• Басты мақалалар
  • 14 Қараша, 2019

НАР СҮТІНЕН НӘР АЛҒАН ҚҰМАРШЫҚ

Алтай мен Атыраудың арасы... деп ауыз толтыра, мақтана айтар ұзына сонар сар даланың тауы, тасы, өзені мен көлі, шөлі мен құмынан суыртпақтай сыр сұрасаң, әр дәуірдің жырын жырлап қоя беретін-ақ шығар-ау! Осы бір маң далада ат тұяғын дүбірлетіп өткен бабалардың арман-ғазалы, қуаныш-азабы жайлы айтылып біткен-бітпеген әңгіме-шежіренің көптігі сонша, біреуін бастасаң, екінші әңгімеге жете алмай қалып жатасың. Бұл далада айқұш-ұйқыш айқасқан жолға зер салсаң, кешегі мен бүгінді жалғаған талай жайтқа куә боларың анық. Кең далада жел тербеген көктің жайын білмекке ұмтылсаң, оның да саған айтары оңай аяқтала салмайды. «Жүгірген аң, ұшқан құстың» да осы даланың иесі туралы сыры да көп, жыры да көп. Самал желі көтеріп әкеліп бүгінге жалғап жіберген, қурайы жапырағына бүгіп алып, осы күнге жеткізген сол сырдың бірін белгілі журналист, ҚР Журналистер одағының мүшесі Тұрсын Қалимова тарқатты. Кейіпкер сөзін әңгімемізге сабақтастырып, өз ­ойымызды да бүгіп қалмай, оқырманға құмаршықтың сыры мен жырын жаңаша бір түрмен жеткізгіміз келеді... 

СӨЗ БАСЫ...

Кейіпкерге сөз бермес бұрын оқырманды хабардар еткен жөн болар. Қарашаның басында Атырау қаласында «Құмаршық дәні» атты композициялық ескерткіш ашылған еді. Аталған іс-шараға облыс жұртшылығы, Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ұлықбек Тінәлиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Қоңыр Мұхамедиев қатысты. «Құмаршық – ата-бабаларымызды алапат аштықтан аман сақтаған табиғат ананың баға жетпес байлығы. Бұл ескерткіштің жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы ерекше. Ескерткіштің тұғыры мықты, халыққа берер тағылымы зор болсын» деген Ұлықбек Тінәлиев ­облыс жұртшылығын сәулет өнерінің жаңа туындысымен құттықтады. ­Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш пен жазушы Мұрат Бектенов аштықтан өзегі талған елге азық болған құмаршықтың тарихын тарқатар әңгімені қозғады. Суретшілер одағының мүшесі Қоңыр Мұхамедиев: «Дүйім қазақ жұртына үлкен өнер туындысы дүниеге келіп, тұғырына қоныпты. Тағдырлы тарихымызды ұмыта бастаған күндерді еске салып тұратын «Құмаршық дәні» композициясына қарасаңыз, кітап оқығандай боласыз. Алапат аштық болған уақыт, шағылда өскен құмаршық арқылы ұрпағын сақтаған ана бейнеленген екен. Өлең де ескерткіштің мән-мазмұнын аша түсіпті. Біз бірнеше ұлттың өкілі өмір сүретін мемлекетпіз. Сондықтан оларды біздің тарихымызбен етене таныс­тыратын осындай ескерткіштердің болғаны дұрыс» деген ол композицияға кәсіби бағасын беріп өтті. «Құмаршық дәні» ескерткішінің лентасын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қоңыр Мұхамедиев, Атырау облыстық қоғамдық кеңесі ұйымының төрағасы Мұрат Өтешев, Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Шамжанұлы мен жазушы Мұрат Бектенов қиды. Т.Қалимова «Құмаршық дәні» композициясына бірнеше жоба ұсынылғанын айтады. Орал қаласында ашылған «Исатай–Махамбет» ескерткішінде қолтаңбасы қалған мүсінші ­Ринат Әбенов пен белгілі сәулетші, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова ескерткішінің сәулетшісі Асылбек Мұхаметжановпен бірлесе отырып ескерткіш жобасын жасапты.Ескерткіштің биіктігі – 4,20 метр. Құмды өлкенің жұрты қадірлеген шағылдың үстіне биіктігі 30 см болатын гранит тұғыр орнатылған. Осы тұғырда құмаршық дәні тұр. Құмаршық дәнін қолға ұстап, анық қарағанда оның «көзі» барын байқайсыз. Ескерткіш авторлары дөңгеленген дәннің көзінен құмаршық шөбін 1 метр биікке шығарған. Ескерткіштің алдыңғы бөлігінде құмаршық шөбі, қолындағы тостағанда құмаршық дәні бар қазақ әйелі ұлы мен қызына «Құмаршықтың арқасында сендерді аман сақтай алдым» деп тұрғандай. Дәннен шыққан ұл мен қыздың мүсіні бір қауым елдің осы дәннің арқасында аман қалғанын бейнелейтіндей. Қола рельефте ағаш үй, оның жанында қазан-ошақ басындағы әйелдердің құмаршықтан көже дайындап жатқан сәті, жанында тамақ сұраған балалардың бейнесі қашалған. Ескерткіштің негізгі бетінде: Ашаршылық жалмады орман өртіндей, Ән тиылды, домбыра да шертілмей. Сондай сәтте тарыққанға талқан боп, Құмаршық-дән құтқарды елді өлтірмей. Құм Нарыным сендегі өмір өзгерді, Қасіретті, қасиетті көз көрді Ақ шағылдан өсіп шығып, нәр берген Құмаршыққа тарих сонда сөз берді, – деген жыр шумақтары қашалып жазыл­ған. Ескерткіштің артқы бөлігіндегі биіктігі 3 метр қола рельефте елдегі аштыққа себеп болған оқиғалар және сол кездегі ұлттың тұрмысы бейнеленген. Оған қоса өлеңнің қалған екі шумағы ескерткіштің осы бетіне жазылған: Қарт Нарыным, сендегі өмір жалғасты, Дәуір көші жаңалана алмасты. Тарих бізге аманаттап қалдырған Құмаршыққа ескерткіш бұл – алғашқы! Қасіреттің ұмытпайық ащы уын, Құмаршыққа қарыздармыз, жас буын. Өткен шақтың тәлімінен сабақ ал, Бүгін сенің мол болса да ас-суың! Ескерткішке қашап жазылған осы өлеңнің авторы – Т.Қалимова екен. « Тарихи ескерткіштің мағынасы мен маңызын ұғындырып жеткізу үшін төрт шумақ өлең жазуға тура келді. Өлеңді ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ханбибі Есен­қарақызына, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікә­кімұлына, ақын Светқали Нұржан мен Қадыр Жүсіптердің назарына ұсындым. Олар бұл өлеңді құптады. Тыныштықбек аға: «поэзияның талаптарына толық жауап беріп тұрған, аталмыш ескерткіш тақтасына ойып жазылуға өте лайықты туынды» деп бағалады» дейді Т.Қалимова. Сондықтан ескерткішке осы жыр жолдары жазылған екен.

«Анамның «Сендерден кейінгі ұрпақ құмар­шықтың халықты аман алып қалғанын білмей өседі» деген сөзі мен Фариза апаларымыздың құмаршықты жас ұрпаққа насихаттау керек, шағыл мен құмаршыққа ескерткіш қойса да артық болмайды деген сөздері мені қамшылағандай болды. Тірісінде етене араласқан Нариман аға мен Фариза апай дүниеден өткен соң, аға буынның арманын орындау перзенттік парызым деген шешімге келдім. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа Хиуаз апамызға және Құмаршыққа ескерткіш орнату туралы ұсынысымды айтып жеткіздім. Аймақ басшысы ұсыныстарымды бірден қабылдады. Сол кездегі Атырау қаласының әкімі болған Серік Шапкеновпен бірлесе отырып жобаны бірнеше рет пысықтадық. Жуырда ашылған ­Хиуаз ескерткішінің мінсіз болып шығуы, халық ықыласына бөленуі ескерткіш жобасын жасауға қатысқан жандардың талғам таразысынан хабар беріп тұр. «Құмаршық дәні» ескерткіштің жобасын мүсіншілермен ақылдастым. Аймақ басшысы Н.Ноғаевтың руханиятқа деген көзқарасының еректігі елге мәлім. Не мәселемен келіп отырғанымды тереңнен байыптап, бірден қолдады, «Тарихты ұмытпауға арналған ұсынысыңызды қолдаймын» деп, ескерткіш жобасын жасауға тапсырма берді. Ескерт­кіштің қойылатын жерін де ұсыныс ретінде айттым. Аймақ басшысы оны да құптады. Ескерткіш поэзия падишасы Фариза Оңғарсынқызының ескерткішінің маңында тұр. Оның да себебі бар. Бұл – Манаш ауылында дүниеге келіп, дүйім алашқа ақындығымен танымал болған Фариза апайдың ата-бабалардың «Құмаршық бізді сақтаған, ұмытпаңдар» деген тілегімен ұласқан арманын ақынның 80 жылдығы қарсаңында орындап, құрмет көрсетуіміз. Бұл ұсынысты зерделеп, тарихқа тағзым деп, халықты аштықтан сақтап қалған, дүниеге ұлттың танымал талантты тұлғаларына өмір сыйлаған өсімдікке ескерткіш қоюды қолдаған жергілікті атқарушы билікке алғысым шексіз. «Құмаршық дәні» композициясы – ұлт тарихына қойылған ескерткіш. Бұл біздің буынның ата-бабалар алдындағы парызының өтеуі, жас ұрпаққа аманаты. Жас ұрпақ ұлттың басынан өткен тағдырлы тарихты біліп, өзінен кейінгілерге аманаттап жүруі міндетті деп білемін» дейді әріптесіміз Тұрсын Қалимова ескерткіштің ашылуы мен салынуы туралы сөз қозғап.

ҚҰМАРШЫҚТЫҢ  ПАЙДА БОЛУ СЫРЫ

Құмы ысқырына бораған аңызақ далаға көктің жайқала өсіп кетпейтіні аян. Алайда аптап ыстық пен құм суырған дауылдың да таңғажайып сұлулығы болады. Көктем туа дүр көтерілген шөптесін жаздың аптап ыстығына шыдас бермей, тез көктеп, жылдам сола бастаған сәтте Нарынның құмына көрік берер аздаған шөптің бірі де, бірегейі де – құмаршық еді. Ескіден жеткен аңызда ботасынан айрылған нардан саулап аққан сүтті құмдауыт жер сіңіріп алып, одан осы шөп өсіп шыққан-мыс. Бұрынғының сөзі десек те, ақ-қарасын айырып алуды ендігінің еншісіне қалдырсақ та, оқырман үшін бұл өсімдіктің ең болмаса ғылыми сипаттамасын бере кету артық бола қоймас. Хош, сонымен құмаршық қар мен жаңбыр суынан нәр алып, құм­­­ды, шағыл жер­лерде, Нарын құмында өсе­д­і. Биіктігі 30-50 см, таспа тәрізді жа­пырағы бар, жемісі 3,5-5,5 мм, түксіз, үлпілдек, құрамында қанты болады екен. Тұқымының ұзындығы 1,3-2 мм, түсі алқызыл. Дәндері аса ірі емес, дөңгеленген, ұсақ, жып-жылтыр, майлы. Сабағы түп жағынан бастап тармақталып өсетін өсім­дік­тің тікенектері қат­­ты­лығы жа­ғынан ошағанға ұқ­сай­ды. Құмаршықтың қазақ үшін қадірлі болатынының себебі – алапат аштықта елдің өзегі талып, дәрмені таусылған шақта қалың жұртты дәл осы дәннің құтқарып қалуында. Тамыр іздеп, ін қазып кеткен, аштықтан босқан жұрттың қарауытқан көзіне көрінген құмаршық бір қауым елді аштан өлудің азабынан құтқарып қалса керек. Атыраудың салқар даласын жайлаған осы күнгі бір қауым ел амандығы үшін әуелі Аллаға, содан соң осы бір өсімдікке қарыздар. Ұлт тарихындағы ең бір қасіретті кезеңде тұтас елді аман алып шыққан бұл өсімдікті қалай әспеттесең де жарасатыны сондықтан. «Тарихқа тағзым етейік, өткенімізді ұмытпайық» деген елдің қатарынанбыз ғой, ендеше, өткенге құрметтің бір үлгісі – тұтас жұртты аман сақтап қалған осындай белгілерді де көпке көрсете білген абзал. «Нарын бойындағы еспе құмды, ақ шағылды жерде өскен құ­мар­­­шықтың қазақ халқын аш­тықтан аман алып қалғаны ту­ралы әңгімені көнекөз қариялар ай­та­ды. Біздің буын бұл өсімдіктің сыр-сипаты мен ұлт тарихындағы ор­нынан аса хабардар емес. Сондықтан да Нарын бойын­дағы ауылда 1932 жылы дүниеге ке­ліп, құмаршық орып, оны та­ғам ету процесін түгелдей қол еңбе­гімен жасап көрген, бүгінде 87 жасқа келген анам Алуға Тастанқызы: «Құмаршықты нар сүті­нен пай­­да болды» деген сөз не­гіз­сіз емес. Тас диірменнен құмар­шық­­­ты тарт­қан­да аппақ ұн бо­лып шығатын. Құмар­шықтың тү­­сі­нің аппақ болуын сүт­пен байла­ныс­тырамыз. Манашта дүниеге келдім. Бала күнімізде құмда өскен аппақ шағыл­дар, бүгінгі қаладағы тоғыз қа­бат үйдің биіктігіндей болатын. Ұршығына ты­ным бермей, жүн иіруіне ке­дергі кел­тіре бер­­­ген соң, ана­м Аққыз биік шағылға шы­ғып, ұршығын иі­ріп отыратын. Біз ша­­ғыл­ға өрмелеп шығатынбыз. Ақша­ғыл­дың биігіне шығып, жер­ге қарағанда құмаршық шөпті көреміз. Тіке­негі көп шөптің біз­ді аштықтан сақтап қалған ас еке­­нін ес білгеннен білдік. Құмар­шық – ті­кенегі мол шөп. Тамыз айы­­ның ортасында пісе бастайды. Бірақ әдет­те, оны қыркүйек-қазан ай­­ла­­рын­­да, әбден піскенде, шалғы орақпен шауып, айырмен үлкен машинаның дөңгелегі секілді баспа етеміз. 10-15 күн­­­нен соң, құмаршықты кеп­сін деп арасын ашып, бір-біріне сү­йеп қоямыз. Құмаршықты «көк бас­па», «шық баспа» деп атайтын едік. Алғаш піскен уақытында көк баспа аталса, шық түскенде орыл­­ғанын шық баспа дейтін. Ал «топаң» деп көк баспа мен шық баспа кезінде қағып алған құ­мар­­­шықтың шө­­бін сақтап, сәуір айын­да қай­та қағып дән алуды ай­та­ды. Күніне 100 баспадай құмаршық ора­­мыз. Сол жүз баспадан 50 пұт құ­­­­мар­­­шық дәнін аламыз. Дәні жып-жыл­тыр, дөң­ге­лек, майлы бо­лады. Қазіргі мөл­шермен 50 ке­­лілік 20 қап шамасында дән ш­ы­­ғушы еді. Бұл бір қыстық азы­ғымызға молынан жетеді. Құмар­шық шөпті алаша үстіне жайып, ағаш соқ­­қымен ұрып, дәнін алаша­ға қа­­ғып аламыз. Алаша үстіндегі дән­­ді қиқымнан тазарту үшін дәнді ыдысқа салып, жоғары көтеріп тұрып ала­шаға төгеміз, сол кезде шөптің қи­қымы, қоқымдар желмен ұшып кетеді де дән тазарып алаша үстіне түседі. Содан соң, қол диірменмен дәнді тартатынбыз. Суға қайнатып, сосын қазанға қуы­ра­мыз. Диірменге салғанда талқан болады. Дән сүттей аппақ болып дастарқан үстіне төгіліп түсіп жатады. Дәнді қамыр етіп илейміз, сүт көже жасаймыз, пеш­ке салып нан пісіреміз. Ол наннан таңертеңгілік бір үзім жеген адам, кешке де­йін қарыны ашпай жү­ре­ді. 18 жасымда келін бо­­­лып түстім. Енем «Асығыс қай­наға» деп атаған Қалел қайна­ға ер­те­­мен: «Келін, келін, тұр. Күн кө­теріліп келеді, құмаршық орып келейік» деп мені ертіп кетуге келеді. Сөйтсек, біз тым ерте шығады екенбіз, 50 пұттай құмаршықты орып келгенде таң енді рауандап келе жататын. Құмаршықты шық кезінде орып алған жеңіл екен» дейді анам. Нарын бойында құмаршықтан басқа, қияқ, жыңғыл, қарабарақ де­ген өсімдік түрлері өсіпті. Ол кезде тас жоқ, халық топырақты саз етіп, қияқты бүктеп, тегістеп ара­сына саз салып, «Шеген қыс­тау» көтерген. Төбесін сазбен, жың­ғыл­­мен жауып, түйенің илен­ген терісін терезе еткен. Құмар­шықпен бірге, қияқтың басында қыл­тиып шығатын сұлыға ұқсас дән де адамға ашаршылық жылда­ры азық ­болыпты. Енді осы құмаршық, қияқ, жың­ғылдар шағылды құм На­рын­да қалай пайда болды де­ген сауалға келсек, бұл өсімдіктердің барлығы 1865 жылдардан бастап, әдейі еспе құмды тоқтату үшін және құмды жайылымдық жер ету мақсатында егілген бо­лып шықты. Бұл деректі Х.Досмұхамедов атындағы Аты­­рау мемлекеттік универси­т­е­тінің оқытушысы, ауыл шар­­уа­­шы­­лығы ғылымының док­торы Болат Махамбетов айтып берді. Құмаршық – өте құнарлы өсімдік. Оның құрамында өсімдік майы бар. Заманында 1 келі құмаршыққа 7 келі бидай айырбас болған. Нарын­ның еспе құмын тоқтату мақсатында 1865-1867 жылдары тау-кен ин­­женері А.Дрейр төрт жыл ара­лықта мыңдаған гектар жерге құмаршық, сағыз, қияқ, жыңғыл ектіру жұмыстарын басқарған. 1898 жылы Нарын бойында 137 мың гектар құмаршық егілген. Ба­сында патшалық Ресей, кейін Кеңес билігі 1904-1912 жылдары 60 мың гектарға, 1919-1929 жыл­­дар аралығында 875 мың гектар жерге құмаршық пен қияқ ектірген. Осы деректерді профессор Н.Сустың 1956 жылы жарық көрген «Агроле­со­­мело­ра­ция» жинағынан алғанын айта келе Бо­лат Ма­хам­бетов: «Қазақ мемле­кет­тік ауыл шаруашылығы инс­­ти­­тутында 1968 жылдары оқып жүргенімізде, ұстазымыз Маденов Нарын құмында 1955-1960 жылдары Ф.Аверьяновтың басшылығымен құмаршық пен қияқты бірнеше мыңдаған гек­тар жерге еккенін, одан бұрын ха­­лық ашаршылық жылдары құмар­шық­ты азық етіп, аман қалғанын дәрістерінде айтып берген. Бұл деректерді ғалым айтып отырғандықтан алып не қосарымыз жоқ» дейді Т.Қалимова бізге айтқан әңгімесінде.

***

«Әлі күнге дейін құмдағы ауылдың адамдары құмаршықтың талқанын түйіп, көжесін дайындап, нанын жеп отыр. Өткен жылы Исатай ауданының тұрғыны Ақтолқын Ахметжанова құмаршықтың талқанын жеткізіп берген болатын. Анама айтпай алдына қойғанымда, дәмін көрген бойда: «Бұл – тарының емес, құмаршықтың талқаны. Бірақ дәмі өзгерген екен» деп құмаршықтың талқаны екенін бірден білді. Себебін сұрағанымда «Құмаршықты бір жеген адам оның дәмін өмір бойы ұмытпайды» деп жауап берді» дейді біздің кейіпкер. Қазақтың басынан өткерген қилы заманның, аумалы-төкпелі уақыттың азабына да, өмір үшін арпалысқан жандардың сан тарау сезімдеріне де куә Құмаршықтың жыры ескерткішпен тоқтап қалмайтыны анық. «Ендігі мақсатым – өңірге белгілі қаламгер Мұрат Бектенов аға екеуміздің авторлығымызбен шығатын құмаршық туралы танымдық кітапты баспадан сапалы етіп шығарып, халыққа жеткізу. Тағы бір мақсатым – Ауыл шаруашылығы министрлігіне құмаршықты арнайы егу жөнінде ұсыныспен шығуға құжаттарды ­дайындап жатырмын. Сонымен бірге, облыс орталығындағы көшелердің біріне Құмаршық атауын беру үшін Атырау облыстық ономастика ­комиссиясына ұсыныс дайындаудамын. Мұның барлығы ұлт тарихын ұмыттырмау үшін жасалатын қадам деп есептесеңіз болады» деген кейіпкеріміздің сөзіне сенсек, құмаршықтың тамыры терең тарихымыздағы орнын әспеттеу ісі енді басталып келе жатқандай...

Жазып алған

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

Атырау

7993 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы