• Ақпарат
  • 26 Қыркүйек, 2019

Әр қазақтың жадында жатталған ұлы есімдер

Қазақ даласында ұлы есім көп. Сонау алмағайып заманда да топ жарып, ілімі мен білімі арқылы қазақтың көзін ашуға тырысып, сол жолда тер төккен ғұламалар жетерлік. Одан бұрынғы жаугершілік заманда қол бастаған тұлғалардың өзі әр іс-қимылын ақылға салып, шешіп отырған. Бұл тарихта «Ұлы даланың ұлы есімдері» деген атты қалдырды.

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Ұлы даланың Ұлы есімдері» жобасына бастамашылық жасады. Бұл жоба Қазақстан халқының мақтанышына айналған ұлы тарихи қайраткерлердің мұрасын зерттеуге және танымал етуге бағытталған. Яғни, тарихта ізін қалдырған ұлы есімдерді үлгі етіп, халықтың рухани сезімін жаңғырту қажет.

Мәселен, әр қазақ әр сөзін мысалға алып, әділ төрелігін бағалайтын үш би – Төле, Қазыбек, Әйтеке бидің, ойшылдар – әл-Фараби, Ясауи, Абай, Шәкәрімнің артына қалдырған мұрасын дұрыс игердік пе? Елбасы айтқандай, «мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр». Ал тұлғалар шоғырын дүниеге әкелген қазақтың ұлы даласының ойшылдарын қалай дәріптеп жүрміз?

Бүгінде қазақтың маңдайына туған ғұламалардың еңбектерін жан-жақты зерттеушілер жетерлік. Елімізде ескерткіштері орнатылып, ұрпақ жадында қалдыру ісінде ілгерілеушілік бар. Ол ол ма, Франция, Түркия мемлекеттерінде Абайға, Мағжанға, күйші Динаға, Сүйінбайға қойылған ескерткіштер де ұлы даланың қасиетті тұлғаларын әйгілеп тұр. Тіпті, ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойын ел болып кең ауқымда атап өту мәселесі бүгіннен басталып кетті. Осы шара қарсаңында елімізде ақынның мұрасын насихаттау эстафетасы жалғасып, игі үрдіске айналды. Нәтижесінде келер жылы Абайдың туғанына 175 толу мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту жоспары түзілді.

Бұл тұрғыда Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек.

Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет.

Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет» деген-ді.

Ал келер жылы ұлы ғұламалардың бірегейі, екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы. Осы шараға әзірлік барысында қазақстандық арнайы делегация Сирияның Дамаск қаласына іссапармен барып, ұлы бабамызды зиярат етіп, жатқан жеріне Қазақстан тарапының қаржыландыруымен салынған «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» құрылысының жай-күйімен танысты. Сапар аясында қазақстандық делегация Дамаск қаласы әкімінің қабылдауында болып, құрылысы аяқталған «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» ғимаратының болашағы туралы пікір алмасып, дөңгелек үстел өткізді. Онда ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың өмірі мен шығармашылығы, философиялық ой-толғамдары, әсіресе «Қайырымды қала құру» туралы айтқан ой-пікірлері кеңінен талқыға салынды. Жиын соңында халықаралық академияның дөңгелек үстел өтіп отырған үлкен залы бұдан бұлай «әл-Фараби» атындағы үлкен зал деп аталуына шешім шығарылды. Делегация құрамындағы түсірілім тобы Дамаск қаласындағы «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» ғимаратында, Сұлтан Бейбарыс бабамыздың басында және тағы басқа көне Дамаск көріністерін, тарихи-мәдени орындарды таспаға түсіріп, әл-Фараби бабамыз бен Сұлтан Бейбарыс бабамызға қатысты фильмге қажетті мол видеоматериалдар жинақтады.

Міне, осындай шаралар нәтижесінде қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шет елдегілер де білетін болады.

Жадыра Нармаханова

3256 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы