалпырес­пуб­ликалық акциясы Қостанай облысы­ Жангелдин­ ауданында да өтті. «Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешенінің» ұйымдастыруымен, төл теңгенің жаңа үлгісін әзірлеп, айналымға енгізуге еңбек сіңірген ғалым, экономика ғылымының докторы Ғалым Байназаровтың 75 жас мерейтойына арналған көрменің ашылу салтанаты А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы мұражайында өтті. Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспанов пен Ғалым Байназаров­тың қызметтегі ұстазы Жұмақан Садуақасов­ және өнер қайраткері Бақытжан Байқадамовтың ұрпағы Жұпар ­Таткенова көрмені ашып ізгі тілекте­рін жеткізді. Мұражай директоры Гүлбану Құлетқызы Торғай даласынан шыққан айтулы тұлғалар, осы өңірге тиесілі құнды жәдігерлерді таныстырды.­ Жұпар Жалмұхамедқызы мұражай қорына Бақытжан Байқадамов пен ­Данабике Қаралдина-Байқадамованың портреттерін, композитордың зайыбы,­ генерал И.В.Панфиловтың қызы ­Вален­тина Ивановнаның өз қолымен салған миниатюраларын сыйға тартты. Жоба­ның ұлы көші алдағы уақытта өзге өңірлерде де дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.

Гауһар Түстікбаева

935 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы