• Тарих
  • 10 Қазан, 2019

Ұлт руханиятының қастерлі мұрасы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлт тарихына, мәдениеті мен руханиятына қатысты көптеген маңызды мәселелер айтылған. Солардың бірі – «Дала фольклорының антологиясын» дайындау мәселесі. Қазақ фольклоры – халықпен бірге жасасып келе жатқан зор руханият. Ол қазақ қоғамы үшін бұрын да, қазір де үлкен мәдени, тарихи тағылымға толы танымдық рөл атқарушы рухани күш. Баяғы дәстүрлі қоғамда фольклор әдебиеттің, өнердің әрі педагогиканың қызметін атқарған. Сол себепті фольклорда қазақ этносының дүниетанымы, философиясы, этикасы, эстетикасы, тарихы айшықты да анық көрініс тапқан.

100 томдық «Бабалар сөзі» ғылыми басылымдарында фольклорлық үлгілеріміздің барлық нұсқалары (варианттары) толық қамтылып, мәтін орындаушыдан қалай жазылып алынса немесе қалай жарияланса, сол қалпында оқырманға жеткізу болса, «Дала фольклорының антологиясының» басты мақсаты – халқымыздың ұлттық мақтанышы саналатын аса бай фольклорының ең көркем, көпшілік қауымға, балаларға оқылуы жеңіл әрі толық нұсқаларын қалың жұртшылыққа, ел-жұртқа толықтай таныстыру, фольклорымыздың түр жағынан да, мазмұны жағынан да, жанрлары мен тарихилығы жағынан да баға жетпес асыл мұрасын бүкіл жаһанға көрсету. Бағзы заманнан бері жиналып келген фольклорлық мұраларды бір еңбекте тиімді топтастыра білу – Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің антология алдына қойып отырған жауапты міндеті, міне, осындай. Сондықтан бұл жұмысты атқару үшін «Ұлы дала фольклорының антологиясы – 2019-2020» екі жылдық бағдарламасы жасалды. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында фольклортанушы, этнографтардан арнайы топ құрылды. Бұл топ отандық және шетелдік архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән берді. Томның құрылымы мен мазмұнын анықтауда алыс-жақын шетелдердің және отандық тәжірибелерге сүйеніп, нақты материалдарды таңдап алуда оның ғылыми көкейкестілігі, аталған мәселені зерттеудің қазіргі деңгеймен сай келуі, жасалатын қорытындылар негізділігі есепке алынды. Аталған серияның томдары жанр бойынша ­былайша: Батырлар жыры, Қырымның қырық батыры, тарихи жырлар, лиро-эпостық жырлар, дастандар, мифтер, ертегілер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, т.б. болып топтастырылып, он том құрайтыны белгіленді. 2019 жылы антологияның эпостарға арналған бес томы жарық көреді. Қазіргі таңда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Дала фольклорының антологиясы» сериясының онтомдығының эпостарға арналған бес кітабын әзірлеуде. Ұлттық мәдениеттің тарихында тұңғыш ­басылым көріп отырған «Дала фольклорының ­антологиясы» онтомдығының 1-томын қазақ халық әдебиетінің үлкен бір саласы – батырлар жырының таңдаулы үлгілері қамтиды. Қазақ фольклорының ең көркем, мазмұнға бай, тәрбиелік рухы жоғары, отансүйгіштік тәрбиенің қайнар бұлағына айналған, классикалық деңгейге көтерілген, әлемдік фольклор қазынасының алтын қорына қосылатын асыл мұра – батырлар жыры. Халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленіп, ерекше кең таралғаны да, молынан жиналып, кітап болып басылып, ғалымдар назарына көп іліккені де – батырлар жыры. Мазмұн байлығы, эпикалық кең құлашы мен жыр кестесі жағынан да оларды қазақ фольклорының інжу-маржаны деуге болады. Бүгінде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Ғылым Ордасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында бірнеше жүздеген батырлық жырлардың мәтіндері сақталып қалған. Бұл жәдігерлердің қатарында «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Едіге батыр», «Шора Батыр», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Құламерген», «Дотан батыр», «Құбығұл», «Сұрмерген», «Еділ мен Жайық», «Көрұғлы», «Әділ сұлтан», «Қарабек ­батыр», ­«Күреңбай батыр», «Әуелбек батыр», «Жетіген батыр», «Шағзада батыр», «Ахметбек-Жүсіпбек», «Оралбек батыр», «Шаян батыр», «Әуез батыр», «Есекей батыр», «Кейпін батыр», «Бөген ­батыр», «Шалкиіз батыр», «Рауан батыр», т.б. жүзден астам көне эпос, батырлар жыры мен олардың 500-ден аса нұсқалары жинақталған. Олардың арасынан көркемдігі жоғары, идеялық мақсаты айқын нұсқаларын таңдап алу қазақ фольклорының байлығын, эстетикалық күш-қуатын айғақтайтыны даусыз. Ол үшін жүздеген жырлардың ішінен іріктеп алуда біліктілік қажет. Сондықтан жыр нұсқасын баспаға дайындау барысында аталған қорларда сақталған жырлардың қолжазба нұсқалары, әр жылдары жарияланған баспа үлгілері салғастырылып, текстологиялық тұрғыда сараланды. Нәтижесінде томға енетін ­батырлар жырының тоғыз үлгісі яғни туындылардың ішіндегі ең көлемдісі, көркемдігі жақсысы және ­баспа арқылы ел арасына кең тараған: «Құламерген» жырының жеті нұсқасының ішінен Ә.Бектасов (Қазан,1912), «Дотан батыр» жырының сегіз нұсқасының ішінен Ж.Шайхисламов (Қазан, 1915), «Алпамыс батыр» жырының он бес нұсқасының ішінен С.Аққожаев (50-бума ӘӨИ), «Қобыланды батыр» жырының жиырма тоғыз нұсқасының ішінен Б.Толымбаев (Қазан, 1914), «Қамбар батыр» жырының он тоғыз нұсқасының ішінен Н.Березин (СПб., 1870, 3-т.), «Ер Тарғын» жырының сегіз нұсқасының ішінен Н.Ильминский (Қазан,1913), «Ер Сайын» жырының жеті нұсқасының ішінен В.Радлов (СПб., 1870), «Ер Едіге» жырының он бес нұсқасының ішінен Ш.Уәлиханов (СПб., 1905), «Шора батыр» жырының он алты нұсқасының ішінен М.Әлиакбарұлы (Қазан, 1884) нұсқалары томға ұсынылды. Бұлардың әрқайсысы батырлар жырының жанрлық ерекшеліктерін әр қырынан сипаттайтын шығармалар. Біріншіден, мазмұны бойынша байырғы мифтік мотивтер молынан сақталған нұсқасы («Құламерген», «Дотан батыр»), екіншіден, тарихи оқиғалармен байланысы басым көрінетін жырлар («Қобыланды батыр», «Ер Сайын»), үшіншіден, құрылымы әртүрлі эпостар іріктеліп алынды. Мысалы, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырлары өмірбаяндық тәртіппен баяндалса, «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» эпостары қаһарманның ерлік істерін, әлеуметтік ортадағы бейнесін тікелей сомдап көрсетеді. Батырлар жырының идеясын, жанрлық ерекшеліктерін, құрылымдық жүйесін тұтастай пайымдауда осылай іріктеудің маңызы үлкен. Себебі қазақтың батырлық жырының жанрлық және көркемдік сипатынан молырақ мәлімет алу үшін олардың біртектес, бірыңғай болмағаны абзал. Фольклор мұраларын тек жинақтап қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртқа қолжетімді болуы үшін олардың электрондық нұсқалары мен аудио жазуы жасалады. Томның құрылымдық жүйесінде жалпы «Дала фольклорының антологиясы» он томдығына қатысты алғы сөз, құрастырушылардан, көне эпос пен батырлар жырының қысқаша анықтамасы, батырлардың иллюстрациялық бейнелері, жырларға байланысты шағын түсініктемелер, шығарманы жырлаушы-жеткізушілердің, аудио нұсқасын орындаушылардың фотосуреттері, ноталар, жер-су атаулары, этнографиялық сөздік (сөз-сурет), пайдаланылған әдебиеттер, түйіндеме (орыс, ағылшын тілдерінде), томның мазмұны қамтылды. Оқырмандарға ыңғайлы болуы үшін мәтіндерде кездесетін көне түркі, жергілікті, кірме (араб, парсы, орыс, т.б.) сөздер әр беттің соңында беріледі. Жырларды баспаға дайындау барысында томның электронды және аудио нұсқалары қатар дайындалды. Шығармаларды орындаушылар жыршылық дәстүрге байланысты Қазақстанның шығыс, орталық, батыс, оңтүстік және Жетісу өңірлерінен шақырылып, қобыз, домбыраның сүйемелдеуімен әр мектепке тән мақамдармен жырланды және арнайы студияда жазылды. Томның электронды, аудио нұсқалары бүгінгі заманға лайық форматта дайындалып, сайттарға орналастырылып, олардың мекенжайы мен арнайы коды кітаптың мұқабасына бедерленеді. Олардың кітаби, электронды және аудио нұсқаларының қатар беріліп, танымал порталдар мен сайттарға ілінуі, қалта телефонына жүктеуге ыңғайлануы жырларды оқырманның қазіргі заманға лайықты тұтуына мүмкіндік туғызады. Қорыта айтқанда, «Дала фольклорының антологиясының» 10 том болып шығуы – ол біздің ғылыми ой жүйеміздің кемелденгендігін, халықтың мұрасына деген оң көзқарасымыз­дың қалыптасқандығын көрсетеді. Сонымен қатар тәуелсіз ел ретінде өзіміздің рухани мұрамызды игеру­ге толық мүмкіндік алғандығымызды айғақтайды.

Қарашаш Алпысбаева, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты

5748 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы