• Қоғам
  • 07 Қаңтар, 2011

Астана асығы алшысынан түсті

Әрине, өткен жылдың басты жетістігі – Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткеніміз және Астанада ұйымның кезекті қорытынды декларациясын қабылдағанымыз. Егер жаһандық ауқымда ой толғар болсақ, бұл – жер шары халықтарының аса қауіпсіз әлемге деген үміті мен сенімін білдіретін жалпыға ортақ тарихи жеңіс. Ал Қазақстан шеңберінде өзіміздің геосаяси капитал жасап, жаһандық ойыншылардың қатарына қосылғанымызды танытатын прецедент. Иә, Барыс жылы барысындағы басты оқиға­ның басты жаңалығы сол, Ыстамбұлдағы жиыннан кейінгі 11 жылдың ішінде алғаш рет ЕҚЫҰ-ның декларациясы қабылданды. Реттік саны бойынша бұл – нөмірі алтыншы құжат. Әрине, бұған дейінгі қабылданған құжаттың бесеуі де өз заманының мәселелерін көтерген маңызды заңдық фактілер еді. Ал бұл оқиға, басқасы басқа, ұйымның өзіне қатысты бағдар бойынша құрылымдық өмірінде жаңа кезеңге бастау болып отыр. Айталық, сол Декларацияның өзінде «56 елдің әрқайсысы «Ванкуверден Владивостокқа дейін созылып жатқан еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістікте қауіпсіздік жөніндегі тең дәрежелік құқықты пайдаланады, олар басқа бір елдермен қауіпсіздік саласында одақ құру немесе бейтараптылықты сақтау құқына ие» делінген. Онда ешбір ел өзінің жеке қауіпсіздігін басқа мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіре отырып қорғау құқына ие емес екендігі атап көрсетілді. Яки осы бастаманың қозғаушысы, Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, бүгінде Еуропалық және Азиялық қауіпсіздікті жеке-жеке қамтамасыз ету мүмкін емес. Оны бәрі де түсінеді. Ал ол мақсаттың үдесінен шығу үшін ортақ құндылықтарды, ұстанымдар мен міндеттемелерді негізге ала отырып, ажырамалы белдемдерінен ада ажырамас бірегей қауіпсіздіктің еуроатлантикалық, еуразиялық қоғамдастығын құру қажет.

Өз кезегінде Астана Декларациясында осы стратегияға негіз қаланып, ЕҚЫҰ барлық өлшемдері бойынша қағидаттар мен міндеттерді орындау жөнінде берік шешімдер бекітіле түсті. Бұл да біздің ортақ құндылықтарымыз бен түйінді мәселелерді шешу жолындағы ұстанымдарымыздың тұтастығын айғақтайды. Жасыратыны жоқ, 1975 жылы тұңғыш рет ұйымның өміршеңдігі есебінде қабылданған «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесінің қорытынды актісі», яки уақыт талабына орай 1990 жылы рәсімделген екі бірдей «Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясы» мен «Еуропалық қарулы күштер жөніндегі келісім» құжаттары да, араға үш жыл салып, 1993 жылы қабылданған «Агрессиялық ұлтшылдық жөніндегі келісім» құжаты да – бәрі-бәрі ұйымның соңғы Түркияда өткен Саммитінде 1999 жылы қабылданған «Еуропа қауіпсіздігі хартиясы» болсын, Астана Саммитінде «Астана декларациясы» құжатына негіз әрі материалдық база болды. Мұны мойындауға тиіспіз. Хельсинки шартын алмастырған құжатта ЕҚЫҰ-ның ұстанымдары бүгінгі заман талабына сай көрсетілген. Елбасы атап көрсеткендей, ЕҚЫҰ қиындықтарға дайын болуы тиіс. Сондықтан талдау жұмысын жақсарту көзделген. Бұл мақсатта Астанада болжам орталығы құрылмақ. Қазақстан атынан нақты осындай ұстаным көтерілді. Осылайша Астана Декларациясы барлық қатысушы мемлекеттердің ортақ ұстанымдарын қамтыды. Сонымен ұйым төрағалығындағы ең бас­ты жетістігіміз не? Біріншіден, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға басшылығы барысында гөй-гөйі екі мыңыншы жылдардан бері айтылып келе жатқан еуразиялық векторды қалыптастыра алдық. Осы жанға медеу, дәтке қуат. Бұның өзі келешекте Батыс пен Шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жақындастыра түседі. Яғни осы үдеріске өз мүддеміз тұрғысынан келер болсақ, тоғыз жолдың торабында, өркениеттер қиылысында орналасқан ел ретінде бұдан біз тек қана ұтамыз. Сонымен қатар Астана Декларациясын қабылдау бойынша қатысушы мемлекеттер арасында ымыраға келудің оңай болмағанын да атап өткен жөн. Онда қалай десеңіз де, Елба­сының беделі мен еліміз­дің салмағы таразыға түсті және де барлық деңгейлерде қайта жүк­телді. Бұл – екі. Баршаға мәлім, Саммитке өлшен­ген желтоқсандық екі күн өте қарқынды, қызықты өтті. Пікірталастар қызу жүрді. Оны талқылау алдын ала жоспарланған бір жарым сағатқа емес, он сағатқа таяу уақытқа созылды. Осының өзі біраз жайттан хабар берсе керек. Кейінге ысырылып келе жатқан жанжалдар бойынша ерекше ескертулер болды. Мүдделі тараптар бойынша құжатқа қосқысы келетін әртүрлі тілектер бой көрсетті. Мысалы, әу бас­тан Ресейдің қорытынды құжатқа Грузиядағы әскери жанжалды білдіретін сілтемені енгізуді қолдамайтындығы белгілі болып қалды. Ал ресми Тбилисидің ЕҚЫҰ Саммитінің қорытынды құжатына 2008 жылдың тамызында Оңтүстік Осетияда орын алған кикілжің енгізіледі деп үміт күтетіндігі хабарланған болатын. Ресей делегациясы бұл ұсынысқа барынша қарсылық танытты. Бұдан бөлек, Армения мен Әзірбайжан арасында орын алған Таулы Қарабақ мәселесінің түйткілдері де үлкен әңгіме өзегіне айналды. Алайда бұрыннан қордаланған дау-дамайларды реттеу жөнінде нақты жоспар әзірге жоқ. Рас, қарсылас тараптар Таулы Қарабақ, Приднестровье мен Осетия бойынша ортақ мәмілеге келе алмады. Дегенмен іштегі қыжылдарын сыртынан көңірсітпей, бір-біріне бетің бар, жүзің бар демей, бетке айтуға мүмкіндік алды. «Жалпыдан жалқы шығады» демекші, егер еске салатын болсақ, Таулы Қарабақ 1991 жылы өзінің Әзірбайжаннан тәуелсіз екенін жариялаған болатын. Алайда Әзірбайжан оны өз құрамында сақтап қалғысы келді. Таулы Қарабақты Армения қолдады. Осыған орай орын алған жанжалдан екі жақ 30 мыңдай адамынан айырылды. Ақырында, Әзірбайжан Таулы Қарабақ өңіріне бақылау жасау мүмкіндігін қолынан шығарып, Таулы Қарабақ республикасы құрылды. Бірақ оның тәуелсіздігін әлі күнге дейін бірде-бір мемлекет таныған емес. Міне, осындай қиындықтарға қарамастан, Елбасы айтпақшы, біз белсенді түрде бұл мәселе­лермен айналыстық әрі жалпыға ортақ ымыраға қол жеткіздік. Өз кезегінде осынау ымыраның өзі барлық 56 мемлекеттің келісімін білдіреді. Бұнда бір мемлекет қарсы шықса, құжат қабылданбайды. Жалпы, мемлекеттер мен өркениеттер арасын­­дағы қарым-қатынастарды жаңа бағытқа бұру аса маңызды. Бұл тұста 13 баптан тұратын Астана декларациясы әлем қауымдастығының қауіп­сіздігін іс жүзінде қамтамасыз етуді көз­дейді. Отандық сарапшылар бұдан «Астана рухы­ның» лебін сезеді. Астана Декларациясын­да ұйымның барлық өлшемдері бойынша қағи­даттар мен міндеттерді орындау жөнінде берік шеші­мімізді бекіте түстік. Бұл біздің ортақ құндылықтарымыз бен түйінді мәселелерімізді шешу жолындағы ұстанымымыздың тұтастығын айғақтайды. Астана Декларациясы, негізінен, қауіп­сіздікке қатысты 13 бөлімнен тұрады. Оларда ЕҚЫҰ аумағындағы қауіпсіздік, 1975 жылы Хельсинкиде қабылданған қарарларды орындау және ұйымға мүше мемлекеттердегі созылмалы теке­тірестерді бейбіт шешу мәселелері бе­кітілген. Сондықтан да осындай-осындай дәйектерге иек арта отырып, Астана Декларациясы арқылы біз шын мәнінде тағдырлы шешімдер қабылдадық дей аламыз. Әділдігін айту керек, ЕҚЫҰ Саммитінің Астана Декларациясы ұйымның бұдан арғы дамуының берік негізі болады. Бұл туралы Тәуелсіздік сарайында ЕҚЫҰ Саммитінен кейін, журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та осылай деді. Қалай десе де, қатысушы елдер ұйымның іргелі құн­дылықтарын қолдайтындығын тағы бір қуаттады. Бұл арқылы олар ұйымның дамуы мен рөлін арттыруда, қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда ынтымақты екендіктерін білдірді. Бәрін айт та, бірін айт, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан көп­теген кедергілерге қарамастан, сан қилы мемлекетті біріктіре алды. Ендігі кезден бастап Ұйымға мүше елдердің барлығы Ас­тана Декларациясына бағынатын болады. Ерболат МАМЫРАЙХАН

18996 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы