• Білім және ғылым
  • 14 Қараша, 2019

Бағдарламаның берер мүмкіндігі мол

Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандардың ауылды түлетсем деген тілектері орындалып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында болашаққа жол ашылды. Осындай бағдарлама игілігін көріп отырған кейіпкеріміз – Биғайша Құндақбаева атындағы №1 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Әлібек Көкенов.

Кейіпкеріміз есейгенде қандай мамандық иесі болатынын бала күнінен кесіп-пішіп қойыпты. Адам жанының бағбаны – ұстаз болуды қалаған арманшыл жас осы мамандықтың қыр-сыры мен қадір-қасиетін ерте ұғынып, жүрегіне жақын ұстаздарына еліктеп өседі. Бұған нағашы жағынан «ұстаздар әулеті» болғаны да әсер еткен болар, бәлкім?! Адам баласының бойында қашан да биік мақсат пен асқақ арман болады емес пе?! Сондай арманшыл жас Әлібек 2012 жылы Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне студент болып қабылданды. Әне-міне дегенше, қызығы мен қиындығы мол студенттік өмір өте шықты. Білікті оқытушы-профессорлардан дәріс алған ол 2016 жылы «физика пәнінің мұғалімі» дипломын қолына алды. Өзі туып-өскен ауылына оралып, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім нәрімен сусындаған алтын ұясына жұмысқа орналасты. Осылайша кезінде сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздарымен әріптес болды. Шәкірт тәрбиелеу ісінде жас маманға Анар Әлдибекова, Ботагөз Бегімова сынды тәжірибелі ұстаздары үнемі қолдау көрсетіп отырады. Аталған мектеп – аудандағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі саналатын қара шаңырақ. Бұл қамқорлықты осынау мәртебелі мамандықты таңдап, еңбек жолын енді бастаған балаң бағбандар сезіне біледі. Білім ошағындағы биік жетістіктерге жас ұстаздардың қосқан үлесі қомақты. Атап айтар болсақ, Әлібек Дарханұлының шәкірттері облыстық байқаулардан олжасыз қайтпайды. Оған Франц Кумиков есімді оқушысы «Архимед заңы» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, жүлделі ІІІ орынды жеңгені дәлел бола алады. Одан бөлек, ұстаз да өз білімін жетілдіріп, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Түрлі семинар, форум, курс, байқауға қатысуда. Айта кетерлігі, жас мұғалім Әлібек физика пәнін үш тілде оқытады. Ол үшін ағылшын тілінен 10 айлық оқу курсына қатысып, пилоттық жоба аясында Қырғызстанда 10 күн оқып қайтқан. Сондай-ақ, Шортанды қаласында үштілділік бойынша өткен форумға қатысқан. Кейіпкеріміз ұстаздықты ғана емес, қоғамдық жұмысты да қатар алып жүр. Ол – республикалық кәсіподақ ұйымы жанындағы жастар қанатының белсенді мүшесі. – Менің бұл бағдарламаның берері мол екендігіне көзім жетті. Туған ауылымды түлетуге, білімді ұрпақ тәрбиелеуге күш жұмсаудамын. Ауыл – мәдениеттің, өнердің алтын қазығы. Өзім қарапайым отбасында тәрбиелендім. Еңбектің не екенін жастайымнан білемін, түсінемін. Сондықтан жастық күш-жігерімді, білім-мақсатымды осы жолға жұмсауға бел будым, – деген Әлібек бірінші көтерме көмек ретінде 175 мың теңге қаржылай қолдау алған. Одан бөлек, жеңілдетілген несиемен үй алуға құжаттарын өткізгендігін айтты. Бұл жөнінде: – Бағдарлама аясында үй алу үшін 3 млн. 700 мың теңге қаржылай көмек беріледі. Жылдан-жылға баспана бағасының қымбаттап жатқаны тағы бар. Ауылды жерден бөлінген қаржыға 70, ары кетсе 100 шаршы метр үй сатып ала аласың, – дей келе, ол мемлекет тарапынан аталған мәселені қайта қарастырылса деген ойымен бөлісті. Иә, Әлібек өз жұмысына жауапкерші­лікпен қарайды. Өте ұқыпты, тапсырылған жұмыстар­ды дер кезінде орындауға дағдыланған. Мектеп өмі­рінде қоғамдық істерге белсене араласады. Ендеше, еңбек майданына араласқан жас маманның ел үмітін ақтап, туған ауылының гүлденуіне өз үлесін қоса беретініне сенімдіміз.

Еңлік ҚАБДЕШ Алматы облысы

1146 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы