• Ақпарат
  • 06 Қараша, 2019

Көп көрсем де қатал тағдыр тепкісін...

Мінуар ӘКІМХАНОВ

Мінуар ӘКІМХАНОВ, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты 

ШӨКТІРЕ АЛМАС  ДАҢҚЫҢДЫ

Ақын едің ой өрісі іргелі, Арман қудың, қадам бастың ілгері. Сырт теппедің маңдайымнан сипадың, Жарты ғасыр мен жаныңды білгелі.

Айтар ойын жан дүниесін жұрт ұққан, Ақын едің оқырманы пір тұтқан. Аламанға қосылғанда шығармаң, Талай мәрте оза шауып жүлде ұтқан.

Деген адам емеспін ғой білем көп, Бере алмаймын бар ісіңді түгендеп. Қатарыңнан оза шауып сен кеттің, Биіктерге қанат қағып тік өрлеп.

Болмасаң да елге билік жүргізген, Жан емес ең жүрегінен жырды үзген. Алаңдама абыройға жеткізер, Келеді ұлың өзің салған нұрлы ізбен.

Көңіл көзін саған қарай бұрсам бір, Ақ қағазға жазыпсың ғой мың сан жыр. Жақұттайын жарқылдаған ойыңды, Түсінуге балаң күшін жұмсап жүр.

Сүйдің жастан қара ормандай халқыңды, Оған арнап жазған жырың бар құнды. Алға озса да алақұйын замана, Шөктіре алмас сенің таудай даңқыңды.

ҚОЛ ҮЗБЕЙІН

Жүргенің белгілі алыс шақырымда, Сені іздеп көңіл шіркін шарқ ұруда. Түсті ме аяғыңа тұсау бәлкім, Келмедің телефонға шақыруға,

Есімнен көрген жоқсың шығып бір күн, Қадірін сағыныштың шын ұқтырдың. Кеудемнің түкпіріне орнап қалдың, Үстіне өскендей бір шыбық құмның.

Білемін кеттің үнсіз шалғайға ұзап, Демедің жолға қарап сарғайды ұзақ. Жыр арнап, жария еттім газеттерге, Бір сәтке қиялымды қалмай тұсап.

Жүректі сағыныштың шырмағаны, Тағдырдың шығар бәлкім шыңдағаны. Кешіргін, кеш түсіндім, амалым не, Мен үшін жан екенсің шын бағалы.

Өзіңе жолығатын жол іздейін, Тамаша табыстырса сол із кейін, Бейнеңді күнде есіме түсіретін, Әйтеуір сағыныштан қол үзбейін.

*** Көп көрсем де қатал тағдыр тепкісін, Демеді ешкім сен ысылған ептісің. Оқырманның жүрегіне жол тартса, Өкінбеймін өлең өрген текті ісім.

Өлең – өнер қойған ауыр ойды артып, Тұрады әркез көкірегімде ол тарпып. Біреулерге түспесін деп көлеңкем, Жүрем ылғи жамандықтан бой тартып.

*** Теректің басын қар бүркеп, Майысып қалды бұтағы. Ала қарға қаңғып кеп, Шықылықтады бұл тағы.

Ышқынып боран соғады, Кезі сирек тыншитын. Аяз бетті сорады, Мінезі қызық шымшитын.

Өтті демде дүркіреп, Қысқы бақтың күлкісі. Дамыл таппай жүр күреп, Қалың қарды бір кісі.

*** Бір демде ашу қысып, алабұртып, Көрмедім жақыныммен жаға жыртып. Қаладан қашып шықсам ызғар буып, Алады өзім өскен дала жылытып.

Жүрген жоқ, дос-жаранға сыйым кетіп, Сөз айттым өз бойыма, сыйымды етіп. Табысқа теңестірем бір танысқа, Тұрса егер жыр арқылы сырым жетіп.

Еске алып, өткен күнді тізбектесем, Мен саған талас-тартыс кіл беттесем. Тырбанып қарапайым тірлік кештім, Болмадым мықты мансап іздеп көсем.

Тартсам да тапшылықты жан қысыла, Мықтының бас ұрмадым жарғысына. Өне бойды өңмеңдемей таза ұстап, Ешкімнің қалған жоқпын қарғысына.

ҚАСҚЫРҒА ҚАРСЫЛЫҚ

(Баллада)

Аш бөріден шошынған алабұртып, Бір топ елік зымырап, барады үркіп. Енесінен кейіндеп қалған лақ, Боталаған көз жасын алады іркіп.

Таңғы нұрға жатқанда дала кілкіп, Жайылымнан топ елік барады үркіп. Әлгі нәзік лақты көре сала, Көтерілді аспанға қара бүркіт.

Қиын сәтті салған соң тағдыр басқа, Қос өкпені амал жоқ талдырмасқа. Алаңдайды артына елік-ана, Жау қолына лағын қалдырмасқа.

Ақ қойын өрістеткен жалғыз өзі, Жігіттің топ елікті шалды көзі. Ойы бар, қасқырды ұрмақ тұра шапты, Болатын атының да әлді кезі. Дәнігіп, жеген талай жас құлынды, Өкшелеп жетті жігіт қасқырыңды. Ұрмаққа ұмтылғанда құлақ түптен, Тұяғы тұлпарының тасқа ұрынды.

Болса да жігіт аулақ жасық езден, Көңілін кім жұбатар жақсы сөзбен? Әнекей, ат жығылды үзілді үміт, Өкініп жерге тамды жасы көзден.

Жас лақты демеңіз мықты шығар, Қуаты жоқ қуғынға, тіпті шыдар. Осы сәтте қиқулап бір бүйірден, Қасқырға қарсы шапты жылқышылар.

Қамшы ұстап атқа қонған дүйім мықты, Қасқырды құлақ түптен ұрып жықты. Жылқышы жігіттердің жігерлі ісі, Бөледі қуанышқа мұқым жұртты.

Тыныштық бұзылмасын қайталап бір, Дегендей жадырайды ай қабақ қыр. Аш бөріден құтылған елік-ана, Лағын бауырына алып аймалап тұр.

КӨКТЕРЕК

Сағындым туған ауыл – Көктеректі, Өзіме содан алдым көп керекті. Жаныма жақын тартқан ару бірақ, Кеудемнен кері итеріп өкпелетті.

Серуендеп жүргенімде қырмен кешкі, Сол ару көп жылдан соң бір кездесті. Есейіп, егделікке бой ұрғанда, Оңаша ой бөлістік сырмен де ескі.

Шомылған ай нұрына қыр сілемі, Тілдестік ұйып қалған тылсым еді. Көріскен ескі таныс сол арада, Ақтарды талай-талай сыр сүбелі.

Көненің терек сырлы бейне көзі, Жан сырым осынау бір жерде ме өзі? Тыншимын сол теректің саясында, Болғанда тіршіліктен кейде мезі.

ІЗІҢ ЖАТЫР  НАРЫНҚОЛ КӨШЕСІНДЕ... (Әбітай ӘДЕНОВКЕ)

Жүрегі сырқаттанса жыр емдеген, Жан едің, «жауға» намыс жібермеген. Түбінде көкірегімнің түнеп қалды, Тәтті үнің, қатар басып жүрем деген.

Өнерді биік қойған күн көрістен, Дос едік,талай тәтті сыр бөліскен. Сыйласып, сыр алысып, тату жүрдік, Емеспіз жүз шайысып, біз керіскен.

Бірі едің мақтан тұтар өр тұлғаның, Газетте өтті еңбекпен көп жылдарың, Тойлауға алпысыңды аз қалғанда, Өкініш болды-ау, сенің көз жұмғаның!

О, тәңір, пенделікті кешесің бе? Көз жас тұр өкініштің кесесінде. Ой қуып, сайран салған Нарынқолдың, Әбітай, ізің жатыр көшесінде.

Болғансың құрдасым да, сырласым да, Жүруші ең әзіл айтып кіл қасымда. Жан-жақты біліміңді білдіретін, Бар еді батыл ойлар бір басыңда.

Кей-кейде сөйлеп кетсең көңілденіп, Жүретін асыл-арман сөзіңде еріп. Нық басып осы күнге жетсең егер, Сексенді қалар еді көзің көріп.

Еске алдым өтіп кеткен сол бір кезді, Қаламгер болдың анық өткір сөзді. Білемін, тіпті сені жақтырмайтын, Жандарды ойы таяз секпіл көзді.

Кемімес қанша жылдар өтсін бағаң, Қайсар ең қайғы ұрғанда морт сынбаған. Отырып оңашада бір кеңседе, Шерткенің есімде әлі көп сыр маған.

Тірліктен емес тегі аз түйгенім, Өмірін талайлардың жас қиды өлім. Жан-жарың, бала-шағаң, қабыл көрсін, Бұл менің рухыңа басты игенім.

*** Есейдім мен уақыт өтіп сырғанап, Тарлан тарттым, мазасыз ой жұлмалап. Көп адамға аға екенмін, аңғардым. Жігіт болған жан ұлыма бір қарап.

Болмаса көп кеудеме арман тұнғаны, Аздау әлі жазған жырым тұлғалы. Талай жылды өткеріппін алда енді, Белгісіз ғой қандай сындар тұрғаны.

*** Бір сәтке атыңды атап хабарласпай, Кеттің ғой біздің жаққа қадам баспай. Шықпайсың түнде түстен, күндіз естен, Жабыстың сағыныш боп маған жастай.

Ұшқан жоқ сезім гүлің желге сенің, Кетпеді көңілімдегі селге сенім. Кездейсоқ ұшырассаң бақытты боп, Салмағын сағыныштың сезбес едім.

*** Сертіңнен сол сәттегі тайдың ба шын, Белгілі енді маған қайрылмасың. Сенімім бірге кеткен секілді бір, Сен десем, қуаныштан, қайғым басым!

Гүл едің оқшау өскен жаным бір түп, Еліктей елсіз шетке бардың ба үркіп? Оңаша отырғанда сені ойласам, Кетеді менің демім жалын бүркіп.

*** Өмірдің көрген талай қарлы күзін, Тыңдаймын, қарттарымнан әңгіме ұзын. Таңдаған өз жолыммен жүріп келем, Біреудің көргенім жоқ аңдып ізін.

Демеймін, жұрт білмейтін жаңаны аштым. Көлденең көп ойменен жағаластым. Бал күнін балалықтың ұзатып сап, Азамат міндетіне араластым.

Көп ойды жарқылдаған іштей терем, Кейбірін қол жетпейтін күштей көрем, Асуын албырт шақтың ассам-дағы, Тобына мықтылардың түспей келем.

* * * Сағынтып келер хабардай, Іздеймін сені жырым-дос. Бақыттан ажырап қалардай, Қорқамын өтсе күнім бос.

Жолықса да ауыр бейнеттер, Кеудемде жаттың жыр тұнып. Қап-қара шимай кей беттер, Дәптерден кеттің жыртылып.

Ізде деп нағыз жырға азық, Шарлатса қиял әлемді. Шабыттан кейде бір жасық, Тумайды ойлар әдемі.

Іңкәр ғып мені жүр түспей, Арманның құсы қолға әлі, Жарқ етіп жанып, бір түстей, Бітпесең өлең болғаны.

*** Ақ еркем арманыңа мен егіз ем, Қалайша үмітімді сенен үзем? Бейне бір жоқ іздеген адамға ұқсап, Қай күні жолығар деп елегізем.

Оранып от сезімге алып ұшқан, Арылған бір күнім жоқ сағыныштан. Мені іздеп келе жатқан сен бе екен деп, Қараймын қара жолдың шаңына ұшқан.

АЗАМАТПЫН ЕҢСЕЛІ

Асыл анам тұрмын саған жыр жолдап, Ақ тілеуің қуат беріп, жүр қолдап. Маған қарай қол көтерсе бір мықты, Қалар дейсің сенен өзге кім қорғап?

Болса-дағы бауыр аман, бас бүтін, Ақталған жоқ әзірге анам ақ сүтің, Бұлт бүркеп, қарауытса күн көзі, Тілейсің сен жан ұлына жақсы түн.

Көксегенмен күнде көріп тұрсақ деп, Бермейді өмір оған рас мұрсат көп. Табысқанда қуанамын, анашым, Тау бұлағын тапқандай бір сусап кеп.

Өттің талай, ауыр сыннан, белестен, Жадау күндер шықсын оңай неге естен?! Жолыңа енді гүл егуді көксеп жүр, Қос құлының сенен өрбіп, тел өскен.

Неге керек, көкірекке мұң таңып, Оң мен солын ұлың бүгін жүр танып. Ести қалсаң жақсы әңгіме мен жайлы, Кетер білем, жанарыңнан нұр тамып.

Қолында бар жауға сілтер семсері Қайраты мол азаматпын еңселі, Бақытты боп жүрер едім, жан ана, Қуанышыммен жасарта алсам мен сені.

АҚ ТҮТЕК

Байлығын төгіп аспан үстемелеп, Тастады даланы аппақ түске бөлеп. Әнші құс жылы жаққа жылыстапты, Келерін қатал қыстың білсе керек.

Жаңылып әуенінен жұрт ұнатқан, Өзендер жуасыпты жұлқына аққан. Мұртына мұз байланып, шалға ұқсапты, Жас жігіт кең далада жылқы баққан.

Теректен боран қарды қалғанда үрлеп, Сыпырды ақ жаулығын алған бүркеп. Таңдайын жібітіп тұр жылтыр мұздың, Ертеңгі күн көзінен тамған нұр кеп.

Ақ түтек соққанымен қанша озандап, Тіршілік қалмас, сірә, арқа қозғап. Әйтсе де, жалқау жасты осы бір қыс, Түрі бар жіберетін қайта сомдап.

*** Тағы да даламызға көктем келді, Жұмсартты жұмыр жерден өктем желді. Күлімдеп күн көзінен түскен сәуле, Құлпыртты сай-саланы, көк пен жерді,

Жүзіне кәрі жердің нұр жүгіріп, Тоң еріп, тау да, тас та тұр жылынып. Көп өтпей жасыл көктем жазға ұласса, Кетеді шоқ боп жанып, құм жылынып.

Бойына ып-ыстық бір тылсым тарап, Түсті әне, тау төсінен мұз сырғанап. Қонақ боп қалыпты тек шыңда аппақ қар, Дегендей адам көзі тұрсын қарап.

Күн жылы, ауа да жоқ ызғарлы ағын, Сыпырды тау шыңдары мұз қалпағын. Дүниеге күліп кірген ару көктем, Далама шашу етті қызғалдағын.

Жер көктеп, орман гүлдеп, құстар келіп, Көңілге қонақтады құштар желік! Нанбасаң қарашы өзің тауға шығып, Өріп жүр сонау қия, құздарда елік!

Аяңдап, тау сағалап, жылға қусаң Көрерсің қаптағанын қырға жусан. Қауышып қалардайсың жастығыңмен, Жүзіңді анау аппақ нұрға жусаң. *** Айнымас адал достай жаным сенер, Өзіңсің жүрегіме жалын себер. Анамды көргендей боп қуанамын, Көзіме сенің төбең шалынса егер.

Сағынбай тұрман ауылым, көзім жеткен, Бал дәурен балалығым өзіңде өткен. Сүйген жар алақаны деп білемін, Айқара құшақ жайып, желіңді өпкен.

Бастағам мен өзіңнен жырдың басын, Сендегі ел жүрегімнен сыр тыңдасын. Ауылым өсіп-өнген өреніңнің, Өлеңге өзек етем нұр тұлғасын!

БОЗҚАРАҒАН

Қапталға қаулап өскен бозқараған, Жан едім, саған жастай көз қадаған. Есейіп, ержеткенде жырдан бүгін, Кеудеме өзің болдың сөз қадаған.

Тілде тұр кермек дәмің мұрын жарған, Десем мен, демейді ешкім бұның жалған. Аймаққа ажар беріп жатқандай бір, Жалтылдап, жап-жасыл боп, нұрың жанған.

Жас шақта құрбылармен ойын қуған, Өзіңсің бұғынбаққа тойындырған, Жарқылдап қақ ортаңда жүрген шақта, Болды рас, тікенекке, «тоным құрбан».

Жас дәурен қолын бізден үзгені ме? Жетіппіз талай жерге біз де, міне. Бозқараған түбінде түсініксіз, Бір кезде шарпылған ем қыз деміне.

Тым-тырыс жатқан жасыл бозқараған, Талай сыр табар сенен көз қараған, Думаным басылмасын десең егер, Қойныңды аш, қолыңды үзбе, бозбаладан.

Жол ашқан махаббатқа боз даладан, Сенімді серігім ең бозқараған. Ортаңа бара қалса балғын жастар, Сырлассын, сырт қарама, сөз бер оған!

Боздала, Бозқараған, бозқыраулы, Бір сәтке сені көріп көз қуанды. Жасырман жасыл ағаш өзіңе арнап, Игерген секілдімін сөз құрауды.

Осынау боз даланы жарып тақыр, Жатырсың жан-жағыңа жайып тамыр. Бар десем көз тартатын көрік сенде, Бұйырмас әлдекімдер айыпқа бір.

БҰЛАҚ СУЫН КЕШТІМ ДЕ

Қырда туып, тау сағалап өстім де, Бұлақ суын жалаң аяқ кештім де. Жапондардың даяшысы секілді, Қол қусырып, иліккем жоқ ешкімге.

Содан болар, жақпай жүрмін көп елге, Енді құрық салған жанға көнем бе?! Алған беттен қайтпасыма сенемін, Алмас қылыш ойнап тұрсын төбемде.

*** Кез болғалы өнерлі ойға киелі, Қарау істен қашып жүрмін күйелі. Дос адамға айтсам артық сөз кейде, Көңілім жасып, жаным отқа күйеді.

Тілдескелі арлы адаммен сүйкімді, Көкірегіме сәулелі бір сыр тұнды. Жұғымы жоқ, жанға кейде кездессем, Арқам мұздап, беріп тұрам сыртымды.

ОЙ ҰШҚЫНДАРЫ

Қалған жоқ кеудемдегі бітіп арман, (Секілді селдірі жоқ бітік орман). Кей кезде асығамын алыстарға, Тұрғандай мені біреу күтіп алдан.

Сүйенген диқаншыдай кетпеніне, Қараймын алысқа ұзап кеткеніме. Бұл күні аз ұйықтаймын, ерте оянам, Шынымен мазасыздық жеткені ме?

Ақтармай құпиямды буып сақтап, Жүргем жоқ әлдекімді сұйық мақтап, Ерте-кеш алды-артыма көз жіберіп, Тартамын өмір сырын суыртпақтап.

Кейбіреу көзімді алдап, күлсін жалған, Жанымды емес қайғы бұлты шалған. Елемей қиындықты көкірегіме, Сенемін арманыма бүршік жарған.

*** Алдымда күліп атар таң тұрғанмен, Көрмедім көп жеңілдік тағдырдан мен. Өнердің өріне әлі шыққаным жоқ, Жүректен қаншама сыр айтылғанмен.

Көп ойым жұтылса да есіл күнге, Өмірден түңілейін несін мүлде. Адамдар қабақ түйсе, жабырқаймын, Апырым-ай, тигіздім деп кесір кімге!?

Жүргем жоқ, жүрегімді орап мұңға, Келмейді қайғыны әсте жолатқым да. Жырыма сусындар ел аздау білем, Шынымен сыр айтуға олақпын ба?

*** Қиялыма қым-қуыт ой тастаумен, Оқтай зулап өтіп кетті жас дәурен. Алар кезде ала алмадым бәйгені, Өзімді-өзім кейін тартып жасқаумен.

Асуынан асқан жоқпын көп өрдің, Есігін де кештеу қақтым өнердің. Жақсы өлеңдер жазбаған күн қиналам, Талғамына татыр мынау өр елдің.

Жыр талабы кетті мүлде қиындап, Арман, мені зула зәулім қиырға ап. Көне әуенді қайталамай, жаңаша, Көкірегімнен құйыл, көркем күй-ырғақ.

3591 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы