• Тарих
  • 14 Қараша, 2019

ӘЛМЕРЕК АБЫЗ:КЕШЕ және БҮГІН

Талас ОМАРБЕКОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ғылыми орталықтың директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА Құрметті академигі

Тарихымыздың белгілі бір кезеңі  жазба деректер жұтаң болып келетін уақыттарға тап келеді. Мұндайда халық құрметтеген жеке тарихи тұлғалар туралы ел ауызындағы, шежіре деректердегі мәліметтерге жүгінетініміз бар. Сондай әулие-абыздардың бірі – Әлмерек баба. Оның өзінен гөрі бес баласынан тарайтын ұрпағы туралы деректер нақтырақ. Қытайдағы жазушы бауырымыз Әскер Тойғанбекұлы өзі жинаған деректер негізінде Әлмерек абыздың өмір сүрген кезеңін 1658–1754 жылдар деп көрсетеді. Басқа деректер жоқ болғандықтан біз де осыған тоқтаймыз. Бұған келіссек, Әлмерек бабаның өмірі Тәуке хан заманынан басталып, Абылай заманында аяқталады. Тәуке хан таққа отырғанда, яғни 1680 жылы (1058; мешін) Әлмерек баба 22 жастағы жігіт екен. Бұл өзі қазақтың қалмаққа қарсы күресінің өршіп тұрған кезі. Ол заманда қазақтың игі жақсылары елдің шекарасын сақтап қалуды көздеді. Жоңғар билеушісі Қалдан-Бошақту қонтайшының  кезінде  (1670-1697 жж.) ойрат-қазақ қарым-қатынасы асқынып, қалмақ қазақ үшін ата жауға айналды. Қалдан-Бошақту қонтайшы Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды басып алуға әрекет жасады, сондықтан да оның жорықтары албан, суан, дулат және шапырашты рулары мекендейтін аймақ арқылы өтті.  Бірақ, Қалдан 1684 ж. Сайрам қаласын алғанымен, Қытай мемлекеті тарапынан басталған соғыс (169І-І697 жж.) оларды кейін шегіндірді. 1697 жылы Қалдан-Бошақту өлген соң Жоңғар мемлекетінің тұтқасын оның өте айлакер інісі саясатшы Цебан-Рабдан (1697-1727 жж.) алды. Ол Қытай елімен өте жақсы қарым-қатынас сақтап, батысындағы қазақ жерін жаулауды ойластырды. Әсіресе, 1723 жылы қалмақтар Жетісуды жаулауды қарқынды жүргізді. Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің еңбегінде «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама да 1101 қоян жылы қалмақ шапқыншылық жасағанда көше алмай жау қолында қалып қойды» деп жазады. 

Бұл мәселе Қожаберген жыраудың «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» деп аталатын жырында да жан-жақты жырланады. Онда мынандай жолдар бар: «Күшігі Сыбан Рабтанның Шона Даба, Халқыма оқ жаудырды келе сала. Найман мен Жалайырды қуып тастап, Құрығын тағы салды Дулаттарға. Өлеңге қостым көрген кепті, Халқымды қырғын соғыс тентіретті. Жалайыр, Найман, Қоңырат, Қарақалпақ, Жеткізбей жау тобына ұзап кетті...

Ұзамай Іле бойын Жоңғар алды, Қаша алмай Албан, Суан жауда қалды. Аймағын Жетісудың түгел жаулап, Дұшпандар зар жылатты Қаңлыларды». Осылай жырлай келе, атақты жырау Хангелдінің албан қолын бастап, жаудың қоршауынан сытылып шығып кеткенін айтады. Бұл Хангелді Бұхар жырауда: «Жауырыншы, көріпкел Албаннан асқан Хангелді» деп жырланатын белгілі батыр Райымбек батырдың атасы. Алайда, Әлмерек баба бастаған албан елі қалың қалмақтың қол астында қалып қойды. Албандарды қорғау жұмыстарының бәрін Әлмерек бабаның ұйымдастыруына тура келді. Тарихымызда бұл мәселе әлі де аз айтылып жүр. Ал енді Әлмеректің өзі кім дегенге қысқаша жауап берер болсақ, оның арғы бабаларына шолу жасауға тура келеді. Ол Албанның Сары бұтағынан тарайды. Сарыдан Таубұзар (Сүйменді), одан Бозым, Бозымнан Жаншық, одан Әлмерек абыз. Осы кезеңнен бастап албандар мекендейтін Жетісу аймағы ұзақ уақыт бойы қалмақтардың қол астында қалып, оларға қарсы шын мәнінде партизандық соғыстар жүргізуге мәжбүр болды. Осы соғыстардың басы-қасында Әлмерек баба болды. «1745 жылы (1123 жылы) Наурызбай бастаған қалың қол Албан соңында қалмақ құлдығынан құтқару мақсатымен Сапы-Саты көлі арқылы жартысы Доңызтауға, жартысы Мұзартқа қарай бет қойды». Бұл азат ету шайқасында Әлмерек бабаның ұйымдастыруымен Албан батырлары үлкен ерлік көрсетті. Құмтөкейде 5 күн ұрыс болып Албанның Оңқа батыры зор ерлік танытты. Үш жүздей жараланған қалмақтан басқа жаудың сарбаздары түгел қырылды. Жетісудың оңтүстік жағы жаудан тазартылды. Әлмерек бабаның албандарды азаттық үшін күреске ұйымдастырудағы белсенділігі, міне, осы 1723-1745 жылдар аралығында ерекше байқалды. Мұны айтқанда бір ескеретін мәселе, осы айтылған кезеңде жаудың қоластында қалып қойған албандар «Ақтабан шұбырынды» жылдары басқа тайпалар құсап батысқа қоныс аударған жоқ. Олар қалмақтың қол астында табиғи орман таудың молдығын пайдаланып, жергілікті жерде қарсыласу шайқастарын жүргізді. Бұл шайқастарда Хангелді ­бастап, оның немересі Райымбекке дейін Албанның бірқатар батырлары ерліктің ерекше үлгісін көрсетті. Жалпы, Албаннан шыққан батырлардың ішінде 3 адамның есімі тарихта жақсы белгілі. Олар жоңғар шапқыншылығына қарсы қол бастаған аға батырлар жоғарыда аталған Хангелді, Райымбек және жас батырлардың қатарына жататын албан Малай батыр (1724-1794 жж.). Ал енді бұл батырлардың бәрі Әлмерек бабаның батасын алып, Албанның қолын осы абыздың арқасында жауға қарсы ұйымдастырып, оларды ұрыстарда басқарған батырлар. Жоңғар шапқыншылығы дәуіріндегі Әлмерек абыз туралы тарихты қозғағанда албандардың ежелгі дәуірден бері ата жұрттан қозғалмай, өмір сүргенін атап көрсеткен жөн деп ойлаймыз. Енді осы мәселеге арнайы тоқталған дұрыс болар. Албан тайпасының ежелгі шығу тегі туралы әртүрлі тарихи көзқарастар бар. Оның арғы тамырын біздің заманымызға дейін өмір сүрген Йұрпан еліне дейін апаратын тарихшылар да баршылық. Қытайдағы қазақ тарихына қатысты ежелгі жылнамаларды өзіміздің тілімізге аударған қытайлық қазақ бауырларымыз Йұрпанды қытай ғалымы Юй Тәйшанның аварлармен шатастыратынын, ал Томашектің «оны түрік тілдеріндегі жапан дала деген мағынадағы «ябан» сөзімен қатысты деп қарайтынын», Н.Аристовтың «Чубань» атауымен байланыстыратынын, Бақыт Еженханұлының «Албан» деп көрсететінін атап айтады. Біздің ойымызша соңғы ғалым ежелгі «Юебань» этнониміне байланысты еңбегінде нақтырақ дәлелдеп берді. Қытай зерттеушілері синолог Го Шиляңның сөздігіне сүйеніп, бұл атауды Йұрпан деп алып отыр. Ал енді албандардың арғы отаны осы Йұрпан елі туралы Қытай деректерінде не жазылған дегенге тоқталалық: «Йұрпан елі Үйсіннің солтүстік батысында... Олардың арғы аталары асылында ғұндардың Теріскей Ғұн тәңірқұтына қарасты ұлыстан еді. Хән (Қытай – Т.О) әулетінің арбалы-аттылар сеңүні Доу Шян қуа соққылап Теріскей ғұн тәңірқұтын Жин-уей (Алтай – Т.О.) тауынан батысқа Қангуға (қаңғаларға – Т.О.) қарай асырғанда олардың үріккен еліне ілесе алмаған аш-арық адамдары Күсәннің солтүстік аймақтарын мекендеп қалды. Бұлар 200 мыңдай адам еді. Игілігіндегі жері мыңдаған ли келетін. Бұлардың тұрмыс салты және тілі қаңғалардікімен бірдей болды. Ал олардың адамдары өздерін хулардың қай-қайсысынан таза ұстайтын еді. Олар шаштарының ұзындығын қас сызығына дейін теңестіріп қиып, оның үстіне тортасы айырылған сарымай жағу арқылы жылтыратады. Әр күні үш мәрте жуынып ауыз шайқайды...». Қазақстандық зерттеуші Ю.А.Зуев Қытай жылнамаларын зерттеген синолог­тардың еңбектеріне сүйене отырып, Йұрпан (ол бұл елді Юебань деп атайды) еліне қытайлық қолбасылардың тұтқиылдан және әртүрлі жолдармен ­шабуыл жасап, олардың «шаньюйін үш мың лиден астам жерге дейін қуғындап, киіз үйлерін өртеп, он адамды, яғни басшыларын жерге тірідей көміп, ханшасының қолына кісен салып, думанды айғай шумен кейін оралғандарын» жазады. ­­­­­«...­Қатты қорыққан шаньюй, киіз киімдеріне оранып, және қорқыныштан тыныс ала алмай, Усундер жеріне қашып кетті». Мұнан аңғаратынымыз, ежелгі Йұрпан елі қытайлықтардың ата жауы болған. Әрине, Қытай сияқты үлкен елмен көрші болу оларға оңай тие қойған жоқ. Олар Солтүстік Қытай мемлекеттерімен жауласып қана қоймай, елшілік қатынастар да орнатты. Тіптен олармен жужандарға қарсы әскери одақ құрып, келісімшарттар да жасады. Осы Йұрпан елін, Қытай жылнамаларын алғаш рет қазақша сөйлеткен Нығмет Мыңжан Иобан мемлекеті деп атайды. Оның түсіндіруінше «батысқа қарай босқан һұндер алдымен үйсін жеріне келген, одан соң қаңлы еліне ауып барған. Осы барыста һұндердің талай тайпасы үйсін елінде қалып қойған. Осы үйсін жерінде қалған һұн тайпалары оңтүстік, солтүстік патшалықтары дәуірінде(V-VI ғасырларда) дамып, 200 мыңдай жан саны бар Иобан мемлекетін құрған. Бұл тарихи фактілер 200 мыңнан астам халқы бар, ұланбайтақ өңірге орналасқан Иобан мемлекетінің іргесін үйсін жерінде қалған һұн тайпалары қалағандығын анықтайды. Иобан мемлекетінің жағырапиялық орны жөнінде «Солтүстік патшалықтар тарихы, батыс өңір шежіресі, Иобан мемлекеті тарауында» былай дейді: «Иобан мемлекеті үйсіндердің батыс солтүстігінде 10 мың 930 шақырым жерде Күшардың солтүстігінде орналасқан». Осы екі елдің арасын асқар тау бөліп тұрған, бұл таудың оңтүстігінде Күшар елі, солтүстігінде ­Иобан елі жасаған. Күшар мен Иобанның арасындағы асқар тау Тянь-Шань тауы екендігі анық. Демек, һұндерден қалған тайпалар іргесін қалаған Иобан елі үйсін жерінде құрылған, бұрыннан осы өңірді мекендеген үйсін тайпалары да осы елдің құрамында болған. Ұлы жүз үйсіннің албан тайпасын негіздеуші алғашқы аталар V-VII ғасырларда Жетісу өңірінде құрылған осы Иобан одағына кірген. Қазақ арасында адбан, абдан, адман, атпан деген ру-тайпа аттары да ұшырасады». Иобан немесе Албан этнонимін кейбір зерттеушілер «Тау елі» деп аударып жүр. Ал тарихи шежіре бұл этнонимді жеке тарихи тұлға есімімен байланыстырады. «Албан» этнонимінің ежелгі үйсіндер дәуірімен тығыз байланыстылығын ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ шежіресі де растайды. Оларға сүйенсек, алғашқы Албан атты тарихи тұлға біздің заманымызға дейінгі 104-177 жылдар шамасында өмір сүрген Үйсін күнбиі Елжау бидің немересі болып шығады. Шежіре бойынша «Илсаудинг Дули мен Нулидан басқа сегіз баласы болған, солардың ұрпағынан Азиқ, Албан (арғы Албан Илсау немересі), Санжар (Жөнгше нар) тұқымынан Хауда, Апасақ, Ғаса, Сақор тұқымы бүгінде Дулат болып кетті». Осы айтылған есімдердің тарихта болғандығын қытай деректері де растайды. Мысалы, жазба деректе Жөнші би, яғни Санжар б.з.б. 177-104 жылдары өмір сүрген Елжау бидің немересі ретінде аталады. Осы деректерден Албан атты адамның екеу болғандығын, кейінгі Албанның алғашқы Албаннан көп кейін өмір сүргенін аңғарғандай боламыз. Егер шежірені қуалар болсақ, Албанды былай таратамыз: «Албаннан Жауғаш, одан Шеру, одан Текти, одан Жақ, одан Борай, одан Илғұлы, одан Шора, одан Мұсақ, одан Төлеу, одан Керде, одан Қасқал, одан Бұғы, одан Жандар, одан Әлтей (Алтый), одан Сақи, одан Хайлибек, одан Торимтай, (одан Абдал, одан Ақсары, одан Атанқұл), одан Мерки, одан Тұхимбек, одан Татан, одан Кенжек, одан Ғұмарқұл, одан Жарты, одан Иримқұл, одан Көпсадық, одан Ақбота, одан Дархан, одан Сүнгши, одан Ирман, одан Көген, одан Қарқұғар, асқан шешен адам болғандықтан өз атын жұрт ұмытып Қарғұғар атап кеткен. Қарғұғардан Сары, Шибил екі ұл. Қазіргі біз білетін Албан осы Сары мен Шибилдинг тұқымы. Сарыдан Сүйерқұл, Сүйменди, Шибилдан Бөтей, Өтей, Көкей. Ал сүйерқұлдан Шоған хафиз (абыз). Шоған абыз ХV ғасырдың соңы мен ХVІ ғасыр басында өмір сүрген адам. Яғни кейінгі Албаннан Шоғанға дейін, барлығы 38 ата. Бұл дегеніңіз XI ғасырдан астам кезеңді қамтиды. Бұл шежіре Албанның өмір сүрген кезеңін ІІІ-ІV ғасырларға апарады. Айта кетер бір мәселе, албаннан шыққан ұлы шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы келтірген албанның арғы шежіресі жоғарыдағы шежіреге сәйкес келмейді. Соған қарағанда ежелгі албаннан тарайтын шежіренің екі бұтағы бар болса керек. Ескерте кетер бір жайт, Өтейбойдақ шежіресі мұндағы зерттеушілерге дейін белгісіз болып келді. Қалай десек те, бұл шежірелер «Албан» этнонимінің алғашқы Албан атымен байланыстылығын аңғартатындай. Қытай деректерінде айтылатын Иобан елін билеуші «шаньюйдің» осы алғашқы Албан ата болып шығуы әбден мүмкін. Мұндайда «Иобанымыз» ­шынын­да да «Албан» болып шығады. Осындайда Қытай деректерін түпнұсқадан оқи алатын профессор Н.Мұхамедханұлының «V-VII ғасырларда Үйсін және Албан тайпалары Юебан ­(Иобан – Т.О.) мемлекеті құрамында болды» деп жазғаны еске түседі. Жоғарыда айттық, өздеріне бауырлас үйсін руларымен о бастан-ақ етене жақын болған Албан ұрпақтары ­Иобан мемлекетінде үстем рөл атқарған дулулармен (тулулармен, яғни кейінгі дулаттармен) қоян-қолтық араласып және қол ұстасып жүрді. Олардың жақындықтарын рулық таңбалары да мойындайды. Шежіре деректерінде албанмен бірге туған деп айтылатын дулулар (дулаттар) шын мәнінде ежелгі үйсіндердің тікелей мұрагерлері және ІV-V ғасырларда күшейіп алған көп тайпалы Теле (кейіннен Гаогуй) бірлестігінде де қуатты тайпа ретінде танылды. Осыған байланысты Н.Аристовтың былай деп жазғаны белгілі: «Юебань мемлекеті қытай деректеріне қарағанда V ғасырда батысқа І ғасырда осы жер арқылы көшіп кеткен ғұндардың қалдықтары мекендеген ел еді. VІІ ғасырда бұл аймақты ерекше түркі тайпаларына жататын, сондықтан да чулықтар деп аталған чу-юе, чу-ми, чу-мугунь, чу-бань ұрпақтары мекендеген еді. Көп кешікпей-ақ түркі-тукюлардың күшеюіне байланысты олардың хандарының ұрпақтары және олардың кең иеліктері екі бөлікке – шығысқа және батысқа бөлінді. Жоғарыда аталған шулық түркі тайпалары және олар мекендеген жерлер Шығыс түрік хандарына бағынды. Шулықтар билеген батысқа қарай жатқан жерлер, сондай-ақ, Монғол Алтайының батыс қыраттарында көшіп жүрген кейбір теле тайпалары Батыс Түркі хандарына бағынды және дулулардың бес аймағы құрамына кірді... Осының бәрі дулулардың қуатты ұрпақтары және одағы хұндардың ­кезінде-ақ олардың батыс бөлігіндегі иеліктерінде өмір сүрген деп айтуға жеткілікті негіз береді. Олардың құрамындағы Шу рулары хұндар батысқа кеткен соң І ғасырдың соңында немесе ІІ ғасырда осында қалып қойған Дулу рулары Юебань иеліктерін құрады. Олардың күштілігі сондай, ­жужандарды жаулап алды және V ғасырда оларға қарсы Қытаймен одақтасты. ­­­V ғасырдың соңында юебаньдарға басып кірген гаогюйлер бұл иеліктің өз бетінше өмір сүруіне мүмкіндік бермеді және сондықтан да гаогюй руларының құрамында тулу қалып қойды. Түркі тукюлардың күшеюіне байланысты гаогюйліктер Селенгаға және Хангайға қайтып келді, Юебанның байырғы халқы түргештердің, кергештердің және тағы басқа дулулардың бес аймақтарының араласқан тайпаларын құрады». Қазақ зерттеушісі профессор С.Аман­жолов өзінің зерттеулерінде 1894 жылғы Аристовтың зерттеу жұмысында айтылған дулаттардың Моңғол Алтайындағы гаогюй тайпалары құрамында тулу деген атпен кездесетінін, ал VІІ ғасырдан ­бастап Батыс түркінің бес аймағын билеген бірлестік болғанын, сонымен бірге бұдан сәл бұрынырақ юебань деген түрік елінің құрамында үстем роль атқарғанын атап көрсетеді. Ол өзінің еңбегінде юебаньдар туралы хабардың жоқ болып кетуі гаогюйлердің батысқа жылжуымен және осы юебаньдықтарды басып алуымен байланысты екенін, мұнда да гаогюйлердің құрамындағы тулулардың аталатындығын атай келе, Тянь-Шань және Алтай таулары аралығындағы VІІ ғасырдағы Чуюе, Чу-ми, Чу-му-гунь, Чу-бань және тағы басқа руларды қытайлықтардың атап көрсететініне назар аударып, «тегінде бұл рулар ерекше шулықтар тобын ұйыстырып, бұрын дулулардың басшылығымен юебань халқын құраған» деген пікірге тоқталады. Осы мәселеде ғалым тағы да бұл рулардың дулу аймақтарына кіргендігін айта келе, қытай деректеріндегі «чубань» этнонимінің кейінгі дулаттарға жақын албан және суан руларының түп қазығы болып табылатынын, бұл кейінгі чуй рулары қатарына жатқандығын чубань деген атпен олардың дулаттар билеген аймақтың құрамында болуы мүмкін екендігін Н.Аристовтың зерттеулеріне сүйене отырып мақұлдаған еді. Әрине, сол кездерде «Иобан» немесе «Чубан» деген атпен танылған тайпаны айна-қатесіз бүгінгі албандар мен суандар деп қабылдауға болмас. Әңгіме аталған қазақ тайпаларының арғы тарихы қандай тайпалық бірлестіктерден бастау алды дегенге жауап іздеуден туындап отыр. Қалай десекте, тарихи-географиялық тұрғыдан болса да, «Иобанның» албанға, ал «Чубанның» суанға жақындығы байқалып тұр. Ал енді ежелгі шежірелік дерекке жүгінер болсақ, албаннан шыққан ұлы шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының қалдырған шежірелік «Тектелгі» мұрасына тағы да еріксіз назар аударамыз. Бұл ­дерек албан тайпасының тарихын біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардан, яғни ежелгі Үйсін күнбиінен бері қарай таратады. Ол бойынша Қазғақ күнбиден Өтейбойдақтың өзіне дейін 71 ата өмірден өткен. Егер Өтейбойдақ 1478 жылы қайтыс болған дер болсақ, осы кезеңге дейін Бәйдібек баба да, оның немересі Албан да өмір сүрмеген болып шығады. Ал олай болса Өтейбойдақ өзі туралы неге ­«...­ата-тегім Ұлы жүз Зарман, Зарман ішінде Албан. Мекенім – Жетісу» деп жазады? «Тектелгі» шежіреге қарасақ бұған жауапты қиналмай табамыз. Өтейбойдақтың тайпасы Ежелгі Күнбиге немере болып табылатын алғашқы Албанның атымен аталады. Бұл Албан 71 атадан тұратын шежіреде үшінші ата болып тұр. Батыс Түркі қағанаты құрамындағы «Он оқелі» нығайып, VІІ ғасырда билік басына келген түргештер (Сары Үйсіндер) билік басына келгенде, осындағы ықпалды «Бес оқтың» дулулары (алғашқы дулаттар) өздерінің бауырлары албандарды Түргеш Алаш ұлысы құрамында тең жағдайда ұстады. Шежіре мәліметтерінде албан, суан, дулат бабалары «Қараүйсіндер» деп аталады. Ал Түргеш қағанаты тұсында бұл тайпалар «Қаратүргештер» аталып кетті. Албанның дулаттарға жақын екендігі оның рулық таңбасынан да айқын байқалады. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысына дейін олар да жауынгерлік ұран да ортақ болып, жауға «бақтиярлап» шапты. Сарытүргештерді (Сарыүйсіндерді) қолдаған Қара түргештер (Қараүйсіндер) «Он оқ» елін билеп отырған Ашына әулетін тақтан күшпен аластады. Олардың қағаны Ышбарадан түргештердің билеушісі Үшелік (Ожелі) жылы билікті тартып алды. Албандар 766 жылы Жетісуда билікке келген қарлықтарға да, онан соң оларды бағындырған қарахандарға да өздеріне бауырлас басқа Қараүйсіндер тайпаларымен бірге қызмет етті. Дәл осы тұста олар мұсылмандықты да қабылдады. Шежіре деректеріне сәйкес, Албанның ұрпақтары Шеруден Жандарға дейінгі 12 ұрпақ Шыңғысхан жаулауына дейінгі барлық зобалаңдарды бастан өткізді. Ал Сары мен Шыбыл, яғни Албан тайпасының екі тармағын бастап беретін тарихи тұлғалар Қазақ хандығының құрылу кезеңінде ел басқарған кісілер деуге толық негіз бар. Ал Сарыдан туған Сүйерқұл мен Сүйменді, және Шыбылға немере, ағайынды Бөтей, Өтей, Көкей ХV ғасырдың соңы мен ХVІ ғасыр басында өмір сүрген кісілер. Албаннан шыққан батырлардың ататегіне назар аударар болсақ алдымен ауызға алынатыны Сүйерқұлдан туған Шоған әулиенің ұлы Мәмбетке немере болып келетін Сырымбетұлы Ханкелді батыр (шын аты анадан қан шеңгелдеп туғандықтан Қангелді қойылған), және оның үлкен ұлы Тілеуке батыр, онан соң Ханкелдінің кенже ұлы Түкеден туған немересі бүкіл Албанға ұран болған Райымбек батыр. ХVІІІ ғасырда өмір де бағалайды. Оның атасы Хангелді батыр да көріпкел, әйгілі жауырыншы болған. Айта кеткен жөн, шежірелік деректерде Албанның Мәмбет атасы кірме ретінде беріледі. Мұны Қазбек бек Тауасарұлы нақты атап көрсетеді. Оның айтуынша Шоған әулие асырап алған Мәмбеттің әкесі Тоқтар Шапырашты Малдының ұлы Емілдің шөбелегі болып шығады. Шоған абыз өзі асырап алған Мәмбеттің атын атамай Алжан атандырған. Осылайша Алжаннан (Мәмбеттен) Сырымбет, Аламан, Шағыр, Қиғылық атты ұлдар тараған. Сырымбеттен Мақар, Барақ, Хангелді атты үш ұл туған. Бұлардың ішінде Хангелді жоғарыда атап кеткеніміздей, қалмаққа қарсы бүкіл Албанның қолын басқарған белгілі батыр. Шежіре бойынша жоғарыда аталған Сүйерқұлдан – Сегізсары (басқа шежіре үлгісінде Сүйерқұлдан Шоған, Досалы, Қожбанбет, Жарты өсіп-өнген. Бұларды «Төртшам» дейді), Сүймендіден – Айт, Бозым, Қыстық. Шыбылдан – Қызылбөрік, Қоңырбөрік, Құртқа, Мамай (шежіренің басқа үлгісінде Қызылбөріктің шын аты Бөтей, ал Қоңырбөріктің аты Өтей деп көрсетілген, және Мамай мен Құртқа аталмайды). Қызылбөріктен – Молболды, Жолболды, Қоңырбөріктен – Бөтей, Өтей, Көкей (шежіренің басқа үлгісінде Қоңырбөріктен Қалқаман, Жарман, Бойдақ тарайды). Шежіредегі осындай шатасулар кейде тарихи шындықты айқындай түсуге қиындық келтіреді. Албан атауының шығу тегі бойынша көптеген ғалымдар өз тұжырымдарын келтірген. Мысалы, О.Сүлейменов ол туралы былай ой түйген: «…Например, термин alban – «пошлина», «налог», ­участвовал в названиях территорий, где существовали пограничные, таможенные службы. Например, на границе с Китаем обитает казахское племя албан, которое, возможно, имело когда то отношение к такого рода деятельности. Страна на западном берегу Каспия (где сегодня территория Азербайджана) в ІІІ в. н.э. называлось Alban. Думаю, там проходил один из маршрутов Пути: порт на ­Мангышлакском берегу, где возможно, находилась одна из Gotu (но не германцы). Оттуда на баржах груз переправлялся в Alban. И далее на верблюдах и лошадях по Закавказью или в Иран, в Византию.Важный пункт.Местное население тогда могло называть себя албан. ...Тюрки называли Албанией и ­балканскую страну, где, вероятно также проходил один из маршрутов торгового пути, где надо было взимать пошлину. И народ, которому доверено было это производить, назывался албан. Его связь с тюрками продолжалось почти до ХХ века, что сказалось и на языке албанцев (их самоназвание skipetar), и на религии. …Но путь разными маршрутами заходил и в германские земли. Один из них Готу? Мы назвали. Были и другие германцы, которые в каком то месте Европы тоже обладали правом таможни. Общались с ними тюркское племя, в языке которого типично чередовались губные согласные б/м. Они и называли сначала этих германцев alman (=alban). Потом сие прозвище турки распространили на всех германцев. (Фантастика? Возможно, но проверить надо, тем более что других этимологий этих тюркских названий пока нет)».О.Сүлейменовтің бұл пікірі алғаш оқыған адамға қисынды болып көрінгенімен «Албан» этнонимінің шығуын кеден атауы мен байланыстыру этностық негіздеуден алыс жатыр. Мұндайда албандардың көршілері суандардың атын қалай түсіндіруге болады деген пікір туындайды. Албандардың рулық шежіресі де бұл тұжырымға сәйкес келе қоймайды. Оның үстіне албан­дардың рулық таңбасы өзіне туыстас дулат рулары мен және суандармен ұқсас екенін де ұмытпағанымыз жөн. Бұл рулық таңбалардың кедендік мәселелерге ешқандай қатысы жоқ екенін ұмытуға болмас. Албандар едәуір уақыт еріксізден қалмақтар қоластында болғандарына қарамастан айтарлықтай өсіп-өнді. 1889 жылы албандардың саны 15 мыңнан астам түтінді құрады. Бүгінде осы албандардың құрамында өсіп-өнген Әлмерек бабаның ұрпақтары кеңінен таралған. Олар Қазақстан ғана емес, басқа шетелдерде де өмір сүріп жатыр. Әулие абыз Әлмерек бабаның атында Алматы облысы Кеген кентінде мешіт бар. Оны Әлмеректің тікелей ұрпағы Қазақстан Халық емшілер қауымдастығының бірінші вице-президенті Ермек Мырзагелдіұлы 2006 жылы салдырған. Алматы маңындағы жерленген әулие абыз Әлмерек бабаның басына зәулім кесене орнатылған. Оны салдырған «Ай-сел» құрылыс компаниясының президенті Серік Сұлтанғали. Әулие абыздың әруағын құрметтеген осындай игі тірліктер жалғасуда. Мұның өзі қазақ елінің қасиетті тарихи тұлғаларға деген тағзымының айшықты көрінісі деп білеміз.

5455 рет

көрсетілді

91

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы