• Мәдениет
  • 10 Қазан, 2019

КҮЛДІРЕ ОТЫРЫП ОЙ САЛҒАН

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры­ 74-маусымын ашты. Бұл маусым көрерменімен режиссер Ержан Қаулановтың қоюымен, ағылшын драматургі Рэй Кунидің «№13» комедиясының премьерасымен қауышты. Әйгілі шығарманы аударған – Еркін Жуасбек. Күтпеген қызықтар мен тосын сыйларға толы маусымашарға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, продюсерлер, эстрада жұлдыздары мен театрдың әртістері және театрдың арнайы шақырған құрметті қонақтары мен БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен қонақтарды құрметтеп, қызыл кілеммен жүріп өту рәсімін жасады. Одан кейін көрерменге арналған шағын мерекелік концерт ұйымдастырылып, әдеттегі уақытта қалың көпшілік театр ­залына жайғасты.

Рэй Кунидің «№13» комедиясы театрға келген көпшіліктің ықыласына ­бө­леніп, бірде күлкі, бірде ой салып отырды. Оқиғаларының оты тез тұтанып, ­бі­рінен кейін бірі жалғасып, шиленіскен оқиға желісі көрерменді сендіруге тырысты. Қойылымда Ричарт Уилли рөлін сомдаған Мақсат Сәбитовтың актерлік шеберлігі сәтті шығып, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Ал Джейн Уорзингтон рөліндегі Аида Жантілеуова комедия жанрына тән образы мен қылығын аша түседі. Джордж Пигденді сомдаған Ербол Садырбайдың рөлі сенімді әрі жоғары деңгейде шыққан. Бұл жолы актер Ербол Садырбай өзінің нағыз рөлін тапқандай жаңа қырынан ашыла түскен.

Әлемдік театрларда кассалық спектакльге айналған Рэй Кунидің «№13» комедиясы қазақ тілінде сөйлегенде де түпнұсқаға ұқсауға тырысқан. Дегенмен, режиссерлік көзқарас пен өзгерістер қазақтың болмысына ыңғайланады. Бір ғана бөлмеде мың түрлі бағытта өрбитін оқиға желісін режиссер ­Ержан Қауланов қазақ көрерменіне ­шынайы беруге тырысқан. Ирониялық сатираға бай Рэй Ку­нидің «№13» комедиясы балалар мен жасөс­пірімдерге арналған театрда қалай сахналанады екен деген қызығушылық көпшіліктің көкейінде тұрғаны рас. Ал қойылым басталғанда шымылдық ашылысымен-ақ сахналық декорацияның өзі көрерменді бірден баурап алды. Қалталы азаматтар тоқтайтын қымбат әрі әдемі қонақүйдің №13 бөлмесі: есік-терезе, шкаф, қонақүй жиһаздары бәрі де өз орнын тауып орналастырылған екен. Өзгермейтін оқиға орнын кескіндеуге спектакльдің суретшісі Айдана Бисембаева бар өнерін салғаны көрініп тұр. – Маусымның ашылуын «№13» ­комедия қойылымынан бастағанды жөн көрдік. Өйткені мұндай мерекелік кештерде көрермен көңіл көтерсем, сергіп қайтсам деп келеді. Сондықтан маусымның ашылуы­на осы қойылымды таңдадық. Көрермен комедияның айтар ойын іздемеуі керек. Жалпы­ комедия жанры жеңіл, көңіл сергітетін болуы тиіс. Ал біздің «Құпия», «Адам-Зат» сияқты ой салар спектакльдеріміз алдағы уақытта да жалғасын табады. Театрымыздың жаңалықтары өте көп. Көрерменді мау­сым­ бойы өнермен сусындатсақ деп отырмыз. Басшы ретінде театр артистерін шыңдағаным болмаса, өзгертуге қақым жоқ. Біздің артистер өнердің кез келген айдынында жүзе алады, – деді театрдың ­директоры Азамат Сатыбалды. Сондай-ақ театр директоры артистердің қосымша табыс табуына еш кедергі келтірмейтінін, артистер театрда ғана емес, кино саласында да, той бизнесінде де бағын сынап көре алатынын атап өтті. Рэй Кунидің «№13» комедиясы қазақша «сөйлегенде» қазақ көрермені қуанды. Екі сағатқа жуық уақыт күлкіге қарық болып, нағыз комедиялық ойынды тамашалады. Ең бастысы, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры артистері сендіре алды. Аншлагпен өткен премьерада «енді не болар екен» деп, демін ішіне тартып, оқиғаның ішінде жүрген көрерменді бір сәтке болсын өз әлеміне баурай алды. Оның дәлелі қойылымнан кейінгі көрерменнің ықыласы болса керек.

Ақбота ҚУАТОВА «Ана тілі»

1243 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы