• Руханият
  • 14 Қараша, 2019

Жарқын жүзі жадымда

...Ол сыйлас жолдасымның, қимас  досымның қатарынан еді, сонымен қатар, бір  жылдың төлі болатынбыз. Өткен ғасырдың сексенінші  жылдарының басынан басталған таныстығымыз, нағыз тамаша адами қарым-қатынасқа ұласып, оның дәм-тұзы таусылғанша, яғни, өмір сапары  аяқталғанша жақсы жалғасты ғой. Иә, отбасымызбен ақ, адал жүрекпен араласып, жақсылығымызды, қызық-қуанышымызды бірге бөліскенбіз. Тіпті, екеуміз бір елдің «құсын қолымызға қондырған» бажа да едік.

Қазір Мойынқұмда тұратын Мұқан Сабыров, Атағұл Айнақұлов, Шудағы Мұрат Қал­матаев сияқты дос жігіттермен жиі-жиі бас қосатынбыз. Өмір, қоғам, тірлік-тіршілік жайындағы, адамдық, адалдық жөніндегі әңгімелеріміз әсте таусылмайтын. Ол өзінің сыныптастары Сиязбай Сағымбаев, Света Айбасова, Мақсат Сейдалиев және марқұм Мұсахан Бейімбетовтармен де тонның ішкі бауындай араласып, көбірек бас қосатын. Әйтеуір, жолдастары, достары, тілектестері, сыйластары көп еді. Абыройлы адамның айналасында үйіріліп ақ ниетті жандар көп жүреді ғой, тегінде! Ол деп отырғаным, әрине, Мойын­құмның ардақты азаматының бірі Бағдат Медербекұлы. 1952 жылы мамыражай мамырда дүние есігін ашқан Бәкең биыл, атап айтқанда, қаңтар айында қайтпас сапарға аттанып кетті... Бағдат, шын мәнінде, көпшілікке құрметті, елге қадірлі еді. Жаны тек жақсылықты сүйетін, өзгелердің жолының оң болуын тілеп жүретін, жамандық көрсе күйетін, біреуге қол ұшын беруді парызым деп білетін жігіттің марқасқасы болатын. Өйткені, ел-жұртқа үлгілі отбасында туып-өсіп, тәрбиеленді. Олай дейтінім, ата-анасы халық арасында айтарлықтай сый-құрметі бар кісілер еді. Әкесі ­Медербек Тәжібайұлы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, бейбіт өмірде де берекелі еңбек етіп, үлкен беделге ие болған ардақты азамат ретінде танылған. Балаларын кішкене кезінен шаруаға араластырып, тірлік-тіршілікке бейімдей білді. Ал, анасы Кәнтай Байжарасқызын бүкіл аудан жұртшылығы айрықша қадірлейтін. Себебі, ол бар өмірін мұғалімдікке арнаған ұлағатты ұстаз, республика халық ағарту ісінің озық қызметкері еді. Жамбыл облысы, Мойынқұм ау­даны­ның орталығындағы Жамбыл атындағы орта мектепті ел қатарлы бітіріп, онан кейін Қазақ ауылшаруа­шылығы институтының экономика факультетін инженер-экономист мамандығы бойынша аяқтаған Бағдат алғашқы еңбек жолын аудандық су шаруашылығы мекемесінде инженер-гидротехник қызметінен бастады. Тиянақты ісімен, тындырымды жұмысымен, үлкен жауапкершілігімен көзге түскен жігерлі жігіт көп ұзамай ауызға ілігіп, аудандық атқару ко­митетінің жоспар­лау бөліміне аға эко­номистікке алынды. Одан соң «Талдыөзек» совхозының бас эко­номисі, аудандық шаруашылық есеп­тегі құрылыс-жөндеу учаскесінің экономисі, басшысы қызметтерін де абыроймен атқарды. Ал, 1992 жылдан зей­неткерлік дема­лысқа шыққан 2015 жылға дейін жеке кәсіп­кер­лікпен айналысып, мал өсірді. Бұл салада да жемісті жетістікке жеткен-ді. Әйтеуір, барлық жерде де адал жұмыс істеп, әрдайым әділдігін көрсететін. Білімді басшы, білікті жетекші атанды. Қарапайым, кішіпейіл болды, өзгелермен тез тіл табысатын. Біреуге қол ұшын беріп, көмектесуге дайын тұратын. Халықтық әдет-ғұрыпты өте жақсы білетін, бас қосылған жерде тек өнегеге толы әңгіме өрбітетін. Айтқандай, Бәкең ана тіліміздің нағыз жанашырының бірі еді. Қай жерде де қазақ тілінің мәртебесін көтеруде үнемі белсенділік танытып, таби­ғатынан мінезі жұмсақ болса да, тіл, ұлттық салт-дәстүр дегенде кейбі­реулермен кәдімгідей айтысып, тартысып қалатын. Әсіресе, Бағдаттың ауылдағы үйінің жанындағы бау-бақшасы керемет болатын-ды. Онда өспейтін жеміс, шықпайтын дақыл түрі жоқ дерліктей еді-ау. Бәрінен де нағыз еңбекке етене берілген, ешқашан ерінбейтін жанның іскер қолы тигені білініп-ақ тұратын. Бәкең құдай қосқан қосағы Роза Мұхаметжанқызымен берекелі отбасын құрып, 45 жыл бірге түтін түтетті. Екеуі Нұржан есімді бір ұл, Гүлмира, Динара, Эльмира атты үш қыз тәрбиелеп өсірді, бүгінде бәрі де өмірден өз орнын тапқан. Осы тұста бір күйеу баласының жоғары санаттағы ұшқыш екенін, әлемнің үлкен қалаларына қатынайтын алып «Боинг» ұшағын тізгіндеген әуе қыраны екенін айта кетудің де артықтығы жоқ шығар. Алла берген ғұмырыңды кешесің, Бұл пәниде талай сыннан өтесің. Өмір-өзен, ағасың да кетесің, Мәңгілік мекеніңе де жетесің... ...Бәкеңнің, Бағдаттың жарқын жүзі, жақсы сөзі жадымда. Орнықты, орнымен айтқан тілектері, пікірлері ойымда. Елге ұнаған ерекше істері есімде. Иә, жақсының артында аты қалады!

Берікбай ҚАДЫҚОВ

799 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы