• Мәдениет
  • 06 Қараша, 2019

Би-аға өмірінен сыр шертті

Алматыдағы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған кеште І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры Би-ағаның өмірі мен шығармашылығын арқау еткен «Қаламгер» (Би-аға ­туралы тамшылар) атты қойылымын ұсынды. Оған ­Би-ағаның ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Алматы қаласы әкімдігінің жауапты қызметкері ­Данияр Әлиев қаламгер мұрасының өшпейтінін, жастайынан жоқшылықтың кермек дәмін татқан Бейімбеттің шығармалары елімен бірге жасай беретінін атап өтіп, жазушының немересі Дәмен апайға сый-құрмет көрсетті. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып қаламгердің жүріп өткен өмір жолы мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. Сахнадағы қойылым көрерменін бірден баурайды. Өткен ғасырда қазақтың басынан өткен теперіш тағдыр көз алдыңа елестейді. Бір жасқа толмай әкесінен айырылған бала Бейімбеттің даладан жүгіріп келіп: «мені тас жетім деп мазақтап жатыр» деп әжесінің құшағына енуі, әжесінің «ілім-білім ал, дәстүр-салтыңа адал, халқыңа сүйкімді бол» деп берген батасының арқасында елге танылған жазушы Бейімбеттің өмірден өткенге дейінгі тағдырын шебер суреттеген актерлердің шеберлігіне тәнті боласың. Бейімбет пен Гүлжамалдың арасындағы сүйіспеншілік, шынайы махаббат бүгінгі жастарға үлгі-өнеге. Гүлжамалдың түрмедегі Бейімбетке талай есікті ашып, кездесуге әрең келгенде оған түрме қызметкерінің әпербақандық жасауы да кей адамдардың сұрқиялығын бейнелейтін тұс. Тұңғыш перзентінің есімін Аукен қоятынын, яғни ауыл кең деген мағынаны білдіретінін айтқанда туған жеріне деген құштарлықты сезесің. «Мына сені адам қылған совет өкіметін неге айтпайсың? Өзің бейшара, сорлы күн кешкен ауылды неге сонша жырлайсың? Ауыл, ауыл дейсің, ауыл саған не берді?» деген тергеушінің сөзіне «Ауыл – қазақтың жаны.Ауыл деген – әкем, ауыл деген – анам...» деп қасқая жауап беруі иландырмай қоймайды. Алашбай Баймырзаев есімді көрермен: «Көңіл босады. Бұл қазақтың тарихы, қазіргі жастар оны білмейді. Ұялы телефонға үңілгеннен гөрі, кітап оқыса, осының бәрі көз алдына елестер еді. Қазақ халқы үшін, елі үшін жанын пида еткен, еліне адал қызмет атқарған ұлыларымызды ешкім ұмытпауы керек» десе, бейімбеттанушы, марқұм Жұмабек Табынның жары Гүлзат Нұрмолдақызы «сол бір ауыр жылдар, тарих көз алдыма елестеді. Қойылым өте әсерлі. Актерлер сол замандағы өмір шындығын, Би-ағаның өмірі мен шығармашылығын сәтті алып шықты. Тіпті Бейімбеттің рөліндегі актердің кескін-келбеті жазушы Бейімбеттің өзіне ұқсайды екен» деп, әсерлі қойылымды толқи отырып қабылдағанын жеткізді. Қойылымның режиссері – Әлия Баймахан. Ал ­басты кейіпкерді Нұрлан Байшин, бала Бейімбет бейнесін Әлижан Бек, әжесін Шара Мүсілова, Гүлжамалды Қымбат Әуезханова, НКВД бастығын Нұрлыбек Кенжеахметов, тергеушіні Төленді Әлғожин сомдады. Қойылым соңында Бейімбет Майлин атындағы қордың директоры Салтанат Майлина бірқатар актерлерді «Бейімбет Майлин атындағы төсбелгімен» және Алғыс хатпен марапаттады.

Бағдагүл Балаубаева «Ана тілі»

1214 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы