• Қоғам
  • 03 Қазан, 2019

Мәні зор дәстүр

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бүгінгі әлемдік жаһандану жағдайында заман көшінің ағымына икемделіп, жаңа ғасырдың озық үлгілерін бойымызға сіңіруді, ұлттық кодымызды сақтауды міндеттеді. Сондай-ақ жаңа тұрпатты жаң­ғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу деген болатын.

Елбасы: «Жаңғыру атаулы­ бұрын­ғы­дай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрін­бей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғы­шарт­тарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиын­нан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңыз­ды. …Мен халқым­ның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін ал­дағы өркен­деудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қада­мын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын» деп жазды. Осы орайда Тұз­дыбастау ауылының Мәдениет үйінде ­«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын игі шара өтті. Рухымызды асқақтатып, әдет-ғұрып пен сақтауға қажет салтымызды насихаттау мақсатында өткізілген жиынға ауыл тұрғындары мен аудандық мәдениет саласында жүрген бірқатар азаматтар қатысты. Аталмыш шара Тұздыбастау Мәдениет үйінің директоры Маргарита Исабаеваның ұйымдастыруымен өтті. Бұл бастама негізінде бағзы ­баба­ларымыздан қалған қазақтың «Бесік тойының» мәні мен маңызын көрсетуді көздеген. Дәстүрлі қазақ қоғамында бала омырау­дан шыққанша бесікте жатады. Баланы бесікке бөлеу қазақ даласында үлкен тойға ұласқан. Ал бесік ­жырын айту – ­тамыры тереңде жатқан үлкен тәрбиелік мәні бар дәстүр. Осындай тәлім мен тәмсілі көп құндылықтарымызды көрсету келер ұрпақ алдындағы уақыт күттірмес жауапты жұмыс екені анық. Ұйымдастырылған кеш аясында ­«Баланы бесікке бөлеу» дәстүрі жайын­да кеңінен мағлұматтар айтылып, келіндер білуі керек кеңестер берілді. 72 жасқа келген ауданымызға сыйлы Күлсім ­Картаганова әжей баланы бесікке бөлеудегі ескеруге тиісті салт-жоралғылардың барлығын келген қонақтарға көрсетті. Әжей өзінің құндақталған шөбересін ел алдына алып шығып, батасын алып, бесікке салып, мәтіні мақамына сай болған бесік жырын айтып беріп, келген елдің ықыласына бөленді. Халықты танытатын бір белгі – ежелден келе жатқан мәдениеті. Ал мәдениетке халықтың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, музыкасы, өнері кіреді. «Бесік той» үлгісінде өткен шара болған соң, ән айтылып, күй де тартылып, биге де кезек берілді. Кеш әнші, сазгер Мұратбек ­Сарыбасов орындаған халық әнімен бастау алды. Кейіннен Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйі жанынан құрылған, Диана Мұқашова жетекшілік ететін «Диана» би тобы қыздарының биімен жалғасқан кеш одан әрі ажарлана түсті. Ұлан Мүшіровтың жетекшілік ететін «Мұрагер» домбыра үйірмесінің жас күйшілері де аталған іс-шарадан тыс қалмай, күмбірлі күйлерін орындады. «Жастар үшін тәрбиелік мәні зор осы секілді жобаларды алдағы уақытта да өткізу жоспарда бар. Өйткені ұлттық мәдениетін берік ұстанған ел әлемнің көш бастап тұрған елдерінің қатарынан көрінері анық» дейді ­Маргарита Зар­қынбекқызы. Ұлы даланы жай­лаған кешегі жаужүрек халық­тың қалдырған құнды мұрасын көзінің қарашығындай сақтау бүгінгі ұлағатты ұрпақтың үлесінде.

Дархан ӘУК

Алматы облысы

793 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы