• Руханият
  • 06 Қараша, 2019

ҰЛЫ ДАЛА ЕРЛЕРІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

Еліміздің оңтүстігіндегі Шымкент және батысындағы Ақтөбе – ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылып, экономикалық және мәдени байланыстары үзілмеген өңірлер. Тәуелсіздік Туы желбірегеннен бергі кезеңде, оның ішінде соңғы жиырма жылда тарих тереңіне бойлап, сол сабақтастықты нығайтуға мүмкіндік туды. Әсіресе, 1681-1684 жылдарда қалмақ ханы Ғалдан-Бошықтының қалың әскеріне қарсы шайқастарда Батыстан он жеті мың қолды бастап келіп, ерлікпен қаза тапқан Шекті Тілеу Айтұлы мен оның баласы Жолдыаяқ Тілеуұлының, немере інісі Қалдыбай Қангелдіұлының өшпес бейнесін ұрпақ жадына оралтудың орны бөлек.

БАБАЛАР ЗИРАТЫНДА БОЛҒАНДА

2000 жылы тамыз айында ­Түр­кістан қаласында осы оқиғаға арналып, ғылыми-практикалық конфе­ренция өткізіліп, ас берілді. Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Озғанбай, Мұрат Жұрынов, Жұма­назар Асанов және басқа ғалымдар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи­ кесенесінде жерленген Тілеу мен Жолдыаяқ батырлар жөніндегі ой-пікірлерін нақты дәлелдермен жеткізді. Нәтижесінде Астана­ (қазіргі Нұр-Сұлтан), Ақтөбе, Шалқар қалаларында көшелерге Тілеу батыр есімі берілді. Түркістанда Ынтымақ көшесінің атауы Шекті Тілеу-Жолдыаяқ батырлар көшесі болып өзгертілді. 2015 жылы ­1­ қазанда Ақтөбеде Тілеу Айтұлының ескерткіші, арада бір апта өткен соң Шымкент қаласында әкелі-балалы Тілеу мен Жолдыаяқтың ат үстіндегі ескерткіші бой көтерді. Әрине, бас-аяғы жиырма жылға жетпейтін уақытта мұндай ауқымды шаруаны атқаруға үлкен-кіші әлеу­­мет, зиялы қауым өкілдері, кәсіп­керлер белсене атсалысты. Әсіресе, бірі тоқсаннан асып, екіншісі тоқсанға жете дүниеден озған шымкенттік Құдайберген Оңғаровтың, ақтөбелік Кемейдулла­ Төлеубайдың еңбегі орасан зор болды.­ Ақтөбеге келген бір сапарында Құдайберген ақсақал жоғарыда баяндалған ұлы шайқаста он бір мың сарбаздың қаза болғанын айтып, олардың қорымы қоршаусыз тұрғанына қынжылыс білдірген-ді.­­ Тіпті Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның сол тұстағы әкімі Асқар Мырзахметовке­ осы мәселені арнайы жеткізген. Шымкентте құрылған Тілеу батыр қайырымдылық қорының төрағасы, медицина ғылымының докторы Иманәлі Байдәулет, заң ғылымының докторы, белгілі ­меценат Бекет Тұрғараев,Рақымберді Оңғаров (жоғарыда айтылған Құдайберген ақсақалдың екінші ұлы – Ж.Қ.) және басқа азаматтар тұрғылықты халықты жұмылдырып және қала билігімен түсіністікте жұмыс істеп, жұртшылықты көптен мазалап­ жүрген шаруаны жүзеге асырды.­ Өткен аптаның жұма күнінде Шымкент қаласының Сайрам елді мекеніндегі Сареми көшесінде ­«Ерлер қорымының» ашылуы болды.­ Биік арканың жоғарғы жағында ­латын әліпбиімен көрнекті түрде «Ұлы дала ерлері – ел есінде» деп жазыл­ған. Сол жақ қапталда гранит тақтада «Бабалар зираты» ­деген атау­мен үш жылға созылған қанқұйлы шайқас туралы сипаттама, әрі қарай қол бастаған батыр бабалар туралы ­дерек берілген. Енді бір тақтадан «Идея авторлары – Оңғаров Құдайберген 01.05.1926 – 01.04.2019, Төлеубай Кемейдулла 27.02.1928 – 03.12.2015, Байдәулет Иманәлі» деген жазуларды оқыдық. Қабырғадағы «Мазарат Х-ХIII ғасырлар. Ескерткіш мемлекет қарауында» деген жазу да көп жайды аңғартады. Иманәлі Байдәулет ашып жүргіз­ген митингіде Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов сөз сөйледі. – Біз бүгін тарихи орында бас қосып тұрмыз. Келесі жылы Шым­кент қаласы түркі елдерінің мә­дени астанасы болып саналаты­ны жария­ланғанда мұндай оқиғаның маңызы зор. Еліміз бен жеріміздің тұтастығы үшін жанын пида еткен бабаларға тағзым етуге жиналған ағайынға ризашылық білдіреміз, – деді ол.

Ақтөбе облысынан арнайы келген делегация атынан еңбек ардагері Зейнолла­ Төлеубай шымкенттік ынталы топқа алғыс айтты. «Ерлер қорымының» кермежібін қала әкімі Ерлан Айтаханов, белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов және Зейнолла Төлеубай қиды. Бабалар зиратына ержүрек сарбаз­дардың туған мекені Ақтөбеден әкелінген топырақ салынды. Шымкент қалалық мешітінің өкіл-имамы Бақтыбай Бисенбаев аруақтарға дұға бағыштады. Жиналған жамағатқа «Салтанат» мейрамханасында Ас берілді. Ақтөбе қаласындағы Тілеу батыр қайырым­ды­лық қорының төрағасы Қанатбай Елеусізұлы сауапты шаруаны жүзеге асыруда белсенділік көрсеткен ­бірне­ше­­ азаматқа облыс әкімі Оңдасын Оразалин­нің, Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниевтің Алғыс хаттарын тапсырды.

АЛМАТЫДА КӨШЕСІ БАР МӨҢКЕНІҢ

Біз би, жырау, ақын Мөңке туралы­ бала кезімізде естіген едік. Ол – жоғарыда сөз болған шекті Тілеу батыр Айтұлының бес ұлының кенжесі. Аталарымыз бен әкелеріміз осы ғажайып тұлғаны «әулие» деген атаумен жоғары бағалайтын. Сөйтсек, ұлы тұлға жайында Ахмет Байтұрсынұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Міржақып Дулатов, Ахмет Жұбанов, тағы басқа білімпаздар тебірене сыр шерткен, «Қазақтың Нострадамусы» деп атаған. Қазіргі заманның сыр-сипатын бірнеше ғасыр бұрын болжаған көріп­келдің ұрпағымен қауышуына ел егемендігі даңғыл жол ашты. Ақтөбе облысының Шалқар ауданында ­бұ­рынғы Қайыр ауылы Мөңке би атауына өзгертілді. Ақтөбе қаласында данышпан бабамыздың ескерткіш-мүсіні орнатылды.­ Ғылыми-танымдық конференцияда және мерзімдік бас­па­сөзде жарияланған Мұхтар Құл-Мұхаммед­тің, Төлен Әбдіковтің, Серікқали Байменшенің, Зәкіратдин Байдосұлы­ның, басқа да адамдардың тұжырымдары дала ойшылы жөніндегі түсінікті байыта түсті. Сенбі күні Алматы қаласының Алатау ауданында үлкен көшелердің біріне Мөңке би есімі берілуіне орай жиналған халықтың қарасы көп болды.­ Салтанатты митингіде сөйлеген қала әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет оңтүстік мегаполистің жылдан-жылға қанат жайып­ келе жатқанына тоқталды. Қалада екі жарым мыңдай көше бар, соңғы кезеңде қала аумағына жаңадан 27 елді мекен қосылды. Заманның сипатына қарай көшелер мен алаңдарға атау ­беруге талап күшейтілуде. Шынында, дала ойшылының есімі берілген көшенің келешегі зор болмақ. Оның қазіргі ұзындығы 3,1 шақырым, келешекте он бес шақырымға жетеді деп жоспарлануда. Салтанатты рәсімде Ақтөбе ­об­лыстық жұмыспен қамту және әлеу­­меттік бағдарламалар басқарма­сының басшысы Ербол Данағұлов сөз сөйлеп, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Құттықтау хатын тапсырды. Алматы қаласындағы «Тілеу-Қабақ» қоғамдық қоры жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы ­Сансызбай Құттыбаев, белгілі жазушы, «Бибі-АНА» қайырымдылық қоры­ның құрылтайшысы және президенті, Қазақстан Республи­касының еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Иманғазина жиналғандарды қуанышымен құттықтады. Ақтөбе облысының Құрметті азаматы, дербес зейнеткер Сматолла Беркімбаевтың Ақтөбедегі Мөңке би ескерткіші алдында тұрып жеткізген сәлемін экраннан көріп, тыңдаған көпшілік қатты толқыды. Арнаулы тақта кермежібін Алатау ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберген Қабдолдин және би ұрпақтары қиды. Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының артистері дайындаған сахналық қойылымды жұртшылық қошеметпен қабылдады. Соңғы кезеңде Мөңкенің сазгерлік ­талантына назар аударылуда, дәулескер домбырашылар орындауындағы оның күйлері тыңдарманды баурап алды. «Мөңке би – Ұлы Даланың дана ойшылы» деген тақырыптағы ғылыми-тәжірибелік конференцияны филология ғылымының докторы, профессор Шәмшәдин Керім жүргізіп отырды. Көрнекті ғалымдар Берекет Кәрібаев, Әбдісаттар Дербісәлі, Меңдігүл Ноғайбаева, Гүлбану Қосымова, Жұманазар Асанов, журналист Бердібай Кемал өне бойына әлдене­ше өнерді сыйғызған бабамыз бол­мы­сын әр қырынан қарап, ой толғады. Біз тәрбиелік мәні зор игілікті істің өз мәнінде атқарылуына үлкен үлес қосқан Бақытжан Қосанов, Сағитжан Дәулетияр, Сағит Жантуренов, Иманбай Жұбаев сияқты азаматтардың шынайы ықыласына риза болдық.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі

1551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы