• Руханият
  • 17 Қазан, 2019

ҚҰЛАГЕР-ЖЫР ДҮБІРІ

Алдымда Құлагердей бүкіл еңсең, Тұратын жыр бәйгесін күтіп өңшең. Қазақтың маңдайына өлең бітсе, Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен! – деп Тұрсынзада Есімжанов жырлағандай, халқымыздың біртуар перзенті, қазақ поэзиясының дүлдүлі, Алты Алаштың ардақты ақыны Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойы Жетісу өлкесінде кең көлемде аталып өтті. Ілияс Жансүгіров атындағы ауылда ақынның ескерткіші ашылды. Салтанатты жиында сөз алған ­Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жиналған қауымды мерейтоймен құттықтады.

«Бүгін туған жерінің төрінен ақынға арналып еңселі ескерткіші орнатылып отыр. Бұл – елінің тарлан талантқа деген құрметі, ерен ерге деген тағзымы деп білеміз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Қазақтың Абайдан кейінгі заманындағы аса дарынды ақыны Ілияс Жансүгіров, Ілияс поэзиясы – ойға қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін мәңгі жас поэзия» деп баға берген еді. Жетісу топырағында туған қайраткер-тұлға қазақ әдебиетінің барлық жанрына елеулі еңбек сіңірді. Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы болды. Ақын ­шы­ғармаларынан Құлагер дүбірі, дала жыры, қобыз үні, домбыра күмбірі есіп тұрады. Осы даналық ізі, ұлылық биігі – ұрпақтың ойына қуат, бойына нәр беретін баға жетпес байлық» деді облыс әкімі. Ресми орындардан келген құт­тықтау жеделхаттар оқылды. ­Қа­зақ­с­тан­ Жазушылар одағы басқар­масы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, жетісулық ардагер Наурыз Қылышбаев, Қызылжардан арнайы келген Бейімбет Майлиннің немересі Дәмен Әбілқасымқызы және т.б. сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Ілиястың тойына ең үлкен тарту жасаған, граниттен қашалған, биіктігі алты метрлік ескерткішті өз қаржысына салдырып, демеушілік көрсеткен ақсулық кәсіпкер, «Газ шаруашылығы» қауымдастығы­ның төрағасы Молдияр Нұрбаев пен ескерткіштің авторы, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Қазбек Дулатовқа бүкіл ел-жұрт риза.

Мерекелік шара орталық стадионда жалғасып, «Құлагер» атты театрландырылған көрініс көрсетілді. Елімізге белгілі режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлының режиссерлігімен сахналанған көрініс көпшіліктің көңілінен шықты. Ақсу ауданына қарасты І.Жансүгіров ауылындағы тойдың көркін көк­пар қыздырды. Ақынның аруағына арнап ас беріліп, аудандық халық театры­ның ұжымы «Дала дастаны» қойылымын ұсынды. Тойдың екінші күні Б.Римова атындағы драма театрда «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» атты респуб­ли­калық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты. Облыс орта­лығында өткен конференцияны ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек жүр­гізіп, конференцияның маңызын атап өтті. Жиын барысында І.Жан­сү­гіров­тің­ өмірі мен шығармашы­лы­ғына­ арналған 20 томдық жинақ пен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы­ның бастамасымен жарыққа шыққан «Үш арыс» кітабының таныстырылымы өтті. Облыс әкімі А.Баталов «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Дәлірек айтқанда, ақынның мұрала­рын жинау мақсатын көздеген арнайы экспедицияның елге олжалы орал­ғанын, Ресейдің мұрағаттарынан бұрын оқырманға беймәлім болған 18 кітап табылғанын жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет ілиястану­шы­лардың көпшілігі бұ дүниеден өтіп кеткенін тілге тиек етіп, әдебиет­танушы жастардан зор үміт күтетінін жеткізді. Қараша айында Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы аясында «Үш арыс. Үш бәйтерек» тақырыбымен Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің 125 жылдығының қатар тойланатынын айтып, көп­шілікті бір қуантып қойды.

«Ілияс – Құлагер ақын» атты негізгі баяндаманы ақын, филология ғылымының докторы, Қазақ­стан Жазушылар одағы бас­қармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып жасап, ақын шығармашылығының тереңіне бойлады. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары Нұрдәулет Ақыш пен Серікқазы Қорабай, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымының докторы Мұратбек Иманғазинов, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас ­редакторы Дәурен Қуат және т.б. өз баяндамаларында ақынның тұлғасын жан-жақты ашып берді.

Шара аясында жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары мара­патталды. Бас жүлдені Байбота­ Қошым-Ноғай иеленсе, 1-ші орынды Серік Ақсұңқарұлы алды. Жеңімпаздар арасында­ ­­Болат Үсенбаев, Алпамыс Файзолла, Қозыбай Құрман, Алтыншапақ Хаутай, Батырхан Сәрсенхан, Мұхтар Күмісбек бар. Ал Ілиясқа өлең арнаған ақын Тұрсынзада Есімжановқа Жетісу жұрты ат мінгізіп, бірқатар азаматтар кеудесіне І.Жансүгіровтің мерейтойына арнайы шығарылған «Құлагер» төсбелгісін тағып қайтты. Атақты «Құлагер» поэмасына әуен жазған Нағашыбай Алпысовтың орындауындағы ән бір серпілтті.

«Осында кіндік кесіп, «Ағынды менің Ақсуым» деп жырлап өткен Ілияс Жансүгіров – бір ғана Ақсудың, иә болмаса Жетісудың ақыны емес. Ол – Алаш руханиятының алыбы, әдебиеттің қай саласында, қай жанрында болсын, өзінің көпқырлылығын танытқан күллі қазаққа ортақ тұлға. Мұндай арналы ақын бір ғана Жетісудың құшағына қалай сыйсын?! Сондықтан Жансүгіров тойы Алматы облысында жүріп жатқанымен, биыл күллі қазақ даласы Ілияс рухымен тыныстап, Ілияс жырымен нұрланып тұр ғой деп ойлаймын» деп облыс әкімі А.Баталов айтқандай, осы сәтте шын мәнінде бүкіл қазақ даласы ақын рухымен тыныстап тұрғандай болды. Біз де жан дүниеміз байып, құлагер ақынның 20 томдығымен арқаланып қайттық.

Алматы облысы

Бағдагүл Балаубаева «Ана тілі»

1478 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы