• Білім және ғылым
  • 31 Қазан, 2019

Талаптыға таңдау көп

Жуырда Алматы қаласында «Kazakhstan Education Fair 2019» шетелдік және қазақстандық университеттердің көрмесі өтті. NOVA Education компаниясы ұйымдастырған көрмеде бакалавриат, магистратура, докторантура (PhD), шетелдік оқу орындарына түсуге арналған дайындық пен біліктілікті арттыру курстары, семинар, тренинг, кадр дайындау және қайта даярлау бағыттары бойынша шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының жаңа оқу бағдарламаларын ұсынды. Халықаралық «Kazakhstan Education Fair 2019» білім көрмесіне Қазақстанмен қатар, АҚШ, Германия, Гонконг, Қытай, Оңтүстік Корея, Польша, Ресей және Ұлыбританияның алдыңғы қатарлы университеттері қатысып, 40-тан астам жоғары оқу орны өз стендтерін ұсынған. 

Алдымен әр оқу орнын аралап, өзін мазалаған сұрақтарға жауап іздеп жүрген оқушыға көзіміз түсті. Әңгімеге тартып едік, өзін Абылай Байрамтегі деп таныстырды. «Мен Сүлеймен ­Демирел атындағы қазақ-түрік лицейінде оқимын. Мұнда сыныптастарыммен, сынып жетекшіммен бірге келдім. Білім көрмесінде таңдау өте көп екен. Әдемі жылтырақ зат көргендей басымыз айналып қалды. Мен аэронавтика-инженер немесе космонавтика-инженер мамандығын таңдап отырмын. Білім көрмесіне келіп, бұл мамандық Гонконг мен ­Канада мемлекеттерінде терең әрі жақсы оқытылатынын білдім. ­Талаптары мен емтихандары өте қатал екен. Оқу орнын әлі таңдамадым, ең бастысы мен қайда және қалай дайындалатынымды түсіндім» дейді Абылай. Көрмеде оқушыларға бар білгенін түсіндіріп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген студенттер де аз емес. Олардың қатарында Әділжан Нәрік те бар. Ол Гонконг университетінде бизнес экономика мамандығында оқиды. Әділжан да былтыр дәл осы көрмеге келіп, өз арманына қанат бітіріп қайтқан. «Мен Елордадағы Назарбаев мектебінің түлегімін. Былтыр білім көрмесіне қатысып, өз жолымды таптым. Көрменің және мектебімнің қолдауымен құжаттарымды жинап, емтиханыма дайындалып, толық грантқа ие болдым. Мұндай көрмелердің жиі өтуі өте маңызды. Себебі мектепті жаңа бітіріп жатқан балалар қай жақта қандай мүмкіндік барын біле бермейді. Сондықтан жол көрсетіп, жөн сілтейтін мұндай шаралардың маңызы зор деп ойлаймын. Гонконг – мүмкіндіктердің қаласы. Мәселен, «Гонконг – дүниежүзілік экономикалық орталық» дейді, менің таңдаған мамандығым бизнес экономика болғандықтан, дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын. Сонда төрт жыл оқып, ол жақтың экономика сала­сындағы барлық аспектілерін біліп, үйреніп, түйсініп, сол мүмкіндіктерді өзіміздің елге ендіру – басты мақсатым» деді ол. Біз осы орайда «Kazakhstan Edu­cation Fair 2019» халықаралық білім көрмесін ұйымдастырушы NOVA Education ком­паниясының директоры Ерден ­Шаймарданмен әңгімелесіп, біраз жайтқа қанық болдық. Айтуынша,­ оқушылардың көбіне таңдайтыны – Америка, Канада,­ ­­Англия.­ Бірақ бұл мемлекеттерге әркімнің қалтасы көтере бермейді екен. – Соңғы уақытта оқушылар Польша,­ Чехия мемлекеттерінің жоғары оқу орындарына қызығушылық танытуда. Себебі тілі жеңіл, тез үйренуге мүмкіндік бар. Оқу ақысы да Қазақстанмен сәйкес келеді. Сонымен қатар Оңтүстік Корея мен Гонконг мемлекеттерінде білім алуға көп мүмкіндік жасалып ­жатыр. Олардың университеттері өте сапалы,­ рейтингтері жоғары, барлық сала ағылшын тілінде оқытылады. Біздің грант иегерлері сол жаққа көп барады. Соңғы кезде – қонақүй бизнесі мен туризм саласы сұранысқа ие. Бәріңізге белгілі, біздің елде туризмге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мамандықты оқу үшін жастар көбінесе Швейцарияға ­барады. Ал емтихан жағына келсек, кейбір елдерде ҰБТ-мен қабылдайды. Мысалы, Гонконг ҰБТ-мен есептеледі. Әрине, алдымен тіл, содан кейін ҰБТ. Дегенмен, ҰБТ-да 130 балдан жоғары алуға тиіс. Талаптары өте жоғары, ағылшын тілінің деңгейі IELTS емтиханының балы 6,5-нан жоғары болу керек, – дейді Е.Шаймардан. «Мектепті жаңа бітірген жас ­баланы бірден шетелге жіберу дұрыс па? Оның кері әсері жоқ па?» деген сауалымызға ол былай деп жауап берді: «Біз бала оқуға тапсырарда, ата-аналарымен, мектептегі мұғалімдерімен ақылдасамыз. Негізі әр бала шетелге баруға дайын бола бермейді. Ондайда бала өзіне жауап бере алатын, өзінің әлемдік көзқарасы қалыптасқан болу керек. Құндылықтарды білу ­керек. Ешқашан үйден шықпаған бозбаланы бірден шетелге жіберуге өз басым қарсымын. Кейбір ата-аналар жіберемін деп келеді, ал баласымен, мұғалімдерімен сөйлессек, бала дайын емес. Қарапайым ғана мысал, барған соң өзі тамақ істей алмайды, шетелде әртүрлі мәдени өзгерістерге ұшырағанда баланың ойы, санасы өзгеруі мүмкін. Сол үшін біз балалар осы жақта, әсіресе қыз балалар көбінесе Қазақстанда жоғары білім алсын, магистратураға баратын кезде шетелге барсын деп кеңес береміз. Бір балалар пысық, ерте жетілген болады, интернатта өмір сүрген, үйінен алыс тұрған, ондай балалар шетелде оқуға дайын болып келеді. Кейбір елдерде 18-ге толмаған баланы қабылдамайды. Мысалы, Венгрия мемлекеті 18-ге толғаннан кейін ғана қабылдайды». Білікті басшы қазіргі таңдағы тиімді саналатын мамандықтар жөнінде де өз ойымен бөлісті. ІТ, компьютер, технология, қаржы салаларын, ­сон­дай-ақ «education management» сынды­ білімді басқаруға, ұйымдастыруға үйрететін мамандық түрлерін ерекше атады. Бүгінде Қазақстанда білімге көп ­инвестиция салынып, қаражат бөлініп, жаңадан мектептер мен университеттер ашылып жатқанын, жастар бірнеше тілді сапалы игеретін болса, мүмкіндік мол екенін айтты.

Ақбота МҰСАБЕК

1038 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы