• Тіл
  • 10 Қазан, 2019

АКАДЕМИК

Қазақ тіл білімі – шоғыр-шоғыр жұлдыздары бірде жымыңдап, бірде жарқыраған алқаракөк аспан, өз алдына­ бір галактика. Галактикадағы әр шоғырдың өзінің аты бар, әрқайсысы өзінің ғана нұрымен, өзінің ғана ерекше­ сәулесімен нұрланады. Ал қазіргі қазақ тіл білімінің көші көгінде мәңгілік орнаған үркерлерге қарап бағытын жөндейді, көшін түзейді. Ал алыптар плеядасындағы жаны таза, ойы жүйрік, қаламы ұшқыр, ғылымдағы адымы қарымды академик Р.Сыздықтың орны ерекше. Рабиға апамыздың есімінсіз қазақ тіл білімін көзге елестетіп көріңізші, тіл білімі талай бояуынан, онда да қанық бояуларынан айырылар еді. Р.Сыздық ғылымдағы жолын Абайдың тілін талдаудан бастады. Абай эстетикасын ұлы ақынның сөзін тірілту арқылы жеткізуді көздеді. Абайды ұғыну үшін Абайға дейінгі көркем дәстүрді игеріп, одан да бұрын ақын ойының терең иіріміне бойлағаннан кейін Абайдың ұлттық көркем дәстүрге қосқан жаңа­лықтарын айқындауға болатын-ды.

Осы іске бел буған Рабиға апай «Абай шығармаларының тілі» (Алматы: Ғылым, 1968), «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (Алматы: Ғылым, 1970), «Абайдың сөз өрнегі» ­(Алматы: Санат, 1995) деген үш бірдей іргелі еңбегін жазды. Кейін осы еңбектеріне «Абай» энциклопедиясына арнап жазған мақалаларын қосып «Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі» (Алматы: Арыс, 2004) топтамасын «Тіл білімінің озық үлгілері» сериясы бойынша бір топ шәкірттерінің қолдауымен жарыққа шығарды. Ұлы Абайдың тілдік тұлғасы осы ғылыми еңбектердегі талдаулар негізінде ашылған-ды. Үш кітаптан соң, енді Абай туралы айтар ештеңе қалмады демеді. Керісінше, осы мәселені терең игерген нағыз ғалымның пікірін айтып: «...суреткер тілін танудың біз бармаған қырлары әлі де аз емес екенін айтамыз, ол қырлар (зерттеу аспектілері) жеке танымдық ізденістермен қатар, көркем тілдің жалпы теориялық мәселелеріне де қатысты болатынын және айтамыз. Бұл – алдағы шаруалар, бізден кейінгі зерттеушілердің, әсіресе жас талаптардың қолына алатын игілікті ісі деп білеміз» деп тұжырым жасайды. Ғылыми еңбек белгілі бір ортаға арналады, негізінен қасаң ғылыми тілмен жазылатындықтан, бір сала үшін таптырмайтын еңбектерді былайғы жұрт түсініп, бағалай бермейді. Ал Рабиға апайдың ғылыми еңбектерін филологтар көркем шығарманы оқығандай құмарлана оқиды. Өйткені ғылыми тілдің қасаңдығын, стандарттар мен шаблондардың сеңін бұзып, қазақ тілінің әдемі бояуымен сөйлетті. Осы еңбектеріндегі бір мәселеден екіншісі туындап, бір-бірімен берік байланысып жататын ой желісі мен қорытынды тұжырымдарында қаншама концептуалдық түйіндер, тезистік бағыт, перспективалы ой айтылды. Ол ойлар мен тұжырымдар Абай туралы ғана емес, қазақ әдеби тіліне де байланысты еді. Әдеби тіл нормаларының ұзақ ғасырлық даму үдерісінің жемісі екенін түсінген ғалым қазақ әдеби тілінің Абайға дейінгі тарихына баруды көздейді. «Бұған дейін де қазақ тілі тарихының жеке проблемалары, белгілі бір кезең дәуірдегі күй-қалпы, Абай мен Ыбырай сияқты қалам иелерінің әдеби тілді дамытудағы қызметі мен орны тәрізді мәселелер ғылыми ізденістердің, нақты талдаулардың объектісі болып келді. ...Сан ғасырлық тарихы бар, миллиондаған адамдарға қызмет етіп отырған, мемлекеттік тіл статусына ие болған қазақ тілі сияқты ірі тілдің тұтас тарихын таныту үшін, оның белгілі кезеңдердегі күй-қалпын сипаттау, жеке ескерткіштердің тілін талдау, функционалдық стильдерінің пайда ­болып, әрі қарай қалыптасуын зерттеу, жеке қаламгерлердің үлесі мен рөлін көрсету сияқты жұмыстардан бастап, әдеби тілдің өзінің статусын айқындау, даму кезеңдерін дәуірлерге бөлу, әр кезеңдегі даму принциптері мен бағыттарын дұрыс табу тәрізді қыруар мәселелерді шешіп алу керек болады» деген ғалым ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихын бір бағытпен жүйелі зерттей келе, «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Сөздер сөйлейді» атты монографияларын жазды. «Сөздер сөйлейді» – әдеби тіл ­та­­рихындағы сүбелі еңбек. Қалың жұрт­шылыққа батырлар жырындағы, лиро-эпостардағы, ХV-ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ ақын-жырауларының тіліндегі, бағзы мақал-мәтелдердегі мағынасы күңгірт, түсініксіз сөздер мен сөз тіркестерінің мәнін ашып, түсіндірген еңбек. Осы еңбектен «жер қылудағы» «жердің» «ұят» екені, жетімнің «құлдар» мағынасын бергені, «шашын дынданмен таранған» дегендегі «дынданның» «піл сүйегінен жасалған қымбат, әсем тарақ екені», сондай-ақ «керік» деп «жылқының моңғолдық тұқымын атайтыны» аса қызық тілдік фактілермен ашылған. Рабиға апай өз ізденістерінің ең жемісті жылдарын қазақ әдеби тілінің теориясы мен әдеби тілдің әрқилы аспектілерін таратуға, талдауға арнаған. Бұдан кейінірек әдеби тілдің статусын орнықтыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету сияқты қазіргі заманғы әдеби тілдің өзекті мәселелері туындап жатқанда да қарап отыра алмаған ғалым тезистік бағдары бар бірнеше ғылыми мақалаларын жазды. «Қазақ тілінің анықтағышын» және «Тілдік норма және оның қалыптануы» (Астана, 2001) атты монографиясын жазды.­ Қалыптану, яғни кодификациялану,­ норма мәселесі, тілді дәуірлеу, әдеби тілге анықтама беру, т.б. әдеби тілдің қабырғалы проблемалары. Соңғы жылдары жариялаған «Тілдік норма­ және оның қалыптануы» еңбегінде «Тіл мәдениеті деп нені танимыз? Тіл мәдениеті дегеніміз – тілдік нормаларды, оның ішінде әдеби тіл нормаларын дұрыс сақтау әрекеті. Тіл мәдениеті дегеніміз – сөздерді дұрыс, орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау (лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру» деп, қарастырып отырған мәселелерін айқындап береді. Ғалым өмір бойы ауызша әдеби тіл ұғымын шеттетумен келіспеді. Ол кісі «ауыз әдебиетінің ең құндылары жазба­ әдеби тілге бір табан жуық тұрған, ауызекі тіл мен жазба әдеби тілдің аралығындағы көпір» санады. Әдеби тілді зерттейтін маманның диалект, жаргон, ауызекі сөйлеу тілі, жазба тіл сияқты тілдік ­категориялар туралы терең түсінігі, осы құбылыстарға байланысты тілдік деректер мен мол материалды игеруі, сөз төркінін әріден қозғауы, сөз сырын танитын да, таныта да алатын қарымы болуы керек. Ал тілдегі кез келген ұсақ детальдарға дейін көңіл бөліп, нәзік сезімталдықпен зерттеуді әдетке айналдырған ғалым үшін бұлардың бәрі де ертеден-ақ төл қасиетке айналған. Ол өз зерттеулері арқылы қазақ әдеби тілінің тарихын сан ғасырға кеңітті, Асан қайғыдан бастап, Махамбетке, Бұхарға, Дулатқа дейінгі бес ғасыр өкілдерінің мұраларын әдеби мұра деп қарастырып, оларды әдеби тілдің аспектісі ретінде зерттеді. Әдебиетші ғалымдардың ХV-ХІХ ғ. ІІ жартысына дейін өмір сүрген ақын-жыраулардың көлемді, көркем шығармаларын әдебиет санатына қоспай жүргендеріне қынжылыспен қарап, бұл дәуір мұраларының фольклордан бөлек, әдебиеттік шығармалар екенін дәлелдей келіп: «Қысқасы, қазақта халық әдебиетінен өзге, бірақ оған едәуір ұқсас келетін профессионал әдебиет өмір сүріп келді, оның тілі әдеби тіл санатына кіреді» деп, бұл дәуірлерге тиесілі мұраларды «ауызша әдеби тіл» терминімен атауды ұсынды. Сондықтан да халық ауыз әдебиеті – «ғасырлар бойы дамып жетілген халықтың ауыз әдебиетінің тілі қазақ әдеби тілінің алғашқы арнасы болып табылады, өйткені ол шешендік, дидактикалық, жауынгерлік, әлеуметтік, лирикалық және тарихи сипаттағы кейінгі поэзия үлгілерінің тууына негіз болды». Рабиға Сәтіғалиқызы ХV-ХVІІ ғасырлардағы әдеби тілді танытатын өкілдер мен олардың поэзиясы туралы үш түрлі принципті көзқарасын ұсынып: ­«1) ХV-ХVІ­ ғасырларда өмір сүрген Жиренше,­ Асан, Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуған, Шобандар ноғайлы-қазақ жыраулары болып саналуы тиіс. 2) Белгілі бір өлке тұрғындарына (Батыс Қазақстан) біршама түсінікті болып келетін бұл жырларда кейбір лексикалық және грамматикалық көнеліктерінің өзгермей жетуі жанрлық ерекшелікке байланысты, етістіктердің өзге тұлғалармен алмасуына жанр түрі (мысалы, -ар-дың басқа тұлғамен) көп мүмкіндік бермеген. 3) Авторлы әдебиеттің фольклормен қатарласа өмір сүруіне қарамастан, автордың өзіне тән жырлау мәнері, сүйіп қолданатын көркемдеуші элементтері сақталады, сонымен қатар бұл туындыларда нақты оқиға, оның болған жері, нақты адамдардың аттары айтылатындықтан, фольклорлық шығармадағыдай өзгертіп айту еркіндігі шектеледі. Бұл авторлық даралықтың белгілері болып табылады. Бұл реттен қарағанда Бұхар жыраудың орны ерекше» деп атап көрсетеді. Солай бола тұрса да, Бұхар – өзіне дейінгі поэзия дәстүрін берік ұстанушы, жалғастырушы. Оның дәстүрді жалғастырушылығы мынадан байқалады: 1. Көркемдеуіш элементтерді (-ған жұрнақты есімше мен инверсияланған тіркестерді (тас емшегін жібіткен), тұрақты эпитеттерді (құландар ойнар қу тақыр); 2. белгілі сөздер тобының тек эпитетпен келуі (ақ ала орда, еңсесі биік боз орда); 3. өлең құрылысының 7-8 буынды жыр өлшемімен келуі; 4. сөздер мен сөз тіркестерінің жырдың ортасында, я болмаса басында немесе аяғында қайталанып келуі. Бұхар жаңашылдығы неден байқалады дегенде, ең бірінші тіл ұшына оралатыны – кең тақырыпта жырлағаны. Екінші – образдарды жаңаша суреттеуі. Бұхарда оған дейінгі жырауларға қарағанда араб-парсы сөздері де өте көп кездеседі. Бұл дәуірдегі әдеби тіл алдыңғы дәуірдегідей поэзия дәстүрін жалғастырған, әрі қарай дамытқан дәуір болды. Дегенмен, Махамбет, Дулат аттарымен байланыста қаралатын бұл дәуірдің ерекшелігі аз емес. Махамбет туралы ғалым Р.Сыздық: «Махамбет тарихта жырау емес, ақын деген атпен танылды, бірақ әдебиет пен тілдегі орны жыраулық пен ақындықтың түйіскен жерінде. Ол – жыраулар мектебінің нәрі мен барын алып, оны ақындық дәстүрге қиюластырған қаламгер» дейді. ­Шынында да, Махамбет өлеңдерінде ­сонау ХV ғасырдан бері қалыптасып кеткен клишелердің, атап айтқанда, қырқарланып өткен ер, қабырғасын сөксе де, қанын судай төксе де, сұр жебелі оқ, күшіген жүнді оқ, атқанын қардай боратқан, адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, т.б. кездесуімен қатар, жыраулық дәстүрдің жалғастырушысы екенінің белгісі қайталаулардың (мұнар да мұнар мұнар күн), т.б. болуы анық байқатады. Бұл дәуірдегі әдеби тілді танытатын көрнекті өкілдердің бірі – Дулат Бабатайұлы. Дулат – жыраулық дәстүрден бойын аулақ салып, жазба поэзияның белгілерін орнықтырған, тың образдар жасаған ақын. «Дулат фразеология әлемінде екі түрлі жаңалық енгізген: бірі – жаңа перифрастикалық тіркестер жасағаны, екіншісі – жаңа фразеологизмдер ұсынуы» дейді бұл турасында академик Р.Сыздық. Дегенмен, «әдеби тілдің даму тарихын дәуірлеу мәселесі – аса күрделі мәселе және ол қазақ әдеби тілінің тарихы қай кезеңнен басталады дейтін негізгі проблеманың шешілуімен байланысты. Қазақ филологиясында бұл жайында әр кезде айтылған ала-құла пікірлер аз емес. Дәуір мен дәуір арасындағы стильдік өзгерістердің көрсетілмеуі – бұлардың үлкен кемшілігі. Мұнда, бір жағынан, халық тарихының маңызды бел-белестері, сатылары, екінші жағынан, әдеби тілдің әлеуметтік қызметінің кеңеюі, стильдік тармақтарға жіктелуі, амал-тәсілдерінің жүйесі, әрбір дәуірдің бұрынғымен салыстырғандағы жаңалығы, стильдік өзгерістер жиынтығы (өйткені дәуірлерді ажыратудағы негізгі меже де осы, ғасырлар шегі емес) жан-жақты ескерілуі шарт» ­деген Х.Кәрімовтың пікірі де көкейде. Бірақ авторлардың құрамының ауысуы,­ тақырып ауқымының кеңеюі және сонымен­ бірге жыраулар мектебінің ақындар мектебіне ұласуы дәуірлеуді межелеуге итермелейтінін де айтпай кетуге болмас. Ең бастысы, тілдегі грамматикалық және лексикалық, өзгерістер қатарында қозғалыс болды, әдеби нормалануда өзгерістер жүрді. Осындай аз да болса­ мәнді саналатын өзгерістерді ғалым Р.Сыздық дөп ­басып, дәл таныған. Соның нәтижесінде XІX ғасырдың екінші жартысын айтулы ерекшеліктер дәуірі ­санайды, бұл дәуірдегі әдеби тілді одан әрі қалыптастырған, дамытқан халық ауыз әдебиеті нұсқаларына Р.Сыздық ­«Айман-Шолпан», «Бекет батыр», «Мақпал-Сегіз» жырларын жатқызады. Себебі, олар осы дәуірде туды, осы дәуірдегі жеке адамдар мен оқиғаларды бейнеледі. Бұл дәуірде әдеби жанрлар қатары молайды немесе­ қисса жанры (шығыстық мотив) пайда­ болды. Жүсіпбек Шайхысламұлы, Қашафуддин Шахмарданұлы, Ақылбек Сабалұлы, Ақыт Үлімжіұлы мен Иманбазар­ Қазанғапұлының қисса-дастандары бұрыннан кең көлемде белгілі болып келген­ шығыс сюжеттерін қазақша сөйлеткен «Сал-сал Зарқұм», «Бозжігіт», «Жүсіп-Зылиха», «Фархад-Шырын», «Шәкір-Шәкірат» шығыс классикалық әдебиетінің еркін аудармалары аударма әдебиетті дүниеге әкелді. Ал әдеби тілдің стильдік тармақтарының саны әр кезең, дәуірде әр түрлі болуы занды. Тағы бір өзекті мәселе, «кітаби тіл» терминімен байланысты, әлі де болса қайта қарауды, ғылыми тұрғыдан басқаша бағалауды қажет етеді. Бұл туралы Р.Сыздықтың «...Абай «Қара сөздерінің» дені – қазақтың жаңа жазба әдеби тілінде жазылған публицистика …әрі кітаби тіл Абай үшін құбыжық емес, құрал, сонымен қатар ол әрі нормасы» дегенін де ескерген жөн. Әдеби тіл – нормалары қалыптасқан жүйелі тіл. Әдеби тілдің атқаратын қызметінің түрлеріне: 1. адамдар арасындағы қатынас құралы болуы, яғни коммуникативтік қызметі; 2. оқушыға әсер ететін экспрессивті-эстетикалық қызметі жататыны белгілі. Төл қазақ жазба әдеби тілінің XІX ғасырдың екінші жартысындағы жай-күйі – тууы және қалыптасуға бағыт ала бастауы, оны танытатын баспа нұсқалардың тіл ерекшеліктері жайында біршама мағлұматты Р.Сыздық­тың «ХVІІ-ХІХ ғғ. қазақ әдеби тілінің ­тарихы», Б.Әбілқасымовтың «XІX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» атты еңбектерінен алуға ­болады. Міне, қазақ әдеби тілінің тарихы туралы айтқанда, академик Р.Сыздықтың атсалыспаған кезеңі, теориясына қатысты айтылмаған тұжырымы жоқ десек, артық болмас. Ал қазақ әдеби тілі дамып, тұғыры нығая түскен сайын жаңа проблемалар бой көрсетіп отыратыны да – заңдылық. Тіл тарихындағы ғалым қаламының қарымын көрсеткен құнды еңбектері – Қадырғалы Жалайырдың «Жами-ат тауарихы», Ясауи хикметтерінің тілін зерттеуге арналған монографиялары. Абай тілін зерттеуден бастап, арабизм, фарсизмдерді талдаудың озық үлгілерін қалыптастырған ғалым, Қадырғали би жылнамасы мен Ясауи хикметтерінің тілін талдау кезінде қазақ және араб, қазақ және парсы тілдерінің салыстырмалы сипатына көптеген толықтырулар енгізді. Жалпы алғанда, Р.Сыздықтың араб графикасымен жазылған мәтіндерді транслитерация жасаудағы еңбектері өз алдына жеке сөз етуге тұратын мәселе. Рабиға Сыздық – аға ұрпақ алдындағы парызын ұмытпаған зерделі ғалым. Оның А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедов және т.б. ғұламалар мен репрессия жылдарына арнаған еңбектері, архив документтерін тірілтуі, қазақ зиялыларының қазақ мәдениетіндегі орнын белгілеудегі атқарған шаруалары­ қыруар. Сонымен, Р.Сыздық қазақ әдеби тілі теориясына байланысты ­мынадай қабырғалы мәселелерді көтерді, тиянақты зерттеді: жалпыхалықтық тіл мен әдеби тілдің арасалмағын ашып көрсетті; қазақ әдеби тілін дәуірлеудің ғылыми негізін жасады; қазақ әдеби тілінің айрықша белгілерін анықтау­дың принциптерін белгіледі; функционалды стильдердің қалыптасуының тарихи ғылыми түсінігін қалыптас­тырды; функционалды стильдерді ажырататын композициялық тұтастықтар мен тілдік амалдарды анықтады; әр дәуірдің стильдік айырмашылықтары мен грамматикалық ерекшеліктерін, сөз тудыру мен сөз түрлендірудегі ерек­шеліктерін көрсетіп, стильдік көркем­деуіш тәсілдерін саралады; әдеби тілді дамытатын индивидуалды сөйленіс пен шығармашылық факторлардың орнын анықтады; көне жазба мұралар тілінің тіл тарихындағы орнын көрсетті; әдеби тілді стратификациялау үлгісін жасады; мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың принциптерін жетілдірді; репрессияланған қазақ зиялыларының еңбегін жарыққа шығарып, олардың әдеби тілдегі орнын айқындауға атсалыс­ты, бір сөзбен айтқанда, қыруар еңбегін сіңірді. Қарап отырсақ, Рабиға Сәтіғали­қызы­ның өзінің энциклопедиялық білімімен, ізденгіштігімен, табандылығымен, ­ма­хаб­­батымен қазақ тіл білімінде аралас­паған, дәйекті сөзін айтпаған ­саласы жоқтың қасы екен. Ғалым қалам тербеген қазақ тіл білімінің мәселелерін былайша топтастыруға болады: қазақ тілінің грамматикасы; тіл тарихы, оның ішінде: а) орта түркі жазба мұраларының тілі, ә) қазақ әдеби тілінің тарихы; б) қазақ әдеби тілінің әлеуметтілігі мен кодификациялануы; в) тіл мәдениетінің теориялық ұстанымдары; г) қазақ орфографиясы мен орфоэпиясының (сөз сазының) мәселелері; д) мәтін лингвистикасы және т.б. Бұл санамаланған мәселелердің бәрі дерлік әдеби және оның тарихымен астасып жатыр. Тоқсан бес деген жасты серік ­еткен ойы сергек, қаламы жолдасы болып отырған академик Рабиға апайымызға деннің саулығын тілей отыра, ғылымды танытқан жанқиярлық еңбектері үшін тек алғыс айтамыз! Жасай беріңіз, ғалым апа!

Бағдан Момынова, филология ғылымының докторы, профессор

2683 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы