• Қоғам
  • 24 Қазан, 2019

«Жақсының жақсылығын айт...»

Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Бақытты отбасы» атты жаңа бір бағыт іске қосылған болатын. Бұл бағдарламаға төрт және одан да көп балалы және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар қатыса алады. 

Осыған орай Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында көп балалы үш отбасыға жаңадан үй кілттері табыс етілді. Аталмыш үйлердің екеуі мемлекет тарапынан, ал біреуі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Жангелді Досан­ның қаржысымен түгелдей жаңартылып, жиһазбен жабдықталып, даяр күйінде мұқтаж отбасыларға берілді. Ауыл тұрғындары мемлекетке және сол өңірден шыққан бүгінгі күннің атымтай жомартына алғыстарын жаудырды. Алматы облысы «Нұр Отан» партия­сы төрағасының орынбасары Гүлнар Қожағұлқызы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алға қойған мақсаттарына орай жергілікті жерде партияның қайта жаңғыру жұмыстары іске асып жатқанын атап өтті. «Солардың ішінде партияның маңызды жобалары – «Бақытты отбасы» бағдарламасының іске асқанын көріп қуанып, партия­ мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты­ Жангелді Көшімбайұлының бүгінгі игі ісіне куә болып жатырмыз» деді Г.Қожағұлқызы. Баспаналы болған алты баланың анасы Қадырбек Жәмилә 2003 жылы Қытайдан қоныс аударғанын айтады. «Біз бұған дейін пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. 2011 жылдан бері үй алу кезегінде едік. Бүгін ерекше қуаныштымыз» деп, игі іске мұрындық болған аудан басшылығына алғысын білдірді. Ал 5 баланың анасы Алмагүл Манапбаева­ ертеректе оңтүстіктен осы өңірге еңбек етуге келіп, тұрақтап қалыпты. Отбасының үй кезегіне тұрғанына 10 жылға жуықтаған екен. Үш баласы жүйке жүйесінің ауруына шалдыққан. Осылайша баспанадан мұқтаждық көрген отбасы демеушінің көмегімен арманына қол жеткізді. «Бес баламды бауырыма алып, қайда барарымды білмей жүргенде кәсіпкер Жангелді Досановтың көмегімен баспаналы болдық. Пәтердің іші-сыртын жаңалап, жиһазбен жабдықтап, дайын­ күйде беріп отыр. «Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, жұрт ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек» дейді халық. Осы сөз осындай жанашыр азаматтарға қарата айтылған сияқты. Алла Тағала оған тек жақсылық, отбасына амандық берсін» дейді қоныс тойын тойлап жат­қан Алмагүл Манапбаева. Шелек аймақтық ақсақалдар кеңе­сінің төрағасы, ҚР Журналистер ода­ғының мүшесі Әбілбек Айтақынов «Қазақта бұрыннан келе жатқан озық дәстүрлер бар. Сол дәстүрді бүгін Шелек өңірінде ғана емес, Қазақстанның бар аймақтарында жаңғыртып, жетімдерімізді жебеп, алтын құрсақ аналарымызға көмек көрсетіп, мұқтаж жандарға қол созып жатқан игі істер қолға алынуда. Мемлекетіміздің өзі бастап, Президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен көп жұмыстар атқарылуда. Сондай шараның бүгін куәсі болып отырмыз. Міне, жерлесіміз көп балалы отбасыға жақсылық жасап, соның құрметіне үлкен дастарқан жайып, тоймен жалғастырып жатыр. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ол спорт, музыка, өнер саласында жаңадан қадам басқан жастарға үнемі жақсылық жасап келеді. Кезінде Бекзат Саттарханов алғаш спортқа аралас­қан кезде қамқорлық көрсетіп, демеуші болды. Қанаттанып, өсіп, чемпиондық дә­режеге жетуіне қол­ға­быс тигізген адам» деп ағынан жарылды.

Шелек ауылдық №1 жалпы орта мектебінің директоры, ҚР Білім беру саласының үздігі Ардақ Қырықбай қайырымды жандарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ол өз сөзінде ауыл мектебінде де көп игі жаңалықтар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, Алматы облысында бірегей болып алғашқы IT және робототехника кабинеті, цифрлы кітапхана ашылған екен. Соның арқасында мектеп оқушылары мектеп бағдарламасындағы 100 әдеби кітапты оқып, кез келген уақытта бір сыныпта 30 оқушы бірден «Абай жолы» романын оқуға мүмкіндік алды. Мектептегі домбырашылар оркестрі де шығармашылық тұрғыдан жақсы дамып келеді. Мұндай іс-шараларға демеушілік көрсетуде мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде кәсіпкер азаматтың еңбегі ерен екеніне тоқталды. Мектепте 38 жыл жұмыс істеген ардақты ұстаз Күлпәш Оспанқызы аналар атынан алғысын білдірді. Жалпы Еңбекшіқазақ ауданы бойынша­ 8632 көп балалы ана бар екен. Үй мәселесімен кезекте тұрған отбасылар саны 162. Оның ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасымен мемлекет тарапы­нан 10 үй берілген болса, кәсіпкерлердің қолдауымен 4 үй беріліпті. Алдағы уақытта өңірдегі көп балалы мұқтаж отбасылар баспанамен түгел қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

2285 рет

көрсетілді

52

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы