• Мәдениет
  • 03 Қазан, 2019

Тұсаукесердің түйткілі

Күллі қазақ елі күткен «Томирис» фильмінің Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тұсауы кесіліп, үлкен экранға жол тартты. Ұлы даланы ұлықтаған патшайым туралы фильмнің негізгі  локациялары – «Қазақфильм» павильондары, Қапшағай, Бурабай және Шонжы аймағы. Фильм көне түркі және көне парсы тілдерінде түсіріліп, қазақ және орыс тілдеріне аударылған.

Фильм Геродоттың жазбалары негізінде әл-Фарабидің баяндауымен басталады. Массагет­ тайпасының мұрагері Томиристің дүниеге келуінен бастау алған фильм 2,5 сағаттың ішінде Тұмар ханшаның бала кезі, қаһармандық кезеңі және билеуші кезеңдерін қамтиды. «Томирис» фильміне сценарий жазарда авторлар бүкіл әлем мойындаған Геродот еңбектеріне сүйенді. Тарих жағынан біздің кеңесшіміз – Алмас Ордабаев. Әр түсірілім күнінде тарихшы біздің қасымызда болды. Біз ол кісілерсіз бір қадам да жасаған жоқпыз» деді режиссер Ақан Сатаев. Томирис патшайымның рөлінде кинодағы жаңа бейне – Альмира Тұрсын. Кинодағы алғашқы қадамын тарихи фильмнен және ­басты рөлден бастаған актриса осы жоба үшін түсірілімге әскери тәртіппен дайындалған. Тәжірибесіз ару атпен жүруді, семсерлесуді және актерлік шеберлікті басынан бастап үйреніпті.

Біздің анықтама: Альмира Тұрсын – 28 жаста Мамандығы – психолог, коуч-профориентатор «Томирис» – кинодағы дебюті Туған жері – Алматы қаласы Тұрғылықты жері – Нұр-Сұлтан қаласы Отбасылық жағдайы: Тұрмыс құрған, бір баласы бар.

«Менің негізгі жұмысымның мақсаты – қыздарға, әйелдерге өзінің бойындағы бар ­талантты пайдаланып, болашақта оны тиімді жүзеге асыру. Қазір бұл мамандық аса танымал емес. Бірақ болашақта өз жемісін береді деп сенемін. Ал «Томирис» – менің кинодағы дебютім. Қалай шыққанын өзім де білмеймін. Менің рөліме объективті бағаны тек көрермендер ғана бере алады. Дайындық туралы айту қиын, өзімді психолог ретінде дайындадым. Конструктивті сын болса, оны қабылдаймын» деді актриса. «Томирс» фильмінің шарықтау шегі – Тұмар ханша мен Парсы империясының негізін қалаушы Кир патшаның соғысы. Кирдің рөлін Ридли Скоттың «Царство небесное» фильмінде Саладин патшаны сомдаған Голливуд актері Гасан Масуд сомдаса, Томиристің жолдасы Арғұнның рөлін Әділ Ахметов, ұлы Спаргаписті Асылхан Төлепов ойнаған. Сонымен қатар фильмде Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисенбин, Азамат Сатыбалды, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асхат Үрпеков және тағы басқа актерлар бой көрсетеді. Жобаның режиссері фильм 93 күн түсіріліп, шығару кезеңі 2,5 жылға созылғанын, шығар­машылық топтың құрамында 400 адамның жұмыс істегенін атап өтті. Режиссер Ақан Сатаев­ «Томирис» фильмі арқылы қазақ киносын жаңа бір белеске көтере алған. Бұл фильмнен еліміздегі киномамандарының (оператор, қоюшы-суретші, костюм суретшілері, реквизит мамандары, каскадерлік трюктер мен батальдік сахна қою шеберлері, монтаж, компьютерлік графика, цветокоррекция, жарық қою, грим, т.б.) жетілгенін, алға ілгерілегенін байқадық. Бәрі жақсы ғой... Бір әттеген-айы, киноның сапасы мен деңгейін премьерадағы кемшілік жуып-шайып кетті. Көптен күткен фильмнің тұсаукесеріне қазақтың зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдары және тілшілер қауымы қатысты. 98 пайыз қазақ және қа­зақ­­тілді адамдар жи­налған премьераны ұйым­­дастырушылар орыс тілінде қойды. Негізгі мәселе осы тұста туын­­дады. Фильмнің қазақша нұсқасын алға тартып, режиссер мен «Қазақфильм» өкілін сұрақтың астына алған БАҚ өкілдері мардымсыз жауап алды. «Бізде фильмнің қазақша нұсқасы толығымен бар. Бірақ «Қазақфильмнің» шешімі бойынша, премьераны орыс тілінде, қазақша субтитрмен көрсетеміз деген шешім қабылданды. Өйткені Қазақстанда 116 ұлт бар, осының бәрін ойластырып сондай шешімге келдік» деді режиссер.

Біздің анықтама: Фильмнің идея авторы және бас продюсері – Әлия Назарбаева. Тапсырыс беруші – Мәдениет және спорт министрлігі Орындаушы – «Қазақфильм» киностудиясы мен Sataifilm компаниясы Режиссер – Ақан Сатаев Сценарийстер – Тимур Жақсылықов пен Әлия Назарбаева Фильм уақыты – 2,5 сағат Фильм түсірілген уақыт – 2,5 жыл Жұмсалған қаржы – 2,5 млрд теңге

Ал «Қазақфильм» атынан жауап берген ресми өкілі Бауыржан Үсенов негізгі мәселе прокат жүйесінде екенін атап өтті. «Өздеріңіз білесіздер, біздегі барлық кинотеатрлар жекеменшік. Бұл, негізінен, біздің прокат желісімен айналысатын мамандардың қолында. Негізі біз фильм­нің екі нұсқасын дайын­дадық: қазақ және орыс тілдерінде. Прокат мамандарының таңдауы орыс тілі болды» деді ол. Бұл жауапты­ ­жи­­нал­ған жұрт та, тілшілер де түсінген жоқ. Себебі 2,5 млрд теңге жұмсап, 2,5 жыл уақытты сарп етіп түсірілген 2,5 сағаттық фильмнің премьерасы Республика сарайында өтті. Ал оның кинопрокатқа не қатысы барын кім білсін?! Жалпы кинодағы прокат мәселесінде осындай «кемсітулер» мен шектеулер болатыны рас. Және тек осы жолы ғана емес, әрдайым. Бізде «фильмнің қазақша нұсқасына сұраныс жоқ» деген сылтаумен киноны мемлекеттік тілде қоймауға тырысады. Бұл, әрине, жекеменшік кинотеатрларымыздың істеп отырғаны. Осындай даулы сұрақ-жауаппен өткен баспасөз жиынынан кейін, киноны тамашалап үйді-үйімізге тарастық. Араға бір күн салып, жауа­бын өзгерткісі келген режиссер Ақан Сатаев әлеуметтік желіде тағы да түсіндірме жазыпты.

«Көрермендер мен журналистердің қой­ған басты сұрағы – фильмнің қазақша дыбыс­талған нұсқасы бар ма? Сөзсіз, толығымен қазақ тілінде дыбысталған нұсқасы бар. Қазақ елі болғандықтан да, алдымен қазақша нұсқасын дыбыстаған едік! Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлт үшін жасалған маңызды қадам. Фильмнің соңында жазылатын титрлер (түсіру тобы мен актерлық топтың аты-жөндері ­жазылатын бөлім) латын әліпбиіне аударылу барысында көптеген грамматикалық қателердің анықталуы және топ мүшелері мен актерлардың аты-жөні құжаттарға сәйкес келмеуіне байланысты кешіктіріліп ­жатыр. Құқықтық тұрғыдан біз мұндай қателермен көрсетілімге жібере алмаймыз. Шұғыл түрде аталмыш мәселені шешу үстіндеміз» депті режиссер жазбасында. Біз осы орайда Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының мамандарына хабарласып, «Орталықта тексеріліп, бекітіп берілді. Байқасаңыздар, шақыру қағазынан да қате кеткен. Бұл олардың дизайнерлерінің қателігі болса керек» деген жауап алдық. Сонымен, айналасы 1,5 күнде бірнеше «сылтау»­ айтылды. Ал киноны онсыз да көп күткен көрермен «Томиристің» қазақ тіліндегі нұсқасын әзірге таңертеңгі және түскі уақытта ғана көруге мәжбүр.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

1939 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы