• Тұлға
  • 03 Қазан, 2019

АУДАРМАШЫҒА ӘДЕБИ ТАЛАНТ КЕРЕК

Жуырда Алматы қаласында «Әлемді ашып – әлемге ашылу. Көркем әдебиет мәселелері және жазушылық байланыстар» атты ІІ Халықаралық жазушылар ­форумы өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған форумның өтуіне Алматы қаласының әкімдігі қолдау білдірген. Қазақтың көркем әдебиетін шет тілдеріне аудару жұмыстарын мәселе етіп көтеріп, форумды ұйымдастырған – Халықаралық қазақ ПЕН-клубы. Біз бүгін, орайы келгенде, қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллинді әңгімеге тарттық.

– Бигелді Қайырдосұлы, жуырда өткен форумды қорытындыласақ. Форумның негізгі мақсаты мен ерекшелігі неде? – Иә, биылғы форумның ерекшелігі, тұтас қазақ әдебиетіне арналған, оны шет тілдеріне аудару мәселесін көтердік. Былтыр жазушылардың І Халықаралық форумы «Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің рөлі» тақырыбында өткен еді. Ол кезде ­заманауи әлем әдебиетін сөз еткенбіз. Ал биыл шетелдік мамандарды шақырып, қазақ әдебиетін, қазақ жазушыларының шығармаларын шет тілдеріне аудару­ мәселесін талқыладық. Форумға АҚШ, Германия, Англия, Түркия, Қытай, Ресей, Марокко, Моңғолия Өзбекстан, Қырғызстан және тағы басқа елдерден жазушылар, публицистер, аудармашылар, әдебиеттанушылар мен суретшілер қатысты. Барлығы 18 елден 80-ге жуық адам Алматыда бас қосты. Жазушылардың барлығы дерлік күндердің күнінде аударма проблемасымен бетпе-бет келері анық. «Жазушылар ұлттық әдебиетті жасаса, аудармашылар әлемдік әдебиетті ­жасайды» деп бекер айтылмаған. Соңғы 25 жылда біздің екі-үш әдебиетшіден өзге бірде-бір танымал қазақ жазушысы әлемдік деңгейден көріне алмады, өйткені өзге тілге аударылған шығармасы жоқ. Сондықтан біз көтерген мәселе өте өзекті деп білемін. Ұзақ уақыт бойы қазақ әдебиетінің бірегейлік қасиеті көпұлттылық идеясын ұстанған саясаттың көлеңкесінде қалып келді. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тіліне аудару ісі өте баяу жүрді. Тәржіма мәселесі туралы айтылып, қолға алына бастаған кезі кешелі-бүгін ғана. – Осы орайда, қазақ ПЕН-клубы аударған еңбектер туралы айтсаңыз? Олармен әлем қалай таныса алады? – Қазақ ПЕН-клубы ұлттық әдебиет классик­терінің шығармаларын ағылшын тіліне аударуды кездейсоқ қолға алған жоқ. Қазақ ПЕН-клубы тағы да он кітапты, оның ішінде, М.Мақатаевтың өлеңдер топтамасын, М.Әуезов, Б.Соқпақбаев, О.Сүлейменов, С.Елубай, Ә.Кекілбаев, Г.Бельгер мен О.Бөкейдің таңдамалы шығармаларын шетелде аудардық және шығардық. Кітаптардың қағаз нұсқасын ғана шығарып қоймай, электронды нұсқамен «Амазон» желісі арқылы сатылымға шығара бастадық. Бүгінде қазақ ПЕН-клубының алдында екі мәселе тұр. Біріншісі – қазақ журналистерінің, қазақ жа­зу­шыларының құқығын қорғау. Екіншісі – қазақ әдебиетін дүниежүзіне насихаттау. Біз осы екі жұмысты атқарып жатырмыз. Екінші мәселеде біраз жұмыстар атқарып келеміз. Осы бес жылдың ішінде он шақты жазушыны ағылшын тіліне аударып, АҚШ-та, Англияда шығардық. Оны жай ғана шығарған жоқпыз, біз оны сол жерде шығарып, сол жерде насихаттап ­жатырмыз. Насихат дегеніміз, шыққан кітаптарды сол елшіліктерге таратамыз, үздік кітапханалар мен жоғары оқу орындарына жібереміз. Насихат ретінде шетелде журналистермен кездесіп, баспасөз жиынын өткіземіз. БҰҰ-да, Лондонда, Вашингтонда, Нью-Йоркте, Парижде, Франкфуртта өткіздік. Сонда жазушылар мен журналистерді шақырып, бізде осындай әдебиет бар, осындай кітаптарымыз бар, осындай әдеби шыңдарымыз бар деп айтып жүрміз. Неге десеңіз, аудару, шығарудан бөлек, үшіншіден, оны насихаттауымыз керек. Оған көп қаражат та керек. Мен мұндай жұмыстарға де­меу­шілерді өзім тартып жүрмін.

– Ал әдеби аудармада қандай мәселелер бар? – Ең бастысы, аудармашы сауатты, тәжірибелі және талантты болуы керек. Сосын қолымызға түскенді қалай болса солай аудара салмай, негізгі жүйемен аударуымыз керек. Жүйе дегеніміз, ең алдымен, қай ақынның немесе қай жазушының шығармасын аударамыз, яғни кімді аударамыз, қалай аударамыз деген мәселелерді реттеуіміз керек. Бұл әдеби аудармада өте маңызды. Бізде тіл білетін, оның ішінде ағылшын, неміс, қытай, испан және басқа тілдерді білетін адамдар көп. Ал әдеби аудармада тіл білу аздық етеді, оның арғы жағында әдеби талант болу керек. Екіншіден, жазушының энергетикасы оның ішкі болмысы, ішкі дауысы оның бәрін біз қалай аударуымыз керек, қалай жеткізуіміз керек, осы мәселеге мән беруіміз қажет. Әдеби аударма ­туралы өте көп айтуға болады. Қазақтың жазушыларын аудару өте қиын. Өйткені қазақ жазушыларының әдеби тілі, ­тарихи жағдайлар, әдеби көркемдігі, суреткерлігі мүлде бөлек. Оның бәрін шет тілінде оқырманға жеткізе алу қиынның қиыны. – Форумға келген шетелдік жазушылар, мамандар қандай ұсыныс-пікірлер айтты? Бізде тәжірибе алмасу қалай жүрді? – Бірінші күні «Көркем аударма мәселелері» тақырыбындағы пленарлық отырыс өтіп, одан кейін пікірталас болды. Пікірталаста «Қазақ халқының һәм бұрынғы кеңестік кеңістіктегі өзге халықтардың классикалық және ­заманауи әдебиетін шетел оқырманына қалай жақындатуға болады?», ­«Шетелде кітап шығару жолын қалай жеңілдетуге болады?» (оларды шешу жолдары) тақырыптары қозғалып, осы мәселелер аясында сөз жарыстырды. Аударма туралы­ ұзақ уақыт пікірталастыруға болады. Дегенмен, біз мәселені тәжірибе жүзінде шешуге тырыстық. Нақты айтсақ, қазақ жазушылары шығармаларының ­шетелде басылып шығуына жол ашатын қаламгерлік байланыстар, таныс­тықтарды арттырып, келіссөздер жүргіздік. Шетелдік қонақтар мен біздің жазушыларымыздың өзара жақын танысуы үшін қаламгерлік байланыстар орнатылды. Ол үшін ­форум аясында оқырмандармен, студенттермен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ­ға­лым­дарымен шығармашылық кештер ұйымдастырылды. – Сонымен, әдеби аудармада сіздің нақты ұсыныстарыңыз қандай болмақ? – Аудармамен жұмыс істеу үшін төрт мәселені шешу керек. Бірінші – қай жазушыны аударамыз, екінші – оларды қай тілге аударамыз, үшінші – кім аударады, төртінші – аударған кітаптарды шетелде қалай насихаттаймыз? Әдеби аудармадағы негізгі мәселелер осы. Осы мәселелерді реттесек, қалғаны өздігінен жүріп кететін жұмыс болады. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ақбота ҚУАТОВА

2530 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы