• Руханият
  • 14 Қараша, 2019

ӨТІРІГІ ЖОҚ ӨМІР

Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1964 жыл. Көктем. Нарынқолға осы ауылдың перзенті, жазушы Бердібек аға Соқпақбаевтың жолы түскені бар. Жалғыз емес, қасына Алматыдан орта бойлы, біртоға, бейтаныс кісіні ерте келіпті. Клубта өткен кездесуде қаламгер сөз алып, жерлестерімен жүздескеніне қуанышты екенін айтты. Сөйтті де 30-жылдардағы олардың өмірінен алынған «Балалық шаққа саяхат» кітабының «Тепең-тепең» атты тарауынан үзінді оқып берді. Содан соң: «Қаладан алып келген «Менің атым Қожа» деген бір бума кітабым туған-туысқандарымнан артылмады. Таңертең осындағы «Культмагқа» барып іздестірсем, қойма меңгерушісі қазақша-орысша шыққан шығармаларымның бірде-бір данасы қалмай өтіп кеткенін айтты. Есесіне ол жерде жанымдағы жас талант Қадыр Мырзалиевтің балаларға арналған «Жаңғалақтар» жинағы бар екен. Соны түп қотара сатып алып, сіздерге базарлыққа алып келдім. Автордан қолтаңба жаздырып алыңыздар. Қонаққа осылай құрмет көрсетейік» деді. Сондағы Бекеңнің жанындағы бейтаныс адам Қадыр ақын екен-ау! Арада аз уақыт өтпей-ақ ол ағамыздың қазақ поэзиясының хас тұлпарына айналатынын сол кездегі 5-класс оқушылары біз қайдан білейік... ...Осы жылы күзде Нарынқолға барғанымда міне, жоғарыдағы оқиғаның есіме түспесі бар ма?! Содан бері арада 53 жыл өтсе де ұмытпаппын. Бәрі де көз алдымда. Ал одан кейінгі кезеңдер ше? Иә, қаламгермен Алматыдағы студенттік шақтағы кездесулер, газет-журналда жұмыс істеп жүргендегі жүздесулер... Өкінішке қарай олардың бірінде де дәл жоғарыдағыдай әсер жоқ. Неге? Осы сұраққа жауап іздеп, сарыала жапырақтар саудыраған Нарынқол көшелерінде көп жүрдім. Әне, анау қазіргі жасөспірімдерді еңбекке баулу орталығы боп тұрған бәкене ғимарат бір кездегі болашақ жазушы білім алған орта мектеп. Міне, шөберелері бұл күнде жем қоймасына айналдырған Рамазан атаның мына тоқал тамында КазПИ-ді бітіріп келген Бердібек аға отбасымен пәтерде тұрған. Ал кейін қабырғасы құлап, төмпешік болып қалған мына жердегі клубта қаламгер жерлестерімен кездесу өткізген. Осыларды бүгінгі ауыл тұрғындары біле ме? Сұрасаңыз жазушының аты-жөнінен хабардар екенін айтады. Ал өміріне, туған жермен арадағы байланысына келгенде бастарын шайқайды. Оған ешкімді кінәлай алмайсың. Өйтуге хақымыз да жоқ. Себебі, біз де солардың ар жақ, бер жағындамыз. Жазушының шығармаларын жақсы білгенімізбен, өзі, ортасы туралы түсінігіміз аз. Сонда мұны, яғни, сөз етіп отырған тақырыпқа байланысты бос кеңістікті немен, қалай толтыруға болады? Жазу-сызу төңірегінде жүрген біз ізденбесек, қимылдамасақ, онда... Осындай ойлармен ақыры Алматыда тұратын Бердібек аға Соқпақбаевтың жары, қаламгердің Самал атты қызының анасы, белгілі педагог, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер Бәшен апа БАЙМҰРАТОВАҒА жолығып, әңгімелесуді жөн деп таптық.

– Апай! Негізгі әңгімеге кіріспес бұрын өзіңіз жөнінде аз-кем мағлұмат алсақ деп едік. Қай жерде, қандай отбасында өмірге келдіңіз. Сіз оқыған мектеп, алғашқы еңбек жолыңыз... Бұл жөнінде не айтасыз? –Мен өзім Шығыс Қазақстан өңіріненмін, қарағым. Сондағы Ұлан ауданының Байжан елді мекенінде дүниеге келгенмін. Әкем пошта тасушы-тын. Өмірден ерте кетті. Шешем кеңседе еден жуушы болатын. 1941 жылы соғыс басталғанда 6-сынып оқушысы екенім есімде. Арада екі жыл өткенде мектеп жабылды да бәріміз қара жұмысқа жегілдік. Мен аудандық баспаханада әріп теруші болдым. Сөйтіп жүргенде 1945 жылы: «Жеңіс!» – деген жылы хабар жетіп, майданнан бізге туыс Шағила Құсанова апамыздың оралмасы бар ма?! Кейін ғылым докторы атанып, КазГУ-де ұзақ жыл оқытушылық қызмет атқарған ол кісі Алматыға аттанарда: «Ауыл балалары оқуы керек. Бұларға қара жұмыс істету қиянат емес пе» деп жергілікті басшылармен жағаласып жүріп, төрт қызды өзімен бірге алып кететінін айтты. Солардың біреуі анамның одеялдан тігіп берген пальтосын киіп жолға шыққан мен едім. Ол кезде Өскеменнен Алматыға аттанудың өзі бір азап. Арып-ашып жеттік қой әйтеуір. Содан неше түрлі сынақ тапсырып жүріп, Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне оқуға іліккен жайымыз бар. – Бұл арнаулы орта оқу орны Қызылор­дада емес пе еді? –Жоқ. 50-жылдардың аяғында ғой сол жаққа көшкені. Алғашында ол Алма­тыда, қазіргі мына «Гауһар» зергерлік бұйымдар дүкенінің орнында болатын. – КазПИ-ге жақын деңіз... –Иә. Бердібек ағаң ол кезде міне, сонда оқып жүр екен. Білетінім, институт басшыларының оларды бізге топ-тобымен өндірістік тәжірибеден өт­кізуге жіберетіндігі. Солардың ішінен Тұрсынбек Жабаев, Мұқаш Сәрсе­кеев, Айқын Нұрқатов және Бердібек Соқпақбаев бағдарламадағы көрсетілген тақырыптарды игеруге ерекше ынта танытатын. КазПИ-дің ІІ-ІІІ-курс студент­тері мен училище қыздары осындай тәжірибелік сабақ өткізу, мереке қарсаңындағы түрлі ойын-сауық кештерін ұйымдастыру сияқты іс-шараларда таны­сып-біліскен едік. Бәрі шетінен ақкөңіл, еңбекқор әрі талантты жігіттер болатын. – Талант демекші, көз алдыңызға елестетіп немесе есіңізге түсіріп көріңізші. Болашақта мықты сыншы, атақты ақын, көрнекті прозаик болатын жоғарыдағы ағаларымыздың студент кездеріндегі әдеби ортада танылуы қалай еді? Баспасөз беттерінде көрінуі ше? – Педучилище қыздары – біздің білетініміз, олар оқып жүріп шығармашылықпен айналысты. Оны бұл жігіттердің КазПИ-дегі әдебиет үйірмесінде өз өлеңдерін оқып, жазған әңгімелерін талқылауға ұсынуларынан, Алматыдағы ақын-жазушыларды кездесуге шақырып, түрлі пікіралысулар өткізулерінен байқайтынбыз. Сондай кештерде профессор Қажым Жұмалиев бірде «Қазақ әдебиетінде», келесі жолы «Лениншіл жаста» немесе «Қазақстан пионерінде» шыққан студенттер Серік Қирабаев, Мыңбай Рәшев, Мұқаш Сәрсекеевтің рецензия, өлең, мақалаларын атап ­айтып, шәкірттерін көтермелеп отыратын. Өстіп жүргенде Бердібек Соқпақбаевтың да «Социалистік Қазақстан» газетінде мақаласы шығып, жұрттың гу ете түскені бар. «Редакцияға хат» айдарымен берілген ол материал «Ұры біреу, ұрлық нешеу?» деп аталады. Онда Бекең өзі аударған С.Михалковтың өлеңдерін студент әріптесі Қабыл Боранбаевтың сәл өзгертіп пайдаланғанын, сөйтіп балалар басылымдарының бірінде жарияланып кеткен бұл тәржімені ел енді кімнің еңбегі деп ұғатынына жауап іздейтінін жазыпты. Ол кездегі КазПИ, ондағы тіл және әдебиет факультеті студенттерінің өз мамандықтарына деген ұмтылысы, өршіл талапқа толы өмірі міне, осындай болатын. Біз өзімізбен қатар жүрген бұл жігіттерді жоғарыдағыдай қасиеттері үшін қатты сыйлап, ерекше құрмет тұттық. Оларды жақсы көріп, айтқан сөздеріне қалтқысыз сендік. Солардың бірі Бердібек ағаларың ­­8 нау­рыз мерекесінде маған өз сезімін білдіріп, сүйіспеншілігін айтқанда, азаматты жерге қаратқым келмеді. Сөйтіп ол институтты, мен педучилищені аяқтаған 1948 жылдың күзінде қол ұстасып Нарынқолға аттандық. – Онда қанша жыл тұрдыңыздар? Мұны сұрап отырғаным... 1951-1952 жылдары репрессияның үшінші толқыны басталғаны белгілі. Сонда Қазақстандағы біраз зиялы қауым өкілінің басына қара бұлт үйірілген. Оған атақты тарихшы Е.Бекмаханов та душар болып, Алматыдан 350 шақырым жердегі Нарынқолға қатардағы мұғалімдік қызметке жіберілгені бар. Егерде сіздер ол кезде сонда болсаңыздар, ардақты азаматтың жоғарыдағыдай жағдайға байланысты алыс ауылда өткізген өмірінен не білесіздер деген ой ғой біздікі. –Түсіндім. Нарынқолға біз алғашқы алты жылдың ішінде екі рет барып, Алматыға екі рет қайта көшіп келген жайы­мыз бар. Бірінші жағдай, яғни, 1948-1950 жылдары аталмыш ауданның Қостөбе деген ауылында тұрдық. Соғыстың аяқталғанына үш-төрт жыл ғана болып, жұрт әлі есін жия алмай жатқан кез ғой. Сол себепті ел де, жер де өте жүдеу-тін. Кейін бәрі реттелер деп ерлі-зайыпты екеуміз сондағы бастауыш мектепте кезектесе сабақ беруге кіріскенбіз. Бірақ араласатын орта, тұрмыстық жағдай онша болмады. Оның үстіне осы жерде өмірге келген Қуаныш атты ұлымыз шетінеп кетіп, қатты қиналдық. Өстіп жүргенде 1949 жылы Бекеңнің өлеңдері «Жастар даусы» ұжымдық жинағында жарық көріпті деп естідік. Ал келесі жылы «Бұлақ» атты жеке кітабы шығатын болыпты. Мұны естіген ағаларыңда тағат қалмады.Сол жағдаймен 1950 жылы Алматыға қайта оралған едік. Өкінішке қарай жыл өтпей жатып мұнда да тірлік кешу қиынға айналды. Пәтер жоқ. Отын-су удай қымбат. Алатын жалақымыз мардымсыз. Сөйтіп кешегі ауылдағы өмірімізбен жылап көрісетіндей жағдайға жеткен соң 1951 жылы тағы да Нарынқолға оралуға тура келді. Бұл жолы біз аудан ор­талығындағы орта мектептің өзіне орналасып, Бекеңе жақын болып келетін Жусанбаев Шәріп пен Жауынбаев Рамазан ақсақалдардың отбасын паналадық. Жарықтық ауыл адамдары кең ғой. Рамазан ата ауласындағы ескі тамын жөндеп беріп осында тұрыңдар десе, Шәріп қария өздері не ішіп, не жесе бізге де соны ортақтастырып отырды. Осындай көмек, жәрдемнен кейін мектептен алған айлығымыз да бойымызға жұғып, ел қатарына қосыла бастадық. Осылай жүріп жатқанымызда бір күні Бекең үйге асығып келді де сенбінің кешіне қонақ шақырғанын, ол кісінің осында түнеп, жексенбіде де біздің үйде болатынын айтты. Сөйтті де: «Бұл ағай мектебімізге жаңадан келген мұғалім. Бірге отырып тоқсандық сабақ жоспарын істейміз» деді. Басқа ештеңе деген жоқ. Мейман белгіленген күні үйімізге келді. Қалалықтарша киінген, жылы жүзді, сыпайы кісі екен. Өз басым көрген бетте-ақ бұл бейтаныс қонақты мұнда, түкпірдегі мынадай бұйығы елді мекенде жұмыс істейтін адамға қимадым. Өңінен үлкен ортаны көрген, жоғары мәдениетке ие, парасатты жан екені бірден көрініп тұрды. Амандасып, шай ішуге отырғанда, одан жатар-жатқанша созылған әңгімелерде Бекең қонақтың атын атамай: «Аға!» деп құрметтеді де отырды. Ертесінде екеуі күні бойы жазудан бас көтермей, сабақ жоспарын жасады. Содан екі ай өткен соң... Иә, екі айдан кейін мектептегі мұғалімдер ол кісіні Алматыға қайтадан шақырып алып кетіпті деп жатты. «Сен білесің бе? – деді жоғарыдағы әңгіменің ізі суыған бір кеште Бекең маған тұнжырай қарап отырып: – Әнеу күнгі келген қонақты айтам да... Ол кісі – қазақтың атақты тарихшысы Ермұқан Бекмаханов. Арызқойлар ардақты ағаны қоғамға жат элемент деп күстаналапты. Еш жерден жұмыс бергізбей, әуре-сарсаңға салыпты. Содан бассауғалап шалғай өңір, қиыр шет бізге келіп еді. Бірақ шекаралы ауданда тұруға рұқсат жоқ деп қайтадан кері алып кетті. Ендігі жағдайы не болады? Түсініксіз. Осыдан соң Нарынқолға біз де көп тұрақтамадық. Жергілікті биліктің суық көзқарасына ұшырауымызға байланыс­ты Алматыға қайта қоныс аударуымызға тура келді. Бұл жағдайды арада 51 жыл өткенде академик Серік Қирабаев өзінің «Жастықтың сағынышты күндері» атты естелігінде өте дәл, нақты әрі түсінікті түрде былай деп айтқан. «...Қысты күні түн ішінде мезгілсіз біреу есікті қатты тарсылдата бастады. Сұрасам, Бердібек. Ауылдан ерте шыққан екен. Қыс іші, жол ауыр болып, түнделетін зорға жетіпті. Бөлмеге кіргізіп, бойын жылындырып, жатқыздық. Таңертеңгі шай үстінде ол біржола келгенін, мектептен кеткенін айтты. Себеп, атақты ғалым Ермұқан Бекмаханов жер ауып, Нарынқолға мұғалім болып барған екен. Мектепте сабақ беріп көрмеген Ерекең айлық, тоқсандық жоспар жасау сияқты істерді қалай атқаруды Бердібектен сұрапты. Ол бұл кісіні үйіне шақырып көмектесіпті. Бекмахановтың елмен қарым-қатынасын директор қадағалап жүреді екен. Ғалыммен кездесіп, қонақ етіп, сөйлесіп қалып жүргені үшін ол Бердібекке дікілдепті. Оны кешіре қоятын бұл ма. Екеуінің арасында кикілжің басталған. Кешікпей Бекмахановты басқа жаққа алып кетіпті (Шу мектебіне апарып, сол жақтан Сібірге жіберген ғой). Осыдан соң директордың өзіне деген алакөздігін аңғарған Бердібек те арыз беріп, босап, қалаға келген беті екен». – Сонымен сіздер Алматыға қайта оралдыңыздар. Ал одан былайғы өмірлеріңіз... Бекеңнің жұмысы... Шығармашылығы... Айтпақшы, Ермұқан аға Бекмахановты кейін көріп, кездесудің сәті түсті ме? Өйткені сол кездері бәріңіз бір қалада тұрып, тірлік кештіңіздер ғой. –Алматыға қызым Самал екеуміз жазға таман келдік. Бекең оған дейін «Қазақфильмге» қызметке орналасып, ғалым досы Серік Қирабаевтың үйінде тұрды. Отбасымыз түгенделген соң КазПИ-дегі жатақхана комендантымен келісіп, бір-екі ай сонда амалдадық та күзге таман Кіші станицадағы Никамал деген апайдың пәтерін жалдадық. Атақты биші Шара Жиенқұлова бар емес пе. Міне, әлгі үй сол кісінің әкесінің патша заманынан бері тұрған мекенжайының бір бөлігі болатын. Мен сол жерден қала шетіндегі ауыл мектебіне барып еңбек етіп жүрдім. Өйткені жұмыстың табылу реті солай болды. Бекең бұл кезде елге танылып қалған қаламгерлер қатарында еді. Оны жұртқа белгілі еткен сол кездегі көзі қарақты үлкен-кішінің бәрінің кітап пен газет-журналға деген керемет ынтызарлығы болатын. Соның арқасында айналасы бес-алты жылдың ішінде «Жастар даусы» ұжымдық жинағы мен «Бұлақ», «Алыстағы ауылда», «Он алты жасар чемпион», «Бақыт жолы» кітаптары жарық көрген авторды ел жақсы білді. Бір күні Бекең үйге өте көңілді оралды. «Паркті кесіп өтіп келе жатсам, – деді аптығып. – Ермұқан аға ше? Бекмаханов! Міне, сол кісіге жолығып қалдым. Бір-бірімізді көріп қатты қуандық. Сібір­дегі айдаудан оралыпты. Өңі жүдеу. Еш жер жұмысқа алмаған. Соны айтып жоғарғы жаққа хат жазған екен: «Күтіңіз. Жеке қабылдап, әңгімелесеміз» депті. Жалғызсырап жүргенін байқадым да елге қонақ боп қайтуға шақырдым. Оған ғалым келісті» деді. Содан олар Нарынқолға аттанып, он күндей елде болғаны есімде. Ал Кегенге келіп, Қарқарада жүргендерінде обкомнан телефон шалынады. Ол Ермұқан ағаның жоғарғы жаққа жазған хатына байланыс­ты іздеу екен. «Бекмахановты Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Пономаренко жолдас қабылдайды. Таңертең Алматыда болсын» деген пәрменнен кейін аудандағыларда жан қала ма? Асып-сасып жүріп түстен кейін  оларды жүк мәшинесіне отырғызып, таң ата бере қалаға жеткізген ғой. Бұл 1954 жылғы жағдай. Содан екі жылдан соң Бекең Мәскеудегі әдебиетшілердің жоғары курсына оқитын болды да отбасымызбен сонда көштік. Сол кезде біз тұрған Тверь бульварындағы үйге Ермұқан ағаның бір-екі рет келіп, хал-жағдайымызды білгені бар. Бекеңе айтқан әңгімелерінен аңғарғаным, репрессиядан кейін ғалымның партиялығы мен ғылыми атағы әлі қалпына келтірілмепті. Ол кісі Мәскеуде, міне, соған байланысты ізденіп жүр екен. Содан кейін атақты тарихшымен арада байланысымыз болған жоқ. 1966 жылы бақилыққа аттанғанда қалың халық қатарында қоштасуға барып, қайтпас сапарға шығарып салдық қой. – Енді сіз мына сұраққа жауап беріңізші. «Он алты жасар чемпион» повесінен кейін жазушы Бердібек Соқпақбаевты елге, бүкіл одақтас республикаларға танытқан шығармасы ол автордың «Менің атым Қожа» туындысы ғой. Бұл еңбек өмірге қалай келді? Сол кездегі оқырмандар, әдеби орта оны қалай қабылдады? Естуімізше аталмыш повесть баспадан машақатпен басылып, автор біраз әуре-сарсаңға түскен сияқты. – Жоғарыда мен отбасымызбен Мәскеуде тұрдық деп айттым ғой. Міне, сонда жүргенде: «Жазушылар одағы үй бергелі жатыр екен» деген хабарды естіген Бекең мені Алматыға жіберді. Қайта-қайта айтқан сөзі: «Ғабит Мүсіреповке кір. Жағдайымызды жасырма» деу болды. Солай еттім де. Нәтижесінде бізге қала шетіндегі СМУ-15 деген жерден екі бөлмелі пәтер тиді. Қуанышымызда шек жоқ. Мәскеудегі оқуынан келген Бекең міне, осында, Журавский, 13 деп аталатын көшедегі үйімізде отырып, бітуге таяу қалған жаңа шығармасын аяқтады да баспаға берді. «Өзім туралы повесть» атты бұл туындының ол жерден қалай шығып кеткенін білмеймін, бірақ кітап оқырман қолына тигенде қатты айғай-шу басталды. Өйткені біздегі балалар туралы бұған дейінгі дүниелерде жас жеткіншектердің бәрі шетінен тәртіпті, тәрбиелі, тіл алғыш әрі белсенді еді. Ал бала болған соң олардың іс-әрекеттерінде кездеспей тұрмайтын қиқарлық, жалқаулық, нашар оқып, сабақтан үлгермей қалушылық сияқты қылықтар ол кездегі әңгіме, повестерде көп көрсетіле бермейтін. Жазушы Бердібек Соқпақбаев өзінің кішкентай кейіпкері Қожа арқылы бұл схематизмді бұзды. Сондықтан көптеген педагогтар оған тосырқай қарап, сыншылар ұшқары пікірлер айтып жатты. Қазақи, әдеби орта осылай дуылдасып жатқанда, Бекең бұл кітабын «Менің атым Қожа» атауымен орысша шығаруға бел байлады. Өкінішке қарай баспа көп кешікпей оны өзіне қайтарып бермесі бар ма? Сөйтсе рецензент: «Мектептегі барлық баланы хулиган (пікір иесі дәл осылай жазған – ред.) еткілеріңіз келсе, бұл кітапты тезірек басып шығарыңыздар» деп мысқылдапты. Бірақ... иә, бірақ парадокс дейміз бе, не дейміз?! Автордың аталмыш кітабына Мәскеу қырын қабақ танытпады. 1958 жылы «Детгиз» оны қуанышпен қабылдап, көп тиражбен басып жіберді. Келесі жылы орталық жеделдетіп тағы шығарды. Сол сол-ақ екен, ол молдова, латыш, литван, украин, өзбек, беларусь, эстон тілдеріне аударылып жарық көре бастады. 1963 жылы «Қазақфильм» осы шығарма негізінде кино түсірді. 1967 жылы Францияның Канн қаласындағы халықаралық фестивальда ол бас бәйгені жеңіп алды. Сөйтіп соған дейінгі кеңестік қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын мінез-құлыққа ие, атап айтқанда, өзіндік қуанышы мен мұңы, керек десеңіз тосын тағдыры бар, тентек, қиқар, бірақ ақылды, ақкөңіл, адал Қожаға өз қандастарымыз үрке қарап жатқанда, өзге жұрт оны жатырқамады. Қай жерде де туысқан республикалар оқырмандары «ол жүріп өткен көшеде ит үріп, қаз қаңқылдап қала беретін» кішкентай кейіпкерді  қуана қарсы алумен болды. Сөйтіп қазақтың қарадомалақ ұлы сол кездегі кеңбайтақ Кеңес Одағын еркін аралап, одан әлем елдеріне асып кете барды. Бұл повесть туралы мен білетін нәрсе осы, қарағым.

[caption id="attachment_55270" align="aligncenter" width="600"]Қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева Нарынқолдағы әке ескерткіші жанында. 1994 ж. Қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева Нарынқолдағы әке ескерткіші жанында. 1994 ж.[/caption]

– Автордың келесі бір керемет туындысы «Балалық шаққа саяхатта» Тұрдыбек атты кейіпкер бар. Оның прототипі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туған інісі ғой. Кітапқа өмірдің нақ өзінен алынған, тағдыры шығармада еш қоспасыз баяндалған бұл бейне сізге де өте жақын дер едік. Өйткені өзіңіз Қостөбеге келін боп түскенде ол сонда еді дейді біздің ауылдағы көнекөздер. Сұрайық дегеніміз: Тұрдыбектің сол кездегі, одан бергі тағдыры. Қандай жұмыс істеп, қайда тұрғандығы. Отбасы... Бұл жөнінде сіз не білесіз? – «Балалық шаққа саяхат» Бекеңнің бізбен тұрғанда, баспанаға енді қолымыз жетіп, көңілімізді демдегенде тапжылмай отырып жазған, сөйтіп оның қалай, қашан біткеніне өзіміз куәгер болған соңғы шығарма. Одан кейін ағаларың бізден кетті. Басқа отбасын құрды. Қайтеміз, жағдай солай болды. Айтайын дегенім ол емес, жаңа өзің сұраған шығармадағы Тұрдыбек, оның өзім білетін тағдыры. Иә, 1948 жылы мен Қостөбеге келін боп түскенде Тұрдыбек сонда екен. Бекеңнің Башай деген жеңгесінің үйінде қолбала боп жүріпті. Сол кездері ешкім оны 16-17-дегі жеткіншек деп айтпас еді. Бойы аласа, әлжуаз-тын. Жалтақ, қорғаншақ болып өсіпті. Дереу өз қолымызға алдық. Мені өте жақсы көрді. Жанымнан қалмай, көмектескісі, жәрдемдескісі келіп тұра­тын. Бірақ Бекең ағасы секілді шақар. Мінезі құдды таулы өңірдің құбылмалы ауа райы секілді еді. Соған шыдап Қос­төбеде жүргенде, Нарынқолға келгенде қа­сымыздан қалдырмай, ел қатарына қостық қой. Алматыға көшкенімізде Текестегі МТС-та тракторшы еді. Еңбек демалысында қалаға келіп тұратын. Бекеңнің бізді тастап, басқа отбасын құрғанын есті­генде қатты қапаланды. Ағасына ренжіп, көрместей болып кетті. Сол кездегі Тал­дықорған облысының Киров ауданына көшіп барды да шопандық кәсіппен шұғылданды. 70-жылдары маған мектеп бітірген қызын жіберіпті. Оқуға түссе, ешкімді танымайтын қалада қиналмасын, бас-көз боп жүрсін деген ойы болса керек. Содан ол қыз біздің үйде жүріп оқыды. Институтты бітірген соң ауылына қайтқан. Арада көп жыл өткен соң сол ма, жоқ басқа қыз ба,әйтеуір біреуі Тұрдыбектің қатты ауырып жатқанын хабарлады. Бардық. Талдықорғанның іргесіндегі Мұқаншы ­ауылында тұрады екен. Бізді көріп, көтеріліп қалды. Содан жанында біраз болып, қалаға қайтқанбыз. Екі жетіден кейін бақилыққа аттанғанын естідік. Тұрдыбектің жағдайы міне, осындай. – Бердібек аға өмірде қандай адам еді, апа? Ұрпақтары туралы не айтасыз? Өзіңіздің ол кісіден кейінгі өміріңіз. Сосын...иә, сосын әңгімемізді жазушының рухани мұрасына қатысты жеке ой-пікіріңізбен қорытындыласақ дейміз. – Ол – табиғаты адал, өмірге ғашық, ақкөңіл, жарқын жан еді. Өте әділ-тін. Өз басына жетерлік батырлығы мен шақарлығын да айтпай кете алмаймын. Мұндай мінезі біреуден жәбір-жапа көрген адамдарға ара түсіп, оларды қорғағанда ерекше байқалатын. Шіренгендерге шыдамаушы еді. Ондайларға тік сөйлейтін. Аңқау, айтқан сөзге тез сенгіш ол есеппен өмір сүруді ойламады. Өте тиянақты, үнемшіл, қанағатшыл жан болды. Үсті-басын таза ұстайтын. Ұрпақтарына келер болсам, өздерің білетін қызым Самал ғой. Ол кішкентай күнінен кітап оқу мен сурет салуға үйір болды. Жазуға да икемді екені байқалатын. ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түсуді армандады. Бірақ оған шамам жетпеді. Университеттің химия факультетіне түсірдім. Оған ол алғашында көңілі соқпай, қатты қиналып жүрді. Дегенмен, бойында әкесінің еңбекқорлығы мен табандылығы бар емес пе, тырмысып жүріп аталмыш факультетті өте жақсы деген бағаға бітіріп шықты. Осылай болғанымен кейін жазуға біржола бет бұрып, орыстілді басылымдарда жұмыс істеді. Аудармамен шұғылданып, көптеген қаламгерлеріміздің, оның ішінде әкесінің де біраз туындыларын тәржімеледі. Солардың арасынан өз басым қызымның қазақ ертегілерін аударуға сіңірген еңбегін ерекше бағалаймын. Сөз ыңғайына қарай айта кетейін, Бекең екінші отбасынан қос ұл көрді. Біреуі әбден ержетіп, азамат болған кезінде қайтыс болып кетті. Олардың анасы қаладағы №9 аптекада көп жыл жұмыс істеген Бибігүл деген кісі. Қазір зейнетте болуы керек. Ал енді өзіме келсем, 1957 жылдан ­бастап Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында қызмет істедім. Сол мекемедегі еңбек еткен 40 жылға жуық уақыт ішінде талай қиын, күрделі мәселелермен бетпе-бет келген жағдайлар болды. Мұны қазір өзіме берілген есеп, өзгеге сабақ, тағылым деп еске алып отырмын. Мәселен, Алматыдағы 60-70-жылдардағы қазақ балабақшасының жағдайын Құдай енді қайтіп басқа бермесін. Неге дейсің ғой?.. Республика астанасында сол кездері  мектеп жасына дейінгі 290 мекеме болса, соның бәрі орысша-тын. Бұдан өткен қорлық бола ма, жоқ па? Мәселені нақты зерттеуге, бұлтартпас дерек-дәйектер тауып, дәлелді анықтама әзірлеуге сол кездегі ел басшысы Дінмұхамед Қонаев тарапынан біздің институтқа тапсырма берілді. Жанымызды салып кірістік. Бәрін мұқият дайындап, белгілеген мерзімде оны Оқу министрінің алдына қойдық. Артынша ол Үкіметке жіберілді. Сөйтіп 1961 жылы алғашқы №16 қазақ балабақшасын ашуға қол жеткізген болатынбыз. Одан соң өз қаракөздерімізге арналған №204 экспериментальды тірек балабақшасы өмірге келді. Сол уақытта Оқу министрі болған Кенжәлі Айманов ғажап адам еді. Бастаған ісімізді үзіп алмауды ойлап, педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының жетекші қызметкері маған «Қазақ балабақшаларының жағдайы туралы» республикалық конференция өткізуді тапсырды. Министрдің өзі келіп қатысқан 1969 жылғы бұл жиын жалғыз Алматы емес, аймақтардағы жағдайға да айтарлықтай қозғау салды. Жә... Айта берсе, бұл тақырыптың жыры көп. Ойым аталмыш проблеманы шешудегі сол кездегі жібіген тоң мен қозғалған сеңнен хабардар ету ғой. Осыдан кейін мен педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында кандидаттық диссертация қорғадым. Сонда көптеген методологиялық оқулықтар мен тәрбие жұмысына байланысты бағдарламаларды өмірге әкеліп, 1997 жылы зейнетке шықтым. Істеген ісімнің қайтарымы ретінде ұжымым кезінде КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі атағын әперіп, Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапаттады. Соның бәріне шүкіршілік айтып, жүріп жатқан жайым бар, қарағым.

Бәшен апай бұдан кейін бізге мына мәселелерді айтты. Ол кісіні Бекең шығармаларының кейінгі кездегі жағдайы алаңдатады екен. Соның біріншісі, әуесқойлардың «Менің атым Қожа» повесі негізінде қайталап кино түсіруі. «Бұл дұрыс емес, – дейді әңгіме иесі. – 1963 жылы ондай фильм жасалып, алтын қорға енді ғой. Ал кейінгі киноленталар кімге, неге қажет? Ол жазушы Бердібек Соқпақбаевтың классикалық туындысын жұлмалап, кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың шедеврлік еңбегіне көлеңке түсіру деп ойлаймын». Апайдың екінші айтқан пікірі де ойланатын нәрсе. Еліміз егемендігінің елең-алаң кезі деп айтар 1990 жылғы сәуірде «Жұлдыз» журналында Бердібек ағамыздың «Ергежейлілер еліне саяхат» атты повесі жарияланған. Оған жазған алғысөзінде автор бұл шығарманың 1978 жылы осы басылымда жолы болмағанын, оның оқырмандармен қауышуына енді ғана мүмкіндік туғанын айтқан. «Елдің керемет қызығушылығын тудырған сол дүние осыдан 27 жыл бұрын «Жұлдызда» жарияланды да қалды, – дейді Бәшен апай. – Ол жазушының одан бергі 80, 90 жылдық мерейтойларына орай шығарылған кітаптарының ешқайсысына кіргізілмеді. Соның салдарынан «Ергежейлілер еліне саяхат» бүгінде ұмытылуға таяу. Бар гәп мынада. Баспа қызметкерлері ізденбейді. Олар бұрыннан белгілі, әлденеше рет шыққан шығармалардың дайын диапозитивін алуға құмар. Ал қаламгердің жаңа, тың туындыларын тауып, оны компьютерге теріп, корректорлық оқудан өткізуді шығын немесе артық тірлік көреді. Баспалар автордың еңбегінен пайда тауып отыр ғой. Әйтпесе, шығармас еді. Ендеше олар жоспарлаған дүниелерін неге қаламгердің шоғырындай туындылармен жаңартып, байытпасқа? Сөздің тоқетері: ынта жоқ, стереотипке құмарлық басым».

Нұр-Сұлтан

2530 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы