• Руханият
  • 10 Қазан, 2019

ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласында әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттерін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс екенін айтқан болатын. Бүгінде бұл ұлағатты да, өсиетті сөз талай игі іске бастама болды. Күні кеше Түркістан өңірінде өткен іс-шаралардың негізінде де Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған идеялар жатқаны мәлім. Қазақтың біртуар азаматтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың еңбектерін, өнегелі өмірін ел арасында насихаттау, жас ұрпаққа жеткізу мақсатында Түркістан облысында «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» атты экспедиция ұйымдастырылып, бірқатар танымдық-тағылымдық іс-шаралар өтті. 

АҚСҮМБЕ МЕН АҚСУ-ЖАБАҒЫЛЫ АРАСЫ

С.Қожановтың 125 жылдығына орай Созақ ауданындағы Ақсүмбе ауылында мектептің алғашқы кірпіші қаланды. Міне, сол аудан тұрғындары үшін маңызды да игі іс кезіндегі жиында жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт өткен күндерді еске алды. «Осыдан 25 жыл бұрын, Сұлтанбек ағамыздың 100 жылдығы атап өтілген болатын. Ол кезде облыстық тіл басқармасының басшысы едім. Мерейтойға баяндама дайын­дау маған тапсырылған-ды. Қарасам, Сұлтанбек аға туралы ешқандай материал жоқ. Сөйтіп, бір апта күні-түні ізденіп, жүз жылдығына арналған баяндаманы дайындап шықтым. Мінеки, бүгінде тәуелсіздіктің арқасында Қожанов туралы еңбек өте көп. Сұлтанбектанушылар да жетерлік. Көп кітап шықты, «Шығыстың Сұлтанбегі» деген роман жазылды. Сұлтанбек Қожанов туралы әлі зерттеліп, жазыла береді. Осыдан бес жыл бұрын Шолаққорған ауылында Қожановтың 120 жылдығы аталып өткен болатын. Сол кезде Ақсүмбеге келіп, биікке, Ақбикештің жанына шығып қарадық. Мына қасиетті Қаратаудың өрлігіне таңдандық. Қазақтың, бүкіл түркінің қара шаңырағы атанған Қаратау үш бұтақтан тұрады. Жамбыл облысында бір бұтағы, Қызылорда облысында бір бұтағы, ең негізгі жотасы – биік, ұлы бұтағы біздің Түркістан облысында. Ақсүмбемен ­басталып, Ақсу-Жабағылыдан аяқталады. Ақсүмбеде қасиетті Қаратаудың басталар жерінде – Сұлтанбек Қожанов, Ақсу-Жабағылыда – Тұрар Рысқұлов, екі жағында екеуі заузаңғар болып, бүкіл Алашқа, күллі қазаққа мұрат-мақсаттарын арнаған ұлы тұлғалар тұр. Сұлтанбек мұраттастарымен бірге Түркістанды астана еткісі келді. Қолдан келмеді, Қызылорда астана атанды. Алайда «киргиз» деп жүрген «қазақтың» атын қайтарды» деді жазушы Мархабат Байғұт.

«Nur Otan» партиясының бастамасымен, аудан әкімдіктерінің қолдауымен өткен ұлы тұлғалардың 125 жылдығына арналған іс-шараларға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, қоғам қайраткері, Созақ ауданының Құрметті азаматы Қуаныш Айтаханов, аудан әкімдері, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, еліміздің зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Созақ ауданындағы «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» тақырыбындағы салтанатты іс-шараға қатысушылар алдымен «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» экспедиция мүшелерін Қазыналы Қаратау төскейінде күтіп алып, теріскейдің текті ұлы туған жер Ақсүмбе ауылына табан тіреді. Ақсүмбеде С.Қожанов атындағы мектептің кірпіші қаланып, ескерткішіне гүл шоғы қойылды. Білім ошағының алғашқы кірпішін жазушы Мархабат Байғұт пен аудан әкімі Салыхан Полатов қалады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Біздің Сұлтанбек Қожановтың өмірінен алатын үлгіміздің бірі – кең ойлау, өз халқың үшін шынайы уайым жеу, оның кемшіліктерін айта білу, осылайша олардан арылуға көмектесу» деген ­болатын. Еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, көсемсөзшінің есімі барлық қазақстандықтардың мақтанышы, ал оның өмірі мен қызметі келер ұрпақ үшін Отанға қызмет етудің үздік үлгісі болып табылады. Сұлтанбек Қожановтың есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында ұлт күрескерінің 125 жылдығына арналған жиынның туып-өскен жері Ақсүмбеде өтуі аудан тұрғындары үшін де, жас ұрпақ үшін де өте маңызды» деді аудан әкімі Салыхан Полатов. Мәдени іс-шара Сұлтанбек Қожанов атындағы мұражайда жалғасын тауып, қонақтар тарихи жәдігерлермен таныс­ты.­ Ал Мәдениет үйіндегі «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты аймақтық ғылыми-­­тә­жірибе­лік конференцияны ғалым Нариман­ Нұрпейісов жүргізіп отырды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Созақ ауданының Құрметті азаматы Қуаныш Айтаханов, ғалым, сұлтанбектанушы Бейбіт Қойшыбай, ғалымдар Әлібек Сейдехан, Тұрсын Хазіретәлі, Медеубек Тәңірберген, ­Мамыт Амангелді, Қайрат Анарбаев баяндама жасап, ұлы тұлғаның өмірі мен жасаған өнегелі істеріне тоқталды. Қайраткердің халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық екені, азаттықты аңсаған бабаларымыздың ұлы мұраты, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясы, кешегі арыстарымыздың ұстыны болған «Алаш» қозғалысының негізгі ұстанымы – қазақ халқының бостандығымен тығыз үндесіп жатқандығы айтылды. Ал ақын Рахым Балаби ұлт қайраткеріне арнау өлең оқыды. Сондай-ақ бұл күні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттай отырып, Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына орай, ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында облыстық «Тұғыры биік тұлға» атты жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды.

ТҰРАРҒА ТАҒЗЫМ

«...Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік ­серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет» деген Елбасы Н.Назарбаевтың талабына­ сәйкес, олардың халық санасындағы бейнелерін мәңгілік қалдыру үшін әдеби-мемориалдық ескерткіштерді көбейтіп, төл тарихымызды тың мәліметтермен толықтырып, ғылыми, мәдени, әдеби айналымға ендіру – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Бұл орайда күні кеше «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» тақырыбында Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған іс-шаралар өткізген Түлкібас ауданында атқарылып жатқан іс аз емес. Ал ұлы тұлғалардың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы»­ автосапарына қатысушылар 1915 жылы Алаш қайраткері, тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаев­тың басшылығымен соғылған Жаскешу­ ауылдық округі Рысқұл ауылының маңындағы тауасты теміржолдың ­бү­гінгі­ жағдайына куә болды. Деректерге жүгінсек, Мұхамеджан Тынышбаев­ пен Тұрар Рысқұловтың ең бірінші кездесуі Түлкібастағы Шәңке-бастау жерінде болған. 1915 жылы теміржол құрылысын басқарған М.Тынышбаев жас Тұрардың білім алуына бағыт-бағдар беріп, болашағына жол ашқан екен. Ауыл қариясы Өміртай Қалықұловтың айтуын­ша,­ 1915 жылы Тұрар Рысқұлов Ташкент қаласына оқуға баруға осы Түлкібас ауданына келген. Сол кезде ол туралы әңгіме Мұхамеджан Тынышбаевқа жетеді. Тұрарды шақырып алып әңгімелескенде оның тіл білуі, ойын жеткізе алуы, талабы биік екенін аңғарған М.Тынышбаев арқасынан қағып, қаражат беріп Ташкентке оқуға жібереді. Ұзындығы – 1 шақырым, биіктігі – 6 метр, ал ені 8 метрді құрайтын теміржол тунелін Ресейдің теміржол құрылысшылары және жергілікті тұрғындар соққан екен. 1950 жылы жаңа үлгідегі тепловоз және вагондардың көлемінің ұлғаюына байланысты туннельді пайдалану мүмкін болмағандықтан, сыртынан айналма теміржол салынған. Бүгінгі таңда аудан әкімдігі аталмыш нысанның тарихи маңыздылығын ескеріп, ескерткіш тақтайша орнатып, аумағына тазалық жұмыстары жүргізіп тұрады.

Мағыналы іс-шара аясында Тұрар Рысқұловтың ата қонысы Рысқұл ауы­лындағы күрделі жөндеуден өткен ауылдық клуб пайдалануға берілді. Түлкібас ау­данының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша, биыл 5 ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтуде. Ең бірінші болып аяқталғаны – осы Рысқұл ауылдық клубы. Күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар, аумағы да толығымен абаттандырылған клубта ауыл жастарының музыкалық және басқа да үйірмелерге қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар айтулы іс-шараға қатысушылар Түлкібас кентіндегі тоғыз жолдың торабы, Түрксіб теміржолының бойында орналасқан қазақ халқының біртуар азаматтары­ М.Тынышбаев пен Т.Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоғын қойып, құрмет көрсетті. Ескерткіш Түлкібас ауданының 90 жылдығына орай демеушілер есебінен тұрғызылған. Сондай-ақ бұл күні қонақтар аудан орталығы Тұрар Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану мұражайында болды. Аталмыш мұражай қоғамдық негізде 1963 жылы ашылып, 1983 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлімшесі болып қайта құрылған. Т.Рысқұловтың 100 жылдығына орай, 1994 жылы мұражайға мемлекет және қоғам қайраткерінің аты берілген. Қазіргі таңда мұражай «Тұрартану», «Көне заман және этнография», «Аудан тарихы», «Табиғаттану» деп аталатын төрт экспозиция залынан тұрады. Тұрартану бөлімінде мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметі туралы мәліметтер беретін «Өмірдерек», «Т.Рысқұловтың әулеті», «Т.Рысқұлов кемеңгер», «Т.Рысқұлов Түрксіб», «Алаштың ардақтысы Тұрарға тағзым» атты тақта және тұрартанушылардың шығармалары қойылған. Айтулы шара «Тұңғыш Президент» саябағында өткен «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» атты салтанатты жиынмен қорытындыланды. Жиында сөз алғандар ұлы тұлғаның өнегелі өмірі, ұлтқа сіңірген еңбегін әңгімеледі. Ал жазушы Мархабат Байғұт қайраткерлердің рухын, сіңірген еңбегін, олардың мінезін, шырқыраған жанын ұғыну қажеттігін айтып өтті. «Олар өлетінін, атылатынын білді. Бірақ ұлтына қызмет етуден қайтқан жоқ. Мұстафа Шоқайлар сыртта жүріп, Тұрар, Нәзір, Сұлтанбектер іште жүріп еңбек етті. Яғни олардың елге қызметі ұмытылмауы тиіс» деді жазушы. Сондай-ақ Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған іс-шара­ларға қатысушылар «Тұңғыш Президент» саябағының ішінен бой көтеріп жатқан «Жастар аллеясына» 125 түп көшет отырғызды. Осы арада айта кетелік, еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласында да Алаштың ардақтылары С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың 125 жылдығы кең көлемде атап өтілмек. Алдағы уақытта ұлы тұлғаларды ұлықтау мақсатында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтетін болады. Сондай-ақ келесі жылы ұлы Абайдың 175 жылдығы мен ғұлама ғалым әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай әдеби эстафета, ғылыми конференция, форумдар мен дөңгелек үстелдер, пәндік олимпиадалар өткізу жоспарланып отыр.

ТҰЛҒАҒА ҚҰРМЕТ –  ӨТКЕНГЕ ҚҰРМЕТ

Түлкібас төрінде 125 жылдығы аталып өткен Тұрар Рысқұловтың өмірін «Қызыл жебеге» арқау етіп, оны келер ұрпаққа аманаттап кеткен Шерхан Мұртазаның есімі – мәңгі ел есінде. Әсіресе, «тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деп баға берген Түлкібас өңірінің халқы үшін мақтан тұтарлық, ұмытылмас тұлға. Халық жазушысының рухын қастерлеуде, ең бірінші кезекте түлкібастықтар мүдделі болуы да көп жайтты аңғартады. Күні кеше Алматыда бір топ азамат Шерағаның жаны мәңгілік тыныштық тапқан Кеңсайдағы қабірінің басына жиналды. Түлкібас ауданы халқының ұйытқы болуымен ескерткіш белгі қойылды. Кітап мүсінімен жасалған ескерткіште Шерхан Мұртазаның тағылымды ойлары да жазылған. Ескерткіштің авторы­ – Ербосын Мелдебеков.­ Оның ашылуында ғалым, абайтанушы ­Мекемтас Мырзахметұлы, белгілі журналист ­Мейрамбек Төлепберген, қоғам қайраткері Қайрат Айтбай сөз сөйлеп, жазушы жайлы естеліктер айтты. Жиынға Шерхан Мұртазаның қызы Алма Шерханқызы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, республикаға танымал ақын-жазушылар мен облыстардан арнайы келген қонақтар қатысты. Иә, Түлкібас пен Шерхан Мұртаза егіз ұғым секілденеді де тұрады. Оның себебі көп, қаламгер ­ауылды көп жазатын. Оның ішінде қос тау түйіскен Түлкібасты. Себебі ол осында, бүгінде тау етегінде Түлкібаспен қатар жатқан, бір кездері бір аудан болған ­Жуалыда дүниеге келген. Табиғаты әсем жерде туған жазушы жауапкершілікті терең сезінгендіктен шығар, оның қаламынан тұнық дүниелер туды. Мына жалғанды боямасыз қаз-қалпында көрсетті. Қалам ұшына тұнатын қасиетті қастерлеген ол ешкімнен қорықпады. «Елім саған айтам, Елбасы сен тыңда» деп, Камал Смаиловпен бірге ой толғағанның өзі неге тұрады?! «Қызыл жебе» роман-эпопеясы арқылы ол туған жеріне деген перзенттік парызын өтеді десек, артық айтқандық емес шығар. Айта кетелік, соңғы жылдары Түлкібас ауданында руханият саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков руханиятқа жанашырлық танытып, ең бірінші кезекте аудан ­тарихын, тұрмыс-тіршілігін ғасырға жуық уақыт бойы ақ қағазға түсіріп, қалың оқырманға ұсынған қара шаңырақ мекеме­ – «Шамшырақ» газетінің редакциясын күрделі жөндеуден өткізіп, баспахана ашып берді. Аршыған жұмыртқадай аппақ кейіпке енген редакция ғимараты жұртты мен мұндалап шақыратын болды. ­Редакцияда ақын-жазушылар жиналатын әдебиет клубы құрылды. Нәтижесінде газет мазмұны жаңарып-жаңғырды. Аудан туралы құнды мағлұматтар жинақталды. Нәтижесінде Түлкібас тарихынан сыр шертетін қалың кітап жарық көрді. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы мен майдангер жазушы Бауыржан Момышұлының өмірін зерттеп жүрген ғалым Мекемтас Мырзахметұлының өмірінен сыр шертетін Мархабат Байғұттың «Іштарлық пен құштарлық» кітабын шығарып берді. Зейнет жасына келген жазушы-журналист Орынтай Көмековтің кітабын шығарып беруге ең бірінші аудан әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы ықпал етті. Қазіргі таңда жасалған тізім бойынша аудандағы ақын-жазушылардың кітаптары жүйелі түрде шығып тұрмақ. Бұдан бөлек, Нұрбол Тұрашбековтің басшылығымен Түлкібас төрінде әдебиет пен мәдениетті насихаттайтын қаншама іс-шаралар өтті, ақын-жазушы, ғалымдарға құрмет көрсетілді. Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығы өте жоғары деңгейде атап өтілді. Сол Рысқұловтай азаматты қалың оқырманға жаңа қырынан танытқан Шерхан­ Мұртазаның аты өшпеуіне өз үлесін қосты. Кеңсайдағы қабірінің басына қойылған құлпы­тастан бөлек, Алматыдағы М.Төлебаев көшесінде орналасқан үйінің маңында мемориалды тақта орнатылуына ықпал еткенін де айта кетелік. Мемориалды тақтаның ашылуына ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және басқа да ­жазушылар мен ақындар, қайраткерлер қатысып, кейінгі ұрпаққа рухани бай мұрасын қалдырған қаламгер жайлы естелік, келелі ой айтты. Оның аты мәңгі есте қалуы тиіс екендігін мәлімдеп, бұл бағытта әлі де көптеген жұмыстар атқарылуы керектігін жеткізді. «Бізде көп дүние қағазға байланысты шешіледі. Қағазға әлденені жазамыз да, сол сияның артындағы азаматтың кім екенін ұмытып кетеміз. Біз бәрін таразыға салып қоямыз. Өкінішті-ақ. Осыны жасап жүрген өзіміз. Ал Шерағамыздың дүниеден өткеніне жыл толып жатқан кезде, қағазға қарап қаламыз ба? Жоқ, ел екенімізді, қазақ екенімізді көрсетеміз бе? Осылай қағаздың бәрін ысырып тастап шешім қабылдадық. Мұндай шешім бір жылдан кейін емес, бес жылдан кейін емес, марқұм болған күннің ертеңінде қабылдануы керек. Өйткені бұл азамат – елдің азаматы. Тек «елім» деп қана өтті. Сол себепті осындай ізгі шаруаның басы-қасында жүргеніме қуаныштымын» деді Бақытжан Сағынтаев. Шерхан Мұртазаға арналған шара Қабылдау үйінде берілген жылдық асымен жалғасын тапты. Асқа жазушының көзін көргендер, бірге қызмет істеген әріптестері, шәкірттері қатысып, естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ Алматыда халық жазушысы Шерхан Мұртазаны еске алуға арналған бильярдтан турнир өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан турнирді «Egemen Qazaqstan» газеті мен Алматы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған. Еліміздің бірқатар өңірінен журналистер бақ сынаған турнирдің ашылу салтанатында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, ­«Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, танымал жазушы Сарбас Ақтаев пен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет құттықтау сөз сөйледі. Екі түрлі жас санаты бойынша ұйымдастырылған жарыстың 55 жасқа дейінгілер арасында «Алматы» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің шығарушы редакторы Үмбетәлі Меймеш жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Жамбыл» телеарнасының қызметкері Серік Тәжібаев, үшінші орынды Жамбыл облысы Жуалы ауданы «Жаңа өмір» газетінің бас редакторы Берік Жұмабайұлы иеленді. Ал ардагерлер арасында бас жүлдені Нұртілеу Иманғалиұлы жеңіп алды. Оған ақтық кездесуде жол берген профессор Аязби Бейсенқұл екінші орынға көтерілсе, үшінші орынды ­Жазушылар одағының басқарма хатшысы Ғалым Қалибекұлы еншіледі. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлерге арнайы кубок және ақшалай сыйлық табыс етілді. Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмағанын, мұны ұмытуға хақымыз жоқ екенін айтып өтті. Сондай-ақ елімізге ерекше еңбегі сіңген атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерін өскелең ұрпаққа үлгі ретінде дәріптеу үшін ескерткіш-мүсіндер орнату қажеттігін атап көрсеткен болатын. Күні кеше Түркістан өңірінде өткен, Алматыда жалғасын тапқан ұлы тұлғаларға құрмет – өткен тарихқа, елге көрсетілген құрмет бүгінгі ұрпақтың жадында жатталары, жаңа ізденістерге жетелері, тәрбиесіне ықпал етері анық.

Диас НҰРКЕНҰЛЫ Түркістан облысы

1771 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы