• Әдебиет
  • 06 Қараша, 2019

Күлкі – көңіл кілті

Көрнекті жазушы – сатирик Үмбетбай Уәйдаұлы есімі көп оқырманға жақсы таныс деп есептейміз. Атақты Оспанхан Әубәкіровты ауызға алғанда, Осекеңнен кейін тілімізге оралатыны Ү.Уәйдаұлы. Үмбетбай ағамыздың шығармаларымен бала кезден қанықпыз. Бірақ өзімен жүзбе-жүз кездесіп, әңгіме-дүкен құрудың сәті түспепті. Осының орайы бір күні келді. Қаламгердің өзімен құралыптас, Ішкі істер саласының ардагері Жанас ағамыздың шаңырағында дастарқандас болдық. Көп адам жоқ. Екі-үш ­отбасы ғана. Арамызда сатираның саңлағы отырғаннан кейін күлкі-әзілге қарық болармыз деп ойлағанбыз. Алайда олай болмай шықты. Ағамыз көп сөйлемейді екен. Салмақтылығы басым. Ара-тұра әңгіме арасына қосылғаны болмаса, ауызша сөзге ықылассыз ба деп қалдық. Есесіне үй иесі – Жәкең әзіл-қалжыңнан кетәрі еместігін байқатты. Сөйтсек, Уәйдаұлының мінезі қаламынан шыққан ойлы дүниелеріндей байыпты да байсалды екен.

Сатирик шығармаларының өзге әріптестерінің туындыларынан басты ерекшелігі не? Ойды, сын мен мінді астарлап жеткізетіндігі. Маңдайыңнан сипап отырып: «Мұның дұрыс емес, бұлай істеуге болмайды» дейтіні. Бұл сөзімізге қаламгердің жақында ғана «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Күлкі, күлкі...» кітабындағы сықақ әңгімелерін оқып отырып анық көз жеткіздік. Қаламгердің сын садағына ілінгені, бұл көбіне тіршіліктегі әттеген-айлар. Сөзіміз дәлелді болу үшін аталған кітаптан нақты мысалдар келтірейік. Мәселен – «Құдалар құрама командасы». Осы әңгімедегі Дәдікбай қай жерге барса да, шағын отырыс, той не концерт бола ма Шәйпілді бірге алып барғысы келеді. Дәдікбайша айтқанда оның себебі: «Шәйпіл әңгіме біледі, жөн біледі». Ол не «әңгіме» дейсіз ғой. Барған жерінде өзін қонаққа ертіп әкелген Дәдікбайды екі аяғын жерге түсірмей, аспанға көтеріп мақтап отырады. Мақтағаны соншалық, болмаған нәрсенің тісін жатқызып болған жасайды. Бұған Дәдікбай да үйренген болу керек. Қыңқ етпес­тен, Шәйпілдің тәтті сөзін көзі бақырайып тыңдап отыра береді. Мақтау сөздің ішінде мыналар бар: «бұ кісі Юрий Гагаринмен түйдей құрдас. Әскерде болған» немесе көрші тәжік еліне барғанда «бұ кісінің жеке самолеті бар, өзі айдайды. Жақында сол самолетпен Тынық мұхит жаққа барып қайтты» деп соғады. Мұның бәрі, әрине жалған. Алайда осыған Дәдікбайдың өзі де, көзі де үйренген. Оны өзі де мойындайды. «Адам жақсы сөзге де бауыр басып қалады екен, қазір қасымда Шәйпіл отырмаса, нанасыңдар ма, жесір әйелдің күйін кешемін» дейді. Осыған күлесің бе, жылайсың ба? Өмірде мұндай «отырған жерде шашбауымды көтеріп, қасымдағыларға әйгілеп отырса екен» дейтін мақтанды, қолпаштауды жаны сүйетін адамдар да бар ғой. Дәдікбайың солардың бірі. Шәйпілдің жөнінен Дәдікбайдың жақын жолдастары, туыс-ағайындары да жақсы хабардар. Бір ағасы: «Шырағым, байқашы. «Бұл кісі Қазақстанның тұңғыш президенті» деп оттап қоймасын» деп ескертуін жасайды. Кейде біреуді мақтай қалсақ қол-аяғын жерге тигізбей, жер бетінде дәл содан асқан керемет жоқтай көсілетініміз бар. Әсіресе, тойда асабалардың шектен шығып кететініне талай рет куә болып жүрміз. «Шап... шап... шапалақ...» атты әңгімеде осы бір келеңсіз жайт өзек болады. Енді асабаны тыңдап көрейік: «Аспан түстес, аспан тектес асыл азамат, ғасырда бір туатын ақылдың қайнар бұлағы, Алаштың ақ алмастай алдаспаны, заман қайнарынан сыр шерткен сұңғыла, халқымыздың аяулы перзенті, дос пен туысқа жанашыр, жүрдек ой, жүйрік сезімнің ағыл-тегілі, қазақтың қабырғалы азаматы...». Осылай жалғаса береді. Тойдың аяқ кезінде асаба жұртты күлдірем деп «бүлдіріп» алады. «Анау столда менің Батагөй, Мәстөк нағашыларым бастаған бір топ шал-шауқан, кемпір-сампыр, кәкір-шүкір отыр» деген кезде, мына сөзді естіген кәкір-шүкірлер «Ай, сен не деп тұрсың?!» деп өре түрегеледі. Бұл жерде автордың айтпағы не? Мәдениеттілік, жөн, орынды сөйлеу, артық сөзге бармау тойда да қажет дегенді меңзейді. Келесі әңгіме – «Інің барғалы жатыр». Мұндағы оқиға да өмірде кездесетін жағдай. Біреуге ісіміз түссе алдымен оған бұрын айтпаған жылы сөзімізді арнаймыз. Келсін-келмесін жақсы сөздерді қиюластырамыз. Әңгімені осылай майда тілмен ­бастаймыз. Ең аяғында келіп, бағанадан бері ішектей созылған ұзын сөздің түйінін – бұйымтайымызды жеткіземіз. Егер сауалымызға маңдайға таяқпен сарт еткізгендей жауап алсақ өкпе-ренішімізді білдіреміз. Кейбір адуын жеңгелер мұндай кезде: «Ой, жаман шірік! Бірді-екілі елден барған ағайын-туысқа себің тимесе, о жақта неменемді бітіріп жүрсің? Әлі сол баяғы қайқайғаның қалмаған екен ғой, қайқайып қалғыр! Тас бауыр!» деп дүрсе қоятыны бар. Сонда әлгіндегі көтермелеу жай нәрсе болды ғой. Тұшымды жауап алу ниетінде қолданылған айла-тәсіл екен. Кітаптағы «Әжең жақын ба, әйелің жақын ба?», «Ертеңіне етпетіммен жатыр екем», «Жынды сары», «Жер сілкініп тұрды» секілді және басқа да әңгімелер жайдан-жай жазыла салмаған. Әрқайсысының айтар ойы бар. Кітаптың екінші бөлімі еліміздегі сықақшы­лардың, фельетоншылардың шығармашы­лықтарына, сондай-ақ сатира жанрының қазіргі жай-күйіне арналған. Ашығын айтуымыз керек, біз сатириктерден, әзіл-оспақ иелерінен кенде емеспіз. Ауыз әдебиетін айтпағанда, өзіміз жақсы білетін АсқарТоқмағамбетов, Садықбек Адамбеков, Балғабек Қыдырбекұлы, Жүсіпбек Алтайбаев, Қалтай Мұхамеджанов, Сақтапберген Әлжіков, Оспанәлі Иманәлиев, одан беріректегі Оспанхан Әубәкіров, Мыңбай Рәшев, Ғаббас Қабышев, Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбеков және т.б. сатира саласының дамуына елеулі үлес қосқан ақын-жазушылар. Үмбетбай Уәйдаұлы жоғарыда аталған, аталмаған қаламгерлердің еңбектерін жан-жақты ашып, талдай біледі. Озық жақтарын да, өзі күмән келтірген тұстарын да шығармаларынан мысалдар келтіре отырып айтады. Кітаптағы «Қайта құру кезеңі және қазақ ­сатирасы», «Қазақ сатирасы және тәуелсіздік» ­деген мақалалар назар аудартатын дүниелер. Бұларда біздің сатирамыздың жеткен жетістіктері, игере ­алмай жатқан тақырыптары кеңінен сөз болады. Осы еңбектерді оқи отырып, автордың өз саласының ұңғыл-шұңғылын, кешегісі мен бүгінгісін, ­табыстары мен кемшілігін жақсы білетіндігін байқаймыз. Сондай-ақ сатираға деген құштарлығы мен сүйіспеншілігі де көзге ұрады. Әсіресе, «бізде ­сатира жоқ» деп, қу шөппен ауыз сүртетіндерге деген наразылығының шынайылығы сондай, бұл салаға қатысы жоқ сені де иландырмай қоймайды. Автордың күлкіге қатысты пікірімен толық келісеміз. «Ел-жұртымызға күлкі керек. Күлкі ­керек болатыны жамандық таусылып біткен жоқ. Күлкі күллі жаманшылық атаулыға, әртүрлі дертке қарсы қолданылатын күшті қару. Күлкінің мақсаты – адамдарға бақытты жақындату. Қайсыбір ағайындар күлкінің әлеуметтік-тәрбиешілік қызметіне, қоғамдық маңызына мән бермей, көбінесе жай, әшейін көңіл көтеру сияқты жеңіл-желпі бірдеңе ретінде қарайды. Анау-мынау күлкіден өздерін көріп, өздерін танып, біреулердің тұлабойын жинап алатынын әлгілер ескере бермейді» дейді. Ү.Уәйдаұлы қазақ сатирасын жақтап, қорғаумен бірге оның деңгейін одан әрі көтеруге қатысты ұсыныс-пікірлерін де үнемі жариялап отырады. Мәселен, осыдан он бес-жиырма жыл бұрын қағазға түскен мына айтқандары бүгінгі күні де күшін жоя қойған жоқ деп сеніммен айтуға болады: «Біріншіден, қоң жинаған біздің бірсыпырамызда көкірек күшті. Болмашы, шамалы табысқа кекірік ату бар. Сонда не істеу керек? Киім-кешекті қағып-сілкіп, үсті-басты кекірік ату сияқты шаң-тозаңнан тазарту. Екіншіден, тоқшылықтан ба, жоқ, әлде, мақтау өтіп кетті ме, біразымызда намыс мәселесі қалғып кеткенге ұқсайды: бізбен бе, инемен бе – әлде үстіне мұздай су құйып жіберіп пе – әйтеуір бір бәле қып намыс жағын оятпай болмайды. Үшіншіден, «не нәрсеге күлу керек, не нәрсеге күлмеу керек?» – деген сауал-сұрақтың айналасында да едәуір әңгіме бар. Не болса соны айдақтатып-сойдақтатып жазып, не болса соған тарқ-тұрқ күліп, біз мәселенің бұ жағын да сұйылтып алғанға ұқсаймыз. Олай дейтініміз, арыз көп, ойбай көп! Төртіншіден, өзіміздікі бар, өзге жұрттан аударылғандар бар – оқырманды ең жаңа, ең жақсы деген күлкілерді «Ақ тер, көк тер» деген айдармен таныстырып отырған ақыл сияқты. Бесіншіден, осы күні сықақшылардың ауылына жиі қонғандарымен тұрмай, қораларына түсіп, қойларын ұрлап жүргендер көбейіп кетті деген әңгіме және бар. Сондай әңгімеге байланысты басылымдарда «Әне, қашты!» деген айдар ашылса. Алтыншыдан, сатира ауылындағы бүкіл жаңа­лықтар оқырманға «Бәрекелде!» деген айдармен уақыт құрғатпай, құлақтандырылып тұрса дейміз. Жетіншіден, сатира шаруашылығына байланысты жұлқынып сөйлеймін деушілер болса, ­басылымдар оларға «Так, тағы не бар?» деген айдар-мінбесінен сөз мүмкіншілігін берсе». Сатираның қоғамдағы орны ерекше. Бұл ­туралы кезінде қазақтың классик жазушылары да айтудайын­ айтып кетті: «Сатира әсте өмір шындығынан тыс тұрған жайдан тумайды. Қайта өмірдегі мол міннен, сан сараңдық пен көп көргенсіздіктен туады. Соларды жиып, топтайды да, сатира «обобщение» жасайды» деген еді ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезов. Ал сөз зергері атанған Ғабит Мүсіреповтің уақытында «Ара – Шмель» журналына басшылық еткені баршамызға аян. «Сатира – күштілер қаруы» дейтініміз бар ғой. Сатира, әзіл-қалжың, мысқыл тудыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл жанрға нағыз шеберлер, таланттар бара алады. Міне, сондай дарындылардың бірі Үмбетбай Уәйдаұлы болатын. Біз оны қазақ сатирасының негізін салушылардың бірі деп ауыз толтырып айта аламыз.Үмбетбай ағамыз талантты қаламгер болуымен қатар, адамгершілігі, азаматтығы жағынан да бөлек тұлға болатын. Бұл ретте замандасы Оспанхан Әубәкіров: Айтып, айтпай не керек, Үмбетбай деген бұ кісі. Қазақ деген халықтың, Құдай берген ырысы, – деп жайдан-жай айтпағаны белгілі. Көрнекті сатирик өмір сүрген уақытта атақ-даңққа қызыққан жоқ. Кеудесіне сылдыратып орден-медаль да тақпады. Ол мына жарық дүниеден: «Маған керегі халықтың шынайы бағасы» деп өтті. Бұл сөзде үлкен мән жатыр. Расында да марапаттың ең үлкені туған халқыңның шынайы ықыласы, адал сый-құрметі. Үмбетбай Уәйдаұлы осындай құрметке бөленген қадірменді қаламгер, абзал азамат болды.

Нұрперзент Домбай «Ана тілі»

1440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы