• Басты мақалалар
  • 17 Қазан, 2019

ОҚУЛЫҒЫҢ ҚАЛАЙ, ОРТА МЕКТЕП?

«Өнер алды – қызыл тіл» ­деген халқымыз тілдің, сөздің құдіретін әуелден терең түсініп, бар өнерден биік қойған. Тіл қадірін білетін қазақ бір ауыз сөзге тоқтаған, дуалы ауыз би-шешенді құрметтеген. Бірақ сол халықтың бүгінгі ұрпағы сөзге шорқақ, екі ауыз сөздің басын қосып, ойын еркін жеткізетін жағдайда ма? Бөтен сөзбен былғанғаны өз алдына. Жастардан Мұхтар Әуезов пен Сәкен Сейфуллиннің кім екенін сұрасаң, көзіңмен жер шұқисың... Күні кеше мектепте­ бірнеше жыл әдебиет пәнін оқығандардың мұнысы қалай? Оқи алмай ма, оқыта алмай жүрміз бе? Әлде оқулық олқы ма? Жалпы біз нені, қалай, не үшін оқытуға тиіспіз? Елдіктің алтын өзегі, ұлттық тәрбиенің қайнар бұлағы – қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың мәні мен мазмұны, сағаты мен сапасы қандай күйде?

Міне, осы саналы жанды бей-жай қалдырмайтын ұлт тағдырына қатысты көкейкесті мәселе М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған «Орта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның темірқазығы болды. Іс-шараға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Өрлеу» білік­тілікті арттыру, «Оқулық» рес­пуб­ликалық ғылыми-тәжіри­белік орталықтарының мамандары, әдебиеттанушы-ғалымдар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысып, өткір ой-пікірлер мен ұсыныстарын ортаға салды. Жиын негізінен жалпы білім беретін мектептерде оқылатын қазақ әдебиеті пәні бойынша жалпыға міндетті білім стандарты мен оқу бағдарламаларын жасақтаудың негізгі ұстанымдары, оқулықтардың сапасын талдау, жаңартылған білім беру мазмұнына көшудің барысы, пәнаралық байланысын зерделеуге арналды. Конференцияны ашқан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ғалым Кенжехан Матыжанов жаңа білім мазмұнына көшу жағдайын­да­ қазақ тілі мен әдебиеті, ­тарих пен Қазақстан географиясы, қазақ өнері мен музыкасы сияқты ұлттық сипаттағы пәндердің жай-күйі жұртшылықты алаңдатып отырғанын атап өтті. «Қазіргі жаңа білім мазмұнына көшу жағдайында мектептердегі білім сапасы мен оқулық мәселесі аса өзекті болып отыр. Биылғы Тамыз конференциясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені қоғамда ашық талқылауға қозғау салды. Ал Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оған ерекше назар аударды. Қазір бұл мәселе қоғамдық ортада кеңінен талқылануда. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пен Қазақстан географиясы, қазақ өнері мен музыкасы сияқты ұлттық сипаттағы пәндердің оқытылуы ерекше алаңдатады» дей келе, К.Матыжанов нақты жағдайды талдап, оны жақсартудың жолдарын ортаға салуға шақырды. Халқымыздың саны өскен сайын қазақ тілінде оқитын бала­лардың саны да өсіп келеді. ­Мәсе­лен,­ екі жарым ғасыр бұрын қазақ тілінде оқытатын бір ғана мектеп болса, 2018 жылы елімізде қазақ мектептері 3797-ге жеткен.

Бұл жөнінде «Тұран» университе­тінің ректоры Рахман Алшанов кеңінен тоқталды. Еліміздегі мектептердің саны мен сапасына талдау жасаған ғалым аралас мектептер мәселесіне ерекше­ назар аударды.­ «Демографиялық, этникалық саясатқа байланысты еліміздің барлық өңірінде соңғы он жылда аралас мектептердің саны 2147-ден 2255-ке өскен. Осы мектептер­де 2018 жылы ­республика бойынша 1380 мың оқушы білім алды, соның ішінде 691,7 мыңы қазақша оқитындар. Сол балалардың жалпы саны бір мың қазақ мектебін құрайды екен. Жергілікті басқару орындары болашақта бұл мектептерді бірыңғай қазақ мектебі дәрежесіне ауыстыру жолдарын іздестіруі қажет» деді Р.Алшанов. Қазақстан Жазушылар одағы төра­ғасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов қазақ әдебиетінің болашағы бүгінгі мектеп қабырғасында қала­натынына назар аударды: «Қазақ әдебиетін оқытатын мұғалім әдебиетті жақсы білуі керек. Өкінішке қарай, бұлай болмай тұр. Мұғалімдер әдебиетті білмейді, бірақ әдебиеттен сабақ береді. Соның салдарынан көркем әдебиетті мүлде оқи алмайтын жастар көбейді». Жазушы, сондай-ақ­ «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының жұмысын жолға қою, балама оқулықтарды балалатпай, сыннан өткен ең сапалы оқулықпен оқыту, мектеп кітапханаларына кітап сатып алуға қаражат бөлу, т.б. өзекті мәселелерге тоқталып, өз пікірін айтты. «Жас ұрпақтың санасына адамгершілікті, мейірімді, ізгілікті қалыптастыратын – көркем әдебиет. Сондықтан мұғалімдер бала бойына әдебиетке сүйіспеншілікті сіңіруге мән беруі тиіс» деп түйді сөзін М.Құлкенов. Жоғарыда айтылған «Біз қалай оқытып жүрміз?» деген сауалға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Жанғара Дәдебаев өз сөзінде айқын жауап берді. «5-сыныптағы «Керқұла атты Кендебай» ертегісін, «Қобыланды батыр» жырын, «Асан қайғының жерге айтқан сынын» оқытуда «Көркем шығармадан алған әсерін сипаттап, авторға хат, өлең жазу» деген тапсырма беріледі. Бағзыдан жеткен ауыз әдебиеті шығармаларын оқытуда мұндай мақсат қоюға қандай ғана жанның ақылы жетті екен?! Орындалуы мүмкін емес тапсырма беру – оқушыға қиянат. Білім мазмұнын бұлайша жаңартуға болмайды!» дей келе, ғалым мемлекеттік білім бағдарламаларының кемшілігін ортаға салды. Айта кетерлігі, мектепте білім беру үдерісі ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес әзірленген «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» бойынша жүргізіледі. Бұл стандарттарда білім берудің мазмұны, оқу жүктемесі, білім алушылардың дайындық деңгейіне және оқу мерзіміне қойылатын талаптар көрсетілген. Яғни мұғалімдер осы стандарттарды басшылыққа ала отырып әзірленген оқу бағдарламалары бойынша сабақ береді және одан алшақтап кете алмайды. Міне, осы оқу бағдарламалары соңғы кезде жиі сынға алынып жүр. Мәселен, Ж.Дәдебаевтың айтуынша, мемлекеттік стандарттардағы «Білу, қолдану» сияқты танымдық деңгей дағдылары бағдарламаны жасаушылар мен бекітушілердің назарынан тыс қалған. «Біз оқу мақсаттарының жүйесін өзіміз жасай алмадық, мемлекеттік стандарт деңгейінде Блумның таксономиясын қабылдадық. Блум таксономиясындағы «білу; түсіну; қолдану; талдау; жинақтау; бағалау» дейтін оқыту мақсаттары Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында анық көрсетілген. Бірақ танымдық сипаттағы осы дағдылардың біразы «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламаларында қолданылмай, олардың орнына жауап беру, интерпретация, салыстыру дегендер қосылған. Білім мен ғылым саласын басқарушылар оқу мақсаттарының жүйесін өздері жасай алмай, Блумның таксономиясын мемлекеттік стандарт деңгейінде қабылдап отырып, Блумның таксономиясын да дұрыс қолдана алмады. Нәтижесінде не ол емес, не бұл емес, басқа бірдеңе шықты» деді Ж.Дәдебаев. Жиында жаңартылған білім беру мазмұнын игеру жөнінде де сөз болды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының ­докторы Гүлжаһан Орда оқу бағдарламасында балалардың жас ерекшелігі ескерілмей­тінін айтты. Ғалымның айтуынша, 7-8 сыныптарда оқушылар роман-повес­тер оқиды, ал 10-сыныпта қарапайым тақпақтар берілген. Яғни бағдарламаны әзірлеушілер «Қарапайымнан күрделіге қарай» деген қағиданы ұмыт қалдырған. «Жоғары ­сыныптарда Ш.Мұртазаның «Қызыл жебесі» неге оқытылмайды? Сәкенді неге «Сыр сандықпен» шектедік?» дей келе, Г.Орда қазақ әдебиетін дәуірлеп оқыту назардан тыс қалғанын жеткізді. Мұндай жағдайда қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері оқушыларға көркем әдебиеттен қосымша тапсырмалар беруге тиіс екендігін алға тартты. А.Байтұрсынұлы білім академиясының басшысы, филология ғылымының кандидаты Ұлан Еркінбай қазіргі интернет пен жаңа технологиялар дәуірінде тіл мен әдебиет сынды төл пәндеріміздің тағдыры қыл үстінде екенін айта келе, өз ұсыныстарын келтірді. «Ел болашағы – бүгінгі оқушылар мектепте, ұстаздардың алдында отыр. Сондықтан мұғалімдердің ұсыныстарын ескеру маңызды. Атап айтқанда, мектептегі тіл мен қазақ әдебиеті пәнінің білім мазмұнын, оқу бағдар­ламасын жасауға педагог, психолог, ғалым, білім сарапшылары, пән мұғалімдері, әдіскерлер қатысуы ­керек. Оқулықта мәңгілік құндылықтарды қозғайтын халық әдебиеті мен бала ұғымына сай жазылған мәтіндер сұрып­талып берілуі тиіс. Шығармашылық пәндерді оқытатын мұғалімдердің еркіндігі шектелмесін, оларға ғылыми, креативтік, әдіскерлік қабілетін ұштастыратын тәуелсіз шығармашылық платформа ­керек» деді ол. Пленарлық отырыстан кейін жарыс­сөзге шыққан қатысушылар мәселені тереңнен қаузап, өткір ой-пікірлерін білдірді. Әсіресе, мұғалімдер қауымы оқу бағдарламаларының, оқулықтардың кемшілігін ашық айтты. Мәселен, Алматы қаласы Д.Бабаев атындағы №115 орта мектептің мұғалімі Мейрамгүл Барказатқызы Кембридж тәсілімен оқытудың жай-күйіне тоқталды. «Кез келген бағдарламаны енгізу үшін ­шетелдерде алдымен оқушының қабілетін, деңгейін, т.б. зерттеп алады. Ал Қазақ­станда Кембридж тәсілін енгізерде осы жағдай зерттелген жоқ. Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі дарынды балаларға арналған бағдарламаны жалпы білім беретін мектептерге енгізе салдық. Қателіктің басы осында. Өкінішке қарай, бұл шындық және ол айтылуы тиіс. Біз он жылдан бері қазақ мектептері оқушыларының ерекшелігін, олардың менталитетін ескеру жайында айтып келеміз. Көбінесе қала мектептерінің проблемалары көтеріледі де, ауыл мектептерінің жай-күйі ­назардан тыс қалады. Мәселен, Кембридж тәсілі бойын­ша, 1-сыныпқа келген оқушының сөздік қоры үш мың сөзге жету ­керек. Бірақ бізде олай емес. Ата-анасы күні бойы жұмыста, сәби кезінде ертегі тыңдамаған, тақпақ жаттамаған балада сөздік қор қайдан болсын? Егер оқушының сабақта өтетін материалды түсінетін таным деңгейі болмаса, ол оны түсінбейді, қабылдамайды. Әрине, жаттап алып айтуы мүмкін, бірақ жатталған дүние тез ұмытылады. Сондықтан біздің оқушылар Абай мен Сәкенді ­танымайды» деп, бүкіл мұғалімдердің жанайқайын жеткізген М.Барказатқызы қазақ әдебиеті оқулықтарының сапасын да сынға алды. Мысалы, 5-сынып оқулығында әдебиет теориясы мен сыны баса оқытылады, бұл оқушылардың жас ерекшелігіне сай келмейді. «Менің алдымда отырған жүздеген баланың аманаты, өтініші – мектептегі қазақ әдебиетінің оқулығына кәдімгі көркем мәтіндерді, ертегі-аңыздарды тұтас енгізіңіздерші! Көркем әдебиетсіз қазақ елінің азаматын тәрбиелейміз дегеніміз бекер. Алтынсариннен, Ушинскийден үлгі алайық. Әдеби шығармаларды іріктеуде баланың жанын, психологиясын да ескеру міндет» деп, Мира Барказатқызы барлық мәселеде мұғалімдерді кінәлай беруге болмайтынын айтты. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің қысқарып қалған сағаттарын қайта қалпына келтіруді өтінді. Сонымен, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мұрындық болған маңызды жиында оқу мен оқыту, оқулық пен оқушы, оқу бағдарламаларының мазмұны, оқытудың маңызды қағидалары, сан және сапа деген өлшемдер кеңінен талқыланды. Қордаланған мәселе көп, ­содан шығудың жолдары, нақты ұсыныстар айтылды. Соның ішінде ана тіліміз бен туған әдебиетімізді оқытудың проблемаларын шешу кезек күттірмейді. Айтулы жиыннан түйгеніміз, қазақ тілі мен әдебиетінің мәселесі – қазақ қоғамының мәселесі болып отыр. Сондықтан тиісті органдар тарапынан оқу бағдарламаларына, оқулықтарға ұлттық ұстаным, білікті кәсіби көзқарас тұрғысынан назар аударылмай, ана тіліміз бен туған әдебиетіміз математика мен ағылшын тілінің көлең­кесінде қалғаны қалған. Елінің келешегін ұрпағымен байланыстыратын ата-ана, қалың жұртшылық та баланы бесік жыры мен ертегі-аңызбен сусындатып өсірсе, бұл іске өз тарапынан үлкен үлес қосқан болар еді. Ең бастысы, қазақ тілі мен әдебиеті басты идеологиялық құралымыз ретінде үстемдікке ие болуы тиіс. Енді төменде «ұлт болып қалыптасудың негізі – тіл мен көркем әдебиет» деп ұран тастаған келелі жиындағы қадау-қадау көзқарастарды арнайы беріп отырмыз. Ойланайық, ой қорытайық! Ұрпақ тәрбиесінде ұтылмайық!

Дина ИМАМБАЕВА

АРАЛАС МЕКТЕП – УАҚЫТША ШЕШІМ...

Рахман АЛШАНОВ, «Тұран» университетінің ректоры

Патша заманында, бұдан екі жарым ғасыр бұрын қазақ тілінде оқытатын бір-ақ мектеп болған. Оның өзі Ыбырай Алтынсарин ашқан бастауыш мектеп. Кеңес дәуірінде қазақ мектептері, ал техникумдарда, жоғарғы мектептерде қазақ бөлімдері ашыла бастады. Бірақ қазақ мектебінің карқынды дамуы Тәуелсіздік жылдары ғана өрістеді. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Мысалы, экономика өсіп, әлеуметтік мәселелерді кеңінен шешуге жол ашылды, барлық шешімді егемендіктің арқасында өзіміз қолымызға алдық. Бастысы – елдегі халықтың саны, соның ішінде қазақтың өсуі байқалды.

2019 жылы шілде айында Қазақстан халқы 18,5 миллион адамнан асты, оның ішінде қазақтың саны 12,5 млн-ға жетті (67,6%). Бүгінде қазақтың саны солтүстіктен басқа барлық өңірде басым. Соның ішінде: Түркістан облысында – 1508,2 мың қазақ (76,0%), Алматы­ облысында – 1469,9 мың (72,1%), Алматыда­ – 1120,6 мың (60,4%), Нұр-Сұлтан қаласында – 851,9 мың (79%), Шығыс Қазақстан облысында – 834,8 мың (60,5%), Жамбыл облысында – 818,5 мың (72,7%), Қызылорда облысында – 764,6 мың (96,3%), Ақтөбе облысында – 720,4 мың (82,8%), Қара­ғанды ­облысында – 714,1 мың (51,8%), Шымкент­ қаласында – 676,7 мың (67,05%), Маңғыстау облысында – 617,1 мың (91%), Атырау облысында – 586,8 мың (92,6%), Батыс Қазақстан облы­сында – 418,0 мың (64,1%), Павлодар облысында – 394,7 мың (53,4%), Ақмола облысында 379,3 мың (51,4%) қазақ тұрады. Ал әзірге қазақтар аз тұратын өңірлер: Солтүстік Қазақстан облысы – 194,2 мың (35,0%), Қостанай облысы – 355,7 мың (40,7%). Осылай халық санының өсуіне қарай қазақша оқитын балалардың саны да өсуде. 2008 жылы олардың саны 1546 мың (60,3%) болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 2515,9 мың оқушыға жетті (65,5%). Ең көбі Түркістан облысында – 364,7 мың оқушы (77,7%), Алматы облысында – 288,1  мың (73,0%), ­Жам­был­ облысында – 171,2 мың (72,6%), Қызылорда облысында – 142,0 мың (91,4%), Шымкент қаласында – 133,9 мың (66,8%), Алматы қаласында – 125,6 мың (43,6%), Маңғыстау облысында 122,1 мың (86,6%) бала қазақша оқиды. Ал ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 19,7 мың оқушы (27,2%), Қостанай облысында – 43,0 мың (40,0%), Павлодар облысында – 45,8 мың (44,2%), Ақмола облысында – 59,3 мың оқушы (47,9%). Қуантатын бір жағдай – осы соңғы он жыл ішінде қазақша оқитын балалардың саны Ақмола облысында 16,6 мыңға өскен, ал Қостанай облысында 13,1 мың оқушы қосылған. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында да қазақ мектептері қарқынды дамуда.­  2008 жылы астанамызда қазақша оқитын балалар саны 38,2 мың (54,7%) болса, 2018 жылы олардың саны 166,2 мыңға (57,3%) дейін көтерілді. Демек, он жылда қазақша білім алатын өренде­ріміздің саны бас қаламызда 57 мыңға көбейген, бұл дегеніңіз қатарға 100 жаңа қазақ мектеп косылғанмен бірдей. Бұл – Шымкент қаласынан кейінгі екінші көрсеткіш (+ 65,8 мың). Соңғы он жылда елдегі жалпы мектеп саны 2008 жылы 5867-ні құраса, 2018 жылы 7893-ке жетті, ал қазақ мектептері 3836 болса, он жылдан кейін 3797-ге төмендеген. Осы мерзімде қазақша оқитын балалардың саны 969,9 мыңға өскен. Сонда әр қазақ мектебін­дегі оқушылардың саны 2008 жылы 403,8 баланы құраса, 2018 жылы орта есеппен алғанда бір мектепте 662,6 бала оқыды деген сөз. Демек, бір қазақ мектебіндегі балалардың саны он жылдың ішінде 258,8 оқушыға өскен. Бұл көрсеткіштер мектептердің ірілендіріліп, қосылып, жаңа үлкен мектептер ашылып, шағын мектептердің азайғанын көрсетеді. Қазақ мектептерінің ең көбі Түркіс­тан облысында – 705, Алматы облы­сында – 441, ШҚО-да – 344, Жамбыл облы­сында – 314, Қызылорда облысында – 273, Ақтөбеде –  263, Батыс Қазақстан облысында – 257, Қарағанды облысында  – 230, Ақмола облысында – 160, Павлодар облысында – 140, Атырау облысында – 138, Маңғыстау облысында – 130, Қостанай облысында – 120, Солтүстік Қазақстан облысында – 118, Алматы қаласында – 76, Шымкент қаласында – 57, Нұр-Сұлтанда – 31. Он жылда сегіз өңірде қазақ мектеп­терінің саны 181-ге өскен. Алматы облы­сында 48 мектеп қосылған, Маң­ғыс­тау облысында – 31, Алматы қаласында – 25, Шымкент қаласында – 24, Түркістан облысында – 22. Осы мерзімде тоғыз өңірде 193 шағын қазақ мектебі қысқартылған. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облы­сында – 38 мектеп, Ақтөбе облысында – 35, Батыс Қазақстан облысында – 32, Солтүстік Қазақстан облысында – 29, Қостанай облысында 22-ге азайған. Демографиялық, этникалық, ұлттық саясатқа байланысты еліміздің барлық өңірінде соңғы он жылда аралас мектеп­тердің саны 2147-ден 2255-ке өскен. Ең көп аралас мектебі бар өңірлер: Алматы облысы (319), Ақмола облысы (224), Қарағанды облысы (196), Түркістан облы­сы (192), Шығыс Қазақстан облы­сы (185) және Павлодар облысы (165). Осы аралас мектептерде 2018 жылы республика бойынша 1380 мың оқушы білім алды, соның ішінде 691,7 бала қазақ­ша оқитындар. Аралас мектеп­терде ана тілінде оқитындардың көбісі Алматы облысында – 138,5 мың, Жам­был облысында – 66,6 мың, Түркістан облысында – 72,4 мың, Шымкент қала­сында – 66,6 мың, Қарағанды облысында – 47,1 мың, Ақтөбе облысында 35,8 мыңға жеткен. Сол балалардың жалпы саны бір мың қазақ мектебін құрайды екен. Иә, түрлі себептермен аралас мек­тептер саны өсіп келе жатыр. Оған бюд­жеттің тапшылығы, жоспарлаудағы кемшіліктер, туындаған мәселелерді жеңіл әрі тез шешуге ұмтылу сынды­ жайт­тар себеп болуда. Жергілікті басқару орындары болашақта бұл мек­тептерді бірыңғай қазақ мектебі дәре­жесіне ауыстыру жолдарын іздестіруі қажет. Соңғы жылдары қазақ, орыс, ағыл­шын тілінде оқытатын аралас мектептер  қатары да көбеюде. 2007-2008 жылдары пилоттық жоба бойынша осындай үш тілді 33 мектеп болса, қазір олардың саны 117-ге жеткен. Онда 63 мың бала оқиды, бұл еліміздегі барлық оқушы­ның 2,3%-ын құрайды. Осы мектептерде сабақ беретін мамандар дайындау жұмыстары да қолға алынды. 42 жоғар­ғы оқу орнында үш тілді дамытатын жүйеге байланысты ағылшын бөлімдері ашылды. Бұл тұрғыда біраз сын айтыл­ған соң, бұған да өзгерістер енгізіліп жатыр.

ӨЗГЕ ҰЛТТАР ҚАЗАҚША  ОҚИ БАСТАДЫ...

Қазақстан – көпұлтты ел. Оның көрінісін ұлттық мектептердің дамуы­нан көруге болады. Елімізде 3717 қазақ, 1312 орыс, 12 өзбек, 11 ұйғыр, 1 тәжік мектебі және 5 басқа ұлттың мектептері бар. Оларда 2385,9 мың қазақ, 392,7 мың орыс, 129,9 мың өзбек, 51,9 мың ұйғыр, 32,6 украин, 25,7 әзербайжан, 24,1 ­татар, 17,1 кәріс, 15,6 түрік, 11,2 тәжік, 6,2 қырғыз, 60,2 басқа ұлттардың балалары оқуда. Соңғы он жылда қазақ оқушылары 556 мыңға өскен, орыс оқушылары – 16 мыңға, өзбек – 27,6 мыңға, ұйғыр – 7,8 мың, әзербайжан – 5,4 мың, кәріс – 2,9 мың, тәжік – 2,9 мың, қырғыз – 1,8 мың, түрік 0,5 мыңға көбейген. Керісінше, украиндық оқушылар саны 5,5 мыңға, татарлар 0,05 мыңға төмендеген. Демография, миграция, мектептерді ірілендіру, үлкен мектептер ашу сынды жаңалықтар мектептер санына да елеулі өзгерістер әкелді. Мысалы, орыс мек­теп­терінің он жылда 573-і қысқарған, соның ішінде Солтүстіқ Қазақстан облысында – 190, Павлодар облысында – 76, Қостанай облысында – 64, Қара­ғанды облысында – 55, Ақмола облы­сында 53 орыс мектебі қыс­қар­тылған. Ал осы мерзімде республика қөлемінде орыс мектептеріндегі оқушы­лардың саны 16 мыңға өскен. Сонда әрбір орыс мектебінде 2008 жылы оқитын оқушы­лар саны 199 бала болса, он жылдан кейін, яғни 2018 жылы ол көрсеткіш 299 балаға дейін көбейген. Жалпы жоға­рыдағы факторлардың әсерінен орыс мектептерінің көпшілігі шағын, аралас деңгейде. Ал өзбек, ұйғыр мектептері іріленіп келеді. Мұнда мектептер қыс­қа­рып, оқушылардың саны өсуде, өзбек мектептерінің саны 63-тен 12-ге дейін азайса, өзбек оқушы­лары 27 мыңға өскен, ұйғыр мектептері 15-тен 11-ге азайса, оқушылар саны 7,8 мыңға өскен. Еліміздің білім саласындағы бір ерек­шелік, басқа ұлттың өкілдері соңғы жылдары қазақ, орыс мектеп­терін таңдауда. 130 мыңнан астам басқа ұлттардың баласы қазақ мектептерінде, ал 85,5 мың өзге ұлттардың баласы орыс мектептерінде білім алуда. Қазіргі жаһандану заманында әр елдің жауапкершілігі, міндеттері еселене өсуде. Дүниежүзінде қазақ халқы 15 млн-нан асты. Соған сай сан мен сапа пара-пар болуы тиіс. Бүгін­гідей бәсеке заманында әр азаматтың қабілеті зор болуы керек, яғни білім-білік сынды қасиеттер жекелеген ерек­ше адамдарда ғана емес, барлы­ғымыздан табылғаны абзал, ол – уақыт талабы. Ал жақсы білімнің негізі мектеп қабырғасында қаланатыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі таңда қазақ мектеп­терінде көптеген тың жаңа­лықтар, атап айтсақ, жаңа оқулықтар, жаңа бағдар­ламалар, жаңа методикалық оқу құрал­дары енгізілуде. Дамыған елдердің тәжірибелері де соңғы жыл­дары біздің қазақ мектептерінде қеңінен пайда­ланылуда. Мысалы, барлық Назарбаев зияткерлік мектеп­терінде қазақ сынып­тары бар. Жыл сайын педагогика мамандығына 12 мың грант бөлінеді, оған қосымша әрбір жергілік­ті әкім­діктер өздерінің грантын береді. Педа­гогика мамандығы бойын­ша мұға­лімдердің білім жетілдіретін «Өрлеу» ұлттық орталығы 2011 жылдан­ бері  ұстаздарды ағылшын тілінде оқытатын арнайы бағдарламаны іске асырып келеді. Бұл бағдарлама бойынша 3900 мұғалім Ұлыбритания, Жапония,­ ­Испа­ния,­ Португалия, Германия универси­теттерінде арнайы дәріс алып келді. Дегенмен, түйінді мәселелер де жоқ емес. Ауылдағы үш ауысыммен оқыта­­тын және апатты жағдайда тұрған мектептердің жайы өзекті. «Дипломмен ауылға», «Серпін» сынды бағдарла­маларға әлі де екпін берілуі тиіс. Қазақ мектептерінің даму кезеңінде арнайы орта білім беретін колледждерде де оң өзгерістер болып жатыр.­ Соның ішінде қазақ бөлімдері тез өсуде. ­Коллед­ж­­дерде қазақша оқитын студент­тердің саны 289,6 мыңға жетті. Бұл барлық колледжде оқитын 489,8 мың студенттің 59,1%-ын құрайды. Ал қазір республика­мыздағы 130 жоғары оқу орнында 542,4 мың студент дәріс алуда, соның ішінде қазақша оқитын студент­тердің саны 350,4 мыңға жетті, бұл еліміздегі барлық студенттің  64,6%-ын құрайды. Елімізде 1992 жылдан бастап жекеменшік мектептер ашыла бастады.­ Бүгін­гі таңда олардың саны 120-ға жеткен, соның 51-і – Алматыда, 12-сі­ — Нұр-Сұлтан қаласында. Алматы­ облы­сында – 8, Шымкентте – 7, Ақтөбеде – 7, Ақтауда – 5, Өскеменде – 4,­ ­Қоста­най­да – 4, Таразда – 3, Оралда – 3, ­Се­мейде – 2, Петропавлда – 2, Атырауда – 2, Қызыл­ордада – 1, Қарағандыда – 1, Теміртауда – 1, Ақмола облысында — 1 жекеменшік мектеп жұмыс істеуде.  Олардың көпшілігі аралас мектеп, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқытады. Жекеменшік мектептер арнайы бағдарламалар шеңберінде, қосымша сабақтар беру, шет тілдерін тереңдете оқыту, әр оқушыға жеке тұлға ретінде ерекше көңіл бөлу арқылы өздеріне тартуда. Соңғы жылдары мемлекет пен жекеменшік әріптестікті дамыту бағдарла­масына сәйкес, жеке меншік мектептерге мемлекеттік тапсырыс­тар беріле бастады. Мысалы, 2018 жылы Шымкент қаласында – 3310 орынға, Нұр-Сұлтан қаласында – 3721, Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған «Сымбат» мектеп-интернатында  600 баланы оқытуға мемлекеттік тапсырыс берілді. Ал алдағы 2022 жылы  республиканың 3 өңірінде 89 жекеменшік мектепте 56300 баланы оқытатын мемлекеттік тапсы­рыс берілу жоспарланып отыр. Бола­шақта білім саласына жеке басты қаржыландыру жүйесі іске қосылған кезде, жекеменшік мектептер саны қарқынды түрде өседі деген болжам бар. Соңғы он жылда қазақ мектеп­терінде сабақ, дәріс беретін ұстаздар­дың саны да өсіп келе жатыр. 2018-2019 оқу жылында барлық мектепте 338775 оқытушы жұмыс істеді, ал 2008-2009 оқу жылында бұл көрсеткіш 279982 болған. Демек, он жылда мұғалімдердің саны 58793-ке өскен. Осы орайда бізді алаңдататын бір жағдай, соңғы жылдары ұстаздар ара­сында білім саласынан кету деректері көптеп кездесуде. 2016-2017 оқу ­жылында білім саласынан 11 704 оқытушы  кеткен болса, 2017-2018 оқу жылы бұл көрсеткіш 12 154-ке жеткен. Сонда он жылдың ішінде орта есеппен 100 мыңнан астам ұстаз білім саласынан кетіп қалған. Басты себеп – жалақының төмендігі. Қазіргі таңда бұл бағытта қабылданып жатқан түрлі іс-шаралар әлі де қауқарсыз. Жыл сайын педаго­гика саласының маманын дайындап шығару үшін 12 мың грант беріледі. Он жылда 120 мың грант бөлінсе, 61 мың грант артығымен беріледі. Зейнет жасына, денсаулығына, отбасылық жағдайларға және басқа да түрлі ­себептерге байланысты бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін, бірақ жалпы ахуалға айтарлықтай әсер ете қоймас. Сонда жыл сайын 17,5 млрд теңгені қосымша грантқа жұмсағаннан гөрі, бұл қаржы мұғалімдердін жалақысына жұмсалар болса, онда жыл сайын әр ұстазға 51,5 мың теңге қосуға болар еді.

ҰСТАЗДАН  ҚАРЖЫ АЯМАЙЫҚ

Еліміздегі барлық саланы эко­но­ми­калық жағынан саралап келгенде, айлық жалақысының төмен­дігі жағынан мұғалімдер  ең соңғы орында орналас­қан. Сондай-ақ бұл көрсеткіш көп жыл бойына өз орнынан мызғымай, сақта­лып қеледі. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін түрлі жол іздестірілуде. Солардың бірі – Ұлттық дәрежелік тестілеу жүйесі. Бұл сыннан өткен оқытушы­лардың жалақысына ­30-50% үстеме ақы төленеді. Өткен оқу жылында біліктілік сынға түсетін бұл тестілеу жүйесіне 56 910 оқытушы қатысып, 36 272-сі (63,7%) қажетті балл жинап, екінші турға өткен. Қазіргі дайындалып жатқан, педагог-мұғалім дәрежесін қөтеруге арналған Заң ­жобасы осы негізгі жалақы мәсе­ле­сін­ түбегейлі шешуі керек. Бюджетте мұғалімдердің төлемақысының деңгейін нақты белгілеп, инфляциядан қорғай­тын коэффициенттер ескеріліп, шеші­мін заңды түрде енгізіп, бекітетін уақыт келді. Адам капиталы туралы соңғы жыл­дары көп айтып келеміз. Оның маңыз­дылығын, стратегиялық орнын бәріміз білеміз. ­Ендеше, бүгінгі таңда адам капиталының негізін қалайтын, яғни мектеп оқушыларын сапалы оқытып шығаратын мұғалімдердің жалақысы бюджеттің стратегиялық, экономи­калық, әлеуметтік қауіпсіздігі міндетін атқаратын категориясы деп қарау керек. Егер бюджеттен жылына 1,2 трлн теңге оқытушылардың жалақысына жұмсала­тын болса, ол экономикадағы сұра­нысты осы көлемге ұлғайтумен бірдей деген сөз. Осы уақытқа дейін біз өнді­рушілерді қолдап келсек, енді тұтыну­шыларды да қолдайтын кез жетті. Яғни экономиканың екі жағын теңестіретін уақыт келді, былайша айтқанда, біз осы мәселеге келіп тірелдік. Мұны шешпей әрі қарай жылжу мүмкін емес деп ойлаймын. Білім саласында біз атқарар, қолға алар жұмыс өте көп. Мектептердің, оның ішінде мақаламыздың басында айтып кеткен қазақ мектептерінің алдында тұрған орасан жұмыстар шаш-етектен. Соның ішінде ең басты міндет­теріміздің бірі – жаңашыл, болашаққа бейімделген, отансүйгіш, алғыр, бәсе­кеге қабілетті, кез келген қиындықтарға дайын жас буын дайындау. Қазақ мектептерінің санын көбейтіп қана қоймай, ондағы жеткіншектерді қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, мәдениеті мен өнері сынды құндылық­тарымызға тереңдете, сапалы оқыта білуіміз керек. Олар – біздің болаша­ғымыз. Қазақстанды Мәңгілік ел ететін сол өрендер. Сондықтан мемлекет мұға­лім мәртебесін көтеруі тиіс. Баламызға қалам-дәптер ұстатып, әріп танытып, одан әрі оқытып, азамат етіп шығарып, үлкен жолға салатын ұстаз деген қауымнан қаржыны аямауымыз керек, жалақысын көтеру қажет. Бұл үшін біздің әлеуетіміз жетеді деп ойлаймын.

Демография, миграция, мектептерді ірілендіру, үлкен мектептер ашу сынды­ жаңалықтар мектеп­тер санына да елеулі өзгерістер әкелді. Мысалы, орыс мектептерінің он жылда 573-і қысқарған, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында – 190, Павлодар облысында – 76, Қостанай облысында­ – 64, Қарағанды облысында – 55, Ақмола облысында 53 орыс мектебі қысқар­тылған. Ал осы мерзімде республика көлемінде орыс мектептеріндегі оқушылардың саны 16 мыңға өскен. Сонда әрбір орыс мектебінде 2008 жылы оқитын оқушылар саны 199 бала болса, он жылдан кейін, яғни 2018 жылы ол көрсеткіш 299 балаға дейін көбейген. Жалпы жоғарыдағы факторлардың әсерінен орыс мектептерінің көпшілігі шағын, аралас деңгейде. Ал өзбек, ұйғыр мектептері іріленіп келеді. Мұнда мек­тептер қысқарып, оқушылардың саны өсуде, өзбек мектептерінің саны 63-тен 12-ге дейін азайса, өзбек оқушылары 27 мыңға өскен, ұйғыр мек­тептері 15-тен 11-ге азайса, оқушылар саны 7,8 мыңға өскен.

ОҚУШЫДА – ЫНТА, МҰҒАЛІМДЕ – ҚҰЛЫҚ БОЛМАЙ ТҰР

Гүлжаһан ОРДА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор

ХХІ ғасыр басында әлемдегі озық тәжірибелер қазақстандық оқу жүйесіне енгізіле бастады. Қазіргі таңда орта және жоғары мектептер Блум таксономиясы бойынша­ оқытылып, PISA (Programme for International Student Assessment), TIMSS сияқты оқушылардың функционалдық сауаттылығын тексеру мен бағалаудың халықаралық бағдарламасына енді. Бұлар оқушылар қабілетін тексеру мен бағалаудың әлемдегі озық бағдарламасы ретінде танымал. Осы бағдарламалар бойынша мектеп мұғалімдері соңғы жылдары деңгейлеп оқыту, жаңартылған білім мазмұнын игеру үшін біршама семинарларға қатысып білімдерін жетілдірді, біліктіліктерін арттыр­ғанына үстеме еңбекақы алуда. Жаңа бағдарламаны оқу жүйесіне енгізу оңай шаруа емес екені тарихтан белгілі. Ол көп ізденуді, ыждағаттылықты, білімді қажет етеді.

Қазақстанның болашағы бастауыш,­ орта және жоғары мектепте қалана­тын болғандықтан, қазіргі таңда мектеп­ оқулықтарындағы олқылықтар қоғамның ең өзекті мәселесі. Мектеп оқулықтарын жазу үшін бірінші кезекте­ оның бағдарламасы жасалады. Ал бағдарламаны кімдер жасағаны жөнінде ақпарат жоқ. Себебі бағдарлама ұжымдық еңбек болғандықтан, онда оқулықтағыдай ­авторлар көрсетілмейді. Сонда кемшілікті оқулықтан емес, бағдарламадан іздеу керектігін ұмыт қалдырамыз. Жаңартылған білім беру бағдарла­масының мақсаты – «азамат ретінде өз көзқарастарын қалыптастыруда және мінез ерекшеліктері мен құндылықтарын, жеке дағдыларын дамытуда, адамзатқа ортақ сұрақтарды зерттеуде әдебиеттің маңыздылығын айқындай білуді және түсінуді үйрету. Пән мазмұнында әдебиеттің тарихпен, мәдениетпен, қоғаммен, тәрбиемен сабақтастықта меңгертілуі оқушының дүниетанымын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға оң ықпал етеді» деп көрсетілген. Бағдарламаның мақсаты айқын болғанымен, тілі жұтаң, сөйлемдер шұба­лаңқы. Тәжірибе барысында­ нәтижеге қол жеткізу оңай болмай тұр. Сондықтан аталған бағдарламаға айтылар­ сын жетерлік. Ендеше, аталған бағдарламаның жетістігі мен кемшілігіне үңіліп көрелік: Біріншіден, бағдарламада оқушылар­дың шығармашылық жұмыспен айналысуына мол мүмкіндік қарастырылған. Өткен жылы «Балдәурен-Қапшағай» респуб­ликалық оқу-сауықтыру орталы­ғында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған республикалық семинар өтті. Семинарға оқулық ­авторлары, сарапшылар мен мұғалімдер қатысты. Мұғалім­дердің баяндамаларын тыңдау, шеберлік сыныптарын көру барысында көп нәрсені түйдік. Жаңа бағдарламаның негізгі мақсатын толыққанды түсінген мұғалімдер керемет жетістіктерге жетіп, оқушылардың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасалғанын баса айтса, екінші топтағылар оқу жүйесіне еніп кеткен жаңартылған бағдарламаның қандай мақсатқа негізделіп жасалғанынан бейхабар болып шықты. Екіншіден, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар алдыңғы кезекке­ шықты. Сол арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан көшпенділер өркениетін оқытуға бет бұрдық. Кеңестік дәуірде тарихымызды Қазан төңкерісінен бастағанымыз есте, ал бұл бағдарлама сан ғасырлық тарихымызды түгендеуге мүмкіндік берді. Үшіншіден, саннан сапаға көшу­ негізге алынды. Оқулықтың бағдарла­ма­сын ­жасаушылар көптеген ақын-жазушылардың шығармашылығын қамту­ды қажет деп таппай, әр дәуірдің көрнекті өкілдері арқылы ұлттық әдебиеттің тұтас тарихын сақтап қалуды көздеді. Төртіншіден, пәнаралық байланысқа арнайы көңіл бөлініп, тапсырмалар берілді. Бұл үрдіс ХХ ғасыр басында Алаш арыстары­ шығарған мектеп оқулықтарында да бар болатын. Оған жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеу, жаңаша білім беру мақсатында жазылған А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, Е.Омаров, Н.Төреқұлов, М.Дулатов, С.Қожанов, Ә.Ермеков, Ф.Ғалымжанов, Б.Сәрсенов, И.Тұрғанбаев, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, т.б. оқу құралдарынан мысал­дар келтіруге болады. Бесіншіден, Блум таксономиясы бойынша­ қарапайымнан күрделіге қарап оқыту көзделген. ««Қазақ әдебиеті» пәндік білімнің мазмұны түсіну және жауап беру, анализ және интерпретация, бағалау және салыстырмалы анализ, дағдыларды қалыптастыратын бөлімшелерден тұрады». Бұл айтылғандар жаңартылған білім беру бағдарламасының жетістіктері ретінде танылмақ. Осы айтылған мәселелердің жүзеге асуы қалай, білім жүйесінде неден­ ұттық, неден ұтылдық ­деген сауалға үңілетін болсақ, ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болып тұр... Біріншіден, пәннің мақсатында көрсетілген қарапайымнан күрделіге қарай оқыту бағдарламада сақталмаған. Халық ауыз әдебиеті тұрмыс-салт жырлары сияқты шағын жанрдан басталып, эпосқа қарай оқытылу керек еді. ­5-сыныпта «Қобыланды батыр» жырын, 7-сыныпта Орхон-Енисей ескерткіштерін оқыту балалардың жас ерекшелігін ескермегендікті байқатады. Сол сияқты орта сыныпта поэма, ­роман оқыған оқушылар жоғары сыныпқа барғанда шағын өлең мен әңгіме оқиды ­(7-сыныпта М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» ­поэмасын, 9-сыныпта І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын оқыған бала 10-сыныпта­ Ұ.Есдәулетовтің «Біз түркілерміз», 11-сыныпта С.Сейфуллиннің «Сыр сандық», Қ.Аманжоловтың «Өзім ­туралы», Т.Молдағалиевтің «Бауырлар» өлеңін оқумен шектеледі. 8-сыныпта М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы оқытылса, 10-сыныпта Ш.Мұртазаның «Тәуекел той» әңгімесі оқытылады). 11-сыныптың 2-тоқсанында С.Елубай­дың­ «Жалған дүние» романы мен Қ.Аманжоловтың «Өзім туралы» өлеңі оқытылады. Жоғары сынып оқушысының тоқсан бойы бір роман, бір өлең оқуы тым аз екені ескерілмеген. Екіншіден, бұған дейін қалыптасқан оқу жүйесінен бас тартамыз, жаңашылдыққа ден қоямыз деп, әдебиеттің аясын тарылтып­ алдық. Бағдарламада саннан­ сапаға көшуді үйлестіре алмадық. Қаламгерлерді іріктеу барысында көрнекті ақын-жазушылар бағдарламаға енбей қалды. Мәселен: 1. Сал-серілер мен халық ақындарының шығармашылығы ұлттық әдебиеттің басты ерекшелігі болып көрсетілу керек еді. 2. С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сияқты әдебиеттің үш алыбы бірге жүру керек еді. 3. Сондай-ақ М.Әуезов оқылған жерде С.Мұқанов қоса оқытылу керек. Ғ.Мүсірепов тұрған жерде Ғ.Мұстафин де жүруге тиіс. Оқулықтағы жүйесіздік, міне, осындай мысалдардан көрінеді. 4. Қазақ мектебінде оқитын балалардың төмендегі қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет алмайтыны өкінішті. Олар: 1. Спандияр Көбеев  «Үлгілі тәржіма», «Үлгілі бала» жинағы мен «Қалың мал» романы. 2. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Сарыар­қаның кімдікі екендігі?», т.б. өлеңдері. 3. Сәбит Мұқанов «Сұлушаш» поэмасы, «Балуан шолақ» повесі. 4. Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романы. 5. Нұрпейіс Байғанин «Нарқыз», «Ақкенже» поэмасы. 6. Иса Байзақов «Құралай сұлу», ­«Алтай аясында» поэмалары. 7. Тайыр Жароков «Тасқын», «Жапанды­ орман жаңғыртты»,   «Тасқынға тосқын»­ поэмалары. 8. Ғали Орманов «Қарағай», «Емен». 9. Әбу Сәрсенбаев «Сен құрметте оны». 10. Дихан Әбілев «Сұлтанмахмұт» ­роман-трилогиясы. 11. Қалижан Бекхожин «Науан батыр» поэмасы. 12. Ғафу Қайырбеков «Дала қоңырауы» поэмасы. 13. Мұзафар Әлімбаев «Аспандағы әпке» жинағы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілген.  14. Оспанхан Әубәкіров «Сүзеген сөз» жинағына енген өлеңдері. 15. Шона Смаханұлы «Ұр, тоқпағым, ұр» жинағына енген өлеңдері. 16. Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын» поэмасы. 17. Сырбай Мауленов «Құлыншақ», «Бала жолбарыс» жинағы. 18. Жұмекен Нәжімеденов «Менің Қазақстаным», т .б. 5. 10-сыныптың 2-тоқсанында ­Жүсіп­­бек­тің «Ақбілек» романына қара­ғанда «Қартқожасы» дұрыс еді. Себебі «Ақбілек» романының ішінде әйел мен еркек арасындағы анайы оқиғалар жиі кездеседі. 6. 11-сыныптың 2-тоқсанында Қасым Аманжолов Смағұл Елубайдан кейін оқытылады. Қасымның «Жамбыл тойында»­ (1938) поэмасы немесе қазақ ақыны Абдолла Жұмағалиев туралы «Ақын өлімі туралы аңыз» (1943) поэмасы оқы­тылу керек. Қасым Аманжоловтың «Өзім тура­лы» өлеңін тапсырмамен де беруге болады. Болмаса «Туған жер» өлеңін беру керек. 7. Осы сыныптың 4-тоқсанында Тұманбай Молдағалиевтің жалғыз өлеңін оқыту дұрыс емес. Дәуір суреті туралы «Хаттар, хаттар» поэмасы тақырыпқа сай келмесе, ел бірлігі, тұтастығы үшін күрескен батырлар туралы «Атантай ата» поэмасы оқытылу керек. Үшіншіден, бағдарламада жүйесіздікке жол берілген. 10-сыныптың 4-тоқса­нын­дағы «Заман, дәуір тұлғасы» тақырыбы бойынша Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» романы, ­Шахмардан Құсайыновтың «Томирис»­ драмасы, Ш.Мұртазаның «Тәуекел той» әңгімесі оқытылады. Жүйе қайда? Жазушы­ларды әдебиетке келген уақытына қарай жүйелеу неге ескерілмейді? Ш.Мұрта­за­ның бар ғұмырын арнаған «Қызыл жебе» роман-эпопеясы мен «Ай мен Айша» ­романы неге мектеп бағдарламасында жоқ? «Қызыл жебені» кеңестік дәуір тұсында мектеп оқушылары оқыды емес пе? Төртіншіден, ұлттық әдебиет классик­терінің орнына қазіргі әдебиеттен Н.Айтұлы, Ж.Бөдеш, О.Асқар, Н.Ақыш, Ұ.Есдәулет, Р.Мұқанова, А.Кемелбаева, А.Алтай, М.Райымбекұлы, Қ.Сарин, Е.Әбікенұлы сияқты қаламгерлер қам­тылған. Аға буын өкілдерінің қатарынан С.Сматаев, Д.Досжанов, Т.Медетбек, Е.Раушанов, С.Ақсұңқарұлы орын алу керек еді, ал жастарды­ оқулыққа кіргізу­дің қисыны жоқ. М.Райымбекұлының «Көшбасшы» ­поэмасы мен Е.Әбікенұлы­ның «Пәтер іздеп жүр едік...» әңгіме­сінің көркемдігі сын көтермейді. М.Райымбекұлы өз замандастарының ішінде постмодернизмді алып келген, әдебиетке жаңа құбылыс жасаған талантты ақын ретінде танымал. Оның лирикасының орнына аталған поэмасының оқытылуы ақынның ­шы­ғарма­шылығына нұқсан келтіріп тұр. Сондықтан М.Райымбекұлы, Қ.Сарин, Е.Әбікенұлы шығармаларын оқулықтан алып тастауға негіз бар. Бесіншіден, әдебиеттің тарихын дәуірлеп оқытудан айырылып қалдық. Әр дәуір туралы шолу тараулардың берілмеуі мұғалімдерге де, оқушыларға да қиындықтар туғызуда. Мәселен, ҰОС туралы бағдарламада сөз жоқ. Сондықтан 40-жылдардағы әдебиет пен майдангер қаламгерлерді оқулықтан таба алмайсыз. Себебі өткен ғасырдың 40-жылдары қазақ әдебиеті әлемдік деңгейге көтерілді. Жамбыл бастаған халық ақындары мен Б.Бұлқышев сияқты майдангер қаламгерлердің отты жырлары кеңес халқы мен әскерін көркем сөздің құдіретімен жігерлендірді. Оқулық ­авторлары бағдарламада жоқ дүниені өз тарапынан қоса алмайтынын осындай дүниелерден аңғаруларыңызға болады. Дәуірлеп оқытудан көз жазып қалғаны­мызды бағдарлама авторлары шиыршық әдісімен түсіндіреді. Ал осы бағдар­ламамен оқытып отырған «Жалпы тарих» пен «Қазақстан тарихы» пәндері ежелгі дәуір, орта дәуір жаңа заман деген сықылды дәуірлеп оқыту жүйесін сақтап қалды. Қазақ әдебиетінің бағдарламасындағы кемшілік, міне, осы тұрғыдан көрінеді. Алтыншыдан, әдебиеттің тарихы мен ­теориясы сақталғанмен, сыны назардан тыс қалды. Сонымен бірге қоғам өмірін сын тезіне алатын сатириктердің бірде-біреуі оқулыққа енбеген. Жетіншіден, оқушылардың білімін күнделікті әр сабақ сайын бағаламаудың (баға қоймаудың) салдарынан білім деңгейіміз төмендеп кетті. Ұстаздар қауымы жаңартылған бағдарламаны игеруде түрлі тәсілдерге көп көңіл бөлгендіктен, пән мазмұны тасада қалып қойды. Мектеп оқушыларының әдебиетті оқымайтынын мектептен, не оқулықтан іздеудің қисыны жоқ. Үйде ертегі тыңдап өспеген бала әдебиетті қайдан сүйсін? Оқушыда неге ынта жоқ, мұғалімде неге құлық жоқ? Себебі оқушы кітап оқуға бала күнінен жаттықпаған. Оған оқулық кінәлі емес. Сондықтан мектеп оқушыларының әдеби шығарманы оқымайтынын отбасынан іздеген жөн. Ал елдің баласына білім береміз деп, өз баласына қарауға мұршасы келмейтін мұғалімдердің еңбекақысы сол еңбектеріне сай емес. Сол үшін мұғалім­дерді қағазбастылықтан құтқарып, сабаққа дайындалатын уақыт қалдыру керек. Сегізіншіден, білімнің негізгі фунда­менті бастауыш сыныпта қаланады. Өздеріңіз жұмыс істейтін мектепке сараптама жүргізіп көрдіңіздер ма? Бастауыш мектепке сабақ беріп жүрген ұстаздардың біліктілігін тексеріп көріңіздер. Қаланы білмеймін, ауыл мектептерінің бастауыш­ сынып мұғалімдерінің дені сырттай оқып диплом алғандар. Ал біздің балалардың негізгі құрамы ауыл мектептерінде оқитынын ескеретін болсақ, болашағымыздың тамырына балта шауып жатқан да сондай ұстаздар. Бұл ұстаздар қайдан шықты? Педагогикалық оқу орнына түсушілерге жоғары талап қою керек. Себебі сол ұстаздарға білім беріп, қолына диплом ұстататын жоғары оқу орындары. Міне, мәселе қайда? Қазіргі таңда білім жүйесіндегі осындай келеңсіздіктерге мемлекет тарапынан тосқауыл жасайтын уақыт келіп жетті. Конкурстан өтпей қалған бітірушілерді ақылы негізде оқытуды тоқтату – бүгінгі білім жүйесінің өзекті мәселесі. Тоғызыншыдан, мектеп мұғалімдерін ЖОО дайындайды. Жоғары мектептен шалажансар білім алып шыққан бакалавр мектепке барғанда өзінен сауатты балаға не береді? Бакалаврлар неге шаласауатты десеңіздер, қазіргі таңда студенттердің дені жан бағу үшін жұмыс істейді. Неге? Себебі ақылы бөлімде оқиды, не болмаса елдегі әке-шешесінің беретіні жоқ болғандықтан, өз күнін өзі көруге мүдделі. Сол үшін болашақ ұстаздар дайындайтын педагогикалық оқу орындарына жаңартылған білім беру бағдарламасы жөнінде арнаулы курстар енгізу керек. Осы мақсатта Абай атындағы Қазақ педагогикалық ұлттық университеті бака­лавларға жаңартылған білім беру бағдар­ламасы бойынша арнайы курстар енгізді. Қорыта айтқанда, жоғарыда көрсетіл­ген­ өзекті мәселелер жаңартылған білім беру бағдарламасы мен «Қазақ әдебиеті» оқулығын жетілдіре түсу керек­тігін байқатады. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың тапсыр­масымен қазіргі таңда «Оқулық орталығы» мен Педагогикалық ғылым академиясы бірлесіп оқулықтың ғылыми-педагогикалық сараптамасын ұсынып, авторлар мен сарапшыларды бекітілген 19 функцияның 128 критерийімен оқытуды бастап кетті. Қазіргі таңда сарапшылардың ғылыми-педагогикалық сараптамасы­ бойынша авторлар қауымы жұмыс істеуге кірісті. Бұл бастама да қолға кеш алынып­ отыр. Себебі үстіміздегі жылы 11-сыныптың оқулықтары жазылуда. Оқу бағдарламасында әдебиеттің дәуірі сақталып, қалыптасқан жүйемен оқытылу керек. Ол үшін төмендегідей ұсыныстарды қолға алу керек деп ойлаймыз. Олар: 1. 5-11 сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын жетілдіру үшін жаңартылған білім беру бағдарламасына өзгерістер енгізу керек; 2. 5-11 сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының бағдарламасын жасауға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары қатысу керек; 3. 5-11 сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығына М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары сарапшы болу керек.

Құрғақ  теория бар, іс-әрекет жоқ...

Ұлан ЕРКІНБАЙ, А.Байтұрсынұлы атындағы Білім Академиясының директоры, филология ғылымының кандидаты:

Жаңартылған бағдарламаның жыры ертерек басталды. Елбасы Н.Назарбаевтың 2004 жылғы Жолдауында білім берудің әлемдік бәсекеге қабілетті жаңа сатысына көшуіміз керек екендігі баса айтылды. Елбасының 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы негізінде ел Үкіметі «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық жоспары» бекітілді. 

Құжаттағы негізгі міндеттердің жалпы мазмұны: мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық практикасын зерделеуден, білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету мен білім сапасын бағалау мен мониторинг жүргізу жүйесін дамытудан тұрады. Жалпы функционалды сауатты адам деген қандай адам? Оның қандай ерекшелігі бар? Бұл сауалдарға кешенді түрде жауап іздеген халықаралық зерттеу ұйымдары жеткілікті. ЮНЕСКО пайымында функционалды сауатты адам – қазір­гідей мың құбылған заманда әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық өмірге белсене араласуға бейім, сондай-ақ тұла бойы өмір бақи білім алуға қажетті қадір-қасиетке толы жан. Жалпақ тілмен айтқанда, еті тірі адам. Қалай болғанда да жа­санды интеллект пен ХХI ғасырдың үздік 10 дағдысының пәрменіне қарсылық таныту күн өткен сайын қисынсыз болып келеді. Жаһандық бәсекелестік ­тұ­жы­рымдамаларының ықпалы ең әуелі білім беру саласын нысанаға алатыны түсінікті. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) оқушылардың функционалдық сауаттылығына қатысты тұрақты халықаралық бағалау жүргізіп келеді. Еліміз бұл аламанға алғаш рет 2009 жылы қатысқан. Зерттеу нәтижесінде: «Қазақстанның PISA мен TIMSS-қа қатысу нәтижесі республикадағы жалпы білім беретін мектептер педагогтерінің мықты пәндік білім беретіндігін, бірақ оны нақты өмірдегі жағдайларда пайдалануға үйретпейтіндігін көрсетеді» ­деген қорытындығы келген. Яғни мұны «құрғақ теория бар, іс-әрекет жоқ» деп түсінеміз. Ұлттық жоспар аясында осы бағдарламаға мемлекеттік қазынадан 25 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ұлттық жоспардың негізгі орындаушылары ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» және жергілікті атқарушы органдар болып бекітілген. Оқушыларға басы артық абстрактілі-теориялық білім мен бітпес тапсырмалар беруді жойып, білім мазмұнының неғұрлым практикалық сипаттағы болмысын қалыптастыру кешенді жобасының қысқаша тарихы осындай. Егер ескі және жаңа бағдарламаны салыстыратын болсақ, онда екеуіндегі білім мазмұнының берілуіндегі айырмашылық жер мен көктей екенін көреміз. Ескі бағдарламада мақсаттың орындалуындағы нақтылық деген атымен жоқ. Оны мойындауымыз керек. Жалпы шолу! Бір сағатта бір кезең не бір ғасырдың көркем мұрасы туралы ҰБТ-лық ақпаратты /үлгерсе/ беру. Ал жаңартылған оқу бағдарламасында оқу мақсаттарын күрделендіріп алған. Тіпті бакалавр деңгейінде де ауыр болып келетін тақырыптар көп кездеседі. Бұл туралы бағдарлама авторлары «қазіргі оқушылардың деңгейінің жоғары, танымдық, ақпараттық мүмкіндігінің мол» екендігін алға тартады. Ал оқу мақсаттарының сынып жоғарылаған сайын күрделене түсуі, керісінше, құптарлық жағдай. Яғни оқу мақсаттары арқылы берілетін тапсырма нәтижесінде білімнің дағдыға айналу үдерісі орын алған. Бұл жаңа бағдарламаның бірден-бір ерекшелігі деуге болады. Дей тұрғанмен, оқу мақсаттары туралы әлі де пысықтайтын жайттар жетерлік...

5397 рет

көрсетілді

165

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы