• Әдебиет
  • 03 Қазан, 2019

ӘЙТЕКЕ БИДІҢ АҚАНСЕРІСІ

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын Жолдауы ел ішінде үлкен серпіліс туғызды. Аса маңызды құжатта: «Біз Елбасының «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз» деген жолдар бар. 

Шынында, әрбіріміз тәлім берген, қанаттандырған ауылды, ауданды жадымыздан шығармай қастерлеуге міндеттіміз. Мемлекетіміздің әкімшілік-аумақтық бөлінісінің негізгі сатысы – аудандарда табан аудармай еңбек етіп, сөзімен және ісімен тұрғылықты халықты ортақ мүддеге жұмылдырып келе жатқан замандастарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Солардың бірі – Ақтөбенің Әйтеке би ауданындағы Ақансері Ермағамбет. Кейіпкерімізбен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басын­да­ танысып, сырласқанбыз. Ұлы би есімімен аталатын өңірдің қазіргі аумағында Комсомол және Қа­рабұтақ деп аталатын екі аудан қатар қоныстанып еді. 1966 жылы шаңырақ көтеріп, негізінен егін шаруашылығымен шұғылданатын Комсомол ауданында тың және тыңайған жерлерді игеру ұранымен көшіп келген өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы басы­мырақ. Жаңадәуір ауылында мұғалімнің отбасында дүниеге келген Ақансері орта мектеп бітірген соң, еңбек жолын кеңшарда тракторшылықтан бастайды. Қаршадайынан ауылдағы көнекөз қарттар аузынан аңыз-әпсаналарды естіп, көркем әдебиетке ынтызарлығы арқасында есейген бозбала Алматы­да­ Абай атындағы педагогикалық институттың филология факультетін үздік үлгеріммен тамамдайды. Ұстаз­да­рының ары қарай оқып, ғылым жолына түсу тілегіне рақметін айтып, туған ауылдан бір-ақ шығады. Қатардағы мұғалім­діктен тәжірибе жинақтап, Жаңа­дәуір сегізжылдық, Восточный орта мектептерінде директор болды, «Толыбай» кеңшарында партком хатшылығына сайланды, аудандық халыққа білім беру бөлімінде басшылық етті. Еліміздің егемендігі жарияланған соң, ауыл-аудандарда, облыстарда әкімдік басқару институты енгізілгені мәлім. А.Ермағамбет Комсомол ауданы­ әкімдігінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, бұл орынтақта үзіліссіз он бес жыл отырды. 1992 жылы Қазақстан бойынша­ алғаш рет Комсомол ауданында­ 1931-1932 жылдардағы зұлмат ашаршалықтың алпыс жылдығына орай үлкен ауқымда Ас берілді.Асқа арысы Мәскеуден, берісі сол кездегі астанамыз Алматыдан, Ресей­ Федерациясының көршілес аудандарынан, өзіміздің Ақтөбе мен облыс аудандарынан қонақтар шақырылды. Өңірде тұрып жатқан алуан ұлттардың өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, арнайы киіз үйлерде қол қусырып, қонақ жайлады, ұлттық тағамдар ұсынды. Жойқын кезеңнің жан шошырлық сипатын бейнелеген театрландырылған қойылым үлкен-кішінің жанарына жас ұялатып еді. Жиналған әлеумет «Ұлы жұттың жазбалары» атты кітаптың авторы,­ жазушы-журналист Валерий Михайловтың, сұрапыл оқиғалар ­туралы деректі фильм түсірген Қалила Омаровтың, ашаршылықты көзімен көрген қарттардың шерлі әңгімелерін тыңдап, ұмытылмастай әсер алған-ды. Көрші Қарабұтақ ауданынан барған біздер сонда Ақансерінің ізденісі мен ұйымдастырушылық қабілетіне сүйсінгенбіз. Аудан басшылығында Вальтер Леммлемен, Есімхан Есенбаев­­пен және басқа азаматтармен бірлесе еңбек етіп, тәрбиелік тағылымы мол тамаша идеяны жүзеге асырған-ды. Ермағамбетовпен талай іссапарда бірге болдық, көптеген қоғамдық саяси шаруалардың басы-қасында бірге жүрдік. Сонда оның мәдениетті ұста­нымы, әңгімешілдігі, жауһар жырларды нәшіне келтіріп, жатқа айтатыны отырыстың ажарын кіргізді. Тағы да нақты мысалға жүгінейік. Ырғыз ауданында іс басындағы азамат­тардың көркем ниетімен «Ай­мақты әнмен тербетіп» деген­ байқау ұйымдастырылды. Жылына­ бір рет өткізілетін бұл шара бірте-бірте ауданаралық ауқымнан облысаралық деңгейге қанат жайды.­ Өз облысымыздағы Шалқар, Ырғыз, Әйтеке би, Хромтау аудандарынан өзге Қызылорданың Аралы­ мен Қазалы­сынан, Қостанайдың Амангелдісі мен Жангелдинінен әншілер, жыраулар, күйшілер, ­палуандар, шабандоздар жиналып, тұрғылықты халықты бір сілкінтіп тастайтын. Қонақтарды қарсы алу, шығарып салу салтанаттарында өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жамағаттың Ақансеріге арнайы қолқа салып, жыр тыңдағанына сүйсінгенбіз. Мұқағалидың, Қадырдың, Фаризаның екпінді жырлары көркем орындауда талай қыз-келіншектердің жүрегін дір еткізгені рас. Кейіпкеріміз кейін аудандық мәслихаттың хатшысы қызметін тоғыз жыл атқарғанда да осы ырғағынан жаңылған жоқ. Әсіресе, оның шешендігі, мәмілегерлігі талай даулы­ мәселелердің әділ шешілуіне жол ашты. Жетпіс ­жасына жайдары жеткен дос бұрынғыша ширақ қалпында қызу шаруалардың нақ ортасында жүр. Азаматтың іскерлігі, бітімгерлігі лайықты бағаланды: Қазақстан ­Республикасы Президентінің Алғыс хатына­ төрт мәрте ие болды, «Қазақстан ­Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Астанаға 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медальдарымен, «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталды,­ «Әйтеке би ауданының Құрметті ­азаматы», ­­«Қазақстан ­Республикасы білім беру ісінің үздігі» атақтары бар. Ақансерінің қызметті алаңсыз атқаруына зайыбы Раушанның қосқан үлесі айрықша. Айтпақшы, ерлі-зайыптылар бір институтта, бір факультетте бірге оқып жүріп табысқан ғой. Көрші Ырғыз ауданын­да өзі сияқты сергек ойлы, үнемі ізденуді сүйетін курстасы Нұрқасым Сәрсенбайұлы екеуі бірге жүріп, бірі Алматының Ақтерек ауылынан­ Раушан­ды, екіншісі Семейдің Ақсуатынан Сәулені ұнатады. Сонда­ жұпта­сып қыдырыстап жүргенде сүйген қыздарына: «Ауылдарымыз қатар, бір төбенің екі беткейінде орналасқан. Күнде кешкілік серуенге шыққанда кездесіп тұрасыңдар» дейді екен. Әрине, мұның астарында қулық тұрса да, шынайы иланған қалпымен қос құрбы Ақтөбенің бірінен бірі екі жүз шақырымнан астам алшақ жатқан екі ауданына келін болып түсті. Мақпал үнімен, майда мінезімен үлкен-кішінің тілін тауып, жасы үлкен­дердің батасын алды. Қазіргі күнде Ақансері мен Раушан, Нұрқасым мен Сәуле – ел-жұрты ардақ тұтқан жандар, ұл мен қыздан немерелер сүйген ата-әжелер. Ермағамбетовтер бауырынан өрбіген Рүстем мен Әселдің, Әсем мен Расул­дың, Әсел мен Ақанның, Жанат пен Жал­ғастың дидарынан ізгілікті көріп, марқаямыз. Алла тіл-көзден сақтасын!

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, Қазақстанның Құрметті журналисі

АҚТӨБЕ

817 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы