• Мәдениет
  • 07 Қараша, 2019

ТҮРКІСТАН – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БЕСІГІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Түркістан облысында болды. Сапар барысында Түркістан қаласындағы жаңа ғимараттарды аралап көрді. Алғашқы күні Нұрсұлтан Назарбаев қаладағы мәдени-ағарту нысандарының, бақтар мен Арбаттың құрылыс жоспарымен танысты. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркін құру жоспары таныстырылды.

Елбасы қаланың рухани-мәдени орталығында өткен концертті ­тамашалап, Түркістан облысының тұрғындарымен жүздесті. Шығыс Қазақстан облысы Түркістанға тарту еткен әуенді субұрқақ орналасқан жаңа алаңда Н.Назарбаев облыс ор­та­лығының алдағы уақытта көр­кейіп, дами беретінін атап өтті. ­Облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы шешімінің тарихи маңызына тоқталды. «Терең тарихқа үңілетін болсақ, бұл – қасиетті өңір, киелі жер. Жиырма бір ханымыз жерленген, сұлтандарымыз бен әулиелер мәңгілік тыныштық тапқан өте киелі орын. Тәуелсіздік алғаннан кейін, әрине, мен көне шаһарға ерекше ­назар ­аудардым. Тіпті астананы таңдаған кезде де біраз ойландым. Бірақ оған жағдай болмады, өздеріңіз білесіздер. Міне, енді, уақыты келді. Түркістан қаласын облыс орталығы етіп, қайтадан жандандырып, елімізге осы киелі орданы қайтару мүмкіндігі туды. Бүгін шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан – түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін. Түркістан шаһары алдағы уақытта ірі мегаполиске айналады» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті бүкіл қала бойынша жүріп жатқан құрылыс қарқынының жоғары екенін атап өтті. Туризмнің дами түсетініне сеніп, облыс орталығының құрылысы мен жандануына атсалысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді. «Бірінші кезеңде 175 нысанның ­құ­рылысы жоспарланған. Оның ­102-cі­ биыл іске қосылады. Бұл процеске еліміздің барлық өңірлері қатысып жатыр. Жұмыстың қандай қарқынмен атқарылып жатқанын көріп отырсыздар. Болашақта әдемі қала ­болады, халық саны өседі. Қазір қала тұрғындарының саны 170 мың болса, меніңше аз уақыттың ішінде жарты миллионға жетеді. Кейін одан сайын көбейеді деп ойлаймын» деді Елбасы.­ Сондай-ақ Нұрсұлтан ­Назарбаев Түркістанның алдағы уақытта тарихи,­ мәдени орталыққа айналатынына­ сенім білдірді. «Түркістан үлкен қалаға айналып, жан-жақтан туристер келетін болады. Биылдың өзінде бір миллионнан астам ­турист келіпті. Ал мына ғимараттар салынғаннан кейін тарихи, мәдени орталық қалыптасып, туристер көптеп келетін болады. ­Сонымен қатар қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Концерттен соң, ­Нұрсұлтан­ Назарбаев­­ «Craftsman-2019» халы­қаралық қолөнершілер жәрмеңкесін тамашалады. Республика деңгейінде алғаш рет ұйымдастырылған шараға елімізбен қатар, Иран, Үндістан, Ресей Федерациясы, Ауғанстан, Өзбекстан, Түркия, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан, Тәжікстан, Башқұртстан, Якутиядан 200-ге жуық қолөнерші қатысты. Елбасы­ жәрмеңкеге қойыл­ған бұйым­дарды аралап көріп, қолөнер­шілердің еңбегіне дән риза болды. Жұмыс сапарының екінші күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Түркістан­дағы құрылысы аяқталған бірқатар жаңа ғимараттарда болды. Жаңадан ашылған Неке сарайының жұмы­сымен танысып, шаңырақ көтеріп жатқан жас отау иелеріне бақыт пен береке тіледі. Тапсырыс беруші Қостанай облысы болып табылатын Неке сарайының құрылысы шілдеде басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын «B-A Contractors SA» ЖШС-і жүргізіп, қазанда аяқтап отыр. Елбасы жұмысымен танысқан Халыққа қызмет көрсету орталығын салуды Павлодар облысы міндетіне алған-ды. Нысан құрылысы жоспарланған мерзімде аяқталды. Үш қабатты ғимаратта 200 адамға арналған күту және операциялық залдары бар. Ал еліміздегі ірі ­құ­рылыс компанияларының бірі «BI Group» холдингі Түркістанда бірне­ше нысанның құрылысын аяқтап, әкімшілік-іскерлік орталық, «Нұр-Сұлтан» алаңы және «Алатау» медиа орталығын пайдалануға берді. Елбасы аралап көрген Түркістан облыстық әкімдігінің жаңа ғимараты құрылысы қаңтар айында басталған болатын, жыл соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қаладағы ең басты жоба саналатын әкімшілік-іскерлік орталық­тың бір ерекшелігі – айрықша сәулетінде. Облыстық әкімдік, басқармалар мен департаменттер орналасатын ғимарат HPL-панельдер, ұлттық ою-өрнек түріндегі фибробетонды қос қасбеттен тұрады. Құрылысшылардың сөзіне қарағанда, қос қасбет негізінен ыстық аймақтарда жиі қолданылады, өйткені ол қараңғылық әсерін беріп, ғимаратты күннің ыстық сәулесінен қорғайды. Дизайнында көркем паркет, сәндік панельдер, ерекше факторлы мәрмәр қолданылған. Ғимараттардағы жылыту және салқындату жүйелері автоматтандырылған. Сыртқы желілер бойынша жобаны әзірлеуде электр мен жылу өндіруге арналған қондырғылар орнатылыпты. Жұмыс барысында артық шығындар болмауы үшін үнемді өндіріс технологиясы қолданылған. Құрылысшылар екі ауысымда жұмыс істеп, жобаны мерзімінен бір ай бұрын тапсырған. Компания құрылысын жүргізген тағы бір нысан – «Нұр-Сұлтан»­ алаңының жалпы ауданы – 54 000 шаршы метр. Оның 30 000 шаршы метрі көгалдандырылып, ағаштар отырғызылған, аспанға атылған су ағыны мың құбылып, тұман, гейзерлердің бейнесін жасайтын субұрқақ орнатылған. Компания мұндай субұрқақты бүкіл өңір бойынша қолдануға ниетті. Сонымен қатар «BI Group» холдингі қалада жергілікті БАҚ қызметі үшін салынған, заманауи құрылғылармен жабдықталған екінші ауқымды жоба – «Алатау» медиа орталығын салды. Тұңғыш Президент сапары барысында осы медиа-орталықты да аралап көрді. Өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған жұмыс бөлмелерімен танысып, қаладағы жаңа нысандардың құрылыс қарқыны жоғары екенін атап өтті. Журналис­терге арналған 4 қабатты ғимаратта 200-ден астам адам жұмыс істей алады. Медиа орталықта конференц-зал, телестудия, гример, аudio және videoмонтаж орындары, редакциялар мен әкімшіліктің кеңселері, брифинг-орталық, фуд-корт қарастырылған. Ал ғимараттың қасбеті күн жылуын 70%-ға дейін өткізбейтін энергия үнемдейтін шыныдан жасалған, яғни қыс мезгілінде ғимарат ішінде жылуды сақтап, ал жазда өте жайлы қоңыр салқын ауа қалыптастырады. Жалпы құрылыс компаниясы Түркістан­да 7 маңызды нысанды салуда, оның ішінде «Ұлы Дала» мұражайы, «Hampton by Hilton» қонақүйі және 7000 орынды футбол стадионы бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл күні Түркістандағы жаңа музыка мектебіне де барып, жас өнерпаздармен кез­десті. Тұңғыш Президентке өңірде өнер мен мәдениет саласын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді. Балалар шығармашылық ұжымдары бірнеше музыкалық қойылым көрсетті. Сондай-ақ жұмыс сапары ­барысында Елбасы Түркістан ­облыс әкімдігінде «Nur Otan» партиясы филиалы халық пен билік арасын жақындату бағытында қолға алған жобамен танысты. Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың өтініші мен құқықтары әрдайым басты назарда болатынын жеткізді. Ал жобаның жұмысымен Елбасын партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев таныстырды. Мұнда партия халықты ашық форматта қабылдайды. Арнайы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде тұрғындардың талап-тілегі тыңдалып, арыз-шағым, өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі. Сонымен бірге құқық қорғау органдары мен тұрғындар жиі сұрақ қоятын әлеуметтік саланың өкілдері де тұрғындарға көмектеседі. Әрбір азаматтың шағымы пост-терминал арқылы қабылданады. Барлық өтініштер партия тарапынан тұрақты қадағалануға алынады. Бұл жаңа бастама ашық әкімдік жобасын жандандыру мақсатында қолға алынып отыр. Б.Тәжібаевтың айтуынша, бүгінде «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» бағдарламасы аясындағы тапсырмасына сәйкес өңірде жүйелі жұмыс атқарылуда. «Open space» форматында ашылған Қоғамдық қабылдау кеңсесі жаңа ғимаратқа көшірілген. Лауазымды тұлғалар тұрғындарды тұрақты түрде қабылдап, мәселелер шешімін табуда. Мысалы, биыл қаңтар-қазан айлары аралығында партия филиалының барлық Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне түскен 6047 арыз-шағымның 2358-і ( 39%) оңтайлы шешілсе, 3611 өтінішке заң аясында кеңестер берілген. Сондай-ақ кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріп, арыз-шағымын тыңдайтын қоғамдық бизнес-қабылдауы да іске қосылған. Айта кетелік, бүгінде Түркістан ­облысында «Nur Otan» партиясының 90 мыңға жуық мүшесі бар. Өңірде 255 бастауыш партия ұйымына талдау жүргізіліп, 2,5 мыңнан аса адам партия қатарынан шығарылған. Жаңадан бес бастауыш партия ұйымы ашылып, кәсіпорын мен шаруашылық ұйымдарының өкілдері партия қатарына тартылды. Осы жылдың соңына дейін ашылатын бастауыш партия ұйымдарының санын онға жеткізу жоспарланып отыр. Түркістанға сапарының қорытын­дысы бойынша отандық және шетелдік БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингте Елбасы облыс орталығы аумағында қарқын алған құрылыс жұмыстарының ауқымын атап өтті. «Өткен жылы облыс орталығын көшіру туралы Жарлыққа қол қойған соң ауқымды құрылысты бастадық. Бүгін мен орасан зор ғимараттарды аралап көрдім. Көптеген жаңа нысандар бой көтеріп, жастар үшін жұмыс орындары ашылып жатыр. Ауруханалар, мектептер, қонақүйлер, халықаралық әуежай салынады. Су ресурстарымен қамту саласындағы мәселелерді шешу жоспарланған. Еліміздің оңтүстігінде тағы бір әдемі шаһар бой көтеріп келеді. Осының барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр» деді Нұрсұлтан ­Назарбаев. Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті әкімдіктің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарлары ­туралы айтты. «Бір жыл ішінде көптеген жұмыс істелді. Келесі жылы Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан басшыларын саммитке шақыруды жоспарлап отырмыз. Егер олар қатысуды растаса, біз оны Түркістанда өткізуіміз мүмкін. Бүкіл Қазақстан жұртшылығы Түркістанның дамуын қолдап отыр. Әрбір үй, әрбір қала – бұл Қазақстанның байлығы. Елорданы­ салған кезде қаржыландыруға байланысты сұрақтар болған еді. Енді Нұр-Сұлтан қаласы барлық шығындарды өтеп, жыл сайын­ бюджетке триллиондаған кіріс әкеліп отыр» деді Елбасы. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан мен бүкіл өңірдің туристік әлеуетін дамытудың маңыздылығын атап өтті. «Біз мұнда көптеп туристерді тартуымыз керек. Бүкіл түркі әлемі Түркістанды орталық деп санайды. ­Туризм – экономиканың маңызды бөлігі. Мұнда көптеген мұражайлар бар. Қазір «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркін құру жұмыстары жүргізілуде» деді ­Елбасы брифингте.

Диас НҰРКЕНҰЛЫ

Түркістан облысы

2390 рет

көрсетілді

75

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы