• Руханият
  • 03 Қазан, 2019

Алма Шерханқызы: ӘКЕСІ ТУРАЛЫ ҚОЛЖАЗБАСЫ ҚОЛДЫ БОЛДЫ...

[caption id="attachment_54713" align="alignleft" width="300"]Алма Шерханқызы Алма Шерханқызы[/caption]

Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза арамызда жүрсе биыл 87 жасқа толар еді. Ұлтының арда ұлы былтыр қазан айының сегізінші жұлдызында келмес сапарға аттанды. Күллі қазақтың қабырғасын қайыстырған қаралы хабарды естіп, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қоштасуға келгенімізге де жыл толыпты...­ Жазушыны ақтық сапарға шығарып салуға жиналған адамның қарасы көп еді. Сонда ауыр қазаны басынан өткеріп тұрған қызының сол кездегі күйі әлі есімде. Ол кезде Алма Шерханқызының бір жылдан кейін кейіпкерім болатынын сезбеген де едім. Міне, енді редакция тапсырмасына орай, кездесіп, халқының дара перзентіне айналған әкесі жайлы сыр бөлісіп отырмыз. 

«ТАҢ АТҚАНША ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН...»

Әкеміздің сырт келбеті суықтау көрінетін, содан болар, көпшілік оны қатал, салқын адам деп ойлайтын. Алайда әкеміз өте мейірімді адам еді, бірақ мінезі тұйық. Өзі қалаған адамдарына ашылатын. Тұйықтығына қарамай, көпшіл болды. Өз туысқандарына да, біздің нағашыларымызға да тең және жақсы қарады. Оның мінезінің тұйықтығы ойшылдығынан болды-ау, өйткені кітап жазғысы келеді, үнемі терең ой үстінде жүреді. Үнемі түнімен жұмыс істеп шығатын. Таң атқанға дейін жұмыс үстеліндегі лампасы жанып тұратын. Бұл нені білдіреді? Ұйықтамаған деген сөз ғой... Содан таңғы алтыда бөлмесінен шығады. Ол кезде 28-панфиловшылар саябағының жанында, Төлебаев көшесінде тұратынбыз. Нұрғиса Тілендиев, Қалтай Мұхамеджановтарды шақырып алып, бақтың ішінде серуендейтін, күшке салмай жүгіріп, дене шынықтыратын. Тіпті қыстың күні де дене шынықтыруын тоқтатпайтын. Содан кейін үйге оралып, таңғы асын ішіп, жұмысына кететін. Біздің бала санамызда оның көп жұмыс істейтіні сіңіп қалған. Әсіресе, «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істегенде түнімен ұйықтамайтын. «Сигнальный номер» деген болатын, журналистер екі рет келіп, газетті тексертеді. Ешқашан шаршадым деп айтпаған, шаршағандық білдіріп, қабақ та шытпайтын. Әкем бақиға аттанарын сезіп жүрді. Кейде «Мен аналарыңа кете берейін бе, шаршадың ғой сен» дейтін маған. Мен «Жоқ, шаршамаймын, кетпе» деп жалынатынмын. Содан кейін де екі жыл өмір сүрді, мен аман-есен жүргеніне қуанушы едім. Бірақ соңғы кездері жан жарын, анасын түсінде жиі көретін болды.­ Соңғы рет түсін айтқанда жүрегім ауырды. «Жапон теңізінде бір кеме кетіп бара ­жатыр екен. ­Содан әкемді көріп қалдым. Кеме жағалауға тоқтап, баспалдағын түсіргенде әкем сыртқа шықты. Қасыма келіп қолымды алып еді, менің қолым кішкентай сәбидің қолындай кішірейіп кетті» деп түсін айтты. Мен сол кезде қатты қорықтым, бұл белгі емес пе екен деп алаңдадым. Кейінгі жылдары әкемнің көзі ауырып жүрді, көруі нашарлады. Әкем ешқашан шағымданбайтын. Бір күні маған «Бір қағаз бен қалам әкелші» деді. Бір парақ әңгіме жазды.­ Оның тақырыбын «Сары шымшықтың зор дауысы» деп қойды. Біз ары қарай жалғас­тыратын шығар деп ойладық. Бірақ жалғастырмады. Өкінішке қарай, ол парақ жоғалып кетті. Содан 2009 жылы инсульт алды да, денсаулығы сыр бере бастады.

«МӘСКЕУДЕ  ЖҮК ТАСУШЫ БОЛЫПТЫ...»

Әкем бізге бір қызық әңгіме айтқысы келсе, өзі де күліп, бізді де күлдіріп, әсерлі әңгімелеуші еді. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған ғой. Студент­ кезінде бір татар және бір осетин досы ­болыпты. Жатақханада тұрады, өмір сүру керек, тамақ ішу керек... Сол кезде Мәскеуге Қиыр Шығыстан балық жетізіледі екен. Сонда әкем достарымен барып теміржол вокзалында жүк тасушы болып жұмыс істейді. Түнімен жүк түсіріп, таңертең сабағына барады. Бір күні өте қатты шаршаған түрін көрген мәскеулік группаласы «Шерхан, сен шаршап жүрсің. Үйге жүр, демал» деп, қоярда-қоймай үйіне алып барыпты. Оның ата-анасы сол кездегі атақты басылым «Известияның» тілшілері. Өздері өте жақсы адамдар екен, әкеммен танысқан соң, «Жатақханаға бармайсың, бізбен осы үйде тұрасың» деп, жібермепті. Ол кезде ол үйдің баласы Новокузнецктегі қызға ғашық болып, оқуын тастап, қыздың артынан кетемін деп қиғылық салып жүрген болса керек. Ақыры кетіп, оның ата-анасының қолында менің әкем қалған екен. Әкем оқуды бітіріп, Алматыға оралған соң да олардың жақсылығын ешқашан ұмытқан жоқ. Өмір бойы айтып жүрді. Сағынышы мен сәлемі ретінде Мәскеуге Алматының апортын жолдап отырған екен. Олар да «Алматыдан бір ұлымыз жіберді» деп, апортты жемей, қонақ бөлмедегі ыдыс сөресіне қойып қояды екен, ол тұрған сайын жұпар шашып, қарттардың қуанышын еселейтін көрінеді. Кейін әкемнің Новокузнецкке кеткен досы әйелімен бірге Алматыға қонаққа келді. Екі аптадай үйде қонақ болып, сосын әкем оларды Ыстықкөлге демалысқа жібергені есімде. Сол Мәскеуде оқып, жүк ­тасып жүргенінде бірде тамақ ішіп, бірде ішпей, асқазанына жара түсіріпті. Кейін оны анам тамағын баптап жүріп, ұзақ уақыттан кейін жазып алды ғой. Әкеміз сондай көпшіл еді. Бірде Амери­ка­ға­ барғанда ат жарыс болыпты. Сол бәйгеде әкеме ала ат бұйырыпты. Сонымен барлық елдің азаматтарымен бірге бәйгеге шабады. Бәрінің аты жарты жолда қалып жат­қанда, менің әкем мінген ала ат қана соңына дейін шауыпты. Сонда бәйгені тамашалап отырған губернатор «мынау казахский индеец қой» деп, ерекше мән беріпті. Сыйлыққа құйма күміс берген. Ол соңғы уақытқа дейін Төлебаев көшесіндегі үйіміздің есігіндегі тұтқада тұрды.

«АДАМНЫҢ БӘРІНЕ БІРДЕЙ ҚАРАЙТЫН»

Ата-анамның екеуі де жамбылдық қой. Әкем Жуалы ауданынан болса, анам Сарысу ауданынан. Мәскеуден асқазан жарасымен оралған әкем анаммен бас қосқан соң, өмірі өзгерді. Анам әкемнің барлық жағдайын ­жасайтын. Дәмді, пайдалы тағамдарды таңдап істейтін. Әкем жұмыс бөлмесінде жазу жазып отырғанда үйге қонақ келіп қалса, анамыз «Тссс, жай жүріңіздер, ақырын сөйлеңіздер» деп жүретін. Ондайда әкем «Емін-еркін отыра беріңіздер» деп жымиюшы­ еді. Барлық ақын-жазушылар сияқты үй шаруасына икемсіз болды. Бірақ бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлетін. Ағамды спортқа берді. Оны хоккейге өзі апарып, өзі алып келетін. Менің сурет салуға деген ынтамды байқап, үйге арнайы суретші жалдады. Ол кезде қазіргі Опера және балет театрының алдында балалардың сурет байқауы өтетін. Мені соған дайындап, өзі алып барды. Мен сол байқаудан үшінші орын алып, мақтау қағазын алғанда әкем қатты қуанған. Мұны не үшін айтып отырмын, ол балаларының болашағына жастайы­нан жол салды. Отбасылық демалыстарда, сенбі-жексенбіде бізді Медеуге алып баратын. Мұз айдынында өзі де сырғанап, бізді де коньки тебуге үйретті. Тауға анам да, Айша апам да баратын. Жыл сайын Ыстықкөлге де баратынбыз. Ауылға жиі жіберетін де, ­сосын өздері алып кететін. Алдымен Жуалыда 2,5 ай демалатынбыз, жарты ай қалған кезде нағашыларымызға барамыз. Өйткені ол кезде анамның өзі келетін, өзі алып баратын. Нағашыларымыздың ауылынан қауын-қарбыз жеп келетінбіз. Ол кезде қазақ мектебі болмады,­ әкем бізді орыс мектебінің ағылшын сыныбында­ оқытты. Сол ағылшын тілі менің мамандығыма айналып, бүгінде осы ­салада қызмет етіп келемін. Ал ағам Батылжан­ Шерханұлы журналистика факультетін қызыл дипломмен тамамдаған. Баспада жұмыс істеп, Бақытжан Момышұлы екеуі әкемнің «Қызыл жебесін» аударды. Кейіннен ағам жеке кәсіппен айналысып кетті. Әкем бізге өз шығармаларын оқуға үгіттемейтін. Бірақ оның шығармасының желісінде қойылған қойылымдарға барып жүрдік. Ғ.Мүсірепов театрынан «Сталинге хат», М.Әуезов ­театрынан «Ай мен Айша» қойылымдарын тамашаладық. «Ай мен Айшаға» ауылдағы інісі Батырхан көкем де келген. Ол екеуі қойылымды соңына дейін тамашалап, ерекше әсерленіп шыққаны есімде. Мен қазір осы шығарманы үшінші рет қайталап оқып жүрмін. Кезінде қазақша білім алмағандықтан, бірінші оқығанда онша түсінбедім. Екінші оқығанда кітап қызғылықты бола түсті, кей жерінде күлемін, кей жерінде көзіме жас аламын. Қазір үшінші рет оқып жатырмын, ендігі әсер мүлде бөлек. «Ай мен Айшаны» оқымаған қазақ кемде-кем шығар. Сол шығармадағы бір оқиға қартай­ғанда әкемнің алдынан шықты. Аяғы қатты ауырды, тіпті баса алмай қалатын. Мен мұның сырын сұрағанда, әкем сол шығармадағы «Шақпақтас» оқиғасының әсерінен екенін айтты. Естеріңізде шығар, бір қыс өте суық болып, Айша апамыздың оты сөніп қалады. Жас балаларын жауратпау үшін, Шерханды көршілерге шоқ әкелуге жұмсайды. Шоқ түгілі, адамды өшіретін дауыл болса да, тұңғышын жіберуіне тура келіпті. Ол уақытта көрші деген аты болмаса,­ үйлердің арақашықтығы өте алыс болған ғой. Бірі қырда, бірі сайда, бір-бірінен алшақ орналасқан. Бір үйден алған шоғын жел ұшырып әкетіп, одан да алысырақ үйге ­барып келген әкемнің аяғын үсік шалған екен. Аяғында аяқ киімі жоқ. Шақпақтас берген әйел аяғын таңып, орап жіберген. Қақаған аязда­ таңған аяқтан пайда болмай, үсік шалады. Кейін емделіп, аяғын қалыпқа келтіргенімен, сол қартайғанда ­алдынан шықты.

ҚОЛДЫ БОЛҒАН ҚОЛЖАЗБА ЖАЙЫНДА...

Біздің бала кезімізде үйімізге қонақ көп келетін. Олардың ішінде Мұстай Кәрім, ­Бауыржан Момышұлы және оның ұлы Бақытжан аға мен келіні Зейнеп­ Ахметова, Ғабит Мүсірепов, Қалтай Мұхамеджановтардың келетіні есімде. 1985 жылы Шыңғыс Айтматов әйел-баласымен келді. Ол уақытта қонақтан Жазушылар одағы «Кімнің үйіне түсесіз?» деп сұрайды екен. Әкем Айтматовтың шығармаларын аударып жүрген кезі ғой. Шыңғыс Айтматов өзі таңдап «Шерханның үйіне барамын» дейді екен. Айша апамыз өте сұлу әйел еді. Мейірімді, дауыс көтермейтін. Тауға шыққанды, ән айтқанды жақсы көретін. Магнитофон енді шығып жатқан кезде ағам жаңа магнитофон, касеталар алып келіпті. Содан ағам мектепке кеткенде, Айша апам: «Алма, ана касеталарды қосшы, мен ән айтамын, жазып алайық» деді. Содан апам көп ән айтты, мен оны ­жазып отырдым. Сабақтан келгенде ағам «мынау кімнің даусы?» деп таңғалғаны есімде. Әкеміз Тұрар Рысқұлов туралы шығарма жазғанда, Айша апамыз «Өз әкең тура­лы жазсаң­шы» деп өтініш айтқан екен. Негізі мен үнемі айтамын, бірақ өзгелер сенбейді. Әкем Мұртаза туралы роман жазды, бірақ ол қолжазба күйінде қолды болды. Таразға барғанда әкем «Қызым, қалың қызыл дәп­терді­ тапшы, сыртында Зея деп жазылған» деді. Зея – Амур алабындағы өзен, Ресей Федера­циясының Амур облысында орналас­қан. Зеяның жағасы ну орман, Мұртаза атамыз­ сол жерде жұмыс істеген. Оны белгісіз біреулер сол жерде өлтіріп кеткен екен. Әкем осы туралы роман жазған. Маған және немере қызы Зибаға айтып, барлық жерді іздеттірді. Ауылдағы үй, архив бәрін қарадық. Таппадық. Аздаған түзейтін және соңын аяқтайтын тұстары бар еді деп айтып жүрді әкем. Бірақ сол қолжазбаны сол күйі еш жерден таппадық. Сондықтан осы күнге дейін әкемнің өз әкесі туралы роман жазғанына ешкім сенбейді. Әкемнің кітапханасы өте үлкен еді. Әлем әдебиеті, орыс классикасы, қазақ әдебиеті, қазақ энциклопедиясы, өзбек жазушыларының кітаптары, Шыңғыс Айтматовтың, Мұстай Кәрімнің және өзінің кітаптары болатын. Үйдің екі бөлмесі кітапқа толы болды. Ол кітапхана қазір Жуалыдағы өзінің үйінде. Үш қабатты үйдің іші толған әкемнің естеліктері. Барлық архив сол жерде. Үшінші қабатта бильярд бөлмесі бар, кезінде Өмірбек Бигелді үлкен бильярд үстелін сыйлаған. Әкемнің інісі осы көктемде қайтыс болды. Әйтпесе ол кісі үйге жиі барып қарап тұратын. Ауласын тазалап, гүлдерін суғарып, өзі сол жерде демалып қайтатын. Өз үйінен екі көше ғана алшақ қой. Былтыр аудан әкімдігі хабарласып, сол Жуалыдағы үйді әкемнің атындағы музей етіп ашуды ұсынған. Әкемнің қайтқанына бір жыл болды ғой, әкімдік сөзінде тұрса, ұсыныстары күшінде болса, ол үй де музейге айналар, бұйырса. Әкемнің қайтқанына бір жыл толуы­на орай, біраз дүниелер істеліп жатыр. ­Түлкі­бас­­тық кәсіпкер Қайрат Айтбай Шерхан­ Мұртаза атындағы қайырымдылық қор ашқан. Бұл қор Түлкібас ауданында мешіт, мектеп салып, түрлі игі істерді атқарып жүр. «Егемен Қазақстан» басылымы жыл сайын 28 қыркүйекте Алматы қаласында бильярд турнирін өткізеді. Жақында Жаңатас ауданында да Шерхан Мұртазаның құрметіне ән кеші ұйымдастырылды, өкінішке қарай, бара алмай қалдым. Жуырда өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатуды жоспарлап отырмыз, қазір мүсінші онымен айналысып жатыр. Әкемді анам­ның қасына жерледік қой. Алдымызда бір жылдық асы бар. Сол кезде ­басына ескерткіш қоямыз, бұйыртса. Ескерткіш мүсін өзінің бей­несі емес, ашық тұрған кітап бейнесінде бола­ды деп жоспарлап­ отырмыз. Ең бастысы, әкем­нің артында шығармалары қалды. Оларды оқитын халқы бар. Мен осыған шүкірлік етемін.

Жазып алған Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

4979 рет

көрсетілді

131

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы