• Руханият
  • 10 Қазан, 2019

«Алтын адам» шеруі

ҚР Ұлттық музейінің «Ұлы дала: тарих және мәдениет» атты көрмесі Куала-Лумпурдағы Малайзия музейлерінің департаментінде сән-салтанатымен ашылды. 

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ең құнды жәдігері «Алтын адам» қойылды. Әлемді аралап жүрген «Алтын адам» – Қазақстанның символы! Осыған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ұйымдастырған халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» ­жобасы аясындағы ауқымды шара Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Солтүстік Македония және Түркия музейлеріндегі көрмелерде үлкен жетістікпен өтті. 1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық жаңалық орын алды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды. Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды. Көрменің ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз сөйлеп, оның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Малайзияның Туризм, өнер және мәдениет министрі Датук Мохамаддин бин Кетапи, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Иманбаев, Малайзия музейлері департаментінің Бас директоры Датук Камарул Бахарин бин А.Касим және т.б. қатысып, жылы лебіз білдірді. Малайзия музейлерінің департаментіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын және осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірі бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын, сонымен қатар Тақсай (Батыс Қазақстан ­облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және ­Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық туындыларды тамашалауға болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 346 зат ұсынылған көрме қазан айының соңына дейін жалғасады.

Бағдагүл Мұратқызы

665 рет

көрсетілді

42

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы