• Тарих
  • 17 Қазан, 2019

ҚОЗЫ МЕН БАЯННЫҢ «ШОҚТЕРЕГІ»

(«Қодар қазған құдықтар» атты мақаланың жалғасы)

Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай станциясының күнбатысында жеті шақырымдай жерде Қопа дейтін көнеден келе жатқан шағын ауыл бар. Көне дейтінім, оның аты сан ғасырларды артқа тастаған әйгілі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ­жырында, ары-бері өткен байырғы саяхатшылардың жазбаларында жиі кездеседі. Тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдың теріскей жағынан аядай мөлдіреген, балығы мол, қаншама ән-жырға арқау болған әйгілі Аягөз өзені жарып өтеді. Сол Аягөздің оң жағалауында, қозыкөш жерде қарауытқан қалың Шоқтеректі мен алғаш 1976 жылдың жазында көрдім. Әскерден оралып, осы ауылдағы үлкен нағашыларымызға амандасуға барған бетім еді. Ауылдың қай шетінен қарасаң да, Үркердей болып көрінетін, жасыл желегі үлпілдеген шоқ ағаштың әдемі суретіне көзім түсе берді. Айналасын дөңгелектеп қиып, жазық далаға қолмен апарып қондыра салған қыздың жүгіндей жинақы. Арғы-бергі маңайы ашық.

– Бұл баяғы Қозы Көрпештің тығы­латын Шоқтерегі ғой, – деді менің сол жаққа жиі қарағыштай бергенімді бай­қаған Шәріпхан ағам. – «...Мінді дейді Қозыекем Көксеректі, мекен қылған сол кезде Шоқтеректі» дегенді естуің бар шығар. – Иә, естуім бар. Мектепте оқыдық қой. Ұзақ жыл отарлы қой, үйірлі жылқы баққан, осы өңірдің ой-шұңқырын жақсы білетін нағашымның сөзі табиғат сырына­ қызығушылығымды оятса да, оқуға ­баратын уақыт таяп қалғандықтан, асығыс аттанып кеттім. Көкейімде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы әйгілі Шоқтерек, шынымен, осы емес пе екен?» деген сауал бірге кетті. ...Біз білмейтін құпиясы мол Ұлы Даланың бір қиырында талай сырды ішке бүгіп, алыстан «мен мұндалап» тұрған сол Шоқтерекке осы күзде арнайы іздеп барудың сәті түсті. Әрине, әуелі Аягөз өзенінің бойымен жоғары өрлесеңіз, осы арадан елу шақырымдай жердегі биік қырқада тұрған Қозы мен Баянның кесенесіне барып, тәу еттім. Кесененің дәл кіре берісінде Мұқағали Мақатаевтың бірауыз сөзі бедерленген: – Жол түсіп, ұрпақ, Таңсыққа барсаң тегінде, Бір соқпай кетпе күмбезге сонау көрінген. Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрінде, Бабаларыңның махаббаттары көміл­ген... – киелі орынға ауыл молдасымен бірге барып, құран бағыштадық. Кезінде осы қастерлі топырақта ізі қалған Мұхтар Әуезовтің естелігі бойын­ша,­ бұл кесенені 1858 жылы Қапал бекінісін ұйымдастыруға бара жатқан ақ патшаның өкілі Н.Абрамов жолшыбай көріп, Қозы мен Баянның хикаясын «Вестник» журналында орысша бастырған екен. Сонда бейіт қасында тастан ойылған бірнеше мүсін суреттер болған депті. Оның екеуі – Баян мен Қозыға, екеуі – қыз әпкелері Ай мен Таңсыққа арналса керек. Бастарында әдемі кимешек, қолдарына көзе сауыт ұстап тұрған бойжеткендердің ап-анық суреті көрген жандарды қатты таңырқатқан екен. «Сарыбайдың інісі Тайлақ би күмбезді берік етіп тұрғызып, екі ғашықтың суретін тасқа түсірткенде, Баян сұлудың өңін, келбетін әдемілеп келтірген» деп В.Радловтың да айтқаны бар. Аппақ көрік, маңдайлы, қолаң шашты, Шашының ұзындығы тізе басты. Аузы гүлдің шашағындай, тісі меруерт, Мұндай сұлу жаһанда жаралмас-ты… Жырда осылайша суреттелген Баянның кескін-келбетін тасқа түсіру де оңай шаруа болмаған шығар-ау. Ғажайып сол мүсіндердің біреуін 1897 жылы Шығыс Африкадағы неміс губернаторы майор фон-Биссаман алып кетсе, бір жылдан соң, 1898 жылы орыс зерттеушісі Н.Пантусов барып көргенде, сынтастар бөлініп ­жатыпты. Ал 2000 жылы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 1500 жылдығы қарсаңында, мемлекеттің қолдауымен күмбез қайтадан жаңғыртылған кезде, бұл маңда қосалқы ескерткіштердің бірі де қалмаған екен. Өкінішті-ақ! Тарих қойнауындағы ғасырлар жүгін арқалаған махаббат мұнарасының маңайы мүлгіген тыныштық. Атшаптырым аумақтың тазалығы байқалады. Темір шарбақтың есігінен кірген бетте, сол жақта қорым төмпешіктер жатыр. Биіктігі 12 метрдей болатын қызғылтым мазардың еңсесі биік, сұсы басымдау. Табаны төрт бұрышты, жоғары қарай сүйірленіп біткен күмбездің қалың қабырғасы қалақ тастардан қаланған. Қызыл-қоңыр гранит тастар таяудағы Арғанаты тауынан әкелінген деседі. Ол да мүмкін. Егер, күн ашықта анықтап қарасаңыз, Балқаш көлінің бергі солтүстік-шығысындағы Арғанатының көгілдір сұлбасын анық байқауға болады. «Біздің жастау кезімізде кесененің оң жақ бүйірінде темір қанжар қадалып тұрушы еді. Көре алмай тұрмын ғой» деп қалды бізбен бірге жүрген Жұматай ­Жексембаев деген ағамыз. Жетпістің үстіндегі, бұл күнде Талдықорған қаласында тұратын қария осы жердің тумасы екен, бертінге дейін бас инженер болып қызмет істепті. – Ол не қанжар еді, ақсақал? – Аңыз бойынша Қозыны жерлеген соң, Баян амалын тауып Қодардың көзін жояды да, өзіне таласқан қалған батырларға «Тірі қалғаныңа тиемін» деп, күмбезден секіруге шарт қояды. Ниет білдірген тоқсанға жуық адамның бірі қалмай, мерт болады. Мына жатқан төмпешіктер солардың мүрделері. Ең соңында Баян кесенеге кіріп, өзіне қанжар салады. Міне, сол қанжар әнебіреу тұста сабы шошайып, көрініп тұратын. Жұмекең жобалап көрсеткен мазардың ортаңғы тұсы аттылы адамның бойы жетпейтіндей биікте еді. Бейсауат жандар­дың алып кетуі мүмкін емес. Ендеше, қисыны бар орынды сөздің жұмбағын құрылыс жүргізгендер білмесе, енді кімнен сұрайсың? Бармақ тістегенмен, қайран жоқ. Қолда бар дүниенің бағасын, қадір-қасиетін білмегендіктен, алып сахарадағы талай-талай асыл жәдігерлеріміз осылай із-түссіз жоғалды емес пе?! Соның бірі – әлгі тас мүсіндер. Көңілге медеу тұтарлығы – ару қыз­дарға қойылған тас ескерткіштер жоғал­ғанымен, өздерінің төл есімдері ел есінде мәңгі сақталған. Ай, Таңсық ауылдары мен Ай, Таңсық өзендерінің атауы ақ патшаның да, кешегі кеңестік жүйенің де сұрқия саясатынан аман қалыпты (Сөз ретіне қарай айта кетейін, Қозыдай айдарлы ұлды дүниеге әкелген Мамабике мен айкелбетті ару Баянның шешесі Қарагөз сынды алтынқұрсақ аналарды әспеттейтін айшықты белгі қоюдың да уақыты жеткен сияқты. Аягөз қаласының орталығында болса, тіпті жақсы!). Кесене басындағы қысқа әңгіме кезінде молдекең осыдан бірқыдыру жерде Қодардың құдығы мен белгі тасы бар екенін еске алды. Айбас пен Айғыздың ­ке­сенелері де алыс емес екен. Осы сәт, менің есіме жырдағы Қодар батырдың Таң­сық көлін жасайтын жанкешті тірлігі түсті. «Әкемнің малының есебін ал. Сусыз жерден көп терең құдық қаз. Таңсық күмбезінің қасына Аягөздің суын келтіріп, үлкен көл жаса. Сонда мен сендікпін» деуші еді ғой Баян. Қодар серт беріп, ­жанын сала осы үш шартты да орындайды (Не деген ерлік? Қазіргі жігіттер осындай сертте тұрудың не екенін білер ме екен?). – Сол Таңсық көлін көрсете аласыз ба?, – дедім қызығушылығым артып. – Бұл жақта бірнеше шағын көлдер бар, ал оның қайсысы Қодар жасаған көл екенін білмедім. Келер жолы асықпай кел, інім. Білетін ақсақалдар болса, тауып қояйын. Қодардың ең соңғы құдығы мен белгі тасын көрсетейін. Қызылқиядан он шақырымдай болар-ау, – деді ауыл ақсақалы. Біз уәделесіп, түс ауа өзіміз арнайы көздеп шыққан Қопа өлкесіне аттандық. Қазақта Қопа, Қопалы дейтін жерлер аз емес. Бірақ біздің халық үшін бұл Қопаның орны мен мәні ерекше. Бұл Қопа – өз махаббаты жолында нетүрлі азап пен мехнатты бастан кешірген Қозы Көрпештің фәнидегі ең соңғы пана тапқан жері. «Сенен басқа хор қызы болса да көңіл салмаспын. Шашы күміс, басы алтын, болса-дағы алмаспын» деп, Қозының Баянға ынтықтығын жеткізе алмай, мазасыз күндер мен түндерде көк терекпен сыр бөлісетін қастерлі мекені. Жырдағы 90 мың жылқысын шұбырт­қан Қарабайдың мына Аягөзден Арқаға, одан әрі Есіл мен Тобыл өзеніне дейін көшіп барып, ерсілі-қарсылы қайтатын жолы да осы Қопаның үстінен өтеді. «Қыздың берген жалауы түсіп қалып, «Абыралы», «Жалаулы» қоя сапты...» дейтін жолдардағы Абыралы, Жиде­байға салт атпен төтесінен тартып кетсеңіз, бір күншілік жер. Одан ары солтүстік батыстағы Қарқаралы, Есіл, Баянауылыңыз алыс емес. Қопада жолаушыларды баяғы Шәріп­хан ағаның үлкен ұлы Нұржан күтіп алып, бастап жүретін болды. «Өзі жоқ болса да, көзі бар» деген осы! Бүгінде қырықтың қырқасына шыққан Нұржан Есенжолов әкесінің жолын қуып, жеке шаруашылығын дөңгелетіп отырған жылқышы екен. Үкіметтің «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып, бауырларымен бірлесе құрған шаруашылығы біз баратын жақта болып шықты. Арқыраған «Джип» машинасымен кең даланың төсін қуырып, жүйткіп келеміз. Бір кездегі қара жолдың табанын қалың қурай, қураған шөп басып кетіпті. Бытыр-бытыр, сытыр-сытыр. Лезде-ақ көзұшында сағымданған Шоқтерекке жақындап қалдық. – Қазір мына Аягөз өзенінен өтсек болды,­ ар жағы тиіп тұр, – дегенге маңайды шола қарасам, баяғы шалқыған өзен көрінбейді. Оны айтасыз, арнасы кеуіп, табанындағы құмы бұрқырап ­жатыр. Өз көзіме өзім сенбедім! Осыдан үш жыл бұрын келгенімде, немереммен бірге балық аулаған айдынның сусап қалғанына көңіл шіркін сенер емес! («Сұмырай келсе, су құриды» дегенді халқымыз бекер айтпаған ғой. Жүрек ауыртар ауыр көріністен кейін арнайы зерттеу жүргізіп, табиғат апатына себепкер болып отырған «сұмырай» алпауыттарды анықтадым. Кен өндіруші «Қазақмыс» компаниясына қарасты сырттан келген кәсіпорындардың шектен тыс ашкөздігі туралы мақалам «Аягөз қайда, су қайда?» деген тақырыппен республикалық аға ­газетте жарияланды). Тақырыптан сәл ауытқығаныма түсіністікпен қараңыздар, қадірлі оқыр­ман! Сөз туған жердің тағдырына қатысты болып отыр, ұзындығы 450 шақырымдық алып дарияның қылүстіндегі жай-күйін қайталап айтпасқа амалым жоқ. Бүгінде Аягөзден су ішіп, күн көріп отырған мыңдаған ағайындардың өтініші мен өкініші бұл! Кешегі қос аққудай Қозы мен Баянның мейірін қандырған, ат үстінде ауыздықпен су ішкен ата-бабаларымыздың жан-тәнімен қорғап қалған Аягөзі еді ғой, бұл! Ендеше, солардан қалған айдынды өзенді, ен байлықты жат қолды өзгенің құртып жатқанын олардың рухы кешірер ме екен? Әй, қайдам... Қайран, Аягөз! Жиделі-Байсын жерінен қалыңдығын іздеп шыққан Қозының өмірінің соңғы күндері осы Аягөз жағасында өтеді. З­ауыт, фабрика жоқ о заманда құт-береке мол дарыған өлкеде мыңғыртып мал ұстаған бай-бағландар аз болмаса ­керек. Сондай шіріген байлардың бірі – есепсіз төрт түліктің иесі Қарабай еді. Сүйіктісіне жақындаудың жалғыз жолы сол болғандықтан, Қозы амалсыз соның қойын бағып, үш жылдай шыдап жүреді. Бір жолы Баянның отауына жақындап, сазды күй тартады, мұңды ән салады. Бесікте атастырылған ғашықтар хикаясын жеткізіп, қайырмасында «Жақында досы келеді, қабылдар ма екен қалыңдық?» деп, Қозы бәйіт жолдарын қайталап отырады. Сондай бір сәтте сыртқа көз салған Баян әнші жігіттің алтын айдарын көріп қалып, өзін іздеп келген сүйген жары екенін сезеді. Содан бастап, жаратылысы ерек «тазша­ бала» Қозы мен тордағы тотықұстай сұлу Баян танысып, табысып, бірде ақ отауда, бірде Шоқтеректің саясында кездесіп жүреді. Жүрек пен жүрек, тілек пен тілек қосылады. Аз ғана күн болса да, бір-біріне ынтық екі жас іздерін аңдыған дұшпандарының көзінен тыс оңашада, жастық шақтың қызық дәуренін бірге өткізеді. «Ғашықтар кездесетін кез күткенде, сезімдері сескенбес сезіктен де...» дейді жыр жолдары. Махаббат дерті – адамзат жаратыл­ғаннан бері бірге келе жатқан, ешқашан ескірмейтін, ақыл-есіңді алып қоятын, жер бетіндегі пенделерді бірде табыстырып, бірде атыстыратын алапат күш. «Қозы-Баян» хикаясында да жырдың нәрін кіргізіп тұрған ғажайып көрініс осы – ғұмыр бойы сыңарын аңсаған ғашықтардың ынтызарлыққа толы қауышуы. «Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін, өтпесе түн, атпаса екен таңы да...» дейтін (Мағжан) өмірдің қайталанбас шырын сәттерін бастан өткерген екі жастың достары (Айбас, Ай, Таңсық) сырттай сүйінсе, қастары (Қарабай, Қодар, Әлжаппар) күйінеді. Бұл жалғанның ең қызығы сол. Ыстық құшақ, мөлдір сезім. Біреуге бұйырады, біреуге бұйырмайды. Тазша келеді аңсаған Баянына, Баянжан Қозыдан аяды ма? Түн алса құмарлығын, күн артады, Сұм тағдыр әлде нені таяды ма?.. Бірде Шоқтеректің көлеңкесінде сағынышпен өбіскен Қозы мен Баянды­ аңдып жүрген жеңгесі көріп қалып, болған жайтты Қарагөзге жеткізеді. Енесі болса:­ «Жатса жата берсін, өз жары» деп, келінін тиып тастайды. Бұл енді, тағдыр сынына ұшыраған шарасыз жастарға іштей тілеулес, бірақ көмектесуге еш дәрмені жоқ ананың ақ пейілі еді. Шындығына келсек, «Қызға қырық үйден тыйым»­ ­деген қағиданы ұстанған шығыс тәрбиесі күйеу жігітті қайын жұртында ешқашан еркінсітіп қойған емес. Әсіресе, анасының көзінше. Бұл арада, Қарагөз шешей «бесікте атастыру» сияқты байырғы қазақ қоғамында ғана кездесетін некелесу дәстүрін мойындағаны аңғарылады (Иә, қазақ қоғамында ғана!). Сол себептен, Қозы мен Баянның табысуын тілеулестері ақ-адал батаның нышаны деп қабылдайды. «Екі қабат болдым, – деді Баян, Ат жаратып, дайындал, тез алып қаш». [Қозы]: Қашып, ол неден қысылғаным? Ерге ердің сыбағасын ұсынғаным. Елді жинап, аламын салтанатпен, Аллаға ақ, халыққа аян, ісім, мәлім. [Баян]: Оныңа менің әкем көнбес, Қозы Жөн сөзге зорын таппай көнбес, Қозы... Шынында да, бар ойлағаны мал мен байлық болғандықтан, Баянның әкесі Қарабай ежелден қалыптасқан ата дәстүрін тәрк етіп, өзі берген серттен тайқып, жастарға үлкен қиянат жасайды. Сол ­себептен, халықтың кешірілмес қарғысына ұшырайды. «Малым – жанымның садағасы...» деп білетін Алаш ұрпағы, дүние мен ақшаға арын айырбастайтындарға «Қарабай екенсің» деп жатады. Ол рас. Мыңғырған жылқысы болса да, тапқанын өзінен аяп, «үстіне іліп алар шекпен» кимеген Қарабай қайырымсыз, мейірімсіз әке екенін дүниеқоңыздығымен аңғартады. Жақынына жаны ашымас қарау жанның қаһарынан қорыққан жастар амалсыз Шоқтеректі паналайды. Жырда Қозының Шоқтерекке келген хабарын көбінесе қыздың ұшқыр торғайы жеткізіп отырады. «Шоқ, шоқ!» деп, шаттана шықылықтаған торғайдың үнін бірінші болып естіген қыз жеңгесі бірде «сүйіншілеп», Баянның көк етігін қалап алады. Енді бір жолы, қырғидан қашқан әлгі торғай Баянның мақпал ­шапанын киген жеңгесін шатастырып, оның қолтығына тығылғанда, Қодардан сыйлық алып қойған жеңгесі торғайдың төбе жүнін жұлып өлтіреді. Осы секілді қызғылықты оқиғалардың – адалдық пен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың, сүйіспеншілік пен қара ниеттіліктің үнсіз куәсі болған Шоқтерек, міне, дәл көз алдымызда тұр. Мәңгілік махаббаттың қастерлі ұясы! Жоқ, Шоқтерек үнсіз емес екен. Бізді алуан түрлі құстардың сайраған үнімен қарсы алды. Адамдардың келгеніне қуанғандай, шаттана шықылықтаған құстардың арасында Баянның сүйкімді торғайы ғана жоқ еді... Екі ғасырдай бұрын, 1771 жылы осы өңірде болған швед зерттеушісі, академик Иоганн Фальк «Шоқтерек Қозы Көрпеш – Баян сұлу мұнарасынан 8 шақырымдай солтүстік-батыста тұрған еді» деп, көр­сеткен екен. Радловтың нұсқасында да Шоқтерек кесене маңында және оған Айбас батыр талай мәрте барған деп айтылады. Дегенмен, бұл арада сырттан келген зерттеушілер Шоқтеректі өз көзімен көрмегені, тек елден естігендерін ғана ­жазып алғаны аңғарылып тұр. Себебі ­кесене мен Шоқтеректің арасы 48 шақырым болатынын жоғарыда айттық.

Ал Ресейден 1909 жылы шыққан Батыс Сібір картасында Қозы-Баян мазары мен «Лес Чоктерек» деген жер атауы анық көрсетілген. «Лес» деп жазылуының негізі бар, өйткені жергілікті тұрғындар бұл өлкені «Жүзағаш» деп атайды. Осы алқапта қатарласа ағып, Балқашқа құятын Аягөз, Ай, Таңсық өзендерінің арасы кезінде ну тоғай болғаны байқалады. Бүгінде суы тартылып, өңі қашқан сар даладағы әр-әр жерден бой көрсеткен, көтерем аттың қабырғасындай бәкене ағаштар соның дәлелі. Одан басқа тобылғы, қараған, қурай, көкпек, шеңгел дегендеріңіз аяқ астында бірімен-бірі шарпысып жатыр. Жыр желісінде қоралы қойын қасқырға, түйесін Алакөлге, жылқысын Жидебайға, шешесін Құдайға тапсырып, Аягөзге бет алған Қозы Көрпешті «Оюлыда он бөрі бар, Қиюлыда қырық бөрі бар» деп, Мамабике ана тоқтатпақ болушы еді ғой. Оған көне қоятын Қозы бар ма? «Оюлының он бөрісінен айқай салып өтемін, Қиюлының қырық бөрісінен қиқу салып өтемін, – дейді қасқая қарап. – Ну шеңгелден қалай өтесің? – Өрт қоямын...». Адымыңды аштырмайтын мынау бытысқан қалың шеңгел соның жұрнағы. Тамыры мықты, шөлге шыдамды, тасты да жарып шыға беретін өсімдік. Ал тоғайға келсек... – Бұл жердегі тоғайдың ағаштарын өтпелі кезең дейтін 90-жылдары жұрт жапатармағай қиып, отын-суға тасып әкеткен. Бір ақиқаты, қандай қиыншылық заман болса да, киесінен қорқа ма, халық алақандай Шоқтерекке тиіспеген, – дейді Нұржан бауырымыз. Онысы рас секілді. Аумағы бес-алты кигіз үйдің орнындай болатын қалың Шоқтеректің ішіне ит мұрыны батпайды. Қураған, сынған ағаш бұтақтары сол күйі жатыр. Теректі айналдыра қоршап, ені сегіз-тоғыз метрлік, тереңдігі бір метрдей ор қазылған. Оның не үшін қазылғанын бүгінгі адамдар біле бермейтін сияқты. – Білетініміз, көктемде мына орға қардың суы шүпілдеп толып қалады, ортасына қарай өте алмаймыз, – дейді Нұржан. – Ал анау тұрған екі цемент астау сәбет өкіметінен қалған моторлы құдықтың қаңқасы. Соның орнында аталарымыз Қодардың қазған құдығы болған деп айтып отыратын. Рас-өтірігін кім білсін? Шоқтерек пен Қодардың құдығы! Иә, жырда бар ондай құдық. Осыдан­ біраз уақыт бұрын Қодар қазған құдықтар жайындағы зерттеуіміз «Ана тілі» газетінде жарияланған болатын. Сонда­ осы өлкеде Қодардың, кем дегенде,­ 40 құдығы барын айтқанбыз. Аягөз өңірінде отыз жыл жылқы баққан Сәкен Шонаев аға: «Қодардың екі құдығы Шыңырау дейтін жердегі Сасықбастауда, үшіншісі Телібай бөктерінде, төртіншісі Майбүйрек аңғарында, бесіншісі ­солардан елу шақырым солтүстік батыста жатқан Қошқар көлінің аяғындағы Табылдыда»­ деп, бірнешеуін саусақпен санап берген-ді.­ Шоқтеректің түбіндегі көне құдық та сол Қодарға тиесілі екеніне күмәндан­баймыз. Орны тұр. «Осы жерден су инженерлері құдық қазған кезде, орасан зор адамның сүйектері шыққан болатын. Ортан жілігінің өзі пілдікіндей» дегенді Қопа ауылының үлкендері әлі айтып жүр. Қулығына құрық байламас Қарабай­дың айтақтауымен Қодар аңдып жүріп, осы Шоқтеректің ішінде алаңсыз ұйықтап жатқан Қозыны садақпен атып өлтіреді. Жас құлыным қырылды тамам, Қодар, Бір су тауып бере көр маған, Қодар, Сен шөлдетпей малымды алып өтсең, Ақ Баянды беремін саған, Қодар! – деген қу байдың уәдесіне сеніп қалған ожар батыр жазықсыз жанды құрбан еткен әрекетін қылмысқа баламайды. Даңғой «күйеу» өзіне тиесілі «қалыңдығына» қол салған есіктегі құлды, келімсек «тазша баланы» жазаладым деп қана ойлайды. Оның басты себебі – Қарабайдың Қодар сынды қарымды жылқышыдан айырылып қалмауды ғана ойлап, Баянның атастырылғанын жасырып қалғанында болып тұр. Қозының көзін құртқызған соң, Қарабай басқа жаққа ауа көшіп, Баян ілеспей жұртта жалғыз қалады. Сол кезде қасына Қодар келіп: «Маған ти» дейді. Қыз: «Тиейін, бірақ Қозыны бір көрсет» деп жауап береді. Қодар оны бастап, мына Шоқтерекке әкеледі. Келді ғой Шоқтерекке Баян батыл, Болады осы арада заман ақыр. Зар жыламай не қылсын сорлы Баян Қозыеке арыстандай өліп жатыр... Шоқтерекке келген соң, Баян қулыққа басып: «Шөлдедім, су әпер» дейді. Теректің қасындағы терең құдықтан су алу үшін Қодар Баянның бұрымынан ұстап, төмен түсе бергенде, қыз қойнындағы қанжарымен шашын қиып жібереді. Жуан бұрымға маталған қалпында Қодар шыңырау құдықтың түбіне құлайды. Жалпы жырдағы Қодар қара күштің ғана емес, құлай сүйген ессіз жүректің де иесі. «Қалыңдығы» не айтса, соны бұлжытпай орындауға бар. Бірақ ақыл, сезімі аз, өзінің күлкі боп жүргенін түсінуге өресі жетпейтін аңғалдығы басым. Сол көзсіз сенгіштігінен, өзі қазған апанға өзі түседі. «...Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян. Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян!» деген өкінішін өзімен бірге ала кетті. Осылайша, Қозының кегін қайтарған Баян сұлу: «Әкеме сіңіп еді сенің күшің, құл болдың есігіме менің үшін. Шоқ белбеу, алтын айдар мырзам қайда? Шұнақ құл, өлтіремін соның үшін!..» деп, Қодарды (зұлымдықты) жер бетінен жою арқылы өз махаббаты жолындағы бітіспес күрестің соңғы нүктесін қояды. Ықылым заманнан бізге жеткен аңыздың ақыры, міне, осындай. Өмірде болған, ертегіге бергісіз ғажайып дастанның соңы Шоқтеректің түбінде аяқталады. Одан беріде қаншама су ақты? Қаншама дүние өзгерді? Ұрпақтар ауысты. Өзгермеген тек Шоқтерек қана! Көк аспанмен таласып, биікке өрлеп барады. Небір уақыт сынына төтеп берген жап-жасыл Шоқтерек сахарадағы ғажайып «махаббат аралы» секілді. Әлкей Марғұланның айтуынша, Алтай тауынан табылып, бүгінде Эрмитажда сақтаулы тұрған белдіктегі алтын құймада Шоқтерек көрінісі бейнеленген. Бір бұтағына қорамсақ ілінген бәйтеректің саясында сәукелелі ару мен еркек отыр, олардың алдында ұзынынан сұлап, бір ер адам жатыр. Зерттеуші ғалым мұны б.д.д. IV-III ғасырлардың еншісіне жатқызып, Қозы-Баян хикаясымен байланыстырады. Жатқан адам Қозы, оның маңдайын сипап отырған Баян, ат тізгінін ұстаған Айбас деп болжайды. Әзірге қарсы уәж айтушылар шыға қойған жоқ. Демек, қазақ даласындағы Шоқтерек тарихы Эрмитажға дейін жетіп, жаһанды мойындатып отыр. Жалпы қазақ дәстүрінде «бәйтерек», «ақ терек», «көк терек» деген ұғымдар адамдар мен көктің арасындағы рухани байланысты білдіреді. Бұл тіршіліктің өсіп-өнуінің символы. Осыған орай, мәдениеттанушы Серік Ерғалидың бір тосын сөзін оқыдым. «Шоқтерек – мықан ағашының, өмір ағашының бір сипатын аңғартады. Ертеде жол бойындағы теректі айналу, сыйыну әрекетінен шыршаны айналу дәстүрі дүниеге келген. «Жол» сөзінен «Иол», «Елка» туындаған» деп жазыпты автор. Жаны бар сөз. Иен далада бұтағына ақ шүберек байланған киелі ағаштарды аз кездестірмейміз. Соның ішінде, тамыры тереңге кеткен өсімтал, қандай дауыл соқса да сыр бермейтін мықты, саялы бәйтерек ерекше бағаланады. Халқымыз жастарға бата бергенде: «Бәйтеректей қаулап өсіңдер, ұрпағың өркенді болсын» немесе «Қозы Көрпештей келбетті бол, Баян сұлудай аяулы бол, мәуелі бәйтеректей саялы бол» деп, ізгі ниетін білдіріп жатады. Естуімше, жаңадан шаңырақ көтерген жастар Шоқтерекке жиі барып, тәу етіп қайтады екен. Бірлі-жарым саяхатшылар да, мектеп оқушылары да соғып тұратын көрінеді. Әрине, бүгінгі ұрпақ үшін рухани жаңғыруды кітаптан ғана емес, өмірден де үйренуде қастерлі Шоқтеректің орны бөлек екені хақ. Сондықтан айнымас асыл махаббат иелері – Қозы мен Баянның көзіндей сақталған, шежірелі, қасиетті Шоқтерек алдағы уақытта Қазақстанның киелі жерлер картасының қатарын толықтыра түсетініне еш күмәніміз жоқ.

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ, журналист-жазушы

2305 рет

көрсетілді

79

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы