• Әдебиет
  • 17 Қазан, 2019

КЕКІЛБАЕВ КЕҢІСТІГІ

Киелі Маңғыстау топырағында қазақ әдебиетінің даңқты классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы өте жоғары деңгейде мерекеленді. Аты әлемге мәшһүр қаламгердің мерейтойының ашылу салтанатына қатысу үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы­ келді. Маңғыстаулықтар Мемлекет басшысын аса зор қошеметпен қарсы алды. Президент еңселі ескерткіштің шымылдығын ресми түрде ашып, арнайы гүлдесте қойды. Барша жұртты мерейтоймен құттықтап, қаламгер рухымен қоса ел мерейін арттырар айшықты ойларын жеткізді. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі тұғырымен қосқанда 6 метр, мүсіншісі – Көшер Байғазиев. 

Мемлекет басшысы Әбіш Кекілбай­ұлының ғұлама жазушы ғана емес, Елбасының сенімді серігі ретінде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор екенін, елі­міз­дегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленгенін, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенатор қызметтерін абыроймен атқарғанын айтты. – Әбіш Кекілбайұлы тәуелсіз­дігімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қоғам қайраткері болғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені ол қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы өзгерістердің басы-қасында жүрді. Көрнекті қайрат­кер егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды. Оның «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деген тұжырымы баршаға ой салады, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ айтулы шарада­ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі қаламгер Сауытбек Абдрахманов,­ қоғам қайраткері З­ейнолла ­Алшымбаев, ақын Светқали Нұржан көзі тірісінде әулие атанған дара тұлғаның қазақ ұлты мен мемлекеті үшін, адамзат үшін сіңірген елеулі еңбегін, ұлылыққа сыятын ерекше қадір-қасиеттерін бірінен-бірі өткізе баяндады, Әбіш ағаның тойына арнайы келіп, қалың елге қалтқысыз қызмет ­еткен ел Президентіне алғыстарын айтты. Осы шараға ­ҚР­ Пре­мьер­-­­­­Минис­трінің­­ орынбасары Б.Сапарбаев, Әбіш ағаның жары Клара Жұмабайқызы, ұрпақтары, елімізге бел­гілі ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері және шетелдерден арнайы келген қонақтар қатысты. Классиктің мерейтойына орай Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маң­ғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды. Мемлекет басшысы Ақтау қаласына жұмыс сапары аясында Әбіш Кекілбайұлының аты беріліп, жаңа ғимаратқа көшкен Маңғыстау облыстық тарихи-өлке­тану музейінің жұмысымен танысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында Маңғыстау об­лысына жасаған жұмыс сапары кезінде аймақ әкімдігіне музей құрылысын сапалы әрі мезгілімен аяқтауды тапсырған. Тапсырмаға сәйкес, облыстық тарихи-өлкетану музейі заңғар жазушының 80 жылдық мерейтойы шеңберінде пайдалануға берілді.

Жалпы бұл кешен «Әбіш Кекілбайұлы мәдени орталығы» деп аталады. Онда Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінен бөлек, кітапхана мен облыстық музыкалық-драма театрдың ғимараты салынады.­ Кешеннің құрылысы биылғы қаңтар айында басталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары кезінде аймақ басшысына ­музей құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырған болатын. Толық аяқталуы 2020 жылдың желтоқсан айына­ жоспарлануда. Оның жалпы аумағы 10,6 гектар жерді құрайды. Мемлекет басшысы облыстық музейдің жаңа ғимаратын аралап көрді. Естелік кітапқа тілегін жазып, қолтаңба қалдырды. Ауданы 8742 шаршы метрді ­құ­райтын­ облыстық тарихи-өлкетану музейі жазушының өмірі мен шығарма­шы­лығына және мемлекеттік қызмет жолына арналған экспозициялық залдардан тұрады. Түстен кейін Абай атындағы ­мә­дени-демалыс кешенінде Мем­лекеттік сыйлықтың иегері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойының салтанатты ашылуы болды. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов және еліміздің әр түкпірінен келген ел ағалары, Әбіш ағаның ­замандастары, әріптестері, қазақтың қабырғалы қаламгерлері мен өнер тарландары, ғалымдар, жұртшылық өкілдері қатысты. Вице-премьер Б.Сапарбаев Тұңғыш Президент, ­Елбасы Н.Назарбаевтың мерейтойға арналған құттықтауын жеткізді.

Мерекелік шара айтыскер ақын Мэлс Қосымбайдың Әбіш Кекілбаевқа арнаған жырымен басталып, театрлан­дырылған сахналық көрініске ұласты. Облыс әкімі Серікбай Тұрымов салтанатты жиында әйгілі қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арнап ел көңі­лінен шығар сапалы баяндама жасады. Байрақты жиынның құлаққа сіңер сүбелі сөзін жазушы Төлен Әбдік айтты. «Әбіш бізге қандай ыстық болса, Әбіш туған өлке, осы өлкеде тұрып жатқан халық та бізге сондай ыстық. Қазаққа Әбіштей кемеңгерді берген Маңғыстау өлкесінен той арылмасын!» деп сөзін бастаған көрнекті қаламгер тұғырлы тұлғаның үш қырына – ұлан-ғайыр таланты, қаламгерлігі, қайраткерлігіне айрықша тоқталып, күллі бейнесін ашып берді. Ал жазушының жары Клара Жұмабайқызы: – Айналайын елім, халқым, ел азаматтары, бәріңе көп-көп рақмет! Бүгін Әбіш қайта туғандай болып көрініп тұр. Әбіш екеуміз 51 жыл бірге өмір сүрдік. Анамыз 98 жасқа келіп қайтыс болды. Сол кісінің өсиет-өнегесі екеумізге де жұғысты болды ма деп ойлаймын, – деп, жарының мерекесін ұйымдастырушы көпшілікке алғысын айтты. Мерекелік кеште Айгүл Үлкенбаева­ның орындауында Абылдың «Абыл» күйі күмбірлеп, Нұрым Асқанов Тұрсынның «Көлқайнар» әнін шырқады. Н.Жан­тө­­рин­­­ атындағы музыкалық драма театры актерлерінің орындауындағы «Маңғыстау» поэтикалық қойылымына ұласты. Екінші күні Ә.Кекілбаевтың 80 жыл­дық мерейтойына орай Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында «Abish alemi» атты І халықаралық театр фестивалі ресми түрде ашылды. Фестивальдің ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов, Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабайқызы жылы лебіздерін білдірді. Төрт күнге созылған фес­тивальге Армениядан, Грузиядан, Түркиядан, Ираннан, Түрікменстаннан, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан және Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар театр­ларының ұжымы қатысты. Театр фестивалінің жұмысын ­қа­зылар алқасының төрағасы, ­Қазақ­станның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған өнер саңлақтары бағалады. «Abish alemi» І Халықаралық театр фестивалінің 14 қазан күні ­жабылу салтанаты өтті. Төрт күн бойы маң­ғыстаулықтар түрлі театр ұжым­да­рының қойылымдарын тамашалап, ке­ремет әсерге бөленді. Дәл осы күні Ақтау қаласындағы «Достық үйінде» Ә.Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған әдебиет және өнер қайраткерлерінің Халықаралық конгресі өтті. Маңғыстау облысының әкімдігі мен Ш.Есенов атындағы ­Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті мұрындық болған шараға әлемнің әр түкпірінен келген әдебиеттану, тіл білімі, тарих, философия, педагогика, психология, әлеуметтану, саясаттану секілді гуманитарлық сала мамандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалым-зерттеушілер қатысты. Конгрестің пленарлық отырысын Парламент Мәжілісінің депутаты,­ филология ғылымының докторы­ ­Сауытбек ­Абдрахманов ашып, жүргізіп отырды. Мұнда алғашқы болып сөз алған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Кекілбаев әлемінің терең философиялық ерекшелігіне тоқталды. Ақын, ҚР Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов тіл туралы толғай келіп, Ә.Кекілбаевты тіліміз үшін күрескен, бізге өлмейтін әдебиет жасап беріп кеткен Алаш алыптарының заңды жалғасы деп атап айтты. Үшінші күні рухани тәлімі мол ­мерейтой Әбіш Кекілбаевтың туған ауылы Оңды топырағында жалғас­ты. Біртуар қаламгерді дүниеге әкелген өлкеде өткен ұлы тұлғаларға, жазу­шының ата-бабаларының рух-шәріптеріне арнайы Құран бағышталды.

(Өз тілшімізден)

1573 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы