• Тарих
  • 14 Қараша, 2019

АРЫСТАР АМАНАТЫ

Фаузия ОРАЗБАЕВА, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымының докторы, профессор

Тәуелсіз Қазақ Елінің бүгінгі жеткен жетістіктері мен алған асуларын әңгіме еткенде жаңа дәуір тізгінін ұстаған ұрпақ ұлт болашағы үшін аянбай күрескен Алаш арыстарының ­аманаттарын көкірегінде тұмардай көріп ұстайды. Өткен ғасырдың басында өмір сүрген ұлы тұлғалардың, дәлірек айтсақ, тарихқа Алашорда көсемдері деген айбарлы атпен кірген ұлт көшбасшыларының қай-қайсысы да ұлттық рух пен ұлттық тіл дейтін қос ұғымды бөле-жарып қарамаған. Алаш арыстары бұл екі ұғымды ұлт автономиясы дейтін мемлекеттің қос қанаты санаған. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарлама-мақаласында: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деген сөзі, бірінші кезекте, Алаш арыстарына қатысты айтылғаны шүбәсіз.

Бұл – ұлттың ұлы перзенттері мен елдің көрнекті өкілдеріне қатысты айтылған іргелі пікір, берілген жоғары баға. Мақаладағы ұлттың өзін-өзі сақтау қабылетін қамтамасыз етер тіл мен рух туралы ойлар Алаш арыстары айтқан ұстанымдармен үндестік тауып жатқанын аңғаруға болады. Осы тұрғыдан қарағанда, ұлттық мемлекет құру жолында басынан сан-сапалақ қиындықтарды өткізіп келе жатқан Қазақстан сияқты көп ұлт өкілдері тұратын қазіргі тәуелсіз жұртымыздың болашағын бағдарлап, бағытымызды анықтайтын аталмыш құжаттың тарихи мәні зор. «Аманатқа қиянат жүрмейді» дейді біздің халық. Бастарын жадыға қойып отырып, қазақ елінің мемлекеттігін құрауға негіз болар рухани алтын тамырларын Алаш арыстары ел, жер, ұлт, тарих, білім, әдебиет, мәдениет, ең бастысы, тіл дейтін іргелі ұғымдардан іздейді. Өз тәуелсіздігін жариялағанына ширек ғасырдан асып бара жатқан Тәуелсіз Қазақстан мен Алаш арыстары елдіктің туын көтерген өткен ғасырдың он жетінші жылы арасында бір ғасыр мерзім жатыр. Бір ғасыр ішінде қаншама қасіреті мен қайғысы қатар өрілген тарихи оқиғаларды бастан өткізбедік?! Ел ретінде жойы­лып кете жаздадық. Аштықтың зұлматын да, ұлт көсемдерінің көзін жойған репрессияны да көрдік. Алаш арыстары жандарын жадыға қойып күрескен Алаш жұртының рухын жерлеп, тілінен тірідей айырылуға жақындадық. Сондықтан жаһандану дәуірі­мен бетпе-бет жүздесіп, өз мемлекеттігімізді сақтап қалу дейтін ең іргелі міндетті арқалап отырған бүгінгі ұрпақ аталмыш мәселелер жөнінде Алаш кө­сем­дерінің пікір-көзқарастары мен ұстаным­дарын «Рухани жаңғыру» жағдайында елдің дамуына, өркендеуіне тірек болатын мәдени-рухани негіз деп қабылдағаны жөн. Бұл негіз бүгінгідей өркениеттер тайталасы күшейіп, ұлттың ұлы құндылықтары үшін күрес ерекше бел алып тұрған кезеңде айырықша қажет деп ойлаймыз. Ана ғасыр басында арыстар айтқан «Өмір мұраты – азаттық», «Адам мұраты – тәрбие», «Ұрпақ мұраты – білім» деген аманат қағидалар - жаңа ғасырдың да күн тәртібінде тұрған мәселелер. Жиырма бірінші ғасыр төріндегі Ұлы дала елі өзін-өзі сақтау мен қорғаудың, жалпыадамзаттық құндылықтарды ұлттық құндылықтармен сабақтастыра игерудің, жас ұрпақты өркениет өрісіне алып шығудың бағытын анықтауда әрқашан ұлт ұстаздары ұстанымдарына сүйенеді. Тәуелсіз Қазақстанның түпкі мақсаты – дәуірлер сынына төтеп берер ұлттық мемлекет, яғни Мәңгілік Ел орнату десек, Мәңгілік Елдің ілгеріде айтылған алғышарттарын (ұлт бірегейлігін, тіл мен жер тұтастығын, діл мен дін бірлестігін) қамтамасыз етуде ұлттық код пен ұлттық сананың рөлі ерекше. Әрі-беріден соң осы қос ұғымсыз ұлтты толық елестету де мүмкін емес. Жаңа дәуір өрінен көрінер Ұлы Дала Елінің, яғни мәңгілікке бет алған жұртымыздың өміршеңдігін әлемдік бәсекелестікке бейім, жаңарған, жаңғырған ұлттың сана кеңістігінен қалай іздесек, рухани тамырларымызды терең­дете тануға мүмкіндік берер ұлттық кодымыздан да солай іздеуге тиіспіз. Бұл орайда халқы­мыз­дың көпғасырлық тарихи тәжірибесін, озық дәстүрлерін, рухани тамырларын дәуір талаптарына сай өрістетер, білім мен ғылымның соны технологиялық үлгілерімен қаруланған білімді, қабылеті мол ұрпаққа сіңіре білу – міндет. Ұрпақ санасын уақыт кеңістігіне алып шығар мұндай сапалы білім мен терең ғылымға негізделген методологиялық үлгі ұлттық руханият пен әлемдік өрениеттің үйлесімінен құралады. Біз сонда ғана жаңа дәуір ақиқатына терең бойлар интеллектуалды дара тұлға тәрбиелеу ісін өрісті жолға қоя аламыз. Жиырмасыншы ғасыр басындағы ел тәуел­сіздігі мен ұлт мүддесін қорғау жолында ересен еңбек еткен, ел көшін бастаған Алаш арыстарының ұстанымдары мен пікірлеріне ден қоя отырып, өткеннің кең жолға бастар терең тамырлы, тағылымы мен танымы мықты ойларын жас ұрпақ санасына ұялатуға тырысамыз. Бұл Тәуелсіздік тамырын барынша тереңнен тануға, ұрпақ санасын рухани жаңғыру кеңістігіне еркін алып шығуға мүмкіндік береді. Сайып келгенде, кешегі ел тағдыры бұғауда болған жиырмасыншы ғасырда да, дамудың жаңа тұрпатты егемен жолына түскен ­жиырма бірінші ғасырда да ұлт алдында тұрған басты сұрақтың жауабын іздеуде Алаш арыстары мен бүгінгі Тәуелсіз Ел идеологиясында үндестік мол екенін аңғарамыз. Демек, өткеннің өріс кеңейтер үлгі тұстарының ұрпақ санасын тәрбиелеуге игі әсер етері сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде, Алаш арыстары айтқан елдік пен тәуелсіздікті қамтамасыз етер нысандар арасынан бүгінгі дәуір, заман, қоғам ақиқаттарын дәл танып- бағалауға себі тиер ­басты мәселенің бірі де, бірегейі де – тіл мәселесі. Алаш арыстарының қай-қайсысы да тіл тағдырына айырықша қарап, тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәні мен маңызына ерекше назар аударған. Олардың тұжырымдаған: «Тіл – ұлттың рухы», «Көшбасшы болудың тірегі – тіл», «Тіл – ұлт санасының көрсеткіші», «Тілсіз ұлт жоқ» деген тәрізді тереңнен тартар толғамды ойлар үзігі – соның айғағы. Алаш арыстары ел тәуелсіздігі үшін күрес жүргізе отырып, тілді ұлтты сақтаудың басты құралы санаған. Олардың тілдің әлеуметтік қызметі мен ел тәуелсіздігін баянды ету жолын­дағы рөлін қадап-қадап айтар пікір-көзқарас­тарын жадымызға түйіп, көкірегімізде сақтап, басшылыққа алу арқылы біз өмір сүру, білім беру, бала тәрбиелеу үдерістерінде алға қойған мақсат-мүддемізге жетеміз. Құндағында жатып бесік жырын тыңдаған, ананың уыз сүтіне қанып, ұлы дүние дауысын да ана тілінде естіп, өміртану, адамтану, қоғамтану мектебін де ана тілі арқылы таныған, қабылдаған алаш өкілдерінің бәріне тән қасиет – қазақтың шұрайлы, бейнелі көркемсөзіне деген құрмет пен құштарлық. Сол қасиет оларға ондаған ғасырлық тарихы бар бай сөз өнерін бағалауға, сөздің ел өміріндегі орнын дәл танып, анықтауға ықпал еткен. ­Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрім, Мұхтарларды айтпағанда, өмірінің біраз кезеңі айдауда – Саратов қаласында саяси шектеуде өткен Әлихан Бөкейхановтың алыста жатып, ұлы Абай туралы мақала жазуы, орыс тілінен қазақ тіліне тәржімалар жасауы бүгінгі ана тілінен алыстап бара жатқан ұрпаққа үлгі болмайды деп кім айта алады?! Жалғыз Әлихан Бөкейханов емес, кәсібі, мамандығы, ортасы бөлек екеніне қарамай алаш арыстарының көбі тілді, өнерді, әдебиетті, тарихты ұлт руханиятының негізі, әрі-беріден соң ұлттық мемлекеттің арқауы санаған. Қарап отырсаңыз, Арыстар ұсынар рух пен тіл хақындағы ұстанымдар төркінінде ұлтты сүю мен ұлтты құрметтеудің ғажайып үлгісі тұр. Алаш арыстарының тіл – ұлт тағдырының ай­насы дегенге саяр тарихи тұжырымдары соның дәлелі. Арада жүз жылдан астам уақыт өтсе де қоғам дамуын анықтар, өз құндылығын жой­ма­ған сол пікірлерді оқып отырып, еріксіз сүй­сі­несіз. Өйткені ол пікірлер астары мен төр­кі­нінде бүгінгі күннің көкейтесті мәселелері жатыр... «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов. Тумасы таза, тұғыры биік сөздің табиғатына үңіліп көрейікші. Күні кешеге дейін хандарымызды «қасқыр» етіп, билерімізді «қарны жуан» топас етіп, бірнеше буын ұрпақты өз тарихымызға қарсы тәрбиелеп келген қоғамға қарсы айтылған сөз төркінінде қаншама ащы шындық жатыр десеңізші?! Шынтуайтына келгенде, ел тағдырын тура жолға бастаған ұлы тұлғалар туралы анық сөз енді-енді айтыла бастағаны ақиқат емес пе?! Көшбасшы болу қазақ тарихында хандар мен билердің халықты ұйыта білер шешен­дігімен, әділетті шешім шығара алар ой-параса­тымен, қара қылды қақ жарар әділдігімен, батылдығымен өлшенген. Шешен болу үшін қазақтың тілін жетік білу керек. Әділетті болу үшін халықтың жай-күйін, тұрмыс-тіршілігін, сыртқы-ішкі жағдайын, сұранысын толық зерделеу қажет. Ұлттың, халықтың психологиясын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, өмір сүру ұстанымын ескере отырып, әрекет ету, шешім қабылдау елдікті сақтау мен адамды қорғаудың кепілі болған. Осы критерийлердің барлығы тілдік руханияттың негізін қалайтынын ұлт ұстазы ашық айтқан. Әлихан Бөкейхановтың төрағалығымен «Алаш» партиясы құрылғаннан кейін 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында бірнеше ­облыс – уезд орталықтарында аймақтық съездер өткенін тарихтан білеміз. Сондай жиынның алғашқысы – Орал қаласында 19-22 сәуір аралығында болған қазақтардың 1-съезі. Осы съездегі Жаһанша Досмұхамедовтың сөйлеген сөзі қазақ халқының тәуелсіздігімен қатар ел басқару ісіне, мемлекеттік тіл мәртебесіне, оның қолданылу кеңістігіне арналған. Ол: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта өз тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады» дей келіп, тілдің әлеуметтік қызметін жоғары бағалайды. ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері тіл мәселесін ұлт болашағымен, ұрпақ тәрбиесімен байланыстырып, ана тілінің дамуына ерекше көңіл бөлген. Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Егер біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрт­тың ұлттығы ешуақытта адамы құрымай жоғал­­майды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дейді. Ке­меңгер ой иесінің сөйлегенде де, жазғанда да «жат тілді сөздерді араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, қазақ тілінің бай сөздік қорынан айырылып қалмаңдар» деген түйінді пікірі келер ұрпақты сақтандыру үшін айтылғандай. Түн ұйқысын төрт бөліп жүріп, қазақтың рухани тұтастығын, әдеби тілінің тазалығын сақтауға бар ғұмырын арнаған Ахмет Байтұрсынұлының талғампаз болуға шақыратын, өз сөзімен айтқанда, «талғау салтының шарты» ұстанымы күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алашорда идеологтарының бірінен саналатын Ғұмар Қараштың: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, сол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтыны өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді» деген пікірі «Рухани жаңғыру» жағдайында мәдениет пен әдебиеттің маңызын бұрынғыдан да бетер арттыра түсері дау тудырмаса керек. Алаш арыстарының жүректерін толқытқан осынау тіл дейтін ұлы құндылықтың басынан кешкен қым-қуыт кезеңдерді таразы-талқыға салған кезде Елбасының «қазақ пен қазақ қазақша сөйлесіңдер» деген сөзі еріксіз тіл ұшына оралады. Батысы да, Шығысы да өз мүдделерін өткізу үшін ештеңеден тайынбайтын, «бір ауыз сөзбен дауды шешіп, бір ауыз сөзбен жауды көбейтуге болатынын» баяғы замандардан жақсы білетін көп ұлт өкілдері тұратын қазақ жұртына қай кезде де осы сөздің орны ерекше екенін жалпы жұртшылық біледі. Тіл мен Рух ұлтты сақтаудың негізгі кепілі дегенде, Алаш арыстары айтқан басты аманат – тіл мен әдебиеттің қоғамдағы орны еске түседі. Өйткені бұл қос ұғым – рухани әлеміміздің өзегі. Осындай іргелі проблеманың тұсында қазіргі кездегі кейбір пәндердің базалық білім мазмұнына қатысты мәселенің бар екенін айтпай кетуге болмайды... Қазақстанның қазіргі үздіксіз білім беру жүйесінде бастауыш және орта білім беретін салаларда «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерінің білім мазмұнының әлсірей бастағаны шындық. Бұл, ең әуелі, осы пәндерге қатысты берілетін білім, білік, дағдылардың байланысын қамтамасыз ететін білім мазмұнының деңгейінен, ұсынылатын материалдардың пән мақсатымен үйлеспеуінен, оқыту барысындағы ортақ ұстанымның жүзеге аспауынан, білім мазмұнының жүйесіздігінен көрінеді. Бағдарламада берілген шығармалардың сы­нып оқушыларының жасына, сұранысына, олардың психологиялық ой-санасына сай келмей­тіні жөнінде оқытушылар да, ата-аналар да жиі айтады. Көркем шығармалардан берілетін үзінділердің кейбірі баланың қиялына, әдебіне қайшы келсе, енді біреулері мазмұны мен ма­ғынасы тарапынан сын көтермейді. Бұл жеткін­шек буынның әдебиетке, сөз өнеріне деген ықыласын әлсіретуге алып келеді. Ал әдебиет пен сөз өнері ана тіліне деген құрметтің, сүйіс­пен­шіліктің қайнары ғой! Қайнары лайланған бастаудан ұлт тілінің ертеңін іздеу мүмкін бе?! «Әдебиетті ұлтқа деген үлкен махаббатпен оқыту керек!.. Осы бір керек деген сөз қазақ халқымен бірге туып, біте қайнасып кеткендей елестейді»... деуші еді арамыздан ерте кеткен, жаны әдебиет деп сөйлеп, жүрегі әдебиет деп соғатын ҚСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аты аңызға айналған, Өскемен қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы мектеп-лицейдің әдебиет пәнінің мұғалімі, марқұм Қанипа Бітібаева. Жаратылысынан жомарт, тілге шешен, ойы терең, орыс, қазақ, әлем әдебиеттерінің үлкен білгірі кездескен жерде оқулықтардың білім мазмұны мен құрылымдық жүйесін қазіргі талап тұрғысынан сөз ететін. Тәжірибелі ұстаздың өз мектебінде әдебиетті оқыту мен насихаттаудың өзгеше үлгісін қалып­тастырғанын республика жұртшылығы жақсы біледі. Сондықтан да болар Жамбыл мек­тебінен түлеп ұшқан түлектердің қай-қайсысы болсын өздерінің біліктілігімен, жан-дүниесінің рухани байлығымен бірден көзге түсетін. Қанипа Омарғалиқызының дәрісі әдебиетті «жаңа авторлық бағдарламамен» оқытатын, ұлтты тану мен қоғамды танудың, әрі-беріден соң заманды, адамды, қазақты тану мен танытудың тың үлгісі болатын. Ұстаз: «менің өз Абайым, өз Мағжаным, өз Махамбетім, өз Қасымым, өз Әбішім, өз Мұқағалиым, өз Фаризам, өз Оралханым бар» деп отыратын. Әдебиет пәні туралы айтқанда, айырықша мән беретін тағы бір жайт – орыстілді мектептерде тіл мен әдебиеттің біріктіріліп оқытылуы. Бұл, біздің ойымызша, оқушылардың қазақ тілі мен қазақ әдебиетіне деген ынтасын әлсіретіп, рухани құндылықтарды игеруге апаратын негізгі пәндердің білімдік мақсаты мен айырмашылықтарын ажырата алмауға әкеліп соғады. Орыстілді мектептердің басым бөлігі қазақтың балалары екенін бәріміз де білеміз. Онсыз да тілінен алыстап бара жатқан ұрпақтың әдебиеттен – ұлт үшін ең маңызды рухани қазынадан – шеттеуіне әкеледі. Бұл, сөз жоқ, ұлт мәдениеті мен өнеріне, ұлт білімі мен тарихына нұқсан келтіреді. Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Халел Досмұхамбетұлының: «Тіл – ұлттың жаны. Өз тілін білмеген ел – ел болмайды» деген сөзі жадымызда. Өз ана тілін өзі қадірлей алмаған елдің ертеңі күмәнді. Қоғамдық қатынаста, еларалық байланыста, адамдардың бірімен-бірінің араласуында өзін-өзі еркін сезінбеген, өзге тілдердің жетегіне ерген тілдің болашағына сену қиын. Тіл – елдігіміз бен тәуелсіздігіміздің тірегі, ұлт руханиятының асыл арнасы! Осы тұрғыдан келгенде, адам тағдырын шешер басты фактор – тәрбие екеніне Алаш арыстары айырықша назар аударған. Ал отбасы мен мектеп – тәрбие көзі. Тілге деген махаббат мектептегі «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәніне деген құрмет пен отбасындағы сөйлесуден, сырласудан, ертегі-аңыздарға деген ықыластан басталады. Алаш қайраткерлерінің ірі өкілі Қошке Кемеңгерұлы: «Бақ құмарлықты, кек алғыш­тықты, жаяу өсекшілдікті жоятын саяси-әлеу­мет­тік тәрбиені күшейтуді бірінші орынға қойып отырмын», – дей келіп, ұлы Абай айтқан жағымсыз қылықтардан ұрпақты сақтаудың жолы – әлеуметтік тәрбиенің басты нысандарын анықтау екенін бөліп көрсеткен. Аса көрнекті ғалым-қайраткер тәрбиеге әсер етуші сыртқы-ішкі факторларды айқындай келе бірінші орынға адам тәрбиесін қояды. Елбасы бағдарламасында баяндалған «төл тарихымыз – тарлан тарихқа» және «адам факторы – адами капиталға» ендей отырып, «ұлт жадының тұғырнамасын» тәрбиелеу мәселелері бүгінгі күн тәртібіне қойылғаны – замана ағысының көрінісі. Бұл – қазіргі жаһандану дәуірінің шындығы. Осы тақілетті уақыт пәрменін сезіну Қошке Кемеңгерұлы еңбектерінде кеңінен орын алған. Көрнекті жазушы, драматург, әрі ұлттанушы ғалымның отандық тарих ғылымына («Қазақ тарихынан» ), тіл білімі салаларына, ұлттық аударма мәселесіне, оқулық пен сөздік түзудегі тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметіне қатысты қозғалған ойлары – соның айғағы. Тілдің маңызы мен мәнін: «Анаңның, бабаң­ның тілін жетік біл. Тіл дегеніміз – шежіре» деп атап көрсеткен филология ғылымының докторы, профессор, Алаш зиялысы Құдайберген Жұбанов. Ол: «Тарихы жоқ ел де, тіл де, ұлт та тұл» деген тұжырымды ұсыну арқылы ұлттық бірегейлікті сақтауға, елдік мүддеге жетуге, қазақтың шежіре тілін келер ұрпаққа аманат етіп жеткізуге бағыт сілтеп, ол үшін тарихты жетік білудің қажеттігіне айырықша тоқталды. Алаш арыстарының қай-қайсысының да басты арманы – тәуелсіз ел болу, өз тілінде еркін сөйлеу, ұлы дүниемен емін-еркін араласу болатын. Олардың осы жолдағы күресі мен атқарған істері, еткен еңбектері мен ой-пікірлері, заман, қоғам хақындағы тұжырымдары ел жадынан өшкен жоқ. Ел зиялыларының ұлт пен ұлттық құндылықтарды сақтау жөнінде айтқан асыл сөздері мен айғақты ұстанымдары Тәуелсіз ел тарихының төрінен өздеріне тиесілі орындарын алып келеді. Жиырмасыншы ғасыр басындағы аласапыран тарихи оқиғалар мен қан-қырғын соғыстар арасынан алаш жұртының бүтіндігін ойлаған ұлт көсемдерінің бізге жеткен ұлы аманаттарының бірі де, бірегейі де – Тіл тағдыры екені шүбәсіз! Тіл – ұлт өмірінің өзегі! Алаш арыстарының күресі мен атқарған істері, еңбектері, іргелі мәселелерге қатысты ой-пікірлері, тіл мәртебесіне байланысты тұжы­рымдары – егемен еліміздің тұғырын бекітетін рухани тамыр арнасы, ұлттық бірегейлік пен елдікті сақтаудың алтын көпірі. Егемен еліміздің тұғырын бекітер рухани тамырымыздың ең нәзігі де, ең киелісі де тіл екеніне уақыт көзімізді жеткізіп отыр. Демек, уақыт өткен сайын Алаш арыстары аманаттаған ана тілінің маңызы мен мәні арта түсетініне сенімдіміз. Алаш арыстарының аманат етіп қалдырған тілдік мұрасын жаңа гуманитарлық білім беру жолында толыққанды іске асыра отырып, ұлттың рухани тамыры мен әлемдік өркениеттің озық үлгілерін қатар меңгерген, бәсекелестікке қабілетті, интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеу – біздің парызымыз.

3496 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы